Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тақтайдай тегіс жол арманға айналмаса игі

22.08.2024, 11:40 215

Бізде жол инфрақұрылымына қатысты мәселе көп айтылады. Жасыратыны  жоқ, кеңес үкіметі тұсында салынған жолмен жүретіндер әлі бар. Көлік түгілі, жаяу жүру мұң болған көше жетерлік. Қалың қараша мұндай мәселені жиі көтергенімен, көңіл бөлініп, қаржының қаралып жатқаны енді ғана. Құдай жоқшылықтан сақтасын, «көркемделген» күрежол жетеді, бірақ ауылдағы ағайын шайыр емес, құм аралас тас төселген көшемен жүруден жалықты. Ол шүкірсіздікті емес, асфальт төселеді деп уәде берген шенеуліктердің өтірік сөзіне ашынғанын аңғартса керек. Әйтеуір, жол десе елең ететін жұртшылық тегіс жолдың «төрінде» жүруді қалайды. Мұнан бөлек, «Асфальт қабатын жыл сайын жөндейміз» деген билік уәдесінің қайда кетіп жатқанын көріп, еріксіз күлкің келеді. Әзіл-шыны аралас сөз бар ғой, «бай шенеулік боламын десең, оң мен солың қысқарсын» деген. Қазынадан бөлінген қаражат қайда кетіп жатқанын білмейміз, жарты жолда біреудің қалтасына түсе ме, әлде расында үкіметтің өлшеп берген ақшасы сол ма, салынған жол су татымай жатады. Бір жаңбыр жауса көше опырылып ішіне түсіп кететін кезді көп байқаймыз. Мұның барлығы бақылау мен сапалы жұмыстың аздығынан сияқты. Жаңа президент сайланғалы «Жаңа Қазақстан» деп бөркімізді аспанға атқанымыздан өзгергені шамалы. Жұртшылық «шіріген» жүйенің жауы емес, жанашыры. «Жаңа Қазақстан» барлығына бірдей әсер етуі керек. Бұл – біздің емес, қоғамның қазіргі жанайқайы, шалғайдағы ағайынның  ішкі  үні.

Жол  мәселесі  әрдайым  тұғырдай түспейтін тақырып болған соң, саланың қазіргі  атқарып жатқан жұмысы мен алға қойған  мақсат-міндеттерінен хабардар болу  үшін, Қазақстан Республикасы Көлік  министрлігінің  Автомобиль жолдары  комитетіне хат жолдап, сауалымызға  жауап  алдық.

Жол мәселесі әрдайым тұғырдан түспейтін тақырып болған соң, саланың қазіргі атқарып жатқан жұмысы мен алға қойған мақсат-міндеттерінен хабардар болу үшін, Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің Автомобиль жолдары комитетіне хат жолдап, сауалымызға жауап алдық.

Комитетке қойған алғашқы сұрағымыз «Қазақстандағы автомобиль жолдарының қазіргі жағдайы қандай?» болды. Әрі жол салу кезінде қандай қоспа түрлері пайдаланылатынын сұрап көрдік. Бұл сауал базыналы бұқараның да ішкі үні іспетті.

– Елдегі автожолдардың жалпы қашықтығы 95 мың шақырымды құрайды. Оның ішінде республикалық желінің жалпы ұзындығы 24 мың шақырым болса, нормативтік жағдайдағы үлесі 92% деп белгіленген. Жергілікті желінің ұзындығы – 70 мың шақырым. Оның 87%-ы нормативтік талаптарға сәйкес келеді. Жол жабынының сапасын арттыру мақсатында жұмыстар атқарылып жатыр, – деп хабарлады комитет басшысы Төлеген Абдуллин.

2006 жылдан бері еліміздегі  190 тәжірибелік учаскеде құрылыс, реконструкциялау және жөндеу кезінде жаңа материалдар мен технологиялар сынақтан өтті. 2023 жылы «ҚЖҒЗИ» АҚ жолқұрылыс материалдары мен жаңа технологиялардың бірыңғай деректер базасын әзірлеп шықты. Бұл база жол құрылыс материалдарының бірыңғай базасы мен инновациялық технологиялар тізілімінен тұрады. Тізілімге енгізілген технологиялар «жасыл» (бекітілген), «сары» (апробация сатысында), «сұр» (бекітілмеген) және «көк» (қайта тексеру) мәртебелер бойынша жіктеледі. Жол желісін жақсарту аясында тоғыз техникалық кеңес өткізілген. Оныншы отырыстың нәтижесі бойынша тізілімге  106 жаңа технология мен материалдар қосылды, оның ішінде «жасыл  статус» – 37, «сары мәртебе» – 21 және «сұр статус»  48 технология бар екені  айтылды.

Жол төсемі негіздерінің беріктігін арттыру үшін бейорганикалық байланыстырғыштар мен топырақты тұрақтандырғыштар қолданылуда. Олардың қатарында «Скрептон», RBI, Evrasia – Road, «Claycrete II», «NovoCrete», «Phosphogypsum», «EZCON-SCM», «Road zyme», органикалық тұрақтандырғыш ANT, «NanoStab», «Gistrong», «Paragon M 10+50», «Paragon LVS», «QOptima-S», «Underbold», «AKROPOL GS-M, GS-E», «KAZ SOIL STABILIZER» сынды қоспа түрлері қолданылады. Жолдың сапалы және нық болып тұруына бұл қоспалардың пайдасы зор.

Автомобиль жолдарын салу және қайта құру кезінде асфальтбетонды жабындарды нығайту, іргетастарды күшейту және жол төсемінің тұрақтылығын арттыру мақсатында әртүрлі геосинтетикалық материал сыналған. Олардың қатарында  Cidex, Geospan TN, Dualtex PET, Mulitex PET, Stradex PET, UltraStab, «TYPAR» қоспалары бар. Сонымен қатар, цемент-бетон төсемдеріндегі компенсаторларды орнату және жөндеу үшін полиуретанды тығыздағыштар (MASTERFLEX-472, PCIESCUTANTE), ыстық мастика (BIGUMA-ARTIC GRADE) және жіксіз жабындар («Дренаж»  маркасы В)  қолданылғанын  айтты.

Комитет  басшылығынан бөлінген  бюджетті  бақылау  қалай жүргізілетінін  сұрағанымызда, бүй  деп  пікір  білдірді.

– Қалыптастыру кезінде бюджет жобасы Қаржы министрлігімен келісіледі, бұдан әрі бюджет жобасы Сенат пен Мәжіліс депутаттарымен келісу кезеңінен өтеді. Осыдан кейін Президент Әкімшілігінің келісімімен бюджет бекітіледі. Біз жобаға бөлінген ақшаны игергеннен кейін, қаражатты жоғары аудиторлық палата тексереді. Сонымен қатар, екі жылда бір рет сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдауды жүзеге асырады. Сондай-ақ, мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша автожол саласын көлік прокуратурасы тексереді. Барлық тексерудің қорытындысы бойынша жоғарыда аталғандар қаражатты тиімді игеру және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша қорытынды  мен  ұсынымдар   береді, – деді  комитет  басшысы.

Құдай сақтасын, бірақ көлік техника болған соң, жолда түрлі апат болады. Сала мамандарынан осы жол оқиғаларының алдын алу үшін қандай жұмыс жүргізгенін сұрағанымызда, арнайы жолақтардың санын көбейтіп, көліктердің жылдамдығын бәсеңдетуге арналған жол белгілерін  орнатқанын  айтты. Расында, көлік айдауда көзсіз батырлық  танытқандар  табытпен «достасып»   жатыр.  Ал комитет жұмысына келер болсақ, жол қозғалысын ұйымдастыруды жетілдіру мақсатында авариялық қауіпті учаскелерде 5 мың шаршы метрден астам арнайы жолақтар орнатылған. Мұнан бөлек, 450-ге жуық жарық диодты жол белгісі мен кедергілерге соқтығыспау үшін 500 жол буфері орнатылды. Техникалық параметрлер бойынша авариялық қауіпті учаскелерді болдырмау үшін негізгі транзиттік дәліздерді реконструкциялау бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Қарсы соқтығысуы бар жол-көлік оқиғасының санын азайту мақсатында қозғалыстың қарсы ағынын бөле отырып, жолдарды бірінші техникалық санатқа ауыстыру арқылы шамамен 3,2 мың шақырым жол реконструкцияланды. Республикалық автожолдарда жаяу жүргіншілерді соғуды азайту үшін қалалар мен елді мекендерді айналып өтетін 52 айналма жол және жаяу жүргіншілерге арналған 32 жерүсті көпірі салынды. Еліміз бойынша автожол бойында жануарлардың  қатысуымен  болатын жол-көлік оқиғасының санын азайту үшін шамамен 1,5 мың шақырым қоршау, сондай-ақ 319  мал  айдау  өткелі орнатылыпты.

Әкімшілік құқықбұзушылықтардың бірыңғай тізілімімен ақы алу жүйесін кезең-кезеңімен интеграциялау жүргізілуде. Қазіргі уақытта ұзындығы 3,2 мың шақырым болатын 17 ақылы учаскеде жылдамдық  режимін  бұзушылар әкімшілік  жауапкершілікке тартылуда.

– Нормативтік  құжаттарды жетілдіру  шеңберінде  2024 жылдың соңына дейін 1 мыңнан астам салалық нормативтік құжаттар, оның ішінде жол қозғалысы қауіпсіздігі мәселелеріне байланысты нормалар өзектендірілетін болады. Айналма жолдардағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында біз жолдың бөлек құрылысы жөніндегі мәселені нормативтік тұрғыдан бекіттік. Бұл жұмыс, ең алдымен, жол-көлік оқиғасының санын азайтып, пайдаланушылар үшін қолайлы жол жүруге жағдайлар жасайды, сондай-ақ іске асырылып жатқан жобалардағы уақытша айналма жолдардағы жол-көлік оқиғаларын барынша  азайтуға  мүмкіндік  береді, – деді  Төлеген  Тұрсынұлы.

Жоғарыда айтқанымыздай, жол десе, шалғайдағы ағайын ойға оралады. Комитет басшысынан «қалалық және ауылдық аймақтардағы жолдардың сапасы мен инфрақұрылымы туралы ақпарат беріп, айырмашылығымен бөліссеңіз»  деп  сұрау  салдық.  Нәтиже  мынадай.

– Қазақстан Республикасының автомобиль жолдары жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдары, шаруашылық автомобиль жолдары, сондай-ақ елді мекендердің көшелері болып бөлінеді. Жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдары өздерінің маңызы бойынша халықаралық, республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар жолдар боп есептеледі. Бүгінгі күнге жергілікті (облыстық және аудандық маңызы бар) жолдар мен елді мекендердің көшелерінің ұзындығы 143 мың шақырымды  құрайды. Оның ішінде: облыстық және аудандық маңызы бар жолдардың ұзындығы –   70 мың, елді мекендердің көшелерінің ұзындығы –  73  мың  шақырым.

Заңға сәйкес елді мекендердің көшелері тиісті жергілікті атқарушы органдардың қарамағында болады және коммуналдық меншік болып табылады. Осы ретте, қалалық және ауылдық аймақтардағы жолдарды салу, олардың сапасын реттеу және жөндеу жұмыстарын жүргізу жергілікті әкімдіктің құзырына кіреді. Елді мекендердің көшелерін қаржыландыру Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика, Қаржы министрліктері және жергілікті бюджет арқылы жүргізіледі. Өз кезегінде Министрлік халықаралық, республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар жолдарды салу және олардың сапасын  жақсарту  бағытындағы  жұмыстарды  жүргізеді.

Қазіргі таңда жергілікті жолдар бойынша нормативтік үлесі жақсы өңірлер Жамбыл (98%), Маңғыстау (97%), Павлодар (94%) облыстарында және нормативтік үлесі нашар өңірлер Атырау (76%), Ақтөбе (75%) және Батыс Қазақстан (52%) облыстарында байқалады. Министрлік жергілікті жолдарды және республикалық маңызы бар қалалардың көшелерін қаржыландыру бойынша жолдардың құрылысын салуға және реконструкциялауға нысаналы қаражатты бөлуді жүзеге асырады. Сонымен қатар, мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2023 жылдан бастап облыстық және аудандық маңызы бар жолдарды жөндеуді қаржыландыру 2023-2025 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттер шеңберінде жүзеге асырылуда. Биыл бөлінген қаражаттар есебінен 4,3 мың шақырым жергілікті жолдарды қамту, оның ішінде 3,9 мың шақырымды аяқтау жоспарланған. Жыл қорытындысымен жергілікті жолдардың нормативтік үлесін 87%-дан 89%-ға жеткізілетін болады, – деді  Автомобиль жолдары комитетінің  басшылығы.

Сала  мамандары  жол салу кезінде сапаны бақылау арнайы бес сатыдан өтетінін мәлімдеді. Олар – тапсырыс беруші, мердігер, техникалық қадағалау, жоба авторы және жол активтерінің сапасының ұлттық орталығы. 2023 жылға арналған жұмыс сапасы мен жол-құрылыс материалдары сараптамасының қорытындысы бойынша 3,6 млрд теңгеден астам жұмыс қайта салынған. Бұл нақты қадағалаудың  арқасында  іске  асқан.

Елімізде  шетелге  шығуға арналған дәліздер жетерлік. Яғни, халықаралық жол торабы біздің мемлекетте де бар. Саланы үйлестіретін министрлікке қарасты комитет мамандарынан ол жолдардың жалпы көлемі мен ұзындығы және оны жөндеуге арналған  қандай  жобалар  қолға алғанын  сұрап  көрдік.

Бүгінгі  таңда  Қазақстан аумағында  8  негізгі  автожол  дәлізі бар. Бұл  дәліздер  арқылы  жылына шамамен  5 млн  тонна  транзиттік жүк  өтеді  екен. Дәліздердің  жалпы ұзындығы  13,2  мың  шақырымды құрайды. Ал  жеке-жеке  тоқталсақ:

1. «Батыс  Еуропа – Батыс  Қытай» – 2747 шақырым;

2. «Алматы – Астана –  Петропавл – РФ шекарасы» – 1868 шақырым;

3. «Астана – Қостанай- РФ шек» – 860  шақырым;

4.      «Майқапшағай –Қалбатау – Семей – Павлодар – РФ шекарасы» – 1116 шақырым;

5. «Алматы – Талдықорған – Өскемен – Шемонаиха – РФ шекарасы» – 1210 шақырым;

6. «Ақтөбе – Атырау – РФ шекарасы» – 893 шақырым;

7. «Атырау – Орал – РФ шекарасы» – 587 шақырым;

8. «ТРАСЕКА» дәлізі  4016  шақырымды  құрайды.

Елдің транзиттік әлеуетін арттыру мақсатында бірқатар инфрақұрылымдық жоба қолға алынған. Биыл Қарағанды – Алматы, Талдықорған – Өскемен, Ақтөбе – Қандыағаш – Атырау – Ресей Федерациясы (Астрахань) бағыттарында жол құрылыстарын аяқтау жоспарланып отырғанын білдік.  Сонымен қатар, ең ірі «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» дәлізін модернизациялау мақсатында биылдан бастап жалпы  ұзындығы 262  шақырым болатын  «Ақтөбе –  Қарабұтақ – Ұлғайсын» жол учаскесін реконструкциялау жұмыстары басталған. Құрылыс жұмыстарын 2027 жылы аяқтау жоспарланған. Сондай-ақ, 2025  жылдан  бастап Ұлғайсын – Қызылорда аралығындағы жол учаскелерін жөндеу және реконструкциялау жұмыстары жүргізілмек. Жалпы, бұл дәлізді  толықтай  модернизациялау 2030  жылға  дейін  аяқталуы көзделгенін  айтты  жауапты  сала басшылары.

Жұмыс болған соң, оған айтылатын сын тағы бар. «Сырт көз сыншылығынан» танбайды ешқашан. Тиісінше, сала да өз жұмысы үшін халықпен етене араласып, диалог құрып, кері байланыс жасауы тиіс. Ал бұл ретте комитет жұртшылыққа қаншалықты ашық? Осы сауалды комитет басшылығына  тікелей  қойдық.

– Көлік  министрлігі «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-мен бірлесіп халықаралық және республикалық маңызы бар автожолдарда төтенше жағдайлар және басқа да штаттан тыс жағдайларға дереу ден қою және жол пайдаланушыларын хабардар ету үшін «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-да 1403 нөмірі бар тәулік бойы байланыс орталығы жұмыс істейді. онда «WhatsApp» қосымшасына телефон қоңыраулары мен өтініштерді өңдеу үшін күн сайын ауысымда 12-15 адам қызметте  болады. Барлық  қоңырау мен өтініштер дереу өңделеді және уақтылы әрі қажетті  шараларды  қабылдау  үшін «ҚазАвтоЖол» ҰК»  АҚ  облыстық филиалдарына  хабарланады.

Сонымен қатар, әлеуметтік желілерде (Instagram, Telegram және т.б.) ресми парақша жұмыс істейді, онда күн сайын мониторинг жүргізіледі және автожолдарда бұзушылық фактілері туралы қажетті шаралар қабылданады. Қолайсыз күн райы жағдайлары кезеңінде  автожолдардағы  ахуалды мониторингілеу үшін тәулік бойы кезекшілік  ұйымдастырумен жедел  штабтар  құрылады, қатысы  бар  мемлекеттік  органдар мен  ұйымдардың  аумақтық бөлімшелерімен  үйлесімді  өзара іс-қимыл  қамтамасыз  етіледі, – деді Т.Тұрсынұлы.

Комитет мәліметінше, соңғы 5 жылда жол инфрақұрылымы айтарлықтай  өскен. Оны төмендегі кестеден  байқай  аласыз.

Шынын айту керек, кейде жөнделген жол 2-3 жылдан кейін тағы да дәл солай жөндеуден өтеді. Кейде жол салып, пайдалануға берілгеннен кейін артынша көшелер жабылып, ол жол бұзылып, жер қазылып, астындағы су, газ құбырларын алмастырады. Мұндайда шығын екі есеге көбейеді. Бұл айтпаса да түсінікті. Бірақ мұны кей сала мамандары бос шығын екенін білмесе керек, осы дүниені қайта-қайта істеп жатады. Жұмысшылардан мән-жайды сұрасаң, «тапсырма – осы» деп кері шегіндіреді. Сауалға комитет басшысы не дейді екен? Оқып көріңіз.

– Жолдар тұрақты жөндеуді қажет етеді деген пікір бар, бірақ біздің желі стандартты қызмет мерзіміне сәйкес жөнделеді. Осылайша, автомобиль жолдарының өзіндік қызмет ету мерзімі бар. Асфальтбетонды жолдар үшін бұл шамамен 15-20 жыл. Пайдалануға берілгеннен кейін 5 жыл өткен соң, орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет. Бұл – тас жолдың өмірлік циклі. Жолдың нашарлауына үлкен көлік жүктемелері, соның ішінде оське рұқсат етілген жүктемелерден асатын жүктемелер әсер етеді. Сонымен қатар, күрделі, күрт континенттік климаттық жағдайлардың әсерінен материалдардың өзі ескіреді, – деді Т.Абдуллин.

Автомобиль жолдары комитеті алға қойған мақсат-межесінен хабардар етіп, жоспарларымен бөлісті. Алдағы жылдары жүзеге асырылатын жол құрылысы мен жөндеу жұмыстарының жоспары ауқымды. Комитеттің айтуынша, Қызылорда – Жезқазған, Ақтөбе – Қызылорда,  Қарағанды – Жезқазған бағыттарында ірі жобалар іске асырылмақ. Сонымен қатар, Сарыағаш және Түркістан қалаларының айналма жолдары да назардан тыс қалмайды.

Осы орайда, Атырау – Доссор, Астана – Қостанай – Ресей Федерациясы шекарасы, Атырау – Орал бағыттарында да құрылыс жұмыстары жоспарланған. Бейнеу – Шалқар – Ырғыз,  Жанаөзен – Кендірлі жолдарының сапасын арттыру шаралары қолға алынбақ. Шымкент және Рудный қалаларының айналма жолдары да жөндеу жұмыстарының тізімінде тұр. Алматы – Ұзынағаш бағыты да назарға алынған жобалардың қатарында.

Комитеттің мәліметінше, аталған жұмыстар өңірлердегі жол сапасын жақсартуға және көлік қатынасын жеңілдетуге  бағытталған.

Тілші түйіні. Рас, жолға қатысты түрлі жоба іске асып жатыр. Жақсылыққа келгенде соқырлық танытып жатырмыз ба, әлде қаланы көркейтуге шектен тыс көңіл бөліп, ауылдағы ағайынның жағдайынан ұмытып кеттік пе, білмейміз, бірақ салаға сын тағатындар әлі көп. Ол бола да береді. Өйткені, «сын түзелмей, мін түзелмейді». Тиісінше, Автомобиль жолдары комитеті өз кезегінде сынмен емес, мінмен күресіп, жұмыс жүйесін жетілдіруді қолға алған. Қоғам «қотырын» тауып «қасыдық». Енді түгелімен «жазылып» кететініне сенейік.

Е.ҚАЛИЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: