Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Өңірде су айдындарындағы қауіпсіздік шаралары күшейтілді

27.04.2026, 20:46 43

Жаз мезгілінің басталуына байланысты өңірде су айдындарындағы қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Әсіресе, шомылу маусымында тұрғындардың, оның ішінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету басты назарға алынған. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Бекболат Әбдіқадыров мәлімдеді.

Спикердің айтуынша, қазіргі таңда суға шомылуға тыйым салынған 63 қауіпті аймаққа 398 ескерту тақтайшасы орнатылып, 20 мобильді бақылау бекеті қойылған. Сонымен қатар қауіпті аумақтарға орнатуға қолайлы, өзіндік құны төмен жаңа үлгідегі тыйым салу белгілері де қолданылып жатыр.

Тұрғындар мен қала қонақтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында полиция қызметкерлері, жергілікті атқарушы органдар және еріктілермен бірлесіп тәулік бойы рейдтік жұмыстар жүргізілуде.

Бекболат Әбдіқадыровтың айтуынша, жыл басынан бері облыс аумағындағы су айдындарында 448 рейд ұйымдастырылып, 13 954 тұрғынға судағы қауіпсіздік ережелері түсіндірілген. Оның ішінде 6 мыңнан астамы – жасөспірімдер. Бұл жұмыстарға 168 ерікті жұмылдырылған.

«Балалардың жазғы демалысы кезінде қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында түсіндіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде. Су айдындарында қауіпсіздік талаптарын сақтау – әр азаматтың жауапкершілігі», – деді Бекболат Қайырбекұлы.

Сонымен қатар спикер облыс әкімінің қаулысына сәйкес өңірде 9 жағажай белгіленгенін айтты. Алайда биыл оның тек жетеуі ғана жұмыс істейді. Қызылорда қаласындағы «Сыр самалы» және Жаңақорған ауданындағы «Борықты» жеке жағажайлары бұл маусымда ашылмайды.

Қауіпсіздік мәселесі шомылу маусымы бойы бақылауда болады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: