Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сыр өңірінде ауыл шаруашылығы саласының дамуында оң динамика бар

11.11.2024, 18:35 104

HALYQLINE.KZ

Мемлекеттен берілетін қолдаудың арқасында өңірдегі ауыл шаруашылығы саласының дамуында оң динамика қалыптасып отыр. Жыл басынан бері ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі 3,8 пайызға артса, қайта өңдеу өнімдерінің көлемі мен ауыл шаруашылығының негізгі қорына салынған инвестицияда да өсім бар. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев айтты.

– Биыл облыс бойынша 189,4 мың гектар ауыл шаруашылығы дақылы егіліп, агротехникалық талаптарға сай толық жинап алынды. Мұндағы негізгі дақыл күріштің көлемі 85,6 мың гектарды құрап, әр гектарынан 58 центнерден өнім алып, жарты миллион тоннаға жуық күріш жиналды. Сонымен қатар, күріштен басқа дәнді дақылдардан 18,5 мың тонна, майлы дақылдар 4,9 мың тонна, картоп, көкөніс, бақша өнімдерінен 352,7 мың тонна, малазықтық дақылдары 367 мың тонна өнім өндірілді. Өңірдегі су тапшылығы жағдайын ескере келе күріштің көлемі 3,4 мың гектарға қысқартылып, есесіне малазықтық және майлы, дәнді дақылдарды ұлғайттық. Өндірісте суды үнемдейтін технологияларды қолдануды қарқынды дамытудамыз. Су үнемдеу технологияларын пайдалану көлемі өткен жылмен салыстырғанда бірнеше есеге артып, 4400 гектарға жеткізілді, – деді Талғат Тұрсынұлы.

Айтқандай, қараша айының үшінші жексенбісі – ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі. Ел қамбасын мол астыққа кенелтіп, саланың өсіп-өркендеуіне аталған сала еңбеккерлерінің қосқан үлесі зор. Олар өздерінің қажырлы еңбегімен ел қоржынын сары алтынға толтырып, үнемі үздік нәтижеге қол жеткізіп келеді. Мәселен, биыл жиналған 189,4 мың гектар ауыл шаруашылығы дақылдары дәл осы қызметкерлердің дамылсыз еңбегінің арқасы.

– Агроөнеркәсіптік кешен – қоғам үшін өмірлік маңызы бар өнімдер өндірілетін және орасан зор экономикалық әлеует шоғырланған кез келген ел экономикасының құрамдас бөлігі. Биыл өңірде 3 инвестициялық жобаны іске асыру жұмыстары басталды. Тамшылатып суару әдісімен 800 гектарға жүгері, жаңбырлатып суару әдісімен 184 гектарға сүрлемдік жүгері мен жоңышқа егілді. Су шығынын азайту мақсатында егістік жерлерді лазерлік тегістеудің маңызы зор. Соңғы жылдары диқандар күріш егістіктерінің 55 мың гектарын лазерлік тегістеуден өткізді. Нәтижесінде, суды үнемдей отырып, өнімділікті 30 пайызға арттырдық. Ауыл шаруашылығы саласының өндірісі аймағымыздың әлеуметтік экономикалық дамуында маңызы зор екенін ескере отырып, алдағы уақытта саладағы мақсат-міндеттерге қол жеткізу жолында қарқынды шаралар ұйымдастырылып, тиісті жұмыстар атқарылатын болады, – деді басқарма басшысы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: