Қала тұрғындарын жайлы баспанамен қамтамасыз ету мақсатында шаһарда тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізілуде. Бұл жұмыстарға 2024 жылы аймақ басшысының тікелей қолдауымен 10 млрд 122,1 млн теңге бөлінді, деп хабарлайды Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Өткен жылы Сырдария өзенінің сол жағалауында 504 пәтерді құрайтын 7 қабатты 6 тұрғын үй пайдалануға берілді. Бүгінде осы мөлтек ауданда 400 пәтерді құрайтын көпқабатты 10 тұрғын үйдің құрылысы жүруде. Жуырда құрылыс жұмыстары толық аяқталып, пайдалануға беріледі. Құрылыс жұмыстарын «Орион», «Интегрострой», «Техаснастка Ремсервис», «Авангард ПГС», «ПромстройСервис Е», «Асар», «АманҚұрылыс» құрылыс мекемелері жүргізуде. Жобаға сәйкес, тұрғын үйлердің кіреберіс жолы кеңейтілген, үй ауласы көлік тұрағымен, спорт және балалар ойын алаңдарымен және демалыс аумақтарымен қамтылған.
Айта кету керек, бүгінде «Тұрғын үй құрылысы» бағдарламасы аясында облыс орталығында 7 қабатты 84 пәтерлі 10 тұрғын үйдің жоба-сметалық құжаттары дайын, көпқабатты 50 пәтерлі 12 тұрғын үйдің құжаттары әзірленуде. Құрылыс жұмыстары жақында бастау алады.
Бұдан бөлек, әлеуметтік осал топ санатындағы азаматтарды баспанамен қамту жұмыстары жалғасуда. Өткен жылы осы санаттағы азаматтарға 936 пәтер пайдалануға берілді. Апатты деп танылған үйлердің де тұрғындарын жаңа баспанаға көшіру сәтімен жүзеге асырылуда. Қазір Титов қыстағында 135 пәтерлі үйдің құрылысы аяқталып, абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Жақын күндері тұрғындар жаңа баспанаға көшіріледі. Дәл осы санаттағы үй тұрғындары үшін көктем мезгілінде келесі 135 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы бастау алады.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!