Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазақстан халқы Ассамблеясы – ел іргесін бекемдеген құрылым

24.12.2024, 10:30 168

Еліміздегі барлық этностардың шынайы келісім мен бірлікте тұрмыс кешуі, ең алдымен, қазақ халқының ата-дәстүрі мен табиғи болмысы, ұлттық танымының кеңдігі арқасында екендігіне дау жоқ.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІI сессиясында атап өткендей, «Бірлік – мемлекеттігіміздің ең басты тірегі. Ал Ассамблея – ел іргесін бекітіп тұрған басты институт».

Қазіргі таңда Қазақстан халқы Ассамблеясы этносаралық және конфессияаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асырушы маңызды құралға айналып, еліміздегі барлық этностардың өзара тең құқықты қатынасын қамтамасыз етуші алаң рөлін атқаруда. Жиырма тоғыз жылдың ішінде бұл институт қоғамдағы тұрақтылықты сақтаушы құралға айналғанын уақыттың өзі дәлелдеп отыр. Ассамблеяның негізгі бағыты – барлық этностық топтарды ортақ мақсатқа жұмылдыру.

2024 жылы облысымызда этносаралық ахуал және этностық топтар арасындағы өзара қарым-қатынас тұрақты әрі қалыпты деңгейде сақталды. Этникалық белгілеріне сәйкес кикілжіңдер тіркелген жоқ.

Бүгінде Сыр өңірі халқының 96,2% қазақ ұлты, 3,8% түрлі этностық топтан құралады. Этностардың басым бөлігі Шиелі, Қармақшы ауданы III Интернационал ауылында және Байқоңыр қаласында тұрады. Қызылорда облысында этносаралық қарым-қатынас мәдениетін, яғни өзара татулық пен қоғамдық келісімді қамтамасыз ету мақсатында барлық жағдай жасалған. Өңірде 35-тен астам этнос өкілдері тұрады. Татулық пен бірліктің шаңырағы Достық үйінде 11 этномәдени бірлестік белсенді қызмет атқарып келеді. Аймақта этносаралық татулықты насихаттаған, тұрақтылық пен бейбітшілікке үн қосқан облыстық ассамблеяның қызметі өте маңызды.

Аймағымыздағы этнос өкілдері мемлекеттік саяси науқандарға белсене қатысып, өңіріміздің әлеуметтік – экономикалық дамуына оразан зор үлес қосып келеді.

Өткен ғасырдың отызыншы жылдары қиын-қыстау уақытта Қазақстанды паналаған түрлі ұлт өкілдері сол бір зобалаңдардан аман қалып, бүгінде қанатын кеңге жайды. Қазақ жерінен өздеріне жайлы орта тауып, өсіп-өнді. Қазірде сол түрлі этнос өкілдерінің ұрпақтары қоғамның барлық саласында белсенді қызмет етуде.

Биыл маусым айында облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының «Жасампаздық пен өрлеу жолындағы бірлік» тақырыбында ХХVI сессиясында азаматтық қоғамның дамуына түрткі болатын бірқатар бастамалар көтерілді.

Атап айтар болсақ, Ақсақалдар және Аналар кеңесінде отбасындағы ата-ана рөлін арттыру, ұрпақ тәрбиелеу мен ел бірлігін сақтау, ұрпақ денсаулығы, қоғамдағы кеселдердің алдын-алу мәселелерін талқылау, Этномедиация бағытын дамытуға арналған жобаларды өзектендіру, Қазақстан халқы Ассамблеясының «Мың бала» жобасы аясында жұмыстарды жандандыру.

2024 жыл облыстық Ассамблея үшін жемісті жыл болды деп айтуға болады.

Жастарды қоғамдық келісім негізінде топтастырған «Ассамблея жастары» ЮНЕСКО-ның жаһандық қоғамдастығының мүшелігіне енгізіліп, әртүрлі бағыттағы шаралар мен акциялар ұйымдастыруда.

Жуырда Астана төрінде жас этностардан құралған «Ассамблея құрамасы» ұлттық лиганың жеңімпазы атанды. Бұл жеңіс алдағы уақытта жастарымызға үлкен серпін болмақ.

Сондай-ақ, биыл Кореяның халық батыры Хон Бом Доның мемориалдық кешені қайта жаңғыртылды. Қазан айында Корея Республикасы Ұлттық Ассамблеясының Төрағасы У Вон Шик Сыр өлкесіне іс-сапармен келді.

Сапар барысында өзара байланысты дамытуға бағытталған маңызды мәселелерді талқыға салып, Арал теңізінің тартылуы салдарынан болған өңірдің экожүйесіндегі проблемаларды шешу, халық денсаулығын жақсарту басты назарда болды. Алдағы уақытта Кореяның озық экологиялық және ғылыми-инновациялық компанияларымен жұмыс жасауды жоспарға енгізуге мүдделіміз.

Бұдан бөлек аймағымызда Қорқыт Ата университеті мен Сеул Ұлттық Ғылым және технология университеті арасындағы келісім бойынша жасанды интеллект институты ашылды. Өңірімізде осы жобаны табысты іске асыруға жан-жақты қолдау көрсетілуде.Облыс әкімдіген және ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінен жалпы 100 грант бөлінді. Алдағы уақытта білім алушылар қос диплом бағдарламасын жүзеге асырады. Бұл мамандықтарды игеру арқылы өңіріміздің жастарына IT саласындағы барлық мүмкіндіктерге жол ашылады.

Мемлекет басшысы Қазақстан халқы АссамблеясыныңХХХІІI сессиясында «Барлық азаматтың мемлекеттік тілді меңгеру мәселесі саясатымыздың стратегиялық бағыты болып қала береді. Қазақ тілі – азаматтық интеграцияның тиімді құралы, мәдени-рухани тұтастықтың жарқын көрінісі. Сондай-ақ, қазақ тілі ғылыми прогресс пен білімнің озық жетістіктеріне жол ашатын құралға айналуы керек» деп атап өтті. Жалпы Қызылорда облысы республика бойынша этностар арасында қазақ тілін ең жетік меңгерген өңірлердің бірі екендігі белгілі. Аймақтағы этностардың ішінде қазақша ойлап, қазақтың салт-дәстүріне қанық және оны ерекше дәріптейтіндер қатары өте көп. Оны күнделікті ақпарат көздерінен де оқып, байқауға болады. Мысалы, көпэтносты ІІІ Интернационал ауылында түрік, корей, орыс балалары қобыз бен домбыра үйірмелеріне барса, қаладағы аралас мектепте оқитын этнос оқушылары қазақтың ұлттық ойындарын дәріптеп жүр. Бұл бағытта облыстық ассамблея өкілдері жемісті жұмыс жүргізіп келеді.

«Достық үйінде» тілдерді оқыту кабинеті жыл басынан бері 70-ке жуық білім алушы мемлекеттік тілді меңгеріп шықты. Бұл ретте, «Мәміле» қазақ тілі клубының сөйлеу шеберлігін арттырудағы маңызы зор.

Тәуелсіз еліміздің басты жетістігі – бейбітшілік пен тұрақтылық. Бұлар – қоғамның алға қарай дамуының, оның табыстылығы мен бәсекелестігінің кепілі.

2025 жыл ел тарихындағы маңызды оқиғаларға толы болмақ. Қызылорда қаласы Қазақ Республикасының астанасы болғанына және ұлт атауының қайтарылғанына 100 жыл толады, Ұлы Жеңістің 80, Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы.Осы орайда облыстық ассамблея алдына жылды мазмұнды атап өту, Мемлекет басшысы айқындаған қоғамдық жаңғыру аясындағы тапсырмалардың іске асыру міндеті тұр. Аталған бастамаларды іске асыруда ел бірлігін сақтап, бәсекеге қабілетті қоғам қалыптастыруға үлес қосу – бәріміздің қастерлі парызымыз. Бүгінде ассамблеяның 30 жылдығын кеңінен атап өту бойынша кешенді жоспар әзірленуде.

Оған сәйкес «Тамырлас», «Біртұтас қоғам: келісім мен сенім», «Ассамблея айнасы», «Бірлігіміз әралуандықта», «Адал азамат», «Жомарт жан», «Мемлекеттік тіл – этносаралық қатынас тілі», «Жаңа толқын», «Елдесу және татуласу», «ҚХА академиясы» жобалары шеңберінде мазмұнды іс-шаралар жүзеге асырылады деп күтілуде.

Бірлігі бекем, ынтымағы жарасқан, тәуелсіз елдің жарқын болашағы үшін мемлекеттің қоғамдық-саяси тұрақтылығы маңызды екені белгілі. Ал этносаралық қатынастың өзіндік үлгісін қалыптастыру бағытында өңірдің жұмысы жүйелі әрі қарқынды.

Атқарылған жұмыстар аз емес, алға қойған міндеттер айқын. Сол міндеттерді сәтімен еңсеру қажет. Достықты ту етіп, жазампаздық пен өрлеу жолындағы бірлігіміз арта берсін!

Н.М.Нәлібаев,

Қызылорда облысының әкімі,

Қызылорда облыстық ҚХА төрағасы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: