Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызыл блокнот (Эссе)

07.11.2024, 10:40 210

Есім-сойы елге танымал Бауыржан Омарұлын бір кісідей білетін сияқтымын. Сонау студенттік шақта табыс­тырған тағдыр жолымыз жарасымды жалғасып келеді. Бірге жүріп, біте қайнасқан қырық жылдың қызықтарын айтып тауыса алмайсың. Ендеше, ол туралы жазу оңай болса керек еді. Бірақ соның қиюын таппай қиналып отырған жайымыз бар. Өйткені бұл досымыз – шығармашылық адамдарының портретін шырайын шығарып жасаудың шектен тыс шебері. Ақ қағаздың бетінде қара қаламын қа­лауынша ойнатып, қайталанбас образдар қалыптайды. Кейіпкерін келістіре суреттеп, оның өміріндегі былайғы жұрт біле бермейтін белгісіз деректерді әдемі штрихтармен әдіптеп, оқырман олжа­сына айналдырады. Астары алты қабат әзіл-оспағы мен еріксіз жымың еткізер жылы юморлары оны өзге әріптестерінен оқ бойы оздырып, ешкімге ұқсамайтындай ерекшелендіріп тұрады. Сірә, содан болар, баспасөзде жарияланған барлық мақаласы ретті резонанс тудырып, көпшіліктің көңілін көншітіп тас­тайтыны тағы рас. Қазақтың қаншама қабырғалы қайраткерлерін халқымен қайта табыстырды. «Хабар» телеарнасының басқа өнімінен бөлектеу «Жеті күн» бағдарламасын жеріне жеткізе жүргізіп, көзі қарақты көрерменнің ризашылығына бөленді. Ұлтымыздың ұлықтауға ла­йық арыстарына арналған «Көзкөрген» айдары аясындағы телеочерктері эфирдегі эссенің үздік үлгісіндей есте қалады. Бас бармақты көрсетіп бағалайтындай басқа  да  дүниелері  баршылық.

Ал енді осындай қарым-қабілет иесі жайында қалам тербеуге қаймықпай көр. Өзі секілді өзгеше өрнек тапсақ жақсы. Таппасақ  ше? Міне,  мәселе  қайда?

Әйтсе де дауысы көкте дамылдаған Димаштан кейін ән салмай кеткен әншіні көрмегеніміздей, біз де бірдеңелерді түртіп  көрелік.

*  *  *

Анау жылы мен оның ауылына бардым. Кезінде арнасынан асып-тасыған айдынды һәм айбынды Аралдың аңқасы кеуіп, ақ тозаң ұшқан, тасыр шөлден талық­сыған табанымен аяңдап, ат басын атақты Барсакелместен бір-ақ тарттық. Сәулелі сәттерге толы сапардан көрген-білгеніміз  – өз  алдына  бөлек  хикая.

«Тотынаманың» тоқсан толғауындай Қызылордадағы қыдырыстың ойын-күлкілі оқиғалары ойға оралса, еріксіз жымың-жымың етемін. Қарашаның өкпек желі өн-бойымызды қалтыратқан қара күзде Бауыржан мені еліне апарып, емін-еркін аралатпақ болды. Соны естіген Сыр өңірінің тағы бір топқа татыр айбозы Амантай Шәріп: «Қап-ай, таби­ғатымыздың сұрқай тартқан кезінде бара жатқаныңды қарашы» деп өзінше өкініш білдірді. Әзіл-қалжыңы жарасқан інісінің әлгі сөзін жерге түсірмей іліп алған Бауыр­жан: «Әй, сен де сөйлейсің-ау, әйтпе­се біздің жақтың сұлулық тұнған сурет­тей сүреңді кезі бар ма еді?» деп ішек-сілемізді қатырғанын қайтерсің. Егер туған жері туралы мұндай сөзді оған өзге  біреу  айтса  ғой, мұрнын  бұзар  еді.

Астанадан  пойызға  отырып,  батысқа қарай бет ала бергенде ол Аралдағы аралас-құралас жолдасымыз Әділхан Алда­новтың анасы маған арнап ақ түйенің жүнінен жеңсіз кеудеше мен бұрын-соңды киіп көрмеген бұт киім тоқып бітіргенін жеткізді. Бірақ неге екенін қайдам, сыралғы достымның сыңар езуленген сөзінен  секемденгендей күй кештім. Содан көкейдегі күдік-күмәнді сейілт­пек боп тамбурға шығып, «Астана ақшамы» газетінде бірге қызмет істейтін аралдық қыз Гүлжан Рахманға телефон соғып, төтелей сұрақ қойдым: «Осы сен­дердің ауылдарыңда түйе жүнінен «трико» тоқып кие ме?». Қарындасымыз жауапты жалма-жан қайтарды. «Ой, аға, ондай «триконы» бізде қолы жеткендер киеді. Мәселен, менің күйеуім Азамат­та әлі жоқ». Жағымды жаңалыққа жан семіртіп, «жағалы» киімімді көруге асықтым.

Сонымен қойшы, құмартқан құнды тауарға да қолымыз жетті-ау. Кеуде­шесі керемет. Түбіті сыртына теуіп, үлбіреп тұр. Шалбары шамалы түрпілеу әрі тұрпайылау тәрізді. Көкірез көзде­ніп тоқылыпты. Қисайып үлгірмеген қылшығы денені қытықтай ма, қалай? Жігіттер улап-шулап, үстіме кигізіп жатыр. Сөйтсек, әлгінің ышқыр резең­кесі салынбапты. Мықынға тұрмай мықшыңдатты. Қос қолдап белімді бекемдеген боламын. Маңайдағылар тегіс мәз. Телефонға суретке түсіріп әлек бәрі. Қалыңдығы кере қарыс бұл дамбалды кейін аңшылыққа жиі шығатын жиен інім жылылығына қызығып, аттай қалап алды. Ал, кеудешесі әлі бар. Оны айтасыз, өзіммен бірге Лондон мен Парижге барып  келді.

Сол жолы байқадық, сылаңдай аққан Сырдарияның  теңізге құяр  тұсында  қоныс тепкен Қаратерең тұрғындары қара тілге хас тұлпардай жүйрік екен. Еңкейген қариясынан естияр баласына дейін айтқыш. Байқап сөйлемесең, басыңдағы қалпағыңды қалжыңмен қайырып жібе­реді. Қартайғанша қаламы қолынан түспеген Шәкірат Дәрмағанбетовтей аузы дуалы ақсақалдары ағыл-тегіл әңгі­ме тиегін ағытқанда ертегіге елтігендей есің кетіп, екі құлағыңның құрышын қандырудан басқа амалың қалмайды. Шеттерінен шешен болған соң ба, оларды оңайшылықпен таңдандыра алмайсың. Астанадан, Алматыдан астамсып келген ақын-жазушыларыңызға қол қусы­рып, құрақ ұша қоймайды. Өйткені өздері де – атақсыз ақын, жатыпатар жазушы. Анау-мынауыңызды менсінбейді. Көңілдері кейде көл, кейде шөл. Мінез-құлық мінсіздігімен мақтана алмай­ды. Қырсық-қыңырлықтары қырық  түйеге  жүк болғандай. Қараптан қарап  қызығасың.

Бұдан біразырақ бұрын Бауыржан кіндік кесіп, кір жуған мекені туралы «Қаратерең вальсі» дейтін кітап жазғаны белгілі. Бүкіл қазақ қаламгерлерін елең еткізген дүние. Ауылындағы біраз отбасына тегін таратты. Курстасымыздың жазу шеберлігіне көркемсөз корифейлердің өзі сүйсініп жатқанда бұлар қалыпты оқиғадай ғана қабылдады-ау деймін. Сірә, ондай тарту таңсық емес-ау. Ілгеріде «Ойтоғанның соңғы орысы» деп ауылымыздың «арпа ішіндегі жалғыз бидайы» Василий Волкирный жайында шағын суреттеме жазғанымызда жерлес­терім қырылып қала жаздаған. Мынадай жинақ бастырсақ, ауылдастарым ат мінгіз­іп, шапан жабар ма еді, кім білсін?..

Алғашқы бетін ашқаннан-ақ жан дүниеңді жаулап алатын жазбалардың ішінде қаратереңдіктерді қараңғыда қалтыратпай электр жарығымен қамтамасыз етуші Қайырбай ағасының кешкісін әр үйде Ильич шамын жарқырататыны, арасында ептеп жұтқыншағын жібітетіні, көңілі көк жайлауға қонған соң ұйқасы ұйқы-тұйқы өлең құрайтыны жөнінде шындыққа жанасатын әжуа айтылады. Сонымен қатар автор ауылға жаңа фильм келген күні көріп біткенше тағатсыздана күткен жұрттың әбден зықысын шығаратын қырсық киномеханик ағасын да зілсіз қағытып өтеді. Сол Ағытай көкемізбен Қаратереңнің көшесінде кездейсоқ кездесе қалмаймыз ба… Бауыржан барынша ізеттілік танытып, бұрынғы киномеханиктің хал-ахуалын сұрап жатыр. Алайда көңіл күйі болмай тұр ма, әлде өзінің мінезі солай ма, әйтеуір ағасы ағынан жарылып жарытпады. Әкімқаралардың алдында жаны қалмай жалпақтайтын әлдекімдердей елпең қақпады. Ақордада әжептәуір қызмет істейтін інісімен күнде көрісіп жүргендей күрең-қабақ амандасты. Мұнысын не сыпайылыққа, не сырбаздыққа баларымызды білмей біз тұрмыз. Үнсіздікті үзгісі келді ме, Бауыржан: «Аға, мен сіз туралы жаздым ғой» деді жадырай күліп. Ағасы онда да елең етпеді. «Оқыдым ғой…» деді де беттеген жағына қарай жайымен кете барды. Аңтарыла артынан қарадық. Кәдімгі аралдықтар көп айтатын жоңбай мінез, қырсық қылық… Арал адамдарының пошым-портретіне «Қан  мен  терден»  қанықпыз.

– Біздің ауылдың оқу өтіп кеткен адамдары осындай енді, – деді Бауыржан аспай-саспай, не мақтағанын, не датта­ғанын  аңғартпай.

Ол қалай болғанда да, әлгі ағасының образын жарқыратып көрсете біліпті сол дүниесінде…

Бірақ ауылда оқырманмен қауыш­қанына көп бола қоймаған «Қаратерең вальсінің» әуеніне тербеліп, тамсанып жүргендер де жетерлік екен. Біз бұған да куә болдық. Теңіз қолтығындағы Қаратереңнің баршаға танылуына Бауыржан өлшеусіз үлес қосты. Қаламын қолға алса болды, ұшынан Қаратереңнің шеге құмы саулап  төгіле  жөнеледі.

Бұл өзі – шынымен де ғажайып ауыл. Қазір ысылдаған қызыл құмның қор­шауында қалған Қаратерең бір заман­дарда телегей теңіздің құшағында тербеліпті. Айналасындағы айна көлдердің балығы тайдай тулап, бақасы қойдай шулап­ты. Қоғалы суларында үйрек ұшып, қаз қоныпты. Қамысты қалың нуында  жолбарыс  жортыпты.

Ойхой дүние-ай десеңші… Басында бағы  тұрғанда байырғы Қосаралдың киелі топырағын кімдер баспаған!? Арғы-бергі ғасырларда аттарынан ат үркетін небір жиһангездің кемесі зәкір тастаған айлақ бұл. Солар түсірген фото­лар арқылы жергілікті қазақтардың желқақты бейнелері жер-жаһанға тарамағанына кім кепіл?! Бәлкім, біреуі Еуро­па асып, бірі Эрмитаждың қоймасында, бірі жеке қорларда жатқан шығар-ау.

Жазған-сызғандары отаршыл орыс патшасына жақпай жазаланып, қияндағы қазақ даласына жер аударылған украинның ұлы ақыны Тарас Григорьевич Шевченко да Қосаралға қос тігіпті. Текке қарап жатпай, осы төңіректің ой-қырын аралап, ойына түйгендерін күнделікке түсіріпті. Оқып көргендер оның арасында бізге онша ұнай қоймайтындай қолайсыз пікірлер барын алға тартады. Әбден мүмкін. Жалпы, ондай-ондай жағымсыз жарияланымдар жапан түзімізді шарлаған көптеген шетелдік саяхатшылардың еңбектерінде жиі кездеседі. Қалай болғанда да, ұлы кобзарьдың ұлан-байтақ ұлысымыздың осы бір қиырынан салған суреттері халқымыздың баяғы тұрмыс-салтынан хабар беретін құнды жәдігерлер қатарынан  орын  алатыны  анық.

Айтпақшы, Тарас еккен талдардың уақыт уытына шыдап, тамтығы қалған тұқылдары  ауыл шетінде әлі де қараяды…

*  *  *

Осындай өнегелі ортада өскен оғланның сөз стихиясын сезінбеуі мүмкін емес-тұғын. Оның үстіне аузын ашып сүйген тұңғыш немересі ретінде бауырына басып тәрбиелеген әжесі көкірегі ояу, көшелі  кейуана  болған  көрінеді.

Әкесі Жұмахан да әртүрлі шаруашы­лық жұмыстарына жегілгеніне қарамас­тан руханиятқа жақын жан екендігі бірден көрінетін. Ел ішіндегі есті сөздерді сөлін тамызып жеткізетін әңгімешілдігі әркімге-ақ таңдай қақтыратын. Бауыржан «Қаратерең вальсінде» сәтімен пайдаланған жерлес ақын Дабыл Сахиевтің майданнан хат қылып жолдаған құсни өлеңдерін папасының аузынан жазып алғанын айтсақ та жеткілікті тәрізді. Кеудесі кең сарайдай ағамыз ілгеріде Шығыс Қазақстан жақтан іссапардан қайтып келе жатқанда Талдықорғанда аялдап, менің жалдамалы пәтерімде жата-­жастана сырлы сұхбат құрғанымыз жадымда  жиі  жаңғырады.

Сексенінші жылдары Аралдың басы­нан бағы тайған балықшылары асай-мүсейлерін арқалап, айшылық алыс­тағы Балқаш, Зайсан, Марқакөлге ау салғаны әмбеге аян. Қаратереңнің қара қайыстай күн қақтаған қапсағай жігіт­тері жол-жөнекей Алматыға соғатын. Солардың бригадирі болғандықтан істің басы-қасында әрине Жұмекең де жүреді. Келетін хабарын күн ілгері естіп алып, Бауыржан екеуіміз арсалаңдап алдынан шығамыз. Алпамсадай аралдықтар кешке дейін ару қаланы аралап, түнгі пойыз­бен Қызылордаға тартуға тиіс. Бірінші вокзалдың жүк сақтау қойма­сына  сол  күні қақталған балықтың иісі  әбден  сіңіп  қалатын.

Сырттан нәпақа іздеп сабылған сабаз­дардың іштерін қыжылдатқан шер-­мұңында шатағымыз қанша? Жұмахан ағамыздың арқасында астана асханаларының жылы-жұмсағын жеп, жұқарып қалған қалтамызға азды-көпті ақша түсетініне мәзбіз.

Бірде Алматыға сессияға келген Жоғары Советтің депутаты Дүйсенбі Қалабаевқа сәлем беруге «Алматы» қонақ­үйіне бардық. Ауылдас баланың бұл қошеметіне қолқ етіп көңілденген халық қалаулысы сыбағамызды мықтап сайлапты. Өлшенсе өзімен кетсін, «ұзындығы баладай, семіздігі танадай» ақбалықты көтертіп жібергенін қайтерсің. Содан екеуіміз кезек-кезек қолтықтап, автобустағы ағайынның көзін шарасынан шығарып, жатақханаға әрең жеткеніміз, әлгіні жарым құрсақ жарлы-­жақыбай жабыла жеп зорға тауысқанымыз  әлі  есте.

Жасынан жақсы-жайсаңдармен жақындаса білген Бауыржан Алла сәтін салып, алты Алаштың ардағы батыр Баукең­нің алдын көрді. Кураторымыз Мамытбек Қалдыбаев ағайымыздың төрінде отырған аңыз атамыздың ол уақытта аты-жөндерін атауға ты­йым салын­ған Ахаң, Жақаң, Мағжандар хақындағы  естелігін  тыңдады.

