Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Халықтың қартаюы, шамадан тыс өлім-жітім шұғыл шешімдерді қажет етеді

18.09.2024, 16:10 177

Қазақстанда демографиялық саясатпен айналысатын уәкілетті мемлекеттік орган жоқ, демографиялық зерттеуді болжау жүйесі қалыптаспаған, демографиялық саясат мәселелері бойынша мемлекеттің нақты ұстанымы анықталмаған. Сенатор Нұртөре Жүсіп депутаттық сауалында саланың түйткілді мәселелеріне тоқталды.

Депутат өткен сессияда сенаторлардың демография тақырыбына арналған үкімет сағатының қорытындысы бойынша әзірленіп Үкіметке жолдаған ұсыныстарды еске салды. Сенаттың форсайт-сессиялар өткізу және ұлттық баяндама дайындау туралы ұсыныстарына Үкімет нақты шаралар белгілеместен салалық министрліктердің жұмысын үйлестіру туралы жалпы ақпаратты ғана ұсынып отыр.

Ұзақ мерзімді демографиялық даму бағдарламасын әзірлеу, жерді жалға беру, салық жеңілдіктері, солтүстік өңірлерге арналған құрылыс несиелері мен климаттық жеңілдіктер сияқты ұсыныстар да қабылданбады.

«Демографиялық сын-қатерлер, халықтың қартаюы, бақыланбайтын урбанизация және көші-қон, халықтың шамадан тыс өлімі жүйелі және шұғыл шешімдерді қажет етеді. Демографиялық процестер үшін Үкімет тарапынан нақты жауапкершіліктің болмауы, мониторингтің жоқтығы жүргізіліп жатқан экономикалық және әлеуметтік реформалардың тиімділігінің төмендеуіне әкеледі. Соңғы жылдары солтүстік-шығыс өңірлерде халықтың азаю тенденциясы қатты байқалуда. СҚО, Қостанай және Павлодар облыстарында туылған адам саны жылдан жылға азайып келеді. Сондықтан Сенат ұсынымдарын қайта қарауды, солтүстік өңірлерде әлеуметтік және экономикалық даму бағдарламаларын дереу қолға алу, аймақтарға жастарды тарту, инфрақұрылымды дамыту, миграцияны басқару, зейнетақы және әлеуметтік қызметтерді жақсарту бойынша мәселелерді жедел пысықтап, нақты шешімдер қабылдау қажет деп есептеймін»,- деді Нұртөре Жүсіп.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: