Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қаралы үй қазан көтермеуі керек

26.12.2024, 11:20 138

«Марқұм болған адамға Құран бағыштаудан артығы жоқ» делінсе де, аста-төк дастарқаннан әлі күнге дейін арыла алмай келеміз. Неше жылдан бері «қаралы үй қазан көтермеуі керек» деген пікірлер айтылып та, жазылып та жүр. Бірақ, бәрі тек сөз күйінде ғана қалып қояды. Оған себеп, әуелі айнаға қарап айтатын ақылын көпшілікке бағыттап жіберетіндер саны тыйылмай тұр.

Жақында ғана Қызылорда облысы Ардагерлер кеңесі мен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қызылорда облысы бойынша өкілдігі бірлескен үндеу жасады. Онда «Ас беру мәдениеті» тақырыбы  айтылып,  құдайы  ас дастарқанына  арналған  ас  мәзірін  қабылдау  ұсынылған.

ЖАНАЗА  ҮСТІНДЕ АҚША, ОРАМАЛ  ТАРАТУ ДҰРЫС  ЕМЕС

«Ас беру, жаназа шығару, зират салу, жалпы марқұм болған адамдарды жөн-жоралғыға сәйкес жерлеу мәдениетін халқымыздың дәстүрі мен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының әдіс­темелеріне негіздеп, бірізге  салу – аса  маңызды.

Себебі, құдайы астарға жайылған аста-төк дастар­қан, ас беру үшін қарызға қаржы алу, түрлі деңгейдегі жиындар, жаназа мен жерлеу кезіндегі ысырапшылдық секілді түрлі шектен шығу дәстүрімізге, ата-баба­ның салып кеткен сара жолы­на  қайшы  келеді.

Жасыратыны жоқ, өлікті жөнелтудің өзі бәсекеге айналып бара жатқаны рас. «Өлім бардың малын шашады, жоқтың артын ашады» деген нақыл бүгінгі күнге де дәл келіп тұр» делінген үн­деуде.

Сонымен қатар, Қызыл­орда облысының бас имамы Дастан Құрманбаев жүрген жерінде «Жаназа мен жерлеу рәсімдерін бірізділікке түсіру және ысырапшылдыққа жол бермеу» тақырыбындағы насихатын айтып, зират басына зәулім ескерткіштер, сәнді қоршаулар салу­ға болмайтынын жеткізіп  жүр.

– Жаназа үстінде ақша, орамал тарату, сондай-ақ аталыққа шапан үлестіру көріністеріне де куә болып жүрміз. Біріншіден, бұл қаражат марқұмның отбасынан шығатын болғандықтан, бұл да оларға ауыртпалық сала­тыны сөзсіз! Екіншіден, көбіне таратылып жүрген дәке орамалды, сөздің шынын айт­қанда ешкім пайдаланбайды, тек (болған жағдайда) бұрышына түйіп байлаған тиынды  ғана  алады.

Оны марқұмның атынан берілген садақа деп есеп­тейін десек, шариғат бойынша садақаны міндетті түрде емес, ерікті түрде беру керек. Ал халық арасында үрдіс болып кеткен істерді адамдар орындауға міндеттіміз деп ойлайтыны белгілі. Ендеше, біреудің шамасы келіп, енді біреудікі  жете  бермейтін ондай  садақаны жаназа үстінде емес, басқа уақытта да беруге болады, – деп атап өтті  бас  имам.

ҚҰЛПЫТАСҚА МАРҚҰМНЫҢ СУРЕТІН ҚОЮҒА РҰҚСАТ ЕТІЛМЕЙДІ

Бірлескен үндеуде облыс тұрғындарына «садақа мен құдайы ас өткізу, жаназа шығару кезінде артық ысырапқа жол берілмесе» деген ұсыныс-тілек айтылған. Соны­мен қатар, зират басына зәулім ескерткіштер, сәнді қоршаулар, мүсін кеуделер  тұрғызбауға  шақырған.

– Осы мәселені шешу мақсатында ҚМДБ «Зират және зиярат әдебі» құжатын қабыл­дап, облыстардың бас имамдарына құжат маз­мұнының өңірлерде кең көлемде насихатталуын тапсырды. Осы орайда, құжаттағы «Зират көтерудің үкімдері» тақырыбына тоқталғым келіп  отыр:

Зират  көтерудің  үкімдері

1. Қабірге жерленген кісінің кім екендігін айқындау мақсатында және жүргіншілер тарапынан тапталып, аяқ асты болмауы үшін оған шағын белгі (құлпытас) қою­ға  рұқсат.

2. Зират қоршалған жағдайда әрбір қабірге жеке-­жеке қоршау жасаудың қажеті  жоқ.

3. Құлпытаста жерленген адамның толық аты-жөні, туған және қайтыс болған күндері жазылса жеткілікті.

4. Құлпытасқа марқұмның суретін қоюға рұқсат етілмейді, – дейді Дастан Құрманбаев.

Әлеуметтік желіден байқағанымыз, бұл ұсыныс-үндеу­ді жұрт жаппай қолдап жатыр. Десе де, мұны өз отба­сына, әулетіне  орын­дата алатындардың саны аз болып тұр. Қызыл­орда облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Әбішұлы «халықты ысырап­шылдықтан арылту керек» деп  есептейді.

– Ардагерлер кеңесінің бұл бастамасы халқымызды ысырап­шылдықтан арылтып, жаназа рәсімдерінің түпкі  мәнін сақтауға ба­ғытталған.

«Өлім бардың малын шаша­ды, жоқтың артын ашады» деген сөзді болдырмау үшін барлықтарыңызды са­бырлық пен қарапайымды­лыққа  шақырамыз.

Өмірдің ақиқаты – өлім. Марқұмның артынан Құран бағыштап, дұға жасау – ең сауапты іс екенін ұмыт­пайық. Жарыс пен бәсекеге жол бермей, ата дәстүріміз бен дінімізді құрметтеп, халқымызға лайықты тәртіп орнатайық, – дейді  ол.

ҚАРАЛЫ ҮЙДЕН ТАМАҚ ІШУДІ ТОҚТАТУ КЕРЕК

Қаралы үйден тамақ ішуді тоқтату, ас беруді қарапайым түрде өткізу, жыртыс пен сыйлық таратуды доғару мен марқұмды жерлегеннен кейінгі қаражатты сауапты іске бағыттаудың маңызы зор. Сонымен қатар, қыршын кеткен азаматтар үшін үй тігіп, мол дастарқан жаюдың орнына, тек дұға оқып, сабырлық танытқан абзал. Қаралы отбасының қайғы­сын терең түсініп, оларды материалдық шығынға батыру­ды  тоқтату  керек.

– Үндеумен танысып шықтым, мұны қолдаймын. «Жас өлік, кәрі өлік» деп бөліп-жармай, имамдар, молдалар жаназаға дастарқан жасатпауы керек. Жақыныңнан айырылып, зарлап отырғаныңда қасыңда тамақ ішіп, әңгіме-дүкен құрып отырады жұрт. Бұл – өте ыңғайсыз жағдай. Жылдық асына дейінгі дастарқан мәзірін де қатаң қадағалау керек, өліктің аты – өлік. Сосын зәулім мазар салу, руға бөлініп бейіттер салу да дұрыс емес. Жақыныңның басына құлыптас қоюға болады. Бір күндері бейіті жермен-жексен болғанда, ұрпағың мен жақындарың сол құлыптас арқылы тауып, Құран бағыштап отырады. Марқұмға Құраннан басқа ештеңенің қажеті жоқ, – дейді қала тұрғыны Айгүл Сейітқожа.

Ал «Құрмет» орденінің иегері Бақыт Нұртазаев үндеу мәтініне жалпылама тоқталды.

«Марқұмды жерлеуде аста-төк дастарқан жай­мауға;

Діни дәстүрде жоқ мар­құмның қонақасын алыс­тан келген қонақтармен  шек­телуге;

Жаназа намазы мен мар­құмның жылына дейінгі ас беруде және аталыққа шапан, ақша  таратпауға;

Жаназа  намазын  міндетті  түрде мешіт имамдарының  қатысуымен  өткізуге;

Зәулім зираттар мен қымбат құлыптастар тұр­ғыз­бауға;

Руға бөлініп, бейіттер салмауға;

Қаза болғаннан бастап қырқы, жүзі, жылдық ас беру кезінде бекітілген ас мәзірін қатаң сақтауға үндей­міз!», – дейді  ол.

Осы орайда, тағы да қайталауға мәжбүрміз. Бұл ұсыныс-үндеуді көпшіліктің басым бөлігі қолдайды. Тек мұның артында «анадан ұят, мынадай ұят» деген жалған намыстың тұратыны анық. Тек Қызылорда облысы емес, ел тұрғындарының көпшілігі қолдайтындай-ақ ұсыныс болса да, орындалуы қиын үндеудің «ғұмыры» қаншалықты ұзақ болатынын уақыт көрсетеді. Жалпы, мұндай ұсынысты әркім өзінен, өз отбасынан бастағаны дұрыс.

Ырыскелді  ТӘЖІ

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: