Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қанахиннен хат алған еді…

28.11.2024, 9:40 42

Өтебай Қанахин (1923-1990) Ақтөбе облы­сы, Ырғыз ауданында туған. 1932-37 жылдары балалар үйінде тәрбиеленген. Ы.Алтынсарин атындағы қазақ орта мектебі интернатында оқыған. 1940 жылы Ақтөбе қаласындағы педагогикалық курсты бітіріп, сондағы оқытушылар институтының қазақ тілі мен әдебиеті факультетіне сырттай оқуға түсіп, Ырғыз ауданында ұстаз болған. 1941-45 жылдары Ұлы Отан соғысына қатысқан. 1953 жылға дейін Кеңес әскері қатарында қызмет етті. «Ара» журналында бөлім меңгерушісі, «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде әдеби қызмет­кер, жауап­ты хатшының орын­басары, «Жазушы» баспасында  бас редактор, Қазақ­стан КП ОК-нің  насихат бөлімі меңгерушісінің орын­басары, «Жалын» альманахының тұңғыш бас редакторы, «Мәдениет және тұрмыс» журналында бөлім меңгерушісі, Қазақ КСР Мәде­ниет министрлігі репертуарлық редакция­лық алқасының бас редакторы қызметтерін атқарды. І дәрежелі Отан соғысы, «Қызыл Жұлдыз» ордендерімен және медальдарымен марапатталған.

Алғашқы әңгімесі «Екі кездесу» 1947 жылы, «Ауыр күндер», «Мұрагер», «Көл жағасында», «Маздақ», «Тұңғыш махаббат», «Жас дәурен», «Жер басып жүрсем», «Дәме­лі», «Жүрек қалауы», «Бақыт бәйшешегі», «Құдірет», «Қарт сарбаз хикаясы», «Ата қоныс», т.б. кітаптары  жарық  көрді.

М.Шолохов, А.Кожевников повестерін тәржімалады, бірқатар шығармасы орыс, украин, беларусь, өзбек, армян, тәжік, татар, башқұрт, қырғыз және неміс тілдеріне аударыл­ған. (Әлеуметтік желіден алынды).

Адамның балалық шағындағы бір кездескен оқиға ұзақ жылдар бойы санасында сақталып қалатыны рас. Осы орайда бүгінгі әңгіме өзегіне айналған мына  жайт  арада 50 жылдан астам уақыт өтсе де әлі күнге жадымда тұр. Ауылымыздағы №94 мектептің бастауыш сыныбында оқып жүрген кезім. Оқыған әдеби кітаптарымыздың мазмұнын ортаға салу, түсінігін айтып беру – отбасымызда қалыптасқан дағды. Бірде тетелес ағам, марқұм Темірбек өзі оқыған кітаптың мазмұнын бізге баяндап берген-ді. Шұрайлы тілмен жазылған кітап бәрімізге қатты әсер  етті. Тіпті  бұл туындының жазушы Өтебай Қанахинның «Жер басып жүрсем» деген кітабы екені санамызда берік сақталып қалған. Әке-анамыз күнұзағына жұмыс­та жүретіндіктен үйде әжем мен немерелері, яғни  біз  ғана  боламыз.

Сол тұста 8-сыныпта оқитын Темірбек «Жер басып жүрсем» туралы, ондағы кейіпкерлер хақында өзінің ойға түйгенін қағазға түсіріп, кітаптың бетіндегі көрсетілген мекен­жайға хат жазып жіберген еді. Әрине бұл кезде жазушыдан жауап келеді деп ешкім де ойламаған шығар. Десе де, біршама уақыттан соң Темірбек ағамның атына арнайы хат келді. Конверт бетінде көрсетілген жіберушінің «Өтебай Қанахиннен» деп жазылғанын көргенде сенер-сенбесімізді білмедік. Неткен ыждағаттылық. Көпке танымал тұлғаның бар-жоғы 8-сынып оқушысына ықылас білдіріп, жауап жазуының өзі зор құрмет-тұғын. Әке-анамыз жұмыстан келген соң Тәкең жазушыдан келген хатты зор қуанышпен жеткізді. Ондағы «мектебіңді жақсы бағаға аяқтап, әдеби кітаптарды көп оқы, журналистика саласын таңдасаң, біршама жетістікке жетесің» деген пікірге Темірбек  қатты  әсерленген-ді.

Бірақ  ағам  журналистика  саласын  таңдай алмады. Олар мектеп бітірер тұста «Мектептен – өндіріске» деген бастама белең алып, өзге құрдастарымен бірге комсомол жастар бригадасын құрып, шопан ретінде жұмысқа араласты. Ал, Қанахиннен келген хат бертінге дейін үйде сақтаулы тұратын.

Сол кезеңде ауылда жаңадан мектеп ғимара­ты (суретте) салынды. Бір қабатты, ұзынша, жаңа мектеп үйі бізге еңселі де өте әдемі көрінетін. Оқу жылы басталды. Едені жарқырата сырланған сынып бөлмелерін, ұзынша залды көргенде қуанышымыз қойны­мызға сыймады. Және бір кереметі сол кезеңде жоғары оқу орнын бітірген бір топ жас мұғалімнің  келуі  ауылымыздың өміріне соны серпін әкелгендей болды. Сол шағын мектептен түлеген қаншама шәкірт қазіргі таңда еліміздің түкпір-түкпірінде ғұмыр кешіп, жемісті қызмет етуде. Бүгінгі таңда ауылымызда «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 300 орындық мектеп ғимараты салынып жатыр. Ұрпақтар сабақтас­тығы  дегеніміз  осы  шығар.

Жұмабек  ТАБЫНБАЕВ,

Қазалы  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: