Алдағы үш тәулікте Қазақстан аумағында күн райы құбылмалы болып, кей өңірлерде жаңбыр, ылғалды қар және түнгі үсік күтіледі, деп хабарлайды Қазгидромет.
Синоптиктердің мәліметінше, орталығы Қазан қаласы маңында орналасқан циклон ойысы ел аумағы арқылы жылжып өтеді. Соның әсерінен республика бойынша тұрақсыз күн райы қалыптасады. Көптеген өңірде найзағайлы жаңбыр жауса, солтүстік аймақтарда жауын-шашын жаңбыр мен ылғалды қар түрінде түсуі мүмкін. Кей жерде бұршақ жауып, жел күшейіп, екпіні қатты болуы ықтимал.
Сонымен қатар, түнгі және таңғы уақытта тұман түсуі болжанып отыр.
Мамандардың нақтылауынша, 26 сәуірде батыс пен солтүстік-батыста, ал 27 сәуірде солтүстік, шығыс және орталық өңірлерде түнде ауа температурасы -2 градусқа дейін төмендеп, үсік жүруі мүмкін. Күндіз температураның төмендеуі күтіледі: солтүстікте +10…+15 градус, орталықта +10…+18, шығыста +7…+20, ал оңтүстікте +15…+25 градус шамасында болады. Батыс өңірлерде, керісінше, ауа температурасы біртіндеп +7…+15 градустан +15…+20 градусқа дейін көтеріледі.
Фото: КазТАГ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!