Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Анаға тағзым» талдысулық жеткіншектерді қуантты

18.07.2024, 10:00 328

Жаздың келуін балалардың не үшін жақсы көретіні белгілі. Тоғыз айлық сабақтан кейін қай жасөспірім болсын тынығып, жайма-шуақ жаз айында асыр салып ойнап, уақытын көңілді өткізгісі келеді. Осы тұста балалардың бос уақытын тиімді етуде үлкен рөл атқаратын лагерьлер жұмысын назардан тыс қалдыруға болмайды. Лагерь – балалардың жазғы демалысын жөнді өткізу үшін таптырмас орын. Себебі, мұнда балалар тек қана топтық жұмыс пен уақытылы режимді емес, бәсекеге бейімділікке, саламатты өмір салтын ұстануға, ұлттық салт-дәстүрлер мен ойындарды құрметтеуге дағдыланады. Лагерьде көбіне ортасына ашыла қоймайтын тұйық баланың аздаған уақытта қағылезденіп, ашыла түскен сәттері көп кездеседі. Ал, керісінше сотқарлау келген тәкаппар балалар жіп тыйылып, өзінен әлсіздерге құрметі артып, бұзықтықты азайтқанын да көзбен көріп жүрміз. Балаға тәрбие беру – лагерьдің басты мақсаты.

«Анаға тағзым» орталығы ашылғалы бері ілкімді істердің жоба­сын бастап, жүзеге асырумен келеді. Университет, колледж, мектеп қабыр­ғасында жүргеннен-ақ бойжеткендерге психологиялық көмек беріп, шығармашылығын шыңдаған орталық жазда да тыным таппақ емес. Олар бұл жолы өңірдегі бар лагерьді аралап, мектептен тыс демалып жатқан балалардың рухани-мәдени баюына, бір-бірімен етене араласып, қоғаммен байланысуына мұрындық болды. Дәлірек айтқанда, «Даму LIFT» жобасы аясын­да лагерьлерді аралап, шеберлік сағаттарын жүргізді. Басты мақсат – өскелең ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіре отырып, рухани-адамгершілік тәрбие беру. Сондай-ақ, әдептілік әліппесін, дастарқан әдебін және ата-бабадан мирас  болып   қалған қолөнерді бүгінгінің  балаларына  дәріптеу. Көшпелі жобаның барысында «Анаға тағзым» қызметкерлері айдынды Арал өңірінен бастап қарт Қаратауға дейін біршама шақырымды  игеріп, балалардың жарты күнінің пайдалы  өтуіне септігін тигіз­ді. Шілде айының 11-і күні  көштің соңы «Талдысу» лагеріне аттанған ұжымның игі бастамасын ақпараттандыру мақсатында облыс­тық білім басқармасы мен мәдениет, архивтер және құжат­тама басқармасының ұйым­дастыруымен бір топ БАҚ  өкілінің  де Жаңақорғанға  жолы  түсті.

– «Даму LIFT» жобасы – білім басқармасымен  бірлескен  «Анаға тағзым»  орталығының   төл  жобасы. Аталған жоба жыл бедерінде жүзеге асып жатыр. Осы алты ай көлемінде жоғары оқу орындары, мектеп, кәсіптік колледж оқушы-студенттерімен біршама жұмыс атқардық. Жалпы 2800 оқушы, 1500 студентті қамтып отырмыз. Осы бір апта көлемінде  Аралдан  бастаған  сапа­ры­мыз  Жаңақорғанда орналасқан «Талдысу»  лагеріне  де  келіп жетті, – дейді «Анаға тағзым» орталығы дирек­торының орынбасары  Жанар  Сағындықова.

Сыйымдылығы 300 адамға татитын лагерьдің негізі 2010 жылы қаланған. Айта кетейік, орталық биыл жазғы тынығу маусымында 2100 баланы қамтуды жоспарлаған. «Талдысу» жалпы Сыр өңіріндегі ең көлемді лагерь болып саналады. Лагерь тек балаларды тынықтыру жұмысымен ғана емес, сонымен қатар, оқушыларды пәндік олимпиадаға дайын­даумен де айналысады. Жатақ­ханалары  2 қабаттық типтік жобадағы 4 корпустан тұрады. Әр корпус 80 адамға арналған жатын орын, екі демалыс бөлмесі, тәрбие­шілер бөлмесі, себезгі және ванна­мен қамтылған. Жазғы лагерь­де оқушылар сарайы жұмыс істейді. Мұнда көрме залы, кітап­хана, тәр­биешілер бөлмесі, оқу залы, сон­дай-ақ, жас кітапханашылар, шахмат, домбыра, қолөнер, сурет, робото­техника, үстел теннисі, ән, би секілді үйірмелер  бар. Тынығу орталығы 160 орындық асхана және жазғы клубпен  қамтамасыз  етілген.

Шеберлік сағатының басы ораторлық қабілетті арттырумен басталды. Бәріміз білетіндей, қазақ халқы дау-дамайды әрқашан ымыраға келу­мен шешкен тапқыр әрі шешен болған. Алаш қозғалысы өкілдерінің өзі ең алдымен көшбасшылық қабілет­ке екпін қойғаны бесенеден белгілі. Оқушы кезінен облыс­тық, республикалық дебат турнирлерінің бірнеше мәрте жеңімпазы атанған, бүгінде «Анаға тағзым» орталығының қызметкері Айжан Орынбасар бүлдіршіндерді топ-топқа бөліп, ойын ойнатты. Сонымен қатар, балалардың пси­хологиялық тұрақтылығы да назардан тыс қалмады. Аталған орталықтың психо­лог маманы Аруна Ергеш бұған дейін біршама оқушы-студентпен кері байланыс жасап, тағылымдама өткізген. Ол «Талдысу» лагерінің балғындарына «Достық торы» терапиялық  жаттығуын  жасатты.

– Біз «Даму LIFT» жобасы аясында мектеп оқушыларымен кездесу өткізу­ді місе тұтқанбыз. Қала оқушыларымен тренинг, тимбилдингтер ұйымдастыратын едік. Десек те, ауыл балалары мұндай мүмкіндікті пайдалана алмай қалып жататыны белгілі. Сол себепті, тура жазғы демалыс кезінде аудан аралап, ауыл балала­рына кеңес  беруді ұйғардық. Бұл тренингім достық қарым-­қатынасты нығайтуға негізделген. Қазір балалар арасында бәсекелестік қатты орныққан. Сондықтан, біз бұл жолы дос­тыққа екпін қоюды жөн көрдік. Қазір бір тренингтің өзінде қырыққа  жуық баланы қамтып отыр­мыз. Бүгін­де көп баланы тежейтін  нәрсе ол – тұйық­тық, араласа алмау, буллингке ұшырау мәселесі. Бір-бірімен тіл табыса алмайтындар көп. «Достық торы» аталатын бұл ойынның балаларға психологиялық пайдасы орасан  зор, – дейді Аруна  Ергеш.

Орталық мамандары лагерь бала­ларының креативті индустрияның құрылымымен ерте танысуына да  түрткі болды. Оқушылар тәлімгерлерінен кәсіптің кілтін табу­дың әліппесімен танысты. Нақтырақ айтқанда, лимонад дайындап, гипс­пен әшекей-құрал жасаудың тәсілдерін үйренді. Балаларды қолөнерге шыңдаған – «Мирас» клубының жетекшісі Ақмарал Ибайдуллақызы. Ол өз кезегінде гипспен жұмыс істеудің бала санасына қалай әсер ететініне  тоқталып  өтті.

–       Гипспен жұмыс істеудің өтпелі жастағы балаға әсері мол. Яғни, мұндай қолөнер жұмысымен ерте айна­лысқан баланың сәйкесінше даму процесі де әдеттегіден жоғары, тез болады. Жалпы, лагерьдегі балалардың қолөнерге  құмарлығын  байқау­ға  болады. Жолымыз Қамбаштан басталды. Қамбаштан бері  қарай  әр лагерьде біздің қолөнер, гипспен жұмыс сабақ­тарымызға оқушылар тез қызығып, артынша үйренісіп кетті. Қызығу­шылық  жоғары  деңгейде, – дейді  ол.

Садақ атып, ләңгі тебуге таласқан балалардың саны көп. Топ-топқа бөлінген оқушылар жан-жақтан қау­малап, қашықтыққа садақ атудан, асық атып, ләңгі тебуден жарысты. Әсілінде, ұлттық ойындардың ер бала­лардың ерік-жігерінің өсуіне, онсызда «Z» ұрпағы саналып кеткен, көп уақытын смартфон мен компьютер алдында телміріп өткізген жасөспірімдердің физикалық әлеуе­тіне әкелер пайдасы мол. Орталық мамандары мәдениетті де жадынан шығармаған. Өңірге белгілі жыршы әрі «Анаға тағзым» орталығының көркемдік жетекшісі Феруза Оңталап тынығушыларға домбыраның шығу  тарихы  жөнінде сөз етіп, жыр­дан  шашу  шашты. Бала кезінен домбыраның  құлағында ойнаған жас күйші «Алаш аманаты» күйін орындап, көпшіліктің сүйіспеншілігіне бөленді. «Домбыраға он жасымнан бастап қызықтым. Қазір домбыра үйірмесіне  қатысып келе жатқаныма төрт  жыл уақыт болды. Құрманғазының «Адай», «Балбырауын» секілді  жиырма шақты күй білемін» дейді лагерь  тынығушысы  Әзима  Бабас.

Бұдан бөлек, балалар арт-терапия, яғни сурет салудың қыр-сыры­мен танысты. Сурет салуды жай өнер деп қана емес, адамның психологиялық портреті ретінде тану керек дейді өнертанушылар. Сурет салу адамға ерекше гармония сыйлайтыны, тоқырауда жүргендерге ем болатыны бесенеден белгілі. Осы таным-түсінік төңірегінде «Анаға тағзым» орталығының қызметