Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жастар дербестенуден неліктен сескенеді?

19.12.2024, 12:00 263

Жалпы ТМД елдерінде ата-ана культі кең ауқым алған. Яғни, көпшілік ортада баланың ата-анасынан жырақта емес, жанында болуы отбасына деген шексіз махаббаттың, бала күнгі берілген тәрбие мен материалдық қамтамасыз етуге деген қайтарымы, парызы ретінде саналады. Алайда, бізден жырақта, батыс мемлекеттерінде керісінше, ата-анасының жанынан жырақтап, өзі жеке тұлға бола алмағандарды сөгеді. Сәйкесінше, ата-аналар да баласының өз өміріне толық жауапкершілікті алуын қалайды. Бұл үдерістің нақты ұғымы, психологияда термині де бар. Ол «сепарациялану» деп аталады. Елімізде кең таралмаған, көпшілік біле бермейтін тақырып. Себебі, жоғарыда атап өткен стереотиптер бұл мәселенің қозғалмауына әкеп соғады. Жастардың ата-ана көмегінен қол үзіп, жекеленуіне не кедергі? Сепарацияланудың әлеуметте алар орны қандай? Біз бұл мақаламызда аталған үдерістің бала мен ата-анаға тигізер пайдасына  кеңірек  тоқталып, залалына да  баға  береміз.

Бүгінгі қоғамда «сепарация» тақырыбы бұрынғыға қарағанда көп айтылып жүр. Оны мойындауымыз қажет. Жоғарыда атап өткендей, бұл термин жастардың ата-анадан тәуелсіз болу кезеңіне байланысты қолданыла­ды. Алайда, мойындауымыз керек, бұл үрдіс қазақ қоғамында баяу жүріп жатыр. Кейбірі «Онда тұрған не бар? Отбасыңда қарайып отырғанның несі айып?» деп, таңғалуы мүмкін. Алайда, кеңес зама­нындағы, не оған дейін­гі ұлтымыздың салт-сана­сына байланыс­ты қалып­тасқан бұл түсініктің қазірде ескіргенін ескеруіміз қажет. Жетістікке  жете білген жеке тұлғалардың барлы­ғы  дерлік – білім алумен қатар, жауапкершілікті ерте сезініп, тәуелсіз бола білгендер. Жеке табыс, кәсіп, мансап секілді әлеу­меттік статустар ең бірінші сатыда тұрған заманда ерте ойла­нып, ерте шешім қабылдау – ең маңызды нәрсе. Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, жастардың көпшілігі 18-20 жасында отбасынан бөлініп, жеке өмір сүруге талпына­ды. Ал бізде бұл жас көрсеткіші әлі де жоғары. Мұның себептері әртүрлі: отбасы құндылығының ерекшелігі, материалдық қиындықтар және жастардың психо­логиялық дайын­сыздығы  бұл  факторға  мол  ықпал  етеді.

Шынында, қазақ отбасын­да ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынас, байланыстың аясы тығыз. «Бір үйдің баласы, бір елдің бала­сы» деген ұғымды бойына сіңірген ұрпақ әке-шешенің, ата-әженің қамқорлығын өмір бойы сезінетіндігін жасырмаймыз. Әрине, Отанын, ата-анасын қадірлеу – қазақ­тың қанында бар қасиет. Алайда, осы «қамқорлық» кейде жастардың аяққа нық тұруына кедергі келтіретіндігін  де  мойындауымыз  керек.

«Ертеңгі күнім не болады?» деген сұрақ жастардың өз бетінше шешім қабыл­дауына кедергі келтіреді. Бірі жұмыс таппай дал болса, енді бірі ата-анасының қамқорлығынан қол үзгісі келмейді. Нәтижесінде, «ешқайда кетпей-­ақ, үйде жүре тұ­райын» деген ой басымдық алады. Бұл – бір жағынан психологиялық дайындық­тың жетіспеушілігінен, екіншіден, қоғамдағы белгілі бір түсініктен туындаған қор­қыныш. Сонымен қатар, қаржылық дербестіктен үрки­тін жастарды да атап өткен абзал. Олай дейтін себе­біміз, бүгінде жастардың басты мәселелері­нің бірі – қаржылық дербес­тік. Тұрғын үйдің қымбаттауы, жұмыс­сыздық деңгейінің өсуі көптеген жас­тың бойына сенімсіздік ұялатады. «Үй жалдауым керек, шығындарды өтеу керек» деген секілді ойлар кәмелеттен енді асқан жастардың жеке өмір бастауына кедергі келтіреді. Оның үстіне елдегі ахуалды да ескерген жөн. Біз 30 жасқа дейін мемлекет өзі қаржыландыратын, жалақы жағы толық қамтылған, ортастатистика­лық өмір сүруге ыңғайлы Англия не Испания сынды Еуропа елдерінде өмір сүріп жатқан жоқпыз. Қазақстанда амал нешік, ерте есею керек. Онсызда әлеуметтік ахуа­лы оңбай тұрған азаматтар мен азаматшалар «ата-анама көмектесуім қажет» деген оймен дербестіктен жалтарып жатады.

Осы тұста психолог Гүлмира Тұрысбекқызы:

– Жастардың отбасынан бөлініп шығуы – қалыпты әрі табиғи құбылыс. Бірақ та біздің менталитетте ата-ана­ны «тастап кету» деген түсінік бар. Бұл – дұрыс емес. Сепарация – ата-анадан алшақтау емес, олардың алдындағы жауапкершілікпен қатар өз өміріңе деген жауапкершілікті қатар алып жүру, – дейді.

Бірқатар жас жоғарыда атап өткендей, сепарациялан­бауды «ыңғайлы» өмірден ажырамау үшін құп көреді. Ойларынша, ата-ананың қасында жүрсе, қаржы мәселесі туындамайды, ыңғайлы орта да дайын. Бірақ, мұның арты үлкен мәселелерге әкеліп соғу ықтималдылығын елемей жатады. Ең алдымен дербестене алмаған адамда тұлғалық даму тоқырауы орнайды. Өз бетімен шешім қабылдай алмаған адам ертеңгі күні, өз отбасынан жырақтап, өзі отбасы құруға келген кезде көп нәрсені түсінбей, әлсіздік танытуы мүмкін. Сондай-ақ, қоғамда өз орнын таба алмау қаупі де бар. Бәріміз білетіндей, еңбек нарығында бәсе­келестік жоғары деңгейде. Ал ол жерде бәсекелестікке қауқарлы болу үшін пысық болуың, өздігіңмен шешім қабылдай білуің мен жауапкершілігің үлкен рөл ойнайды. Сепарацияланбаудың адамның өз-өзін бағалаудағы алар орны да ерекше. Неге десеңіз, психологтардың айтуынша, ата-анаға тәуелділік баланың өзін-өзін бағалауына кері  әсерін  тигізеді.

– Сепарация – адамның ересек өмірге дайындығының көрінісі. Бала өз өмірінің қожайыны екенін сезінгенде ғана ішкі үйлесімділік орнайды. Бұл үрдіс қалыпты жүрмесе, ересек өмірде шешім қабылдауға қабі­летсіз, эмоционалдық тұрғыда әлсіз адамдар қалыптасады. Бүгінде жауапкершілікті мойны­на ала алмай, ата-ана­сының ақылына жиі жүгіне­тіндердің әсерінен ажырасу да жиілеп кеткенін көзіміз көріп отыр. Ер адам қаншалықты сепарациялана алмаса, соншалықты эмоционалдық тұрғыдан да тұрақсыз болады. Олардың мінез-құлқында ортақ  баланс  орнамайды. Не өте ашуланшақ, агрессивті болады немесе керісінше, ынжықтау, сөзі өтімсіз болып келеді, – дейді психолог Әлия Төленқызы.

Жалпы, «сепарация» ұғы­мын тек біркелкі түсінуге болмайды. Оның әртүрлі функциясы, тиісінше кезеңі бар. Ғалымдардың зерттеуіне сүйе­ніп, әрқайсысына анықтама беріп  өтсек.

Функционалды сепарация. Бұл – дербестенудің алғашқы үдерісі. Бала анадан туғаннан бастап ең алдымен физикалық тәуелсіздікті сезінеді. Уақыт өте келе өз-өзін қарапайым дүниелермен қамтамасыз ете бастайды. Дәлірек айтсақ, өздігімен қоректенуді, киінуді, өз заттарын ажыра­та біліп, ұқыпты ұстауды, одан соң тамақ істеуді дегендей. Функционалды сепарация шамамен баланың бір жасы­нан жасөспірім шағына дейін өрбиді.

Эмоционалды сепарация. Шамамен баланың үш жасы­нан бастап қалыптасады. Дағдарыс, яғни қажеттілік кезінде бала өзінің кім екенін біле бастайды. Артынша, өзін танып, не қажеттігін меңгере түседі. Эмоционалды сепара­ция баланың пубертат кезеңінен өтер шағында жаңа деңгейге көтеріледі. Яғни, жасөспірім мейлінше өзінің жеке кеңістігін құпияды ұстағысы келіп, ата-ана тара­пынан көбірек автономия алғысы  келеді.

Құндылықты сепарация. Бұл сепарация деңгейі жасөспірім жасынан асқан уақытта көтеріледі, жоғары­да атап өткен кезеңдерге қа­рағанда қиынырақ. Бұл этап кезінде бала мен ата-ана арасында кикілжің орнығуы мүмкін. Көп уақытта бала мен ата-ананың қалауы екі түрлі болып жатады. Ал талқыдағы шешім болашаққа үлкен әсерін тигізуі ықтимал. Мәселен, мамандық таңдау мәселесі.

Осы орайда көпшілігіңізде «Мен сепарацияның қай деңгейіндемін?» немесе «Мен толық дербестене алдым ба?» деген сұрақ орнығуы мүмкін.

25 жасқа келгенде адамның ағзасы өсуді тоқтатады, ал физикалық және эмоцио­налдық дамуы бойынша біз ата-анамызға барынша жақындай түсеміз. Сонымен қатар, осы кезеңде көпшіліктің тұрақты жұмысы, қарым-­қатынасы, тіпті өз отбасы да болады. Алайда, сіздің әлі жұбайыңыз немесе балаларыңыз болмаса немесе сіз әлі кәсіби жолыңызды іздеп жүрсеңіз, бұл сіздің сепарацияға дайын емес екеніңізді білдірмейді. Ата-анадан толықтай дербестенгеніңізді немесе әлі бұл кезеңнен өтпегеніңізді анықтауға көмектесетін бірнеше  белгіні  қарастырайық.

Сауатты дамыған ата-­ана мен бала арасындағы қа­рым-қатынаста, сепарация сәтті аяқталғаннан кейін шешілмеген жанжалдар болмауы тиіс. Ешбір ата-ана мінсіз емес, бұл – қалыпты жағдай. Әр адам өз балалық шағы туралы психологпен талқылауға себеп табуы мүмкін. Өткендегі реніштер мен ескі жанжалдарды қайта қарап, оларды шешу және ата-ананы бар болмысымен қабылдау өте маңызды. Мұны өз бетіңізше жеке немесе от­басылық терапия көмегімен жүзеге  асыру­ға  болады.

Бұл кезеңде адам ата-анасының сезімдері мен шешімдері үшін жауапты емес екенін түсінеді. Ол ата-анасының пікіріне тәуелді болмайды, жеке шекарасын орната біледі және кез келген ұсақ мәселе бойынша олардан көмек немесе кеңес сұрамайды. Осы кезеңде екі тарап бір-бірінің пікірінің сәйкес келе бермей­тінін, бұл мүлдем қалыпты екенін мойындауы керек. Мұндай айырмашылық кез келген тақырыпты қамтуы мүмкін – немере сүю қажеттігінен бастап саяси көзқарасқа дейін.

Материалдық дербестік – адамның өз ақшасының болуы және өзін қамтамасыз ете алу мүмкіндігі. Бұл кезде отбасында ресурстардың сауатты алмасуы сақталуы мүмкін. Мысалы, ата-аналар мен балалар бір үйде тұрып, ортақ көлікті  пайдалана  алады.

Қорытындылай келе, сепарация – адамның жеке тұлға ретінде қалыптасуындағы ма­ңызды кезең деген тұжырымға тоқталдық. Бұл үдеріс тек ата-анадан алшақ­тау ғана емес, керісінше, олардың берген тәрбиесі мен құндылықтарын бойына сіңіріп, өз өмірінің жауапкерші­лігін мойнына алу. Бұл – өмір заңдылығы. Қалай тартынсаң да, құтыла алмайсың. Жастардың  қаншалықты тәуелсіз болуы, қоғамның соншалықты дамуына ықпал ететінін жады­мызда ұстауымыз қажет. Ата-анаға да қиын. Қанша жыл бағып-қағып, мәпелеп өсірген баласы бір уақытта дербестеніп, арадағы қарым-қатынастың әдеттегі­ден азайғаны – қай ата-ана үшін де ауыр сезім. Бірақ, олар мойымауы керек. Өйткені, баланың әр жетістігі – ата-ана­ның ерен еңбегінің жемісі. Ең бастысы, қос тарап та осы үдерісті өзара қабылдап, қолдау көрсете білуі тиіс. Тек сонда ғана шын мәнінде дербес, алайда бір-біріне сүйеніш бола алатын  қоғам  құра  аламыз.

Айтілес  ЖАЙШЫЛЫҚ

Фото: Жасанды интеллект

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: