Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сырдың сағасы: Жаңару мен жасампаздықтың мекені

21.11.2024, 9:40 66

Қызылорда қаласы қай жағынан болмасын қарқынды дамуда. Бүгінде Сыр өңірінің әлеуметтік-экономикалық ахуалы мен өсуі өзге өңірлермен салыстырғанда бір бас жоғары десек, артық айтпағанымыз болар. Осы тұста шаһардың шырайланып, адам танымастай болып өзгеруіне ерекше ықпал етіп отырған ең алдымен аймақ басшысының, одан соң қала әкімдігі мен оның қарамағындағы бөлімдерді ерекше атап өткен жөн. Бүгінде қаланың әр тұрғынының жанайқайы, бұйымтайы ескерілмей қалып жатқан жоқ. Инфрақұрылым өз алдына дамуда, ал халық игілігі үшін неше түрлі ойын-сауық алаңдары, тынығу орындары салынып жатыр. Қаланың жан-жақты дамуын тек астарлап, қарасөзбен пайымдап қоймай, нақты цифрлармен, әлеуметтік-экономикалық тұрғыда шолу жасап көрейік.

Расын айту керек, көпшілік Қызылорда дегенде экология­лық, тазалық жағынан өзгелерден артта қалған қаланы еске түсіреді. Алайда, қазіргі Қызылорда керісінше, мұндай тап­тау­рындардың қарама-қарсы прототипі болып отыр. Байқағанымыз, сырт жақтан қонақ келсе, ең бірінші Қызылорданың тазалығына тамсанады. Бұрынғы атмосферасы ауыр, «қоңыр» қала бүгінде «жасыл қалаға» айналды деуге болады. Осы сәтте қала тазалығының оң өзгерісіне ерекше ықпал етіп отырған жаңа мекеме «Жасыл Қызылорданың» еңбегі ерен. «Жасыл Қызыл­орда» қаланы көркейтуді қолға алғалы шаһарымыз гүлдей жайнап қоя берді. Нақтырақ айтсақ, мекеме көктем басында «Сарқырама», «Табиғат», «Жібек жолы» және өзге де қалалық аяқсу каналдарын толық тазалап шықты. Қазіргі сәтте қала­ішілік  арық  жүйелерін  тазалау  жұмыстары  жүргізіліп  жатыр.

Экология мен тазалықты бірінші орынға қоя отырып, Қызыл­орда тұрғындардың табиғатқа залалсыз электромобиль­дерді такси ретінде пайдалануына жол ашты. Күтпеген жаңалық біршама уақыт талқыда болып, бүгінде «Жұлдыз» қосымшасы арқылы қызмет көрсетіп тұр. Атап айтарлығы, соңғы үлгідегі автомобильмен діттеген жеріңе барудың бағасы қалтаға ауырлық түсірмейді. Небәрі «эконом» бағасымен тең. Соңғы технологиялардың үлгісі болып табылатын көліктер көмір­тегі шығындыларын азайтады. Сонымен қатар, электр қозғалт­қыштарының  арқасында  шудың  да  азаюына  ықпал  етеді.

Дамудың іргетасы – инфрақұрылым. Әсіресе, жол-көлік инфра­құрылымы көпшіліктің басты мәселесіне айналғалы, соған сәйкес біраздан бері даудың да туындағаны бесенеден белгілі. Биыл жол-көлік инфрақұрылымын дамыту мақсатында 36 миллиард теңге қаржы қаралды. Сәйкесінше, 99 көшеге жол салу, қайта жаңғырту және күрделі жөндеу жұмыс­тары жүргізілуде. Қаланың Яссауи және Жаппасбай көшелері, Тәуелсіздіктің 25 жылдығы даңғылы төрт жолақты болып кеңейтілуде. Сонымен қатар, биыл құны 2,3 миллиард теңгені құрайтын 54 көшеге жаяу жүргіншілер жолы салынуда. Рас, инфрақұрылым тек жолмен шектелмейді. «Көгілдір отын» мен ауызсу, жылу мәселесі де инфрақұрылымға жататынын ескеруі­міз керек. Осы орайда Ақжарма елді мекенін 1,2 млрд теңгеге,  «Сабалақ»  саяжайын  3,1  млрд  теңгеге, сондай-ақ  689 млн теңгеге басқа да «көгілдір отын» жүргізілмей қалған елді мекендерді  газбен  қамтамасыз ету жобасы жемісін беріп жатыр.

Жылу мәселесімен қатар су мәселесі де біраз қызылордалықтың зығырданын қайнатып келген. Әсіресе, көпқабатты үйде тұратын тұрғындардың ыстық суға зар болып, тиісті меке­мелерден көмек сұрап жүргені белгілі еді. Көптің алаңына айналған ыстық суды пайдалану қолы жетпей отырған барша қызылордалыққа бұйырғалы отыр. Мемлекет басшысының қолдауымен қаладағы 424 көпқабатты үй ыстық сумен қамтамасыз етіледі. Жобаның қаражат көлемі бас-аяғы 26,2 млрд теңгені  құрайды.

Биылғы статистикаға сүйенсек, қалада 68 апатты үй бар. Осы санатта тұрғын үй кезегінде тұрған отбасы саны – 673. Бұл ретте биыл 135 отбасыға жаңа пәтер кілті табысталмақ. Көпқабатты үйлерде тұратын қала тұрғындарының әр талап-тілегі жіті назарда. Өткен жылы 773,8 млн теңгеге 12 тұрғын үйге қайта жөндеу жұмыстары жүргізілген болса, биыл 21 тұрғын үйді қайта жаңғырту жоспарда тұр. Қажетті қаражат – 1,9  млрд  теңге.

Қанша инфрақұрылымдағы өзгеріс­терді тілге тиек етсек те, жұрттың көзі қаланың сыртқы келбетіне, яғни демалыс орындары мен саябақтарға, өзге де әсем жерлерге түсетінін мойын­дауымыз керек. Осы орайда қызыл­ордалық тұрғындар биылғы жылы біршама өзгеріске куә болды. Олай дейтін себебіміз, тек ғана қаланың орталығынан байқауға болатын тынығу орындарын бүгінде қаланың кез келген бөлігінен, ауданынан кездес­тіруге болады. Тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыра отырып, демалыс орындарын ашу – аймақ басшысының тікелей бастамасы. «Сыр ана» алаңы, Бейбарыс Сұлтан көшесінің бойы, Сыр сүлейлері аллеясы секілді орындар – бұл сөзімізге дәлел. Аталған бастама аясын­да орталық алаң, Н.Назар­баев даңғылы, сонымен қатар Қожа Ахмет Яссауи көшелері түбегейлі абаттандырылды. Қазіргі таңда қала аумағында 33 сквер-аллея, саябақтар мен демалыс орындары жұмыс істейді.

Бұл мақалада жазғанымыз тек атқарылған жұмыстардың бір бөлігі ғана. Көбі ескермейтін, маңызды жұмыстарды ғана тілге тиек етуді жөн көрдік. Әйтпесе, жаңадан салынған «Өнер орталығы» секілді нысандар, кең көлемдегі әуе­жай  терминалы  жайлы қара­пайым халық онсыз да жақсы біледі. Қызыл­орда қаласының бүгінгі тынысы – жаңашылдық пен серпінді дамудың айқын көрінісі. Тарих қойнауынан тамыр тартқан бұл шаһар жыл санап жаңғырып, жаңа белестерді бағындырып келеді. Әлеуметтік, экономикалық және инфрақұрылымдық салаларда атқарылған ауқымды жұмыстар елдің, жергілікті халықтың ортақ  еңбегінің  жемісі  екенін  аңғарамыз.

Егер қала үдерісі осы қарқынмен жалғаса берер болса, Қызылорданың келешегі жайлы уайымдаудың мүлде қажеті жоқ. Атқарылған жұмыстар – тек бүгінгі күннің нәтижесі емес, ертеңге деген сенімді қадам. Қызылорданың жыл сайын ажарланып, адам танымастай өзгеруі – халықтың жігері  мен  мемлекет  қолдауының  шынайы  көрінісі.

Айтілес АБАЙҰЛЫ.

Суреттер  Қызылорда  қаласы  әкімдігінің 

парақшасынан  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: