Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Электромобиль таксилер: Болашағы бар жоба ма?

10.10.2024, 12:00 464

Қызылорда қаласында бірнеше апта бұрын электромобильдер жұмысын бастады. Жарнамасы жер жарған тоқпен жүретін таксилерге қатысты шу да шығып үлгерді. Қала тұрғындары «мемлекет қаржысына алынған мүлік неге жеке таксопарк арқылы жұмыс істейді?», «Баға тұрақталады дегендері қайда?», «Экотаксиді қалай шақырамыз?» деп наразы.

Бұл жерде басты мәселе тоқпен жүретін таксилердің «Яндекс» қосымшасы арқылы қызмет етуі және жолақының еш өзгермеуінде болып отыр. Әрине, жаңашылдықтан қашпауымыз керек. Десе де, «мұны болашағы жоқ жоба» деп жатқандар да кездеседі. Жауаптылар кез келген пікірді қабылдауы тиіс. Қажет болса, лайықты жауап беріп, жұртшылықтың дүрлікпеуіне жұмыс  істегені  абзал.

– Қалаішілік көлік қатынасын одан әрі жетілдіру және қоршаған ортаны қорғау мақсатында жаңа 52 электромобиль алынғаны белгілі. Бұл экотаксилер «Яндекс» қосымшасы арқылы жолаушыларға қызмет көрсетіп жатыр. Экотаксилер қала орталығына ғана емес, әуежай, сапаржай, теміржол вокзалдарына да бөлінген.

«Қызылорда автобус паркі» ЖШС басшылығы «Яндекс» мобильді қосымшасының құрылтайшыларымен келіссөз жүргізіп, жақын күндері электротакси бөлімін қостыруға қол жеткізді. Қосымшаның техникалық жабдықтаушылары жаңа бөлімді енгізу шараларын жүзеге асыруда. Қазақстан бойынша «Яндекс» қосымшасына  электротакси қызметі   жалғыз  Қызылорда қаласында  ғана  алғаш  рет қосылғалы  отыр.

Ал, әлеуметтік желілерде экотакси көліктерінің қызмет ақысы мен байланыс нөміріне қатысты жарияланған ақпараттың жалған екендігін  жеткіземіз, – деп жазды «Ашық Қызылорда»  парақшасы.

Бұл жауапты көпшілік естіді, оқыды. Яғни, алдағы уақытта «Яндекс» қосымшасына арнайы электротакси бөлімі қосылуы мүмкін. Мәселе мұнымен шешіле ме?

Белсенді азамат, қала тұрғыны Жасұлан Жақыпов «Шетелдік қосымшаға жүгінбей, отандық өнім шығаруымыз керек» деп есептейді.

– Экотакси қызметін «Яндекс» қосымшасымен байланыстырғаны ешқандай ақылыма қонбады. Ол үшін жұмсалатын қаражат тағы бар. Сонда Қызылорда облысы әкімі аппаратының Цифрлық технологиялар бөлімі бір бағдарлама жасап беруге құлықсыз ба? «Қызылорда» автобус паркі» ЖШС басшылығы еш ұсыныс айтпаған ба? Бірлесіп жұмыс істеуге кім кедергі?

Цифрлық технология дәуірінде Ресейдің бағдарламасына жүгініп, қалалық қазынаға теңге түсірмей, қаражатты сыртқа аударып, желге шашып алмаймыз ба!?

Экотаксиге өз бағдарламамызды даярлап, авторлық идеямызды қолға алып, халыққа тиімді, қолайлы етіп жасап берсек, халық игілігіне пайдаланар еді. Ол соншалықты қымбат емес шығар!? – дейді  ол.

Ал Азамат есімді тұрғынның сөзі адамды тағы ойлантады. Ол «мұндай жаңашылдыққа дайынбыз ба? Автомобильдерді жөндей аламыз ба, бұзылған жағдайда заттары қолжетімді ме?» деп сұрақ қойып, экотаксилердің болашағына алаңдайды. Еске салайық, бұған дейін Қызылорда қаласына әкелінген қытайлық автобустар бірнеше жылда жарамсыз саналып, «Автобустар зиратын» жасаған еді.

– Қаламызға электромобильдерді тұңғыш рет әкелу – елеулі іс. Бірақ, мұны болашағы бар жоба дей алмаймын. Біріншіден, ол көліктер бұзылған жағдайда ауыстыратын қосымша заттары жоқ, болса да өте қымбат. Екіншіден, тоқпен жүретін техниканың тілін жетік түсініп, жөндейтін адамдардың да аздығы байқалады. Үшіншіден, ерекше көліктердің бұзылуына себеп те бар. Шаһардың барлық жолы тақтайдай тегіс емес. Әрі халыққа қызмет ететіндіктен, тұтынушылар талабымен қаланың  шеткі  аудандарына, жол  құрылысы  жүргізілмеген көшелерге баруға тура келеді. Сондықтан, үміттен гөрі күдік көп болып тұр, – дейді  ол.

«Қызылорда» автобус паркі» ЖШС баспасөз қызметі әлеуметтік желіде кеңінен таралған жалған ақпарат бойынша тиісті анықтау жұмыстары жүргізіліп жатқанын хабарлады. «Қуат көзі тез таусылып қалады», «Экотаксилерді қайда қуаттайды, ол қанша уақытқа жетеді?» деген сұрақтарға да жауап бере кетті.

– Бүгінде әлеуметтік желіде «экотаксиге 8 777 767 44 44 байланыс нөмірі арқылы тапсырыс беруге болады және қала көлемінде тасымалдау бағасы 500 теңгені құрайды» деген жалған  ақпарат  таралған.

Автокөліктің қуатталған қуат көзі 460 шақырымға жетеді, яғни энергиялық қуат көзінде еш мәселе жоқ. Шаһардағы экотаксилерді қуаттау көзі орналасқан жерлер де белгілі. Жаңа әуежайда, Д.Қонаев көшесінде (Қорқыт ата ескерткіші маңы), Сол жағалауда және ХҚКО автотұрағында қуаттайтын жер бар, – дейді  жауаптылар.

Қала тұрғындары «экотаксидің келуі арқылы бәсекелестік орнап, жолақысы арзандайды» деп сенген еді. Бірақ, осы күні «баяғы жартас – сол жартас» болып тұр.

– Көбінде қала аумағында, кейде қалааралық жолаушылар тасымалдау жұмысымен айналысамын. Ең біріншіден, 100 экотакси туралы естігенде, «біз секілді «жабайы» такси жүргізушілерін нарықтан ысырып тастайды» деп ойладым. Сондықтан, электромобильдің біреуін тізгіндеп алуға бекінген едім. Кейін түрлі себеппен бұл ойымнан айныдым. Меніңше, 1 миллиард   100  миллион  теңгеге  100  экотакси  алғанша, 5-6  миллиондық  көліктен көбірек алған жөн еді. Әрине, электромобильдер қоршаған ортаға пайдалы, автогаз, бензин тапшылығы уақытында да артықшылығы болады. Сол арқылы «жолақы да арзандайды» деп еді. Негізі, бағаны нарық реттейді ғой, – деді есімін  атамауды  сұраған  көлік  жүргізушісі.

Ал «Қызылорда» автобус  паркі»  ЖШС-ның  директоры  Әбдібәкір Маштаев:

– Экотаксилер электр қуатымен жұмыс істейді. Толық зарядтау шамамен 500 шақырымға жетеді. Қазіргі таңда 52 экотакси азаматтарға өз қызметін көрсетуде. Жобаның басты мақсаты – «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында санитарлық-тазалық жұмыстарымен қатар, экологиялық мәселелерді шешуге бағытталған  жаңаша жобаларды жүзеге асыру.

Қазіргі таңда қала тұрғындарына 52 экотакси қызмет көрсетуде. Алдағы уақытта олардың саны 100-ге жетеді.  қаламызда  осындай такси  пайда  болғанына  өте қуаныштымыз. Өйткені,   бұл – экологиялық таза, үнемді  және қоршаған ортаға кері әсерін тигізбейтін жайлы көлік. Бұл қала экологиясына оң әсерін  тигізері  сөзсіз, – дейді.

Қалай десек те, қалаға электромобильдердің келуі ерекше жаңалық болды. Жоба жүзеге асып, жемісін берсе, жалғасын табары сөзсіз. Жалпы, қалада такси бағасы өзге облыс орталықтарымен салыстырғанда арзан деуге болады. Қызылорда қаласы кеңейіп жатыр, халық саны да артуда. Сондықтан, қоғамдық көлік мәселесі әрдайым маңызды санала береді.

Ш.ШАТҚАЛ

Бет  қатталып  жатқанда:

Қызылорда қаласының әкімдігі экотаксилердің қызметін пайдалану үшін жергілікті «Жұлдыз такси» компаниясының байланыс телефонына қоңырау шалу және мобильді қосымшасына тапсырыс беру арқылы онлайн шақыртуға болатынын хабарлады. Яғни, 09 қазаннан бастап «Жұлдыз такси» мобильді қосымшасына арнайы «Электро» бөлімі енгізіліп отыр. Мұның өзін қоғамның талабы мен ұсынысы деуге болатындай.

Сондай-ақ, электромобильдер 8 (7242) 400-500,  8 777 454 77 70, 8 776 110 22 22 телефондары  арқылы  тапсырыс  қабылдайды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: