Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мен «оппозиционер» емеспін

19.11.2024, 18:05 111

HALYQLINE.KZ

Досымның туған күні еді, ащы судан сілтеп қойыппын. Ондай сіз ойлағандай мас емеспін. Бірақ, ішімде құйын пайда болды. Әңгімені оңды-солды сілтедік. Отырыстың басы әдемі басталып еді, аяғы қалай аяқталғаны есімде жоқ. Әйтеуір, үйге аман-есен оралған екенмін. Таңертең жұмысқа келдім. Бастығым кабинетіне шақырып алды.

– Түнде қайда болдың?

– Досымның туған күні болып еді.

– Ымм, сен не болып кеттің бе?

– Не болып?

– Айта алмай тұрмын

– Маскүнем

– Жоқ, – деді бастығым аузы шүртиіп. Өзінің де ішімдікті сілтейтін әдеті бар.

– Түсінбедім, басеке, енді не айтып тұрсыз?

– Ооо…

– Оңбаған

– Олай емес, ооо…

– Орыс

– Жоқ. Ооопп…

– Оппицант, – дедім, сөзінің ыңғайына қарай

– Официант емес, ооо…

– Окорачка.

– Ол емес, оопп…

– Опасный.

– Ой, қайдағыны айтып тұрсың?

– Басеке, сөзіңіз қазақша ма, орысша ма?

– Оооппозиционер, – деп әрең айтты.

– Бұл не милиционер деген сияқты ма?

– Жоқ, одан да жаман

– Сонда не?

– Кеше сен досыңның үйінде отырып, менің көршім мемлекеттік қызметте жасайды. Бірақ, үш қабатты үйде тұрады. Астында «Джип» көлігі, ауласында жекеменшік дүкені бар депсің ғой.

– Есімде жоқ

– Сосын, басшы болу менің де қолымнан келеді. Олар анасынан бастық болып туған жоқ депсің.

– Иә, деппін, ішкен адам не демейді. Саққұлақтар мен желаяқтар жеткізіп тастады ма?

– Оооппозиционер деген – жаман ауру, емделу керек, – деді бастығым бадырақ көзін алартып.

Шошып кеттім, мұндай сөзді бірінші естуім. «Оппозиционердің» не екенін де ұғып тұрғаным жоқ. Әйтеуір, аз-маз жұрттан естігенім бар. Олар шындықты бетке айтады деп. Бірақ, адал болу әр адамның міндеті емес пе? Түк түсінсем бұйырмасын. Өткенде бір шындықты жазатын бір адамды да «сен осындай адамсың» деп, басшысы бетін тіліпті.

– Басеке, енді не істеуім керек?

– Тап қазір мен бас дәрігерге телефон соғамын, барып ем аласың, – деді.

Содан басым салбырап, көңіл күйім түсіп ауруханаға қарай тарттым. Жолда келе жатып ойланып келемін. «Қап, әттең-ай, мұндай ауруға қайдан тап болдым? Экология шығар» деймін. Бас дәрігердің кабинетіне бас салып кірдім.

– Ассалаумағалайкүм, – деп, алдына жүгіріп бардым.

– Так, слушай сені тексереміз?

– Қай жерімді?

– Басыңды, ішкі-құрылысыңды түгелдей аппаратқа саламыз.

– Сонда менің қай жерім ауырады?

– Жаңа бастығың телефон шалды. «Оппозиционер» деді.

– Ол қандай дерт?

– Ол – жаман ауру. Аузыңа келгенді айтып жүресің. Дер кезінде ем алмасаң, жынды болып кетесің деген сөз.

– Қойыңыз, мен ішкенде батыр болып кетемін ғой. Былай аузым ашылмайды.

– Дегенмен, ем аласың, – деп, қолыма бір бума қағаз беріп шығарып жіберді.

Содан не керек, бір ай бойы «жағың қарыссын» деген дәрі іштім. Жазылып кеттім. Қазір, тілім байланып сақау болып жүрмін.

Нұрлыбек  ЖҰБАТҚАН,

Ақтөбе  қаласы

Фото: img.day.az

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: