Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бір үзім нан

31.10.2024, 9:40 624

Қарттық мойныңа мінген соң, өткен-­кеткенді көбірек ойлайсың, өмір белестерінде жүріп өткен жолың­ды өзіңше қорытындылайсың. Әртүрлі жағдайға тап боласың, жақсылық пен қиыншылықты бастан өткересің, ой-өрісі әртүрлі адаммен бірге өмір сүресің, қызмет бабында, ия туыстық, достық, т.б. қатынас­та болғандарды, өткенді жиі есіңе алып, ойға  шомасың.

Жақсы адам жайлы ой толғау, оның адамгершілік қасиетін, азамат­тық және кісілік келбетін ашу, өткен өмір жолын, еткен еңбегін ой таразысына салып, оқырманға ұсыну – өте күрделі де, жауапты қадам. Қолыма қалам алған кезде Жорабек Оспанұлы Сарбалақовтың өмір жолы көз алдымнан өтіп жатты. Бақилық болғанына 7 жыл өтіпті, Жөкеңді еске алып, таразылап, ойлануға уақыт жеткен сияқты, оның үстіне байқауымша есіл азаматтың адамгершілік пен кісілік қасиетін, парасаттылығы мен мейірімділігін, жалпы еткен еңбектерін еске алып айтатындар  шықпай  отыр. Бұл – қалып­ты жағдай. Өмірден өткен адамның артында тарихын талдайтын, ол туралы айта алатын, терең ойлы, өресі биік азаматы болмаса, мезгілінде еске алып ол туралы айтыл­майды. Сөйтіп небір қайран азаматтарымыздың өмір жолындағы еңбектері, жақсылық істері, ел дамуы­на қосқан үлестері бірте-бірте ұмытыла  бас­тайды.

Осы кейіпкерімізбен қызметтес әрі ағайындығымыз бар болатын, аруағы риза болсын деген оймен қолым­нан келгенше Жөкең жайын­да бірсыпыра білетінімді қағазға түсіріп отырмын. Жорабектің балалық шағы адамзат тарихындағы ең қасіретті Ұлы Отан соғысы жылдары­мен тұспа-тұс келді. Ол Сырдария ауданы­ның Қоғалыкөл ауылында дүниеге келген. Әкесі Оспан, анасы Қалжан өмірдің азабын, соғыс­тың азап-тозағын, жоқшылығы мен тапшылығын, зардабын бастан өткізген. Әкесі Оспан кішкентайынан байдың малын баққан, қуғын-сүргін, ашаршылық жылдарды басынан өткізген, соғыс жылдары еңбек лаге­рінде аш-жалаңаш еңбек еткен, осының соңы Оспан әкемнің денсаулығының нашарлауына соқтыр­ған, колхозда еңбек етуіне шамасы келмеген. Отбасының бір үзім нанға зәру болған кездері болған екен. Бұл бекер сөз емес, «Жақсылардың жанын­да болдым» атты кітабында осы жайтқа арнайы тоқталыпты. Бір үзім нан үшін 4-5 жастағы Жорабек көршісінің кішкене баласын арқалап баққан. Аш бала күнде жүгіріп көршісінің үйіне барады. Есікті ашып қалса, әлгілер нанмен шай ішіп отыр, енді ентелеп үйге кіріп келсе, дастарқанда дым жоқ, сыпырып тығып қояды. Осы жағдай қайталана берген. Бір күні апасы сол үйге нан сұрауға жұмсаған. Содан көршісі Жорабекке:

– Осы сен еңбек етіп, нан тапқың келе ме? – дейді, сонда Жорабек:

– Ойбай апа, не айтсаңыз, соны істеймін, – дейді.

– Онда мына 2 жастағы Ермағамбетті азаннан кешке дейін арқалайсың,  бағасың, – дейді.

«Соған келісіп, міндетімді атқарып, еңбегіме бір үзім нанды алып жүрдім» дейді жарықтық Жөкең. Бұл отбасының бір үзім нанға зар болған кезеңдерінің тек бірі ғана.

Ауылдағы мектептің 9-класын бітіргеннен кейін, 10-класты қала­дағы №1 май мектебінде оқып, Алматы кооперативтік техникумына 1956 жылы түседі. Осы уақытқа дейін есімде, техникум қабылдау емтиханын облпотребсоюзда өткізген. Менің әкеме келіп, «Ореке, техникумда товаровед, экономист, бухгалтер сияқты мамандықтар бар екен. Соның қайсысын таңдайын?» дегенде, әкем дереу «бухгалтерлікке тапсыр, мекеме басшысынан гөрі, сол мекеменің басшылығы бухгалтердің қолында» деген екен. Сөйтіп, бухгалтерлікті  таңдады.