*  *  *

Ол КазГУ-дің журфагында жүргенде-ақ талай тұлпарға тықыр таянтар тай жүйрік екенін танытты. Курсымыз да онша осал емес-тін. Оқуға отыз төрт жасында түскен Аманғали Дайрабаев, тракторларын тырылдатып, өндірісті өрге сүйреген Миуа Байназарова мен Нұржамал Байсақалова, қаршадайынан қағынып, «Қазақстан пионерін» қаптаған хабар-ошардың астында қалдыр­ған Әнуар­бек Әуелбеков пен Мұратбек Тоқтағазин, аузымен құс тістеген ақындар Бауыржан Үсенов, Гүлнәр Салықбае­ва, Сәулеш Шәтенова… тағысын тағы талантты қыз-жігіттердің келешекте топ жаратынына ешкім күмән келтірмейтін. Сол саңлақтардың арасынан кейін акаде­мик те (Бауыржан Омаров), Мемлекеттік  сыйлықтың лауреаты да (Гүлнәр Салықбаева) шығатынын онда қайдан  білейік.  Солай…

Арманын аялаған аралдық өрен университеттегі шәкірттік кезеңін шама-­шарқынша тиімді өткізуге тырыс­ты. Бірінші курстың бірінші семестрінде КПСС тарихынан абайсызда «үш» алғанын  есептемегенде ешбір пәннен қамшы салдырмады. Сынақ кітап­шасын төрт пен беске толтырды. Сабаққа қатысу тәртібін қатаң сақтады. Қайсыбір курстастарындай лекцияларда қалғып-мүлгіген жоқ. Қашан көрсең де, қаққан қазықтай қақшиып, алдыңғы қатарларда отыратын. Кейбір оқытушыларымыздың дәм-тұзсыз дәрістерін тыңдаудан жалыққан кездерде жан-жағындағыларға жазатын қағытпа хаттары, қай-қайдағыны қозғап, ішек-сілеңді қатыратын қалжың өлеңдері өз алдына бір төбе. Қатар оқыған ақындардың өлеңдеріне жазған пародиялары мен эпиграммалары сатира сарбаздарының сапынан табылатындай мүмкіндігінің мол екенін байқататын. Ол ол ма, сабақ біткенше, дәптердің бетін әрлеп-әсемдеп, қиып-түптеп, жазып-толтырып, макет үлгісіндегі шағын газет шығарып  үлгеретін.

Жоғары оқу орындары арасында өтетін «Студент көктемі» фестивалі аясында айтысқа қатысып, жүлдегер атанғанын біреу білсе, біреу біле бермей­ді. Сонда ғой Бауыржанның символика­лық сипаттағы әншейін айта салған «Бүгінгі көзі тірі ұрпағымын, Кешегі Шораяқ­тың Омарының» деген жолдары жон арқасын шымырлатқан әдебиет­танушы Мардан Байділдаевтың «Айна­лайын, алтынның сынығы, асылдың үзігі, бар екенсің ғой. Сыр сүлейлерінің суырып салма дәстүрі үзілмеген екен» деп жылап жібере жаздайтыны. Бірақ ол ауыз әдебиетінің осынау орны бөлек өнеріне содан соң жоламай кетті. «Жыр­дағы Ахилестің өкшесі едім» деген тіркесін тіліне тиек етіп, мақтаған қазылар алқасын­дағы Жүрсін Ерманның ауқымды респуб­ликалық айтысқа шақыртуынан бас тартпағанда біраз биікті бағындырар  ма  еді,  кім  білсін?..

Жақсы журналист болуды жанына жалау еткен жас талапкер басты бағытын бетке алып тарта берді. Күндіз-түні бір тынбай қалам қайраған курстасы Мұратбек Тоқтағазинге ілесіп, республикалық газет-журналдардың редакциясын жағалады. Ақпарат кеңістігінде азуын айға біле­ген «Лениншіл жастың» (қазіргі «Жас Алаш») Жарылқап Бейсенбаев, Жанболат Аупбаев, Өтеген Оралбаев, Қуаныш Жиенбаев, Ержұман Смайыл, Сапарбай Парманқұлов сынды сырттандарынан тапсырма алып, тап-тұйнақтай орындау­ды айнымас дағдыға айнал­дырды. «Үй-ішілік портреттер» рубрикасымен жарқ еткен «Әже», «Іні», «Ұл» дейтін жүрекке жылы жұп-жұмыр эсселері елмен бірге газет  басшыларына  да  ұнаған  болуы  керек, бесінші курстың бел ортасында жұмысқа қабылданды. Комсомол тұрмысы бөлімінде жемісті еңбек етіп, тісқаққан тілшілердің  қатарына  қосылды.

Бірде Талдықорған облыстық газетінде қызмет істеп жүрген маған Мәскеуден телефон соқты. ВЛКСМ-нің ХХІ съезіне барыпты. «Кремльдің съездер сарайынан хабарласып тұрмын. Менен екі-ақ қадам жерде СОКП-ның екінші хатшысы Егор Лигачев тұр» дейді ол маған. Оқта-текте болмаса, обкомның секретарь­ларын да көп көре бермейтін біз үшін бұл әжеп­тәуір оқиға болатын. Одақтас республикалардан келген тілшілер алаңсыз ақпарат беруі үшін кең дәліздің тұс-тұсына телефон қойылыпты. Сабазың сол мүмкіндікті пайдаланған ғой. Досымыздың мәртебелі жиыннан шалған тосын қоңырауына мәз болып қалған едік сонда.

Арада көп жыл өткенде мен Париждегі әйгілі Луврдан Қазақстан уақыты бойынша түн ортасы ауғанда ұялы теле­фонмен звондап, ұйқысынан ояттым. Дүрілдеген даңқы дүйім дүниеге жайыл­ған жауһар музейдің ішін аралап, әдемі әсерге бөленгенімді жеткіздім. «Сағат неше екенін білесің бе?» деді ол мезгілсіз мазалағанымды ескерткендей. «Онда шатағым шамалы. Мен де мынадай мәде­ниет ордасына күнде келе бермеймін ғой. Оның үстіне «Моно Лизадан» екі-үш метр жерде желпініп тұрмын» дедім көтеріңкі дауыспен. Сөйтіп, «қатты»  айттым…

Жастардың сүйікті басылымы Бауыр­жанның журналистикадағы жұлдызын жағып, тасын өрге домалатты. Ақпарат аламанында атойлап, қаламның қаражорғасы ретінде мойындалды. Қатарластарынан қара үзіп Баубек Бұлқышев атындағы сыйлықты иеленді. «11-ші қалам­ұш» атты эсселер жина­ғы үшін халық­аралық «Алаш» әдеби сыйлығына ие болды. Ұлт баспасөзінің арғы-бергі тарихындағы ең мықты редакторлардың бірі Сейдахмет Бердіқұловтың шеберлік ұстаханасында шыңдалған кейіпкеріміз сөйтіп, болашағынан үлкен  үміт  күткен  корифей  көкелерінің сенімін  артығымен  ақтады.

*  *  *

Жастайынан жан-жақты Баукең БАҚ-тың айналасында байланып қалмай, ғылым, мемлекеттік қызмет саласында да біраз биікті бағындырғанын білеміз. Таңдаған тақырыбын тамыры­нан тартып талдайтын ізденімпаздығы оны ұлы Әуезовтің әспеттеулі шәкірті, академик Зейнолла Қабдоловтың алдына әкелді. Әйдік әдебиеттанушының жетекшілігімен Мұрат Мөңкеұлының мұрасын зерттеп, зар заман ақындарының поэтикалық ерекшеліктерін елеп-екшеп кандидаттық, докторлық диссертацияларын абыроймен қорғады. Енді міне, өзі де ізін қуған іні-қарындастарына ілім-білім беру­ден аянбайтын ұлағатты ұстаз, Ұлттық  Ғылым  академиясының  академигі.

Бір адамның басынан асатын осынау іргелі істерді ол ақ таңнан қара кешке дейін дегбір тартылмайтын кеңселік қызметтердің қат-қабат азабын арқалай жүріп тындырғанын астын сыза атап өтуге тиіспіз. Ең бастысы, шенеу­ніктің шекпенін малданып, қаламын ешқашан қаңтарған емес. Жазудан әсте жалықпайды. Тіпті, жан рақатына айналдырып алғандай ма қалай? Эссе ме, естелік пе, ғылыми-көпшілік мақала ма, әйтеуір қай-қайсысын да бірінен соң бірін  бұрқыратып  жатады.

Адам бойындағы азды-көпті қабі­лет-қарым қанмен берілетіні құпия емес. Дегенмен, таланттың әкесі де, шешесі де еңбек екенін ұмытпаған жөн. Әу бастан алғыр, айналасындағы құбылыстарды лезде аңғаратын Қаратереңнің қағылез қара баласы қалам-қағазға адалдығынан ешқашан айныған емес. Студенттік шақтың ахаку-ехекулері арасын тиімді пайдаланып, келешекте құлағын ұстар кәсібінің үлгілі үрдістерін үйренді. Кейде қара кештен ақ таңға дейін түн ұйқысын төрт бөліп, жазған мәйекті мақалаларын редакцияға апарғанша тыным таппайтын. Журналистикадағы соны ізденіс­терін  сол  тұста-ақ бастап  кеткенін  ке­йін  білдік  қой.

Қазір оның журналистикадағы мекте­бі қалыптасты. Оған еліктеп жазатын оғландардың қатары көбейді. Бұл – әрине,  жақсылықтың  белгісі.

Жалпы, оның жазу мәнеріне, машық-дағдысына мән бергеніміз жөн. Сонау студент кезімізден санамызға сіңген журналистік шеберлік деген ұғым бар еді. Сол журналистік шеберліктің өлше­мі  арқылы зер салсақ, бірқатар байлам жасау­ға  болады.

Біріншіден, тумысынан сүйегіне сөз сіңген. Төгілген тіл, орамды ой, зілсіз юмор, тапқыр теңеулер, тіліп түсер тіркестер, кейіпкер мінезін ашу үшін қол­данылатын келісті штрихтар, айыз қандырар айшықты детальдар… Осының бәрі жиналып, оның көркемдік көкжиегін  кеңейте  түседі.

Екіншіден, жеделдігі желден жүйрік. Бірер жолды бес толғап, күшеніп-қина­лып әуре болмайды. Клавиатураға саусағы тисе бітті, мониторға мөлдіреп сөз сөлі тамшылайды. Ұшқыр ойының ұшқындарын қағаз бетіне төкпей-шашпай  түсіретініне  қайран  қаласың.

Екеуміз республикалық «Айқын» газетін­де бірге қызмет істедік. Ол – құры­ғы ұзын құрылтайшымыз «Литер-­media»  жауапкершілігі  шектеулі  серіктестігінің атқарушы директоры, мен – «Қазақстан  теміржолшысы»  газетінің бас  редакторымын. Әлдебір себептермен әжептәуір бастығымызға орын табыла қоймай, біраз уақыт шын мәнінде тізе қағыстырып, бір үстелдің басына қатар жайғас­тық. Орындығын ұзын үстелімнің бір бүйіріне қоя салып, бірден шаруасына кіріседі. Өзі қалжыңдап «менің подофисім» деп қояды. Бұған дейін Тіл комите­тінің төрағасы болып жайлы кеңседе отырып үйренген жампоз жағдай таңдап жатпады. Шенеуніктің шекпенін шешіп тастап, жатпай-тұрмай жазды-ау дерсің. Бауыржанға сұхбат беру үшін бөлмемізге қазақтың небір дүлдүлдері мен бұлбұлдары бас сұқты. Әсіресе, Ақселеу Сейдімбек ағамның екеумізге ортақ менің үстеліме жайғасып алып, үш-төрт сағат бойы ағыл-тегіл ақтарылғаны есімде. Сол жылдарда қаламы жүйрік атқарушы директорымыздың «Ақ сөйле!» айдары аясында жарық көрген интервьюлерінің санынан  жаңылғанымыз  рас.

Үшіншіден, Бауыржанның басты қасиеттерінің бірі – бүгінгі жұмысты ертеңге қалдырмайды. Тапжылмастан бітіріп тастайды. Бір қиырдан бір қиыр­ға дегендей, салақұлаш  мақаланың бірін аяқтай сала, екіншісін бастап қою оған түк емес. Күндегі әдеті осы. Сосын мұнда ұзақ-сонар ойланып, идея іздеп, сауса­ғын сорып отыру деген болмайды. Жазам деген нәрсесін миында тез пісіріп, жедел қорытады. Қалтай Мұхамеджанов айтқандай, «найзағайға нан пісіріп ала қоятын» нағыз әбжілдің өзі. Қазір жиі қолданылып жүрген осы тіркесті Қалтай ағамыз өзі басқаратын «Zaman Қазақ­стан» газетіне Бауыржанды жұмысқа шақырып отырғанында айт­қанын бүгінде біреу білсе, біреу білмес. Тура солай. Бас редактордың кабинетінде болған әңгі­ме. «Маған өзің секілді  найзағайға нан пісіріп алатын жас жігіт керек боп тұр!» депті. Бәлкім, бұрынырақта шығарған болуы да мүмкін. Әр жерде айтылған да шығар… Бірақ сол жолы сәтімен қолданылған. Сол сол-ақ екен, Бауыржан қашаннан қалыптасқан кішіпейілдігіне басып, осы эпизодтың өзіне қатысты жерін бүгіп қалды да, Қалекең­нің қанатты сөзін қалың оқырман  арасына  барынша  таратты.

Төртіншіден, жақшаға алып жасырып айтар бір сыры мынау. Ол тұтас очеркіңізді кез келген тұсынан бастай береді. «Жүріңкіремей» тұрған тұсын қоя тұрып, икемге келетін иіндерінің иін қандыруға кіріседі. Соңын ала бәрінің басын қоса салады. Бұл – мыңнан бір мысал ғана. Шеберханасына тереңірек үңілсеңіз, таңдай қақтырар талай сырға қанығарыңыз  анық.

Бесіншіден, есте сақтау қабілеті ересен. Жадынан жаңылмайды. Көр­ген-білге­нін  көкейіне көшпестей қон­ды­рады. Сандаған жылдар бойы жиналған ағыл-тегіл ақпарат санасында сайрап тұрады. Өмір жолында өте жақын араласқан адамдардың аты-жөнінен бастап, кездейсоқ кездескен біреулердің керекті-керексіз мәліметтерге дейін жадуалдай жатқа соғады. Қырық қырдың астында қалып, ойыңнан шығып кеткен оқиғалар тізбегін көз алдыңда қайта тірілтеді. Құдды құнды құжаттар құлпының кілті қолында тұрғандай деректер мен дәйектерді асқан дәлдікпен оңды-солды қолданады. Бір ғажабы, соның бәрін ұмытпай басында ұстайды. Дүдәмалсыз нақты дүниелерді нақышына келтіріп айта да, айшықтап жаза да біледі. Қараптан қарап айызың  қанады.

Алтыншыдан, портреттік очерк­те­ріне «пошымы» бөлек кейіпкерлерді таңдай біледі. Кешегі кеңес футболында Мәскеу­дің «Спартагын» жеңістерге жете­леген Константин Бесков дейтін керемет бапкер болғаны байырғы жанкүйерлерге белгілі. Сол кісі Одақтың аяқ доп аламанында бәйгенің алдын бермейтін айрықша команда құрып қана қоймай, өзгеше ойын-өрнегіне негізделген футбол тактикасын қалыптастырды. Сондықтан жан-жақтан өзінің ой-арманын жүзеге асыруға лайық ойыншыларды шақырды. Олардың ішінде әлі танылып үлгермеген, бірақ болашағынан үлкен үміт күттіретін жастар да, болары болып, бояуы сіңген жасамыстар да жетер­лік-тұғын. Алайда сол жұлдыздардың бәрі бірдей «Спартактың» сапына сіңе алмады. Өйт­кені, жаңашыл жаттық­тырушының жасаған жобасынан оларға орын табылмады. Бесков ешкімнің атақ-даңқына, бет-жүзіне қарамады. Алаңды көре, ойынды оқи білетін жігіт­терді ғана жинады. Соның арқасында «Спартактың» бағы жанып, бәсі  артқаны әмбеге  аян.

Біздің Бауыржан да кейіпкерлерді өз критерийлері бойынша іріктейді. Жазғысы келгенді ғана жазады. Объектісінің образын ашу мақсатында оның іші-сыр­тын ақтарып, оқырман олжасына айналуға лайық фактілерді алға тартады. Сосын бар ма, кейіпкерден ананы-мынаны сұрап, әуреге салмайды. Бала-шағасын, атқарған қызметін, мақтау-марапатын тізбелеп, мазаңды май ішкендей қылмайды. Елді елеңдетер екі үш детальмен-ақ жазбасын жайнатып жібереді. Ал, енді алда-жалда абыройлы ағайларымыздың бірі «мені жазсаңшы» деп өтініш айтса бітті, бұның «жыны» ұстап қырсығады да қалады. Ондайда оның пікірін өзгертуден айдаһардың тілін суыру оңай.

Жетіншіден, тапқырлығы таңдай қақтырады. Белгілі тұлғалардың беймәлім қырларын ашуға бейім. Кейде көп ескерілмейтін елеусіздеу фактілерге жан бітіріп,  жайнатып  жіберетіні  қандай!

Сегізіншіден, ерен еңбекқор. Шабытты шақтарында уақытпен санаспайды. Толғауы тоқсан тіршіліктің сәл-пәл толас тапқан сәттерінде қағаз қарап, жазу жазудан шаршамайды. Бауыржанды бүгінгі дәрежесіне жеткізген осы еңбекқорлық, мақсаткерлік, талапшылдық, жауапкершілік тәрізді адами асыл қасиеттер болса керек. Біз мұны білетіндіктен  айтып  отырмыз.

Кей сәттердегі кіді мінезіне қарамай өзін өте қарапайым ұстайды. Алайда онысын кейбір кеудемсоқтар түсінбей қалып, сонысынан таяқ жегенін талай көрдік.

Екеуара бір үстел иемденген кезімізде, мені іздеп, Қызылордадағы штаттан тыс тілшіміз келмей ме. Өзі теміржолдың майын ішкен маман. Келе сала бізді сұрапты. Жұмысқа әлі жете қоймаға­нымызды білген соң кейігендей сыңай таныта сызданыңқыраса керек. Қарсы алдында қасқайып отырған бойлы-сойлы  һәм ойлы Омаровты көзіне де ілмеп­ті. Үрпиісіп үнсіз қалғанды ыңғайсыз көрген  Бауыржан  жөн  сұрайды.

– Иә, ағасы, бұйымтайыңызды айта отырыңыз.

– Талайдан бергі тәжірибелі тілшімін. Бас редакторда шаруам бар еді. Тәкеңді айтам.., – деп мұны менсіне қоймап­ты  анау.

– Тілші екенсіз ғой… Қызылорда жақтанмын дедіңіз бе?.. Оның қай басы­лымында жұмыс істейсіз? «Сыр бойында» ма, «Ақмешіт ақшамында ма», әлде «Ақмешіт апталығында» ма? Біраз әріптесімізді білуші едік, – деп менмендеу мейманнан  сыр  суыртпақтайды  бұл.

Сол өңірде туып-өскен, кейін Қызыл­орда университетінің проректоры, қала әкімінің орынбасары болған Бауыржан Сыр  елінің  адамы түгілі ит-күшігіне дейін  түстеп  танитын-ды.

Тергеп-тексерушінің тегін адам емес екенін ептеп аңғарған «ақпарат құралының өкілі» ақыры аптығын басып, атының басын тартады да, басқа жігіттерге сәлем беруді сылтауратып, сыртқа беттейді. Арада бірталай уақыт өткен соң кабинетке қайта кірген қонақтың әңгімесі мүлдем  өзгеріп  сала  береді.

– Өй, Бәке, біз сізді білеміз ғой (Басқа журналистерден сұрап, мән-жайға қанықса керек). Өзіңізді жерлесіміз ретінде мақтан тұтамыз. Журналистігіңізге де, ғалымдығыңызға да әбден тәнтіміз. Қайда кеткеніңізді білмей қамығып жүрсек. Осында келгеніңіз қандай оңды болған. Әй, Бәкем-ай, пәлі, қуанып қалдым ғой… – деп зуылдаған ғой жаңағы «журнали­сіміз».

Тегінде, кісілігі мен кішілігі бірдей Бауыржанның басында мұндай жағдайлар  жиі  болып  тұрады.

*  *  *

Бауыржанның баса назар аударарлық кәсіби қыры – оның редакторлығы. Бір жылдай ғана уақыт «Айқынды» басқарғанда бұл анық байқалды. Әсіресе басылымның бет-ажарын ашқан «Не боп кетті өзі?», «Осы ғой енді..», «Ел білетін есім» секілді айдарларының өзі оқырманды шақырып тұратын мақала тақырыптары талайларға таңдай қақтырып, бас шайқатқанына біз кепіл. Мысалы, ол «Айқын» газетінің бас редакторы болып тұрғанында бірінші бетке кетіп бара жатқан Бірыңғай ұлттық тестілеу барысындағы орын алған олқылықтарды сынаған мақалаға «БҰТ тағы бүлінді…» деген тақырып қойды. Ол кезде ҰБТ деп қысқарту үрдісі енді ғана енгізілген бо­латын. Сол-ақ екен министр бастаған білім саласы басшылары сойылдарын сүйретіп сойқан салсын. Баспасөз өкілдерін жедел жинап, кеткен кемшілікке кінәлі емес екенін жеткізу үшін жанта­ласып бақты. Кешірім сұрау немесе түсінік беру керектігін де ескертіп, айқындықтарды алқымнан алды. Ертеңгі нөмірге алдыңғы материалды теріске шығару мағынасында бірдеңе жазбасқа лаж қалмайды. Омаров жауап мақаладан жалтармады. Бірінші беттегі брифинг өткіз­ген Білім және ғылым министрлігінің лауазымды өкілдерінің суреті басылған жарияланымға  бұрынғыдан  да  өткен  өткір  тақырып қойып, тауып кетті. «БҰТ-ты бүлдірген бұлар емес екен!». Ал саған керек болса! Оны әдейі әрлеп-­әспеттеп, «Ақталып жатыр…» деген айдармен ұсынды. Шегарада ұзақ жатып, бүлініп кеткен ет жөніндегі сараптамаға қойған рубрикасы – «Ал, жей ғой…» Келесі бір номерге кетіп бара жатқан Асанәлі Әшімовтің жетпісінде ұл тап­тырғаны  туралы  мақалаға «Ағам-ай!» деп  айдар  тақты.

Тағы бір мысал. Баршаға белгілі «Теңізшевройл» компаниясының жетек­шілері аяқ астынан Америка ашып, жұмыс­шылардың адымын ұзартпайтын, қия бассаң, қағып түсетін жөнсіз талап­тар енгізіп, оны арнайы код арқылы дәйектейді. Онысы қарапайым еңбеккерлердің ашу-ызасын тудырып, аяғы едәуір айғай-шуға ұласады. Бұл іске құқық қорғау орындары араласады. Дау-­дамайдың жай-жапсарын баяндаған газеттің Атыраудағы меншікті тілшісі Тұрсын Қалимованың мақаласына Бауыр­жан қандай тақырып қойды дейсіздер ғой? «Теңізшевройл» жұмысшыларға «кодын» көрсетті!». Мықтылығыңызды білейін, күлмей көріңіз… Осылай, өмірі сөзден ұстатпайды. Мұндай мысалдарды шетінен көзінен тізіп, көгендей  беруге  болады…

*  *  *

Мамандық жөнінде қателеспеген Бауыржанның жар таңдауда да жаңы­лыспағаны анық. Құдай қосқан қосағы Тойған оған жағдай жасаудан алдына жан салмады. Қанша жыл қатар жүргенде досымыздың үйдің ұсақ-түйек тұрмыс­тық шаруаларымен айналысқанын көрмеппіз. Бала ойнатып бәйек болғанын да білмеппіз. Сыртқа шыққанда киіміне кір жұқпай, сымға тартқандай сыптай болып жүрсе, бұл – ең алдымен азаматын ардақтаған аяулы жарының арқасы. Бауырынан өрбіген балалары да өнегелі отбасының жақсы дәстүрлерін жалғас­тырып, ортасына қадірлі болатынына сеніміміз  нық.

*  *  *

P.S. Жоғарыда Бауыржанның әмбебаптығы жөнінде әңгіме қылдық білем. Ол мектепте оқып жүргенде өлең де жазған, домбыра да тартқан, сурет те салған, тіпті фокус өнерімен де айналысқан… Бойды буған бұла өнер жай жатқызсын ба?.. Бұл Омаровтың университеттің домбырашылар оркестрінде ойнап, КазГУ-дің 50 жылдығына арналған торқалы тойдың сахнасын дүбірлеткені бар. Мерейтойлық мерекеге үлес қосқандардың қатарында бұған да «орамал тон болмайды, жол боладының» жоралғысымен қызыл блокнот ұстатыпты. Онысын ойланбастан егіздің сыңарындай екі елі ажырамайтын маған сыйға тартты. Алғашқы бетіне былайша қолтаңба қойып­ты: «Жылдар өтер… Ғұмыр жетсе:

Бұл күндері біздерден жоғалыпты ән,

Әлі талай атады ағарып таң.

Ол Талғатқа шал Талғат ұқсамайды,

Не қалды екен баяғы Омаровтан? –

деп, кабинетіңде ыңыранып отыратын қарт журналист боларсың. Сол кезде Алматыны шарлаған сан іздеріміздің (мақсатты-мақсатсыз) белгісі ретінде еске алсын деп осы блокнотты ұсындым. Бауыр­жан Омаров. 12.12.84».

Ұршықша  зымыраған уақыт-ай. Одан бері талай су ақты. Адам да, қоғам да өзгер­ді. Расымен де алдымыздағы асқар таудай ағаларымыз зейнет демалысына бірінен кейін бірі кетіп, аяқ астынан «Егеменнің» егдесі болдық емес пе!? Сосын  кабинетіңде  ыңыранып  отырып, кейінгі жас әріптестеріңе «кезінде біз өйткенбіз, сүйткенбіз» деп өткен күндер елесін тірілтіп, әжік-күжік әңгіме соқпай  қайтесің. Бұл да болса, жас  ұлғайғандықтың   белгісі…

Баяғы Бауыржан берген қызыл блокнот үйімнің төріндегі өзім сүйіп оқитын классиктердің кітаптарымен бірге әлі тұр. Анда-санда қолыма алып сыртынан аялай сипап қоямын. Санамды сағыныш саздары тербейді. Есіме енді қайтып оралмайтын ерек оқиғалар түседі. Кейде бетін ашып, аттылы түсіп, жаяу жатып оқығандай керемет бірдеңелер жазғым-ақ келеді. Бірақ артынша айнып қалам. Неге екенін қайдам, ақша қардай аппақ әдемі әлемді былғап алатындай жүрек­сі­нем. Одан да таза қалпында тұрсын. Бәлкім, әлдебір құдіреттің күшімен басыма ақылды сөздер келіп жатса, жазармын…

Айтпақшы, арасына біздің үйдегі бибіні Талдықорғанға алғаш алып келгендегі мінген автобустың билеттерін салып қойыппын… Демек, қызыл блокнотты қымбат қазынаға балағаным ғой…

Талғат  БАТЫРХАН,

журналист,  «Егемен  Қазақстан»  газеті  бас  редакторының  орынбасары

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: