Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мүгедектердің қажетін өтемейтін инватакси кімге керек?

28.05.2020, 11:20 1657

«Халық» газеті бұқара үшін қызмет көрсетуге қашанда әзір. Еліміздің түкпір-түкпіріндегі оқырманда­рымыздан мәселесі шешілмеген, түйіні тарқамаған түрлі сипаттағы хат-хабарлар жиі келетіні­  рас. Төртінші билік өкілдеріне арқа сүйей отырып жазылған хаттардың ешқайсысын да жауапсы­з  қалдырған  емеспіз. Осындай хаттың бірін Қызылорда  қаласының тұрғыны, І топ мүгеде­гі Зәуре­ Өксімбаева жолдады. Зерттеп, зерделей келе оқырман хатына тиісті сала басшылары мен мамандарынан жауап алдық. Халыққа түсінікті болу үшін хатты да, жауапты да толықтай жария­лағ­анды  жөн  көрдік. Хат  мәтіні  төмендегідей:

Қызылорда қаласында мүгедектерге қызмет көрсете­тін 3 инватакси бар. Оны «Халық банкі» үш жыл қатары­нан демеушілік жасап алып берген, әрқайсысы – 6-8 млн теңге көлеміндегі көліктер. Алайда сол таксидің қызметіне жүгіну Берлиндегі «Рейхстагты» алғанмен бірдей. Мен Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік универ­ситетінің студенті болғаннан кейін оқу орнына кез келген уақытта қандай да бір шараға шақырады. Немесе тиісті мекемеден мүгедектерге берілетін жаялық, арба, таяқ және өзге де гигиеналық құралдарды алып кетуге шақырады. Бұл заттардың барлығын бір мезетте беріп жібермейді, қалай түседі солай таратады. Енді бізге қиындық тудырып тұрғаны осы инватакси қызметінің дер кезін­де және өте қажет жерлерге ұсынылмауы. Таксиге хабарлассаң, бір апта, 3 күн бұрын тапсырыс беру керек дейді. Адам бір аптадан кейін не болатынын білмейді ғой, ол Алланың қолында. Оның үстіне карантин режиміне байланысты әлеуметтік көмекшілер де демалыста. Мүгедек болсаң да шаштаразға барып, тіршілік жасап, үйге дейін жеткізу қызметі жоқ орындардан мұқтаж затымызды, азық-түлігімізді, тұрмыстық техникамызды алғымыз келеді. Бірақ осы аталған жерлерге, атап айтқанда, І топ мүгедектеріне инватакси қызметі қарастырылмаған. Біздерге қызмет көрсетпегенде басқа мүгедектерге не істеп жатқанын кім білсін?! Тек ғана емхана мен азаматтарға арналған үкімет мекемесіне баруға, онда да алдын ала тапсырыс беру арқылы апарады. Ескеретін жайт, бұл екі жерге біз күнде бармаймыз, айына бір рет емхана, жылына 2-3 рет ХҚКО-ға барамыз. Осындай кедергілерден кейін біз жеке такси қарастырамыз, оның өзінің түйткілді тұсы бар. Ол газ қондырғысы бар көліктерге біздің арбамыз сыймайды. Сондықтан жанар-жағар­маймен  жүретін  көлік  іздейміз. Аяқ  астынан такси керек­ болып шақырып, арбамыз сыймай, мінгізбей тастап­  кеткен­дер  де  болды.

Мысалы, өзге өңірлерде гигиеналық қажеттіліктерді бірден ұзақ мерзімге әкеліп тастайды. Шаштаразға айына­ бір рет, қалаған уақытында апарады. Ал бізге киім алу үшін «интернет-дүкеннен киін» дейді. Пәтерде жүрген, мүгедектік жәрдемақыға қарап отырған біздің ондай қызмет алуға  жағдайымыз  жетпейді.

Инватакси қызметін І топ мүгедектері дер кезінде, аса мұқтаж кезінде ала алмаса, оның жақсылығын кімдер көреді? Шақырымдық есебін қалай жүргізіп отыр? Театрға­ алған билеттеріміз де жарамсыз күйде қалған кездері ­ болды. Мүгедектердің қажетін өтемейтін таксидің­  кімге  керегі  бар?

Зәуре  ӨКСІМБАЕВА,

І топ  мүгедегі,

Қызылорда  қаласы

Аталған мәселе бойынша Қызылорда облыстық мүгедектер қоғамына хабарластық. Жауап та алдық.

Мұрат Әлімбайұлы,

Қызылорда облыстық мүгедектер қоғамының төрағасы:

– Тірек-қимыл жүйесі зақымданған арбадағы 360 мүгедекке қызмет көрсетуге қала бойынша арнайы жабдықталған 3 көлік қарастырыл­ған. Ал зағип жандарға 4 көлік қызмет көрсетеді. Барлығы 7 автокөлік мүмкіндігі шектеулі жандардың жұмысын оңтайландыру үшін қызмет көрсетуде. Онда 30-ға тарта адам жұмыс істейді. Өткен жылы зағип жандар­ тарапынан 8500 шақырту түссе, арбада отыратын жандардан 2117 шақыру қабылданған. Неге аз деуіңіз мүмкін? Айта кетейін, тірек-қимыл жүйесі дұрыс жұмыс істемейтін азаматтардың көлікте ыңғайлы, жайлы отыруы үшін көлік те соған сай болуы керек. Яғни, олардың арбалар­ы сыятындай, көлікке мінетін басқышының болуы да басты талапта­рдың қатарында. Сондай-ақ, бұл үш инватаксиге 5 арба сыяды. Яғни, 3 көлікке бес адам ғана міне алады. Олардың құжат дайындау процесі кезінде көлік жүргізушілері қажетті әлеуметтік, медициналық нысандардың барлығына апарады. Әр тұтынушыға уақыттың көп жұмсалуына байланысты шақырту саны салыстырмалы түрде аз. Жалпы,­ өткен жылы қаладағы мүмкіндігі шектеулі жандардың 12 пайы­зына ғана инватакси қызметі көрсетілген.

Айта кетерлігі, осы күні қызмет көрсетіп жүрген 3 инватакси демеушіле­рдің қолдауымен алынған. Жақын арада тағы бір көлікті іске қосамыз.

Ал, хат иесі Зәуре Өксімбаеваға мүгедектер қоғамының қызметкерлері де, өзім де түсіндіріп келемін. Инватакси қызметі өзінің құзыреті шеңберінде ғана қызмет көрсете алады. Қандай жағдайларда қызмет көрсетпейді, егер мүмкіндігі шектеулі адам тойға, түрлі концерттерге, жеке қажеттілігін өтеу мақсатында белгіленбеген нысандарға баруына, пәтерден-пәтерге көшуі секілді шақыртуларға инватакси қызмет көр­сете алмайды. Өйткені оның құзыретіне жатпайды. Есесіне, кез келген мемлекеттік органдарға, сабаққа, жұмысқа, әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарына, аурухана, емхана, сот орындарына міндетті түрде апарады­. Қанша күту керек болса, сонша күтеді немесе қайта айналып соғады. Сабақ оқып, жұмыс істейтіндерге де міндетті түрде барады. Тек көліктің аздығы, тапсырыс берушінің көптігіне байланысты алдын ала хабарлап айту керек. Такси қызметіне көңілі толмай, шағымданатындай­ қызмет көрсету шеңбері аясындағы мекемелер мен орындарға апарып­, әкелуден бас тартылған жоқ. Тіпті жүргізушілер айлығының мардымсыздығына қарамастан сенбі-жексенбі күндері де пойызға мінетінін вокзалға, ұшаққа мінетінін әуежайға апарып жүр.

Бауыржан Күлүнов,

инватакси орталығының диспетчері:

 – Автомобиль көлiгiмен мүгедектердi тасымалдау жөнiнде қызметтер көрсету қағидаларын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрінің м.а. 2013 жылғы 1 қарашадағы №859 бұйрығына сәйкес (Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2013 жылы 11 желтоқсанда №8950 тіркелді) баруға рұқсат етілген орындар­  тізімі:

1) Мүгедектің жұмыс орны;

2) Мүгедектің оқу орны;

3) Жергілікті және атқарушы органдар;

4) Сот, прокуратура;

5) Әлеуметтік сала объектілері;

6) Заң консультациялары;

7) Нотариус;

8) Медициналық мекемелер;

9) Әуежайлар, теміржол вокзалдары, автовокзалдар;

10) Арнайы әлеуметтік қызметтерді көрсететін ұйымдар.

Сондай-ақ, инватакси қызметіне бір күн бұрын тапсырыс қабылдаймыз.

Пікірлер:
  • 😄😄😄😄
    Күлетін ба жылайын ба? Сол диспансердің өнімдерінде білмедім. Мен сол таксиді Гүлнар деген апа пенсияға шықпай тұрғанда соңғы рет шалғам күз айында ма сұрап алғам. Одан кейін көп танысым айтып жүрді бермейді деп. Содан кейін сұрамадым. Жетпейді жетпейді деп зарлайды. Машина санын арттыруға болады гой.

  • Зауре апа олай коп отырык ангыме айтпаныз инватакси жаксы келеды сыз баска жеке оз пайданызга пайдалалмаганызга ашуга батып журсыз отырык акпарат берет инватакси сыздын отбасынызды серуенге шаштаразга базарга уй кошыруге арналмаган.сыз браз нарсеге жалган отырык акпарат жариялап журсыз каладагы барлык 1шы топ мугедектерден сурап корыныз кымге инватакси бармай жургенын.брак тагыда кайталап айтам инватакси базарга серуенге шаштаразга уй кошыруге арналмаган сыз барыне отырык айтып журсыз.

  • Зауре өтірік айтты деп ауызды жапаңдар ағайындар, жалғыз өзі айтып отырған жоқ, Бақыткүль де 1-топ мүгедегі айтып отырго, тағы басқа мүгедектер пікірін жазады олай асығыс сөлемеңіздер.

  • менің пікірім инвотакси қызметтеріне өте жоғарғы деңгейде,ең бірінші уақтылы айтқан уақыттажетіп келеді,мен 1топ мүмкіндігі шектеулі жанмын,инвотакси қызметкерлеріне,ұйымдастырушыға ,диспечерлерге,жүргізушілерге жәнебасшылыққа алғысым шексіз.отбасының қызықшылығын көрсін,өызметтері адал.Ол өз пікірім.1топ Рахманбердиев Қалмұрат.

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: