Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

ҚЫСЫМ мен ҚЫЛМЫС: бала қауіпсіздігіне кепіл бар ма?

18.07.2024, 11:00 675

Бүгінде әлсізге әлімжеттік көрсетіп, жұдырық ала жүгіру белең алды. Әсіресе  балаға қатысты зорлық-зомбылық оқиғалары жаға ұстататыны жасырын емес. Мәселен, 2022 жылы 719 кәмелетке толмағандар жыныстық қолсұғушылыққа қарсы қылмыстардың құрбаны болған. Қоғамдағы өзекті мәселенің бірі – балалар мен жасөспірімдер арасындағы аутоагрессивті мінез-құлық пен суицид. Бұл бойынша өткен жылы 95 факт тіркелген. 2023 жылға арналған Wisevoter есебінің дерегіне сүйенсек, Қазақстан суицид статистикасы бойынша 178 елдің ішінде 19-ыншы, балалық шақтың қорғалуы бойынша елдер рейтингінде 180-нен 50-орынға жайғасқан. Енді кешенді жоспарлар бекітілуде. Бұл құжат бала құқығын қаншалықты қорғамақ? Ал оның психологиялық күйіне кім жауапты?

КРИМИНОГЕНДІК  ЖАҒДАЙ  КҮРДЕЛІ

Қазақстан Үкіметі 2023 жылғы 31 тамыздағы қау­лысымен балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу және олардың құқықтары мен әл-ауқатын қамтамасыз ету жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарды бекіткен болатын. Құжатта қылмыстың көбейгені және Ішкі істер орган­дарының есебінде 6 мыңға жуық қолайсыз отбасы тұрғаны жазылған. Осы тұста жүйелік проблемалар да қылаң береді. Яғни қолайсыз отбасылармен жұмыс­тың жеткіліксіз болуы, көптеген білім беру ұйым­дарында арнайы штаттың болмауына байланысты әлеуметтік педагогтің жұмыс нәтижесі төмен және балаларға қатысты зорлық-зомбылық жағдайларына мемлекеттік органдардың ден қою алгоритмі мен әлеует­ті зорлаушылардың мінез-құлқын түзету жөніндегі шаралар кешені жоқ. Сондықтан болар, баланың психоэмоционалды жағдайын бақылайтын мамандардың  біліктілігін  арттыру  назарда  тұр.

– Балаларға қатысты жантүршігерлік қылмыстар жиілеп кетті. Мұндай оқиғалар мектепте, көшеде, тіпті, үйде болып жатыр. Сорақы жағдайлар оқушылардың  өзіне  қол жұмсауына себепкер болып отыр.

Тіпті ата-аналардың өздері баласына қорлық көрсетіп, оның арты қайғылы жағдайға ұласып жатады. Отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу жұмысы әлсіз. Жауапты мекемелер мен құқық қорғау орган­дарының қызметі ойдағыдай нәтиже берген жоқ. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу саясатын қайта қарауымыз  керек, – деді  Мемлекет  басшысы.

Расымен бала қысымды емес, қорғауды қажет етеді. Қай ортада да, қай орында да қауіпсіздікті қадағалау маңызды. Өйткені отбасында күңкілмен күш көрсетіп, тәртібін түзеймін деп артық кеткендер жоқ емес. ЮНИСЕФ және адам құқықтары жөніндегі өкілдіктің Қазақстандағы 2016 жылғы зерттеуіне сүйен­сек, ересектер­дің 75%-ы баласын тәртіпке салу­да күш қолдана­ды екен. Тіпті 14 жасқа дейінгі балалардың 53%-ы отбасында психологиялық агрессияның  куәсі  болған.

«БАЛАЛЫҚ  ШАҚТА  КӨРГЕН  ЖӘБІР  ҰМЫТЫЛМАЙДЫ»

Зорлық-зомбылық тек күш көрсетумен шектелмейді. Буллингтің өзі баланы суицидке сүйрелейтінін мойын­дауымыз керек. Әрбір бесінші жеткіншек буллингтің құрбаны болады десек, әлем бойынша жылына 1 млрд-қа жуық кәмелет­ке толмаған бала эмоционалдық, сексуалдық, физикалық зорлық-зомбылыққа  ұшыраған.

– Былтыр Оқу-ағарту министрлігі­мен бірге Қазақстандағы балалардың онлайн қауіпсіздігі бойынша зерттеу жүргіздік. Қазақстанда да балалар ерте жастан интернетке жылдам қосыла алат­ынын көрдік. Зерттеуге сүйенетін болсақ, интернетке қосылатын балалардың 49 пайызы – 5 пен 8 жас аралығында. Ал 5 пайыз бала одан да ерте, яғни 4 жас­қа дейін интернетке қосылады. Сондықтан, осы мәселеге назар аударғым келеді. Бірақ, интернет ең алдымен балалардың дамуына, білім алуы мен шығармашылығына және әлеуметтік бейімделуіне мүмкіндік береді. Мұны біле отырып, оның қаупі де бар екенін түсінуіміз керек. Зерттеу бойынша балалардың 21%-ы кибербуллингтің түрлі формасына тап болған және ол балалардың жартысы ғана үлкендерге бұл туралы айтқан. Сондықтан, ата-аналар бала интернетте қандай қауіппен кездесуі мүмкін екенін толық түсіне бермеуі мүмкін. Ол отбасында ересек адам мен бала арасында сенім қалыптаспағанын көрсетуі мүмкін, – дейді ЮНИСЕФ-тің балалық шақты қорғау бағдарламаларының жетекшісі  Айсұлу  Бекмұса.

Бұл санаға салмақ ғана түсірмей, саулыққа кері әсер етіп, қоғаммен байланысып, қарым-қатынас құруына кедергі келтіреді. Буллингтің білім беру ұйымдарында да болатынын ескерсек, оқушыларға психологиялық көмек көрсетілгені ләзім. Әсіресе бейнебақылау орнатылып, дабыл түймелерінің тұрақты түрде іске қосылғаны маңызды. Өйткені топтық төбелес пен кикілжіңнің кесірінен  ушыққан  жағдай  аз  емес.

Мамандар жәбірлеудің негізгі түрлеріне тоқталады. Оның біріне физика­лық тұрғыда баланың денсаулығына зиян тигізіп, ақыры ажалмен аяқталатындай жарақаттау жатады. Ұрып-соғудан ми шайқалуға дейінгі азаптау мен түрлі соққы түрткі. Мұның эмоционалды жәбірлеуге де қатысы бар. Сондай-­ақ ата-ананың бала қажеттілігіне мән бермеуінің де салдары жоқ деп айта алмаймыз. Баланың өсіп-жетілуіне, эмоционалдық және интеллектуалдық қабілетін шыңдауға көмектесетін қажеттіліктерін қамтамасыз етуге ата-ананың құлық­сыздығы немесе қабілетсіздігінен туындайды. Бұл отбасының материалдық жағдайына қатысты. Десек те кей ата-ана баланың өзіне тәуелді болғанын қалап, соған сәйкес өзінің ата-аналық құқығын асыра пайдаланады. ЮНИСЕФ ДДСҰ басшылығы, ұйымның өзі және өзге де серіктестері бірігіп зорлық-зомбылық түрінен сақтанудың тәсілін қарас­тырған еді. Оның алғашқысы халықтың санасын өзгертіп, тәрбие беру мен қарым-қатынас кезінде күш қолдануға, жәбір көрсетуге болмайтынын ескерту болды. Сонымен қатар мектептегі ортаның қауіпсіздігі мен қолайлы болуы қарастырылып, балаларды жәбірлеуге заңмен тыйым салу керек сынды бірнеше ұсыныс айтылған.

Өткен жылы өңірімізде балалардың құқықтары мен мүдделерінің бұзылуын алдын алу бағытында аудандық, қалалық комиссия отырыстарында кәмелетке толмағандарға қатысты  242 жасөспірімнің жағдайы қаралған. Оның ішінде, көмекке мұқтаж 126 бала құзырлы органдардың ұсынымдары, білім беру ұйымдары және ата-аналар өтініштері, сондай-ақ, қамқоршылық/қорғаншылық орган­дардың ұсыныстарымен тыңдалған. Оның ішінде, 34 балаға (1-еуі облыстық кәмелетке толмағандарды бейімдеу орта­лығы, 21-і кешкі мектеп, 2-еуі мектеп жанындағы интернат, 1-еуі «Атамекен» отбасы үлгісіндегі балалар ауылы, 5-еуі девиантты мінез-құлықты балаларға арналған интер­натына, 4 баланы тәрбиеге беру) орналастыру ұсыныстары берілген. 6 бала қиын жағдайда қалу, әлеуметтік қажеттіліктер бойынша көмектер сұрау­мен, 38  бала құқықбұзушылық және 5 бала суицидке, 24 бала ата-аналарды құқықтарынан шектеу және айыру, 134 бала  басқа да  мәселелермен  қарал­ған.

ЖАҢА ЗАҢ:  БАЛА  ҚҰҚЫҒЫ ҚАЛАЙ  ҚОРҒАЛМАҚ?

Президент Қасым-Жомарт То­қаев әйелдер құқықтары мен балалардың қауіпсіздігіне қатысты екі маңызды құжатқа қол қойды. Елдің есін шығарған зорлық-зомбылық көрінісі енді едәуір азаяды деген үміт бар. Өйткені, жаңа заң бойынша жауапкершілік күшейді, жаза да қатаң. Қылмыстық кодексте кәмелетке толмағандарға қарсы денсаулыққа зиян келтіруден бастап ұрлау мен өлтіруге дейінгі қылмыстардың тізбесі жүйеленген. Енді ешкім де жалтара алмайды. Қолымен жасағанын мойнымен көтереді. Кәмелетке толмағандарды өлтіргені, зорлағаны, кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру түрінде жаза қарастырылған. Ал балаларды ұрлағаны үшін 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Бұрын  бұл тек 7 жылдан 12 жылға дейінгі  мерзімді  қамтитын.

Бала қауіпсіздігінің жан-жақты бақылауда болғаны маңызды. Себебі, білім ұясында да бала тарапына жасалатын қорлауды ескеру керек. Қорқытып-үркіту арқылы үрейін туғызу да бала психологиясына оңай тимейді. Соның салдарынан бала тұйықталып әрі жасық болып, ата-анаға ойын ашық айтудан қашқақтап, іштен тынуына түрткі болады. Сондықтан, мектеп қабырғасындағы кибербуллингпен  күрес қажет-ақ. Бұл жағын да жаңа заң тыс қалдырмаған. Осылайша, кәмелетке толмағанды қорлау бойынша әкімшілік жауапкершілік алғаш рет енгізілді. Бұл әрекет үшін ескерту немесе 10 АЕК мөлшерінде айып­пұл қарастырылған. Қайта қорқыту үшін 30 АЕК (110 760 теңге) түрінде айып­пұл  көзделген. Егер мұндай  әрекетті 12 жастан 16 жасқа дейінгі кәмелетке толмағандар жасаса – ескерту жасауға және ата-анасына немесе оларды алмас­тыратын адамдарға 10 АЕК айыппұл салуға әкеп соғады. Қысқасы, бұл қатарластарын қорқытатын балалардың ата-аналарына да жауапкершілік жүктейді. Олардың балаларының тәрбиесі мен тәртібіне ыждағатпен қарауына негіз.

Иә, жантүршігерлік оқиғалар аз емес. Соның бірі – суицид. Ересектермен қатар  жасөспірімдер де, тіпті кәмелет жасқа толмғандар  да  өзін  өлтіруге  бе­йім. Әрине,  оған біз  біле  бермейтін себеп көп. Әркімнің өз шындығы бар. Бірақ, суицид­ке итермелеу – нағыз қылмыс. Бұрын өз-өзіне қол жұмсауға итермелегені үшін қылмыстық жауапкершілік көзделген болатын. Енді жаңа заң бо­йынша өзін-өзі өлтіруге итермелеу және жәрдемдесу үшін жауапкершілік қарас­тырылады. Кәмелетке толмағандарға қатысты мұндай әрекеттер 5 жылдан 9 жылға дейін бас бостандығынан айыруға әкеп соғады. Бұл суицидтің алдын  алып, кінәлілердің тайраңдап жүруіне  қатаң  тыйым  болмақ.

«ҰЛТТЫҚ  ҚОР – БАЛАЛАРҒА» ЖОБАСЫНЫҢ  ҰТЫМДЫЛЫҒЫ  НЕДЕ?

Елімізде 7 млн-ға жуық бала бар. Демек олардың болашағына бейжай қарамау қажет. Осы ретте Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2024 жылдан бастап «Ұлттық қор – балаларға» жобасы іске қосылды. Жоба шеңберінде Ұлттық  қордың инвестициялық табысының 50%-ы барлық бала арасында бөлінетін болады. Кәмелетке толғаннан кейін қаража­тты білім алуға немесе тұрғын үй сатып алуға пайдалану мүмкіндігі бар. Тіпті жинақтау шотына тиісті төлемдер түскен. Әр балаға 100,52 доллар төленді. Бағдарламаға  6 919 131 бала қатысып жатыр.

Иә, мемлекет бар баланы қанатының астына алып, көшеде, үйде және мектепте қауіпті жағдайдан қорғауға белсене кіріскен секілді. Мұны Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанованың  сөзі  қуаттай­ды.

– Сондықтан балалар объектілерінде бұрын-соңды болмаған кешенді қауіп­сіздік шаралары жүзеге асырылуда. Мемлекет­тік білім беру ұйымдарының 100%-ы бейнебақылау жүйелерімен қамтылған, жедел қызмет өкілдерімен байланысқа қосылған, лицензияланған күзетпен қамтылған, дабыл түймелері­мен жабдықталған. Министрлік үшін білім беру ұйымындағы қауіпсіз орта тек техникалық қауіпсіздік құралдарымен шектеліп қоймай, баланың эмоционалдық әл-ауқатын да қамтиды. Достық, жауаптылық және өзара сыйластық дағдылары мен мектепте оң қарым-қатынастарды қалыптастыру үшін білім беру ұйымдарында «ДосболLike» акциясы өткізіл­ді. Акцияның  жалғасы   еліміздің 8 өңірінің 50 мектебінде «ДосболLike» буллингке қарсы бағдарламасын пилоттау болмақ. Сондай-ақ, Мемлекет басшысының тапсырмалары  аясында ЖП ХҒҰ-мен  бірлесіп  «Менің   бауырым»  волонтерлік  жобасына  старт  берді. Жоба арқылы балалар дұрыс қарым-қаты­нас орнатуға, әртүрлі жағдайды шешу үшін достық  тілін  табуға  үйренеді, – дейді  ол.

ТҮЙІН. Бала құқығын қорғауда қаулы қауқарлы болса игі. Ал жарлықты жамбасқа басып, заңнан аттағанның жазасы барын ұмытпаған жөн. Осы орайда балаға көрсетілетін қысым мен қылмыс азаяды деген сенімдеміз.

Яра АХМЕТ

Фото: egemen.kz

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: