Қызылорда облысында пәтер тонауды кәсіпке айналдырған ұры ұсталды, деп хабарлайды облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Полицейлер жедел шара барысында тұрғындардың үйлеріне ұрлыққа түскен әккі ұрыны қолға түсірді.
Қызылорда облысы Қазалы ауданының бірнеше тұрғыны полиция бөліміне арызданып, үйлерінің тоналғандығын айтқан.
Күдікті үй иелерінің жоқтығын пайдаланып, пластик терезелерді арнайы бұрағышпен күштеп ашу арқылы үй ішіне заңсыз кіріп, ақша мен алтын бұйымдарды ұрлаған.
Түскен ақпарат бойынша дереу бағыт-бағдар беріліп, жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде ізін суытпай ауданның 37 жастағы тұрғыны ұсталды. Жәбірленушілерге тиесілі алтын бұйымдар мен өзге де айғақ заттар дәлелдеме ретінде алынды.
Қазіргі уақытта полицейлер пәтер ұрысының облыс көлемінде жасалған басқа да қылмысқа қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр. Тергеп-тексеру әрекеттері жалғасуда. Күдікті қамауға алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!