Техникумды 1958 жылы бітіріп, Казпотребсоюздың жолдамасымен келген жас маман бухгалтерліктен бастап, облпотребсоюздың тек­серу комиссиясының төрағасы, Терең­өзек ауданында рабкооп, кейін сол ауданның Райпотребсоюзының төрағалығына дейін көтеріліп, абырой­лы  қызмет  атқарды.

Оның алдына қойған мақсаты мен талапшылдығы – жас кезінен байқалған мінез. Ауылдағы мектеп қабырғасында жүргенде, комсомол комитетін басқарған, тіпті сол жылдары облыс комсомолдар деле­гациясымен Болгарияға барып қайтқаны да есімде. Көрген-білгені туралы ауыл жастарының алдында есеп беріп, жиын өткізген. Аудандық газетте  мақала  жариялаған. Осындай тынымсыз дағдысын жалғас­тырып,  жұмыстан  қол үзбей сырттай Москваның совет сауда институтын бітіріп, сол институттың аспирантурасына түсіп, 1979 жылы экономика ғылымдарының кандидаты, ал 2007 жылы докторлық диссертацияны қорғап, экономика ғылымдарының докторы  атанды.

Мақала сауда саласының  ардагері жайында болғандықтан, кіш­кене осы сала жағына орын беріп шегініс жасасақ. Облыс тізгінін ұстаған, Сыр­дың белгілі азаматы, марқұм Сейілбек Шаухаманов Жөкең­нің жоғарыда аталған естелік кітабындағы алғы сөзінде сауда саласы туралы төмендегідей ой қалдырыпты. «Сауда – халықты асыраушы, мұқтажын, қажетін өтеуші, көпке қызмет етуші сала. Қоғамда да, мемлекетте де сау­да – маңызды шешуші, өміршең сала. Адам мен адамды, ел мен елді, мемлекет пен мемлекетті байланыс­тырушы, достастырушы дәнекер. Саудасыз тіршілік, өмір жоқ. Әлемде жалпы пайданың 10-нан 9 бөлігі саудадан түседі екен». Сәкеңнің осы сипаттамасынан кейін сауда саласы туралы айтудың өзі артық болар. Күрделі әрі жауап­кершілігі мол сау­да жүйесінің жұмысы жоғары органдар тарапынан үздіксіз қадағаланып, бақылауына алып отыратын. Мекеме басшыларына қойылатын талап өте қатаң, жоғары деңгейде болатын. Сауда нүктелерін тексере­тін органдар шаш етектен, күнделікті тексерістен көз ашылмайтын. Кеңес Одағында 2 ірі алпауыт жүйе болатын, мемлекеттік сауда, тұтыну­шылар кооперация одағы. Мемлекеттік сауда ірі қалаларда, облыс орталықтарында, ал кооперативтік аудан, ауыл еңбекшілерін қамтитын. Меншігі мемлекеттен бөлек, өзін-өзі қамтамасыз ететін, сауда, өндіріс оқу орындары т.т. жеткілікті болатын. Мемлекеттен 1 тиын қаржы бөлінбейтін. Жарғы бойынша кооперация мекемелеріне басшыларды пайщиктер жиналысында тағайындау керек, іс жүзінде мемлекет басқарып отыр­ған компартия жарғыға қарамай барлық билік солардың қолында болатын. Осындай екі алып жүйе оның жоба­лау экономикасымен қоса жойы­лып, жаңаша дамыған демократия­лық  жолға  қадам  бастық.

Жылдар өте тәжірибе жинақтаған ол облыстық деңгейдегі тұлғаға айнала бастады. 1972 жылы Облпотребсоюз төрағасының бірінші орынбасарлығына шақырылды, 1982-1985 жылға дейін облстат меке­месін басқарды. Марқұм Е.Әуел­беков басқарған дүрбелең ауыс-түйіс кезеңіңде 1985 жылы оны қайтадан Облпотребсоюзға төраға қызметіне тағайындады. Соңғы қызметінде ұзақ жыл болып, облыс кооперациясының дамуына, ауыл, аудан еңбекшілерін саудамен қамту жұмыстарын жақсарту жағына, жүйенің материалдық-техникалық базасын кеңейтіп, сала қызметкерлерінің жағ­дайына  аса көңіл  бөлінді.

Қорыта келгенде, облыс потребкооперациясының жетістіктерімен, облыс экономикасына қосқан қомақты үлесінде, сөз жоқ, Жөкеңнің үлесі жатыр, оның тыным таппай еткен  еңбегінің  көрінісі  жатыр.

Жорабек Оспанұлын білікті басшы деуге негіз жеткілікті. 2005 жылдан бастап қызметтен қол үзбей, Қарағанды экономикалық университетінің Қызылордадағы өкілдігінің директоры, аталған оқу орнының докторлық, кандидаттық қорғайтын кеңесінің мүшесі болды, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінде саяси экономика­дан студенттерге лекция оқыды. Үш ғылыми еңбегін қамтыған кітап шығарылды, бірнеше мәрте облыс­тық кеңеске депутат, облыстық партия  комитетінің  мүшесі  болды.

Ұлтымызда «алғаның жақсы болса, үйіңнен кісі кетпейді, жаман болса, досың да шеттейді» деген сөз бар. Табалдырықтан аттағанда не құт, не жұт әкелетін – көбіне әйел. Жаңадан түскен келін табалдырықтан аттағанда шашу шашып, құт шақырады, бісміллә айтып оң аяғымен кіргізеді. Әкесінің науқастығына байланысты Жорабекке шұғыл үйленуге тура келген. Техникум бітіруге аз айлар қалғанда практиканы Тереңөзекте өтіп жүріп, бір қызбен сөз байласып, қаладағы біздің үйге сол қызбен келіп, әкеме «аға, мен осы қызға үйленемін, ертең ауылға алып барамын» дегені есімде. Содан дереу әкем үйдегі ешкіні сойып, көршілерді қатыстырып, кішігірім дастарқан жайып, ертеңіне оларды ертіп Қоғалыкөлдегі нағашысы Оспан әкемнің үйіне барып, той-томалағына қатысқан. Жеңгеміз Күлшира құтты келін, бақытты отбасы болды, келе-келе үлкен сыйлы жанұяға айналды, жора-жолдас арасы да жақсы қатынаста болды. Жеңгемнің тілегінің оң болғанынан шығар, Жөкеңнің абыройы артып, қызмет бабы да жақсара түсті. Күлшира жеңгем әкем мен әжемді таза ақ кеуілімен, ықыласымен күтіп, бағып, баптап жүрді. Ағайын арасында сыйлы қатынасты жалғастыр­ды. Қарапайым жұмсақ мінезді, қазақы, өте ізетті болатын марқұм. Үш ұл, үш қызды дүниеге әкелді, өсірді, үйлендірді, немере, шөбере сүйді. Ер үйдің жүрегі болса, әйел үйдің тірегі дегендей, Күлшира Жөкеңнің отбасының  тірегіне  айналды.

Жеңгемнің жылы жүзді мінезінен шығар, Жөкеңнің үйі қонақшыл болды, жора-жолдастар көбейе түсті. Ертеде ақсақалдар айтып отыратын, балаңның қандай екендігін білу үшін, оның жора-жолдас­тарын білу керек, сонда белгілі болады дейді. Көп кісіден естіп жүрмін, Жора­бектің жолдастары жақсы дегенді. Жоғарыда аталған кітабының көп бетін сол жолдастарына арнаған екен, оларды тізіп жатпасам да кейбіреуін атасам, олар С.Шаухаманов, С.Далдабаев, Т.Маханов, С.Нағашыбаев, Орынбасар Омаров және Өтеген Жаппарханов, т.б. Жорабекпен 45 жылдан астам дос, жолдас, сырлас, дәмдес болған С.Шау­хаманов «Жақсылардың жанында болдым» атты кітабына берген алғы сөзінде досы жайында шын жүрегінен оқырман санасына жететіндей етіп, төмендегідей сөз қалдырыпты.

«Жөкең – сырт қарағанда кең балақтау, тым қарапайым көрінгенімен, шын мәнінде, өзіне тән ерекшелігі, адами құпиясы бар жұмбақ тұлға. Оны танып, білу үшін бірқатар білім, дәреже, деңгей қажет. Жауапкершілігі сан алуан салада, от пен судың ортасында жүріп, бірде-бір рет сүрінбеген, жаңылмаған, ешқашан да ешкімге кеудесін бас­тырмаған басшы болды. Қай жұмыс­та болмасын, төңірегін түгелдей қадрларын сақтай, қорғай білді, бірде-бір адамды жауапқа тарттырмады, ешкімнің обалына қалмады, опық жегізбеді. Бүкіл өмірінде бір шоқып, екі рет жан-жағына мұ­қият қараумен болды. Өмір бойы бірде-­бір жолдасынан, досынан қол үзбеген, ажырамаған, бірде-бір досын ұятқа қалдырмаған, бірде-бір досын сатпаған, сертіне, антына берік болды. Өз бақытын адал да тынымсыз бейнеттен, адал еңбектен, бірбеткейліктен, қайсар қажырлылықтан тапқан азамат. Оның ерекше қасиеті өмір бойы, ауыр да жауапты жұмыста жүріп, досқа да, жолдасқа да уақыт, көңіл тапты, жұмысқа да, өнерге де, ғылымға да, өмірге де уақыт тапты. Ол өз-өзін тәрбиелеген, жетелеп жеткізген, тұрмыс пен өмірдің қиындығын да, қызығын да молынан көрген, таудай талап иесі еді…

Жорабек «Жақсылар жанында болдым» атты естелік кітабын жадында өмір бойы жазып келген. Осынау елеулі еңбегінде өткенді ой көзімен шолып, еліне есеп бергендей, жүріп өткен соқтықпалы соқпақтарына байыппен тоқталып, қорытынды жасап, дос-жарандар жайлы жылы лебіз арнап, ағынан жарылған. Жөкеңнің жазу стилі нақты, ұстамды, менмендігі мен кеудемсоқтығы жоқ. Сауда адамдарына тән сараң сөйлейтін. Барлығы да адамдардың бірін-бірі  түсінуінде, ұғынысуында  жатыр. Жөкеңді түсінетіндердің, сыйлайтындардың, бағалайтындар­дың  қатары күннен-күнге, айдан-­айға, жылдан-жылға өсе берсін деп тілейміз».

Қайран Сейілбек ағай, досы туралы бар шындықты жайып салды-ау, осындай ақылы мен ойы озық аға буын ақсақалдарымызды мақтан тұтып, еске алып, айта жүрсек, оларға сол жеткілікті, аруағы риза болсын. Оның үлкенді сыйлап, кішіге қамқорлығы, ағайын арасындағы қатынасы, көпшілік сеніп тапсырған үлкен істерді тәуекелге салып қолға ала салуы бар, уақыт кезек күттірмейтін маңызды, шұғыл шешім қажет ететін мәселелерді топ жарып шыдамай бірден жоғары орындарға қоятыны бір төбе. Әр адамның өмірі айтылмаған сыр, жазылмаған  жыр, оқылмаған дастан деген сөз бар. расында Жөкеңнің  сонау балалық шағынан бастап, есейіп азамат болып, қалыптасып қатарға ілесіп, еңбегі­мен елге пайдасын тигі­зетін деңгейге жеткенін т.т. бәрін қамтитын болсақ, небір басынан кешкен оқиға сырлар кездесері хақ, өкініштісі сол, оның бәрін қамтып, бір мақалаға сыйғызып болмас.

Дегенмен, Жөкең жайында біраз сөздің басын қайырдық. Біз – Құдайға сенген, аруаққа сыйынған, ырымшыл ұлтпыз. Өмірден өткендерге алдынан жарылқасын, арты жақсы  болсын дегендей, жылы лебіздер  айтып жатамыз. Шүкір, Жорабектің арты жақсы, ұрпағы баршы­лық.  «Атадан ұл туса өзі қал­ғаны, қыз  туса ізі қалғаны» дегендей, 3 ұл, 3 қыздан тараған 10-15 немере, шөбересі бар. Олардың әрқайсысы отбасылы, балалы-шағалы, демек, Жора­бектің өзінің де, ізінің де қалғаны. Жорабектің  үлкені ата-ана­сының  бауырына салған Дүйсен  әулет­тің жанашырына айналып отыр. Біреу ерте, біреу кеш деп айтылады, бұл – табиғат заңы. Өмірді ұзартып, қысқарту адам қолында емес,  бұл – Алла  тағаланың  қолында. Бұндайда   жазмыш  солай болды дейміз. Ай­тайын деп отырғаным, Құдайдың кереметі күшті, кенеттен қызы Марал, ұлы Шыңғыс өмірден озды, қайғырды, жылады, бірақ орны­на келмейтіні хақ. Артынан салтымызға сай ас беріп, құран, дұға бағыштап   отырмыз.  Жарық­тық   Жөкең, 1938  жылы  дүние­ге келіп, тәй-тәй басып, аяғына тұр­ғаннан бастап, өмірдің таусылмас тауқыметтері мен тірліктерін, қиыншылық­тары мен жақсылықтарын басынан өткізді, дамылсыз күрес үстінде жүрді. Жаратушының оның пешенесіне жазуы шығар, 2017 жылы 1 қыркүйекте демі бітіп, жарық дүниемен қоштасып, мәңгілік  тыныштыққа  аттанды.

Сөз соңында, Жөкеңнің жарқын бейнесі, салмақты мінезі, ағайын­ға жанашырлығы, сөйлеген сөзі, үлкен-­кішіге көрсеткен ілтипаты көз алдымыздан, есімізден  кетпек емес, марқұмның топырағы торқа, иманы  жолдасы  болсын.

Амангелді  ДӘРМЕНБАЕВ,

Еңбек  ардагері

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: