Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жібек жолы ауылында не болды?

19.07.2024, 17:20 584

HALYQLINE.KZ

Түркістан облысы Сарыағаш ауданы Жібек жолы ауылында 11 сынып оқушысы «14 жасар қызды зорламақ болды» деген сыбыс тарағаннан кейін көшеге шыққан ашулы адамдар екі үйге басып кірмек болған. Оқиға салдарынан бірнеше адам зардап шегіп, үйдің, көліктің терезелері сынған деген ақпарат бар. Полиция оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғады. Екі адам қамауға алынған. Қазір ауылдың кіреберісін қарулы полиция күзетіп тұр.

19 шілде күні Жібек жолы ауылына барған Азаттық тілшісі елді мекеннің кіреберісін автомат асынған полиция күзетіп тұрғанын көрді. Ауыл күнделікті тірлігіне көшкенімен, көшенің әр тұсына қойылған полиция көліктері мен автобустар, шағылған терезелер бірнеше күн бұрын болған «ойраннан» хабар бергендей. Азаттық тілшісі сөзге тартқан тұрғындар ашылып сөйлеспеді. Олардың сөзіне қарағанда, ауылда интернет байланысы қалпына келгеніне бір күн болған.

«Шабуылға ұшыраған» деген үйдің маңында арнайы қондырғысы бар көлік тұр.

Ауыл халқын дүр сілкіндірген оқиға 14 шілде сағат 00:00-ден асқанда болған. Әлеуметтік желіде «11 сынып оқушысы 14 жасар қызды зорламақ болып, қоқан-лоқы көрсеткен» деген ақпарат тарағаннан кейін ашулы адамдар тобы күдікке ілінген жасөспірім ер бала тұратын үйдің қасына жиналған.

Ақпаратқа қарағанда, олардың кейбірінің қолында тас, ағаш сияқты заттар болған. Ашулы топ әлгі үйдің маңындағы көліктердің сыртына тас лақтырып, терезелерін сындырған. Аулаға қарай тас атқан.

Ауыл тұрғындары оқиға салдарынан бірнеше адам зардап шеккенін: кейбірінің аяғы, кейбірінің мұрны сынғанын айтады. Алайда ауыл әкімдігі «ешкім зардап шеккен жоқ» деп отыр.

Әлеуметтік желіде Жібек жолы ауылында болған оқиға деп сипатталған видеолар тарады. Түн мезгілінде түсірілген бір видеода ер адамдардың ашулы күйде бір-біріне орындық лақтырып жатқаны көрінеді, бұл – ауылға полиция келгенге дейін болған оқиғаға ұқсайды.

Ал енді бір видеода көшеде айғайлап тұрған ер адамдарды полиция формасындағы және полиция арнайы жасағының киіміне ұқсас киім киген қызметкерлер таратуға әрекет жасап жатқаны байқалады. Жай киім киген кейбір адамның үстіндегі көйлегі жыртылып, қанға ұқсас қызыл дақ түскені көрінеді. Тағы бір видеода үйдің қасында тұрған жеңіл көліктердің терезесінің сау-тамтығы қалмаған. Бұл видеоларды кім, қашан түсіргенін анықтау мүмкін болмады.

Азаттық тілшісі сөйлескен, аты-жөнін атауды қаламаған тұрғындар оқиға болған түні көшеге жүздеген адам шықты деп айтты. Алайда ауыл әкімдігі «елу шақты адам ғана болған» дейді.

Бірнеше сағаттан кейін ауылға полиция күштері келіп, ашулы топты таратқан. Ауылға полиция күзеті қойылып, интернет өшірілген.

Осы оқиғадан соң, Сарыағаш аудандық сотының мәліметінше, «Зорлау», «Қылмысқа оқталу» күдігімен 16 жастағы жасөспірім қамалған. Одан бөлек, «Бұзақылық» бабымен 19 жастағы жігіт қамауға алынған. Сот ол екеуін он күнге қамауға санкция берген.

Азаттыққа жеткен ақпаратқа қарағанда, 16 жастағы жасөспірім осы ауылдың 14 жасар қыздың «қолынан тартып, күштеп таныспақ болған». «Қыз танысудан бас тартқан кезде ол қоқан-лоқы жасаған». 14 шілдедегі түнгі оқиғаға осы жайт түрткі болған деп айтылады.

Жұма күні Азаттық тілшісі «үйі бүлінген» отбасымен сөйлесуге талпынып көрді, алайда олар қауіпсіздігіне алаңдайтынын айтып, сұхбат беруге келіспеді. Олар Әзербайжанның Қазақстандағы елшілігіне хабарласып, өздерін ауылдан көшіріп алуды өтінген. Ауласына тас лақтырылған екінші үйдің адамдары да сұхбат беруден бас тартты.

Шамамен 11 мың тұрғыны бар Жібек жолы ауылында, ресми мәлімет бойынша, 17 түрлі диаспораның өкілдері тұрады.

Былтыр Жібек жолы ауылында ойнап жүрген бес жасар қыз бала жоғалып кетіп, артынан көрші үйден өлі табылған. Бүлдіршіннің денесінде зорлық-зомбылық іздері қалғаны туралы суық хабар ауылды дүр сілкіндірді. Ашу-ызаға булыққан жұрт күдіктіні өздеріне беруді талап етіп жиналған. Сол жолы да ауылға полиция кіргізіліп, интернет байланысы ажыратылған-ды.

Басқа қылмысы үшін бостандығы шектелген 48 жастағы ер адам қыз баланы зорлап, өлтіргенін мойындаған. Кейін сот оны «Адам өлтіру» және «Сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері» бабымен кінәлі деп тауып, өмір бойына түрме жазасын кесті. Ол осы қылмысқа дейін бас бостандығы шектелген кезде оның жүріс-тұрысын дұрыс бақыламай, «қызметіне салғырттық танытты» деп танылған пробация қызметкері екі жылға сотталды.

Дереккөз: azattyq.org

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: