Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Мұрат Әбсұлтанов бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне өткен жылы салада атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар бойынша баспасөз мәслихатын өткізді.
– Жол инфрақұрылымын дамыту бағытында өткен жылы 99 көшеге әртүрлі жөндеу жұмысы жүргізіліп, 47 көшеге жаяу жүргіншілер жолы салынды. Бұдан бөлек, «Самара-Шымкент-Қызылорда» аудандық маңызы бар автомобиль жолы, Жаппасбай батыр, Қожа Ахмет Яссауи, Е.Көшербаев көшелері 4 жолаққа кеңейтілді, Нұрсұлтан Назарбаев даңғылынан Тәуелсіздікке 25 жыл даңғылына дейін жаңадан жол салынды. Қазір Тәуелсіздікке 25 жыл даңғылын қайта жаңғырту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. 61 көшеге түнгі жарық бағаналары орнатылды. Сондай-ақ, 23 көпқабатты тұрғын үйдің ауласы абаттандырылып, 20 үйдің қасбеті жаңартылды. Қазір 18 көпқабатты тұрғын үйге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Ал, биыл 127 көшені жөндеуден өткізуді, 42 көшеге жарық бағаналарын орнатуды жоспарлап отырмыз, – деді Мұрат Байғабылұлы.
Өткен жылы «Тәуелсіздікке 25 жыл» даңғылының бойында «Қызылжарма» каналы арқылы өтетін автожол көпірінің құрылысы бастау алды. Орталық алаң, Ы.Жахаев, Әйтеке би, Қожа Ахмет Яссауи көшелері, Н.Назарбаев даңғылы абаттандырылды.
– Жалпы, Қызылорда қаласында 33 сквер-аллея, саябақтар мен демалыс орындары бар. Тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру үшін қоғамдық орындарды жөндеу, қайта жаңғырту жұмыстары үздіксіз жүргізіліп келеді. Бұл жұмыстар биыл да жалғасын табады. Қазір қалалық мәдениет және демалыс паркінде қайта жаңғырту жұмыстары жүруде. Бұдан бөлек, Қорқыт Ата ескерткішінің маңындағы аллея, Батырхан Шөкенов атындағы саябақ, сонымен қатар, қаржысы бөлінген жағдайда Тұңғыш Президент саябағы қайта жаңғыртудан өткізіледі, – деді бөлім басшысы.
Сонымен қатар, 2024 жылы жаңадан «Жасыл Қызылорда» мекемесі құрылды. Бұл мекеме тікелей қаланы аяқсумен қамтамасыз етумен және көгалдандырумен айналысуда. Нәтижесінде өткен жылы облыс орталығын көгалдандыру бағытында ауқымды жобалар жүзеге асты. 11 мыңнан аса ағаш көшеті отырғызылып, каналдарды тазалау жұмыстары үздіксіз жүргізілуде.
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!