Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жылу маусымына дайындық барысы, құрылыс нысандарының сапасы пысықталды

05.09.2024, 8:40 423

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен мәжілісте жылу беру маусымына дайындық, елді мекендерді абаттандыру, құрылыс нысандарындағы жұмыс барысы, қаланың даму жоспарының, осыған дейін берілген тапсырмалардың орындалуы талқыланды.

Алдағы жылу беру маусымында коммуналдық қызметтер кідіріссіз жұмыс істеуі керек. Ол үшін барлық жөндеу, тексеру жұмыстары алдын-ала өткізілуі тиіс. Жылу беру маусымы басталғанда барлық нысан толық дайын болуы қажет.

Айта кетейік, Мемлекет басшысының тапсырмасымен аймақ тұрғындарын электр қуатымен қамту үшін Қызылорда қаласында жаңа ЖЭО салынуда. Бүгінде орталықтың құрылыс алаңында 600-ге жуық адам және 60 техника жұмыс жасауда. Нысан 2025 жылы пайдалануға беріледі. «AKSA Energy» түрік компаниясының инвестициясы тартылған жаңа жылу-электр орталығы 240МВт электр қуатын өндіре алады.

Мұнан бөлек, жиында жаңа нысандардағы құрылыс барысы қаралып, барлығын мерзімінде бітіру міндеттелді. Өңірдегі жаңа жылу-электр орталығы, Оқушылар сарайы мен үстел теннисі орталығы секілді нысандардың маңыздылығы аталып, құрылысты уақытылы және сапалы етіп аяқтау тапсырылды.

Сонымен қатар, Нұрлыбек Машбекұлы барлық елді мекеннің санитарлық тазалығына жіті назар аудару қажеттігін қатаң ескертті.

Еске салсақ, аймақ басшысының тапсырмасымен облыс әкімі аппаратының бас инспекторлары көшелердің, аумақтардың, нысандардың тазалығы мен сыртқы келбетіне тұрақты түрде зерделеу жүргізуде. Анықталған кемшіліктер бойынша баяндама жасалып, жауапты басшыларға уақытылы қалпына келтіру жөнінде ескерту берілді. Аймақ басшысы елді мекендердің таза әрі тұрғындарға жайлы болуы аса маңызды екенін тағы да қаперге салды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: