Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Үздік мектепке 34 миллион теңге табысталды

19.08.2024, 20:45 171

Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен Өнер орталығында «Digital Kazakstan: Жаңа замандағы білім беру» тақырыбында облыстық педагогикалық тамыз кеңесі өтті. Алқалы жиынға ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Руслан Рүстемов, Наурызбай Байқадамов, Мәжіліс депутаттары Мархабат Жайымбетов, Мұрат Ергешбаев, ҚР Оқу-ағарту министрлігі тәрбие жұмысы және қосымша білім беру департаментінің директоры Меруерт Медетбекова, облыстық сот төрағасы мен құқық қорғау органдарының бірінші басшылары, білім беру ұйымдарының басшылары мен аймақ ұстаздары қатысты.

Облыс әкімі жас ұрпаққа сапалы білім берудегі, тәрбиелеудегі ұстаздардың еңбегін ерекше атап өтіп, атқарылған жұмыстарды баяндады.

«Жылдағы дәстүр бойынша өздеріңізбен Тамыз кеңесінде бас қосып, білім саласындағы жетістіктерімізді саралап, мәселелер мен оларды шешу жолдарын бірлесе талқылауға жиналдық.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында «Мектеп – білімнің ғана емес, тәлім-тәрбиенің ордасы. Баланың бойына біліммен қатар адамгершілік құндылықтарды сіңіру – ұстаздың міндеті. Осыған орай балабақшадағы және мектептегі білім мен тәрбие ісіне бәріміз қоғам болып мән беруіміз керек, сондай-ақ белсене атсалысуымыз қажет» деп атап өткен болатын.

Қай кезеңде де мемлекет дамуының басты тетігі, стратегиясы сапалы білімге негізделген. Білім сапасын арттыру, педагогтер қауымы мен оқушыларға жайлы жағдай жасау бүгінгі күннің алғышарты саналады. Бұл – келешегімізді кемел, елдігімізді мәңгі етуді көздейтін мемлекеттік көзқарасымыз және азаматтық ұстанымымыз. Біздің оқу-ағарту саласын дамытуға, білім сапасын көтеруге бағытталған бар жұмысымыз осындай алтын өзекке негізделген.

Биылғы тамыз кеңесінің «Digital Kazakstan: Жаңа замандағы білім беру» атауын еншілеуі – білім саласын цифрландыруды әрі қарай жалғастыру қажет екендігінің бір дәлелі.

Биыл білім саласына бөлінген қаржы 262,1 млрд теңгеге жетіп, облыс бюджетінің 35,8 %-ын (бюджет 732,8 млрд теңге) құрады. Бұл былтырмен салыстырғанда 8,5%-ға артық (2023 жылы 241,5 млрд теңге).

Тиісінше, алдағы жылдары білім саласына бөлінетін қаржы көлемі артады. Жаңа мектептер салу, апатты мектептерді және үш ауысымдық оқуды болдырмау – білім саласындағы басым бағыттардың бірі.

Осы жылы балабақшаларды қаржыландыруға 53,7 млрд теңге қаржы бөлініп, өткен жылмен салыстырғанда 9,8 млрд теңгеге артты (2023 жылы 43,9 млрд теңге). Өткен жылдың шілде айынан бастап меншік нысанына қарамастан барлық мектепке дейінгі ұйымдарға цифрландыру саласындағы жетістіктеріміздің бірі – Face ID мобильді қосымшасы енгізілді. Бұл арқылы балабақшаға нақты келген тәрбиеленушілерге ғана мемлекеттік тапсырыс орналастырылып, нәтижесінде 3 млрд теңге үнемдеуге мүмкіндік туды.

Қазір үйірмелерге нақты келген балаларды есепке алу үшін аталған жүйені мәдениет және спорт саласына енгізудеміз. Бәлкім, бұл жұмыстар оңай ақша тауып үйреніп қалған кейбір кәсіпкерлерге ұнамауы мүмкін. Дегенмен, біз цифрландыру саласындағы жаңашылдықтарды енгізіп, бюджет қаражатының мақсатты жұмсалуына қатаң бақылау орнататын боламыз», – деді Н.Нәлібаев.

Педагогтердің басқосуында ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың видеоқұттықтауы көрсетілді. Сонымен қатар, Меруерт Медетбекова мен Наурызбай Байқадамов жиналған қауымды Білім күнімен құттықтап, алдағы міндеттерді саралады. Облыстық білім басқармасының басшысы Асқарбек Есжанов «Қызылорда облысында білім беру саласында атқарылған жұмыстар және міндеттер» тақырыбында баяндама жасады.

Сондай-ақ, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің басқарма төрағасы-ректоры Бейбіткүл Кәрімова мен «Bilim Land» ЖШС директоры Санжар Кенжеханұлы көпшілікке жаңа ұсыныстар мен тың тақырыптар ұсынды.

Сырдария ауданындағы №210 О.Әбілпаттаев атындағы орта мектептің 11-сынып бітіруші түлегі, биылғы оқу жылында бірнеше грант жеңіп алған талантты оқушы Асылжан Абдуллаев ұстаздарға алғысын білдірді.

Жиында елеулі еңбектің арқасында ұстаздар қауымы марапат төрінен көрініп, олардың бірқатарына ҚР Оқу-ағарту министрлігінің марапаты табысталды. Атап айтсақ, Ы.Алтынсарин, «Білім беру ісінің Құрметті қызметкері» төсбелгілері, «Арнайы білім беру ісінің үздігі», «Қосымша білім беру ісінің үздігі», «Орта білім беру ісінің үздігі» дипломдары, облыс әкімінің Алғыс хаты табысталды.

Сонымен қатар, облыстың «Үздік орта білім ұйымы» грантын жеңіп алған Жалағаш ауданындағы Әл-Фараби атындағы №201 мектеп-лицейіне 34 млн теңгенің сертификаты берілді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: