12 тамыз – Халықаралық жастар күніне арналған «Жастармен бірге» атты онкүндігі «OPEN AIR» жастар фестивалімен қорытыланды.
«Қазір елімізде жастар саясатына қатысты барлық мүмкіндік қарастырылған. Оның бір дәлелі – Мемлекеттік жастар саясаты туралы Заңға өзгерістер енгізіліп, жастар санаты 35 жасқа дейін ұзартылды. Сондай-ақ, жергілікті мемлекеттік органдарды бағалау көрсеткішіне «Жастардың даму индексі» қосылды». Бұл туралы Халықаралық жастар күніне орай өткен мерекелік іс-шарада облыс әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов айтып өтті.
Іс-шарада облыс әкімінің орынбасары қоғамның қозғаушы – жастарды мерекемен құттықтап, жылы лебізін білдірді.
«Президентіміздің, Үкіметтің, облыс әкімінің қолдауымен аймақ жастарының әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған жобалар жүзеге асырылып келеді. Қазіргі таңдағы өзекті мәселелердің бірі – өңір жастарын қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін аймақта алғаш рет «Сыр жастары» өңірлік тұрғын үй бағдарламасы» қабылданды.
Нәтижесінде жыл басында 60 жас отбасы қоныс тойын тойласа, жақын күндері 40 жас отбасыға пәтер кілттері табысталмақ. Биылғы жылы білімді жастарымызды қолдау мақсатында дәстүрге айналған аймаққа қажетті мамандықтар бойынша облыс әкімінің 100 гранты тағайындалды.
Жастардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдау, оларға кәсіппен шұғылдануға қолайлы жағдай қалыптастыру мақсатында қаржылық қолдау бағдарламасы арқылы несие портфелі 3,7 млрд. теңге болатын жас кәсіпкерлердің 130 жобасы субсидияланды.
2,1 млрд. теңгеге жас кәсіпкерлердің 115 жобасы бойынша кепілдік шарты жасалса, «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы жас кәсіпкерлердің 48 жобасы қаржыландырылды. 100 мың жасты жұмыспен қамту тапсырмасына сәйкес биыл аймағымызда 6 мыңға жуық жас жұмыспен қамтылады.
Бүгінде облыс көлемінде NEET санатындағы жастардың үлесін төмендетуге барынша күш-жігер жұмсалуда. Осы мақсатта арнайы Жол картасы қабылданады. Жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру және мәдени-рухани дамуына барлық жағдай жасалуда.
Соңғы екі жылдың өзінде көптеген әлеуметтік нысандар бой көтерді. Талантты жастарымызды қолдау мақсатында мың орындық «Өнер орталығы» салынса, қала және аудандарда 171 мәдениет үйі жанында «Адал адам» мәдени-рухани орталықтары өз жұмыстарын бастап кетті.
Осы игі бастамалардың жалғасы ретінде биылғы жылы 7 ауданда «Руханият» орталықтары, музыкалық колледж, инновациялық шығармашылық орталығы, «Оқушылар сарайының» құрылысы жүруде. Жас отбасыларға отбасы құндылығын насихаттау, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, «отбасы», «шаңырақ» ұғымының қадір-қасиетін түсіндіру мақсатында «Отбасы орталығы» және балауса бойжеткен қыз баладан ардақты асыл әжеге дейін бас қосатын тал бесік – тәрбие мектебіне айналған «Анаға тағзым орталығы» өз қызметін жүзеге асыруда.
Байрақты бәсекелерде көк тумызды желбіретер болашақ чемпион жастарымыз үшін заманауи 10 мың орындық стадион, үстел теннисі орталығының құрылысы басталса, алдағы уақытта көп функционалды «Қызылорда арена» кешенін салу жоспарлануда.
Жалпы былтырдың өзінде 9 спорт кешені қолданысқа беріліп, биыл 15 кешеннің құрылыс жұмыстары жүргізілмек. Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында өңірімізде 21 мектеп салынады. Осының барлығы жастарымыздың игіліктері үшін!», – деді өз сөзінде облыс әкімінің орынбасары.
Мерекелік іс-шара барысында Шахмардан Асқарұлы 4 жасқа ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің, 10 жасқа облыс әкімінің алғыс хатын табыстап, «Тәуелсіздік ұрпақтары» облыстық сайысының 5 жеңімпазын марапаттады. Биыл Халықаралық жастар күні «Жастармен бірге» ұлттық онкүндік ретінде қала, аудандарда атап өтілуде.
Әр күн белгілі бір тақырыпқа арналып, онкүндік аясында аймақта «Мүмкіндіктер алаңы» шарасы, «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы, спорттық шаралар, «Дені сау жас – ел болашағы» атты медициналық кеңес беру, «Адал азамат» бейресми кездесулері, «Игі істер марафоны» қайырымдылық акциясы, «Түнгі кітапхана», «Ziyatker quest» интеллектуалды сайысы, «Донор бол» акциясы, «Аспан синема» шарасы өткізілді.
Жалпы осы бағытта облыс бойынша 385 шара ұйымдастырылса, онда 50 мыңға жуық жастар қамтылған.
Бүгінгі 3 мың жастың қатысуымен «Жастармен бірге» атты онкүндіктің қорытынды іс-шарасы «Ilhan» және «Baha» секілді еліміздің танымал өнер жұлдыздарының және белгілі шоумендер Нұрлыбек пен Ақылбектің қатысумен өтті.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!