Біздің көп айтатын мәселеміз – мәдениет. Адами мәдениет, мәдени ұстаным, тұрмыстағы мәдениет сынды дүниені айтқанда, бәріміз сарапшымыз. Бойымызда мәдениеттің болмауы – әрбірімізге мін. Бірақ айтқан ауыз іскер қолға жол бастау бола алмай отыр. Оны көшедегі қоқыс пен ұят та болса айтайық, түкіріктерден көп байқаймыз. Бәріміз «табиғат ананы» ластамауға шақырамыз, бірақ…
Иә, «бірақ…» бар ғой қашан да. Жалпы, тіршіліктің маңызды бөлігі – табиғат екенін естен шығарып аламыз ба, әйтеуір, осыған келгенде тазалығымыз тоқтап қалады. Қолымызда бар қоқысты үйімізге емес, көшеге шашып кете саламыз. Сонда біздегі экомәдениет қайда?
Ойлап қарасақ, адамзат өз іс-әрекеттерінің салдарынан «табиғат ананың» байлығын тек тұтыну мақсатында ғана пайдаланып, экологияны қорғау туралы ойлануды кейінге қалдырып жатыр. Осы жерде экомәдениет деген ұғымның мәні ашылады, бірақ бұл ұғымның да міні бар.
Экомәдениет – бұл тек табиғатты қорғау емес, адамдардың экологияға деген саналы көзқарасы, табиғатқа деген сүйіспеншілігі мен құрметі. Дегенмен, біздің қоғам экомәдениетінде көптеген кемшілік бар. Біріншіден, экологияға қатысты білім мен ақпараттың жеткіліксіздігі туған табиғаттың туын көтерткізбейді. Бүгінгі жас буын экологиялық мәселелердің маңыздылығын терең түсінбейді, ал олардың жауапсыздығы болашақ ұрпаққа үлкен қауіп төндіргелі тұр. Оқырманға түсінікті тілмен айтсақ, біз табиғатты қадірлеп, оның заңдылықтарын бұзбай өмір сүруіміз керек екенін білмей жүрміз. Қоқысты сұрыптап жинау, суды үнемдеу, жасыл желектерді қорғау тіпті көшеге түкіріп, жолды ластамау секілді қарапайым әрекеттер біздің экомәдениетімізді көрсетеді. Экомәдениет деп әспеттемей-ақ қояйық, адамгершілігіміздің айғағы емес пе?!
Осы тұрғыдан айтатын тағы бір нәрсе, қоғамда экотазалық психологиясы қалыптаспай тұр. Көшеде сатып алынған заттың қалдықтары мен сыртқы целлофандары үнемі қоқыс жәшігінің сыртында желмен олай да, бұлай да ұшып жүреді. Бұл көрініске тіпті көзіміз үйреніп барады. Бірақ, мұны өзімізге теріс қылық етіп қабылдауға тиіспіз. Шынын айтсақ, біздің қоғамда экомәдениетті насихаттаудың жеткіліксіздігі – аксиома. Экологиялық мәдениет ұғымын сіңіру тек мектептерде ғана емес, отбасында, күнделікті өмірде де жүзеге асырылса, тазалыққа құмар буын тәлім алса, еліміз ғана емес, руханиятымыз да тазарар ма еді. Ол үшін сананы өзгерту керек емес, оны жетілдіксек те жеткілікті.
МҰНАРА
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!