Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Бұрыс» сөз бүлдіріп жүрмесін…

21.11.2024, 11:40 76

Бұл жайында айтпауға да болар еді!

Бәлки, бұл айтылмаған ән, жазылмаған жыр болмауы мүмкін. Бізге дейін талай мәрте мәселе мінберінде көтерілген де болар!

Дала данышпаны Бөкейхан баласы Әлихан: «Айыр сөзге айып жоқ, ақылға саңырау да айып» депті. Даналығыңнан айналайын баба жұрт. Ахаң, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Біздің заманымыз – өткен заманның баласы, келер заманның атасы» деген ұлағат қалдырған. Сақадай сөзі мидың мың қатпарында сынаптай  атойлап  тұр.

Мұнымен не айтпақпыз? Даналық пен пәлсапаның көкесін әлемге танытқан жұрттың ұрпағы «бұрыс сөздің» соңында жүр. Қандай сөз дейсіз ғой? Әуелгісі, «Ішіме сыйған бала, сыртыма да сияды». Қазіргінің тәмсіліне айналған осы сөздің астарына кім үңіліпті? Тоғыз ай көтергенін дүниеге келген соң өмір бақи арқалап жүрген ешкімді көргеніміз жоқ. Бала тұлғаға айналған соң өз мақсатына, өз мүддесіне бағытталады. Өзі дүниеге ұрпақ әкеледі, сол ұрпақты жеткізуге ұмтылады. Соған қарамастан талай жұрт ішке сыйғанын сыр­тына да сыйдырмаққа жүр. Содан талай отба­сының түтіні өшіп, шаңырағы шайқалуда. Ескерген  кім  бар?

«Сотталған  тұлға». Жалпы, тұлға деген кім? Кез  келген жан тұлға бола ала ма? Осыған мән бердік пе? «Тұлға – пайымдау, мораль, зерде, мендік сана секілді болмыстық қыр­ларын, сондай-ақ, кісілік қабілеттер мен ерекшеліктерге ие жеке адамды сипаттайды» дейді «Google» анықтамалығы. Біздің пайым­да «Тұлға» қоғамда өз орны бар, пайымы мен пікіріне маңайындағыларды иландыра алатын, сөзі мен ісі үйлескен, адамгершілік қа­сиеттері мол, айналасына мейіріммен қарай­тын кісі. Ал, біршама қаламгер қолданып жүрген «сотталған тұлға» деген кім? Өзі қоғамдық құндылықты, яғни заңды бұзып, қамауға алынған кісіні тұлға дей алармыз ба? Бәлки, кез келген адам тұлға деген батыстың жаңсақ психологиясының соңынан еріп кетпедік пе? Кез келген адамды тұлға дей берсек, сол тұлғалық­тың  мәні  қалмайды.

«Шын жүректен». Осы сөз күнделікті тұр­мыста әке мен шешеден бетер болып кетті. Ілти­пат білдірген де, алғыс айтқан да бұл сөзге сүрінбесе тұра алмайтындай. Кеңес дәуірінде орыстың «от чистого сердца» дегенінен тіке аударылып, қанға сіңген дерттейін індеттеп алды. Құдды той мен томалақта жиі қолданылатын «Торқалы той құтты болсындай» көп жұрт жат көрмейтіндей. Жүрек өзі біреу, оның шыны мен өтірігі бол­майды. Осы сөздің орнына ізгі ілтипатпен, ізгі ниетпен  дейтұғын  болсақ  жаңылмас  едік-ау.

«Үлкен рақмет һәм зор рақмет». Бір сәт ойла­ныңызшы, рақметтің үлкен және кішісі бола  ма? Алайда ризашылығын білдіруге тырыс­қандар зоры мен үлкенін қабаттастырып рақмет жаудырып жатады. Әсіресе, тілшілікті тіршілікке арқау еткендер. Теледидар қараған ағайын аңғарған болар, әлемдік додада топ жарған спортшыларға осындай рақметтің неше атасын  жаудырады  келіп.

«Қымсынбады». Жалпы қазақ тілінде «женский» және «мужской родтар» болмағанымен, ерлердің және әйелдердің қолданатын сөздері болады. Жуырда көгілдір экраннан «спортшымыз (еркек) жеңілісін қымсынбай қабылдады» дегенді естідік. Бір басылымнан «депутаттар мемлекет басшысының бастамасына қымсынбай үн қосуы керек» дегенді оқыдық. Еркек қымсынбайды. Оның орнына «қаймықпай» десе  құп  болар  еді-ау.

Жалпы,  қоғамда  қолданыста  жүрген  «бұрыс сөздердің» біршамасын тіздік. Тіл тазалығы – тек осы салада еңбек еткен жанға ғана емес, өзін қазақ деп білетін, ұрпағының баба жұрт тілінде сөйлегенін қалайтын жан үшін де аса қажет. Сондықтан сүйексіз тіл мен отыз екі тіс арасынан шыққан әр сөз бен сөйлемнің мәніне қанықпай, жөнін білмей айту тілге жасалған  қия­нат  екенін  ескерсек!

Дастанбек  САДЫҚ,

журналист.

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: