Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Тағдырлы ауылдардың» артында тұрғындар тауқыметі тұр

26.09.2024, 11:40 427

Тұтас ұлттың ұлт болып қалыптасуына идеология ғана емес, демографиялық өсім де аса қажет. Сонда ғана қоғамдық істерде, даму тенденциясында түрлі жоба-жоспар құра беруге болады. Ал халқының санында  өсу  емес, «өшу» болса, ол  елдің  болашағынанан  үміт  күтіп  не  қажет?  Жаңа  ұрпақ,  жаңа  қоғам қалыптасып, идеялардың  жаңару  тоғысы түйіспегенде келешектен күдер үзіледі. Алға қадам басу  қалыптаспайды. Міне,  демографиялық  ахуалдың  маңызын  көрдіңіз  бе?

Бұл мәселені аз уақыт бұрын ҚР Парламентінің Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп те көтерді. Олжас Бектеновке бағытталған депутаттық сауалда демографиялық саясат саласындағы уәкілетті орган анықталмағаны айтылды.

– Сенат  өткен  сессияда «Демографиялық өсу – ұлттың стратегиялық артықшылық­тарының негізі» тақырыбында Үкімет сағатын өткізген болатын. Сенат Үкімет пен тиісті мемлекеттік органдарға бірқатар ұсыным жолдады. Осыған байланысты Үкімет берген жауапта көтерілген проблемалық мәселелердің басым бөлігі шешімін таппаған күйі қалып отыр. Мәселен, Үкіметке демография мәселелері бойынша мемлекеттік орган құру мәселесін зерделеу  ұсынылды.  Ұлттық экономика министрлігі мұндай мемлекеттік органды құру іс жүзінде мүмкін емес депті. Бұл қалай сонда? Бәрі керек те, демография керек емес пе? Енді қараңыз: Елімізде демографиялық саясат саласындағы уәкілетті орган анықталмаған. Демографиялық зерттеулер жүйесін болжау да құрылмаған. Демографиялық саясат мәселелерінде мемлекеттің нақты ұстанымы анықталмаған. Соның салдарынан бүгінгі таңда тек статистикамен шектеліп отырмыз, – деді Нұртөре  Байтілесұлы.

Сенат өткізген Үкімет сағатында ұзақ мерзімді және орта мерзімді перспективада форсайт-сессиялар өткізу, сондай-ақ демография бойынша ұлттық баяндама дайындау ұсынылған. Осыған қатысты Үкімет өз жауабында  барлық салалық министрліктің  өзара  іс-қимылын үйлестіруді  қамтамасыз  ету  туралы  жалпы ақпаратты  ғана  ұсынып  отырғаны  белгілі. Бұл  дегеніміз, демографиялық саясатты өз құзіретіне алатын нақты мемлекеттік орган жоқ екенін білдіреді. Сондай-ақ, Үкімет сағаты  ұсынымдарының бірінде Қазақстан Республикасының тұрақты демографиялық дамуының ұзақ мерзімді бағдарламасын әзірлеу мәселесі де көтерілген. Дегенмен, бұл ұсынысты да Үкімет  орынсыз деп санап отыр. Депутаттың айтуынша, мұның барлығы  демографиялық  өсімге  зиянын тигізеді.

– Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне жер учаскелерін 10-15 жылдан кейін жеке меншікке беру құқығымен жалға беру мүмкіндігін зерделеу, салық жеңілдіктерін жасау, техника, мал сатып алуға, үй салуға төмен пайыздық кредит-несие беру, сондай-ақ Солтүстік Қазақстан облысындағы (әрі қарай – СҚО) жұмыскерлерге климаттық үстеме жалақы тағайындау мүмкіндігін зерделеу туралы нақты ұсыныс  берілген еді. Еңбек министрлігінің жауабында бұл мәселелерге қатысты нақты шешімдер көрсетілмеген. Өңірлік әкімдіктердің жауаптарында «Дипломмен ауылға» және қандастарды «Оңтүстіктен – Солтүстікке» көшіру бағдарламалары шеңберінде жастар үшін шекаралық  аудандарында жаңа тұрғын үй салу субсидиялауға бөлінетін қаражаттың жеткіліксіздігіне байланысты тиімсіз деп көрсетілген, – дейді  депутат.

Ол «Сенаттың демография саясатына қатысты  көтерген өзекті мәселелерінің бәрін Үкімет елемейтін болса, сырғытпа жауаптармен ғана құтылса, Үкімет сағатын не үшін өткіздік сонда? Бұның бәрін кімге арналғанын білмей отырып, елдің одан әрі әлеуметтік-экономикалық дамуының қандай әсері туралы айтып отырмыз?» деп ашынады

Бір сөзбен айтқанда, Үкімет берген жауап көңіл көншітпейтінін алға тартты сенаттықтар. Демографиялық сын-қатерлер, халықтың қартаюы, бақыланбайтын урбанизация және көші-қон, халықтың шамадан тыс өлімі шұғыл шешімдерді қажет ететінін ескерсек, Үкімет осыған байланысты шаралар қабылдауға мүдделі. Мұндайда Үкімет тарапынан нақты жауапкершіліктің  болмауы, мониторингтің жоқтығы жүргізіліп жатқан экономикалық және әлеуметтік реформалардың тиімділігінің төмендеуіне алып  келері  ақиқат.

– Соңғы жылдары солтүстік-шығыс өңірлерде халықтың азаю тенденциясы қатты байқалуда. Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша Солтүстік Қазақстан облысындағы көші-қон сальдосы 2024  жылы  3396  адамды  құрады.  Сондай-ақ,  СҚО  бойынша  табиғи  өсім 1000  адамға  шаққанда  1,94  теріс  сальдоны құрап  отыр. СҚО, Қостанай және Павлодар облыстарында туған адам саны жылдан-жылға азайып келеді. Өңірлерге жұмыс сапарлар кезінде, халықпен кездесулер өткізіп келдік. Демографияға қатысты  сұрақтар тағы да  алдымыздан шықты. СҚО-да Сәбит ауылы жабылған. Халық жазушысы Сафуан Шаймерденовтің ауылы жабылуға жақын. Еңбек Ері, қазақ әдебиетінің классигі Ғабит Мүсірепов туған Жаңажол ауылының тағдыры да қыл үстінде тұр. Сондықтан Сенат ұсынымдарын қайта қарауды, солтүстік өңірлерде әлеуметтік және экономикалық даму бағдарламаларын дереу қолға алу, аймақтарға жастарды тарту, инфрақұрылымды дамыту, миграцияны басқару, зейнетақы және әлеуметтік қызметтерді жақсарту бойынша мәселелерді жедел  пысықтап, нақты  шешімдер  қабылдау қажет  деп  есептеймін, – дейді  Нұртөре  Жүсіп.

Қараңыз, депутаттың көтерген мәселесінен тек демографиялық ахуалды ғана емес, урбанизациялау, ауылдардың тағдыры туралы да мәселенің шеті шығып тұр. Өйткені, бүгінде тұрғыны тарыдай шашылған, төрінде қариясы ғана қалған ауылдар көп. Мұндай ауылдың инфрақұрылымына көп ақша құртқанша, тұрғындарды өзге ауылға көшіріп, ол мекенді жойып жіберудің мемлекетке пайдасы жоқ емес, бар. Бірақ ауылынан ажыраған жұрттың мұңын қайтпекпіз? Сол үшін жұртшылықты ауылды көркейтуге атсалысатын, жастарды атақонысқа бағыттайтын, елді мекендерді жандандыратын жобалар керек. Әрине, бұл үшін де демографиялық саясатты реттеудің маңызы  алдан  шығады. Мінберде айтылған ұсыныс орнында қалмай, жұртшылық жағына  жақын  шешімдер  қабылданса, бір іс бітті  деуге  болар  еді.

Өткен жылы «Алтайтану» ғылыми зерттеу орталығының директоры Жанна Әубәкірова да демографиялық саясатты реттейтін нақты мемлекеттік органның жоқ екенін алға тартып, мұның салдары денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік-экономикалық, ұлттық қауіпсіздік салаларында келеңсіздік тудыратынын алға тартты.

– Қазақстанда демографиялық саясатты реттейтін нормативтік-құқықтық акті жоқ. Соның салдарынан көптеген әлеуметтік-экономикалық  мәселе  туындап отыр. Жалпы, бізде  экономикалық  даму векторы  халықтың  этнодемографиялық үрдісін,  әлеуметтік-мәдени  мұқтаждығын ескермейді. Осыдан туындаған сәйкессіздік денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік-экономикалық, ұлттық қауіпсіздік салаларында түрлі келеңсіздік тудырды. Елімізде демографиялық саясатқа және дамуға  баға  беретін  бірде-бір  мемлекеттік орган  жоқ, – дейді  «Алтайтану»  ғылыми зерттеу  орталығының  директоры, тарих ғылымдарының  кандидаты  Жанна  Әубәкірова.

«Еліміздің демографиялық жағдайы табиғи өсім мен шетелде жүрген қандастарымызды елге қайтару арқылы жақсаруы мүмкін» деген сарапшылар пікірін жиі естиміз. Табиғи өсімді арттыру үшін, әсіресе, аналарға көрсетілетін әлеуметтік және медициналық қолдау деңгейін көтеру қажет. Соңғы жылдары, ғалымдардың айтуынша, арнайы демографиялық саясатты реттейтін нормативтік-құқықтық актілер болмаса да, Қазақстанда халық санының табиғи өсімі айтарлықтай артқан. Қазіргі таңда бір әйелге орта есеппен үш баладан келеді. Үкімет те жаңа жылдан бастап бала күтіміне байланысты ай сайынғы жәрдемақы төлеу мерзімін 1,5 жасқа дейін ұзартты. Бұған дейін төлемдер тек бала бір жасқа толғанға дейін ғана жүргізілетін. Жаңа жүйе бойынша жәрдемақы мөлшері де өсті. Бірінші балаға – 19 872 теңге, екінші балаға – 23 495 теңге, үшінші балаға – 27 083 теңге, ал төртінші және одан кейінгі балаларға – 30 705 теңге беріледі.

2023 жылдан бастап төлем мерзімін ұзарту туралы шешімді президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке тапсырған болатын. Мемлекет басшысы ата-аналарға бала күтімінің ең маңызды кезеңінде олардың жанында болуға мүмкіндік беруді басты мақсат  ретінде  атап  өтті.

Мемлекет тарапынан көрсетілетін осындай қолдаулардың арқасында соңғы он жылда елімізде бала туу көрсеткіші  25 пайызға өсті. Ресми деректерге сүйенсек, Қазақстанда күн сайын 1000-нан астам сәби дүниеге келеді. Сарапшылардың пікірінше, осындай қарқынмен жүре берсек, 2050 жылға қарай халық саны 24 миллионнан асуы мүмкін.

Алайда, бала туу көрсеткіші артып отырғанымен, ажырасу мәселесі де төмендемей тұр. «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ басқарма төрағасының  орынбасары  Әсем Қайдарованың  мәлімдеуінше, әрбір үшінші отбасы  ажырасу  қаупіне  жақындап  қалған.

– Сонымен қатар, некеге тұру саны азаюда. Бұрын біз еңбексүйгіштік, үлкендерге құрмет сияқты құндылықтарды қадірлеген отбасында өстік. Қазір, өкінішке қарай, бұл құндылықтардың құнсызданғанын байқаймыз, – дейді Ә.Қайдарова.

Осылайша, демографиялық өсімге қарамастан, отбасылық құндылықтар мен некелік қатынастарда түйткілді мәселелер туындауда.

Тиегін ағытсаң, түрлі мәселе туындайтын саланы іске асыратын саясатты өз меншігіне алатын мемлекеттік мекеме құру ұсынысы өз өзектілігін жоғалтпайды. Өйткені, халық санының өсуін жиілету үшін сол саламен ғана айналысатын мамандар қажет. Сонда ғана нәтиже көреміз.

Е.ҚАЛИЕВ,

Коллажды  жасаған  автор.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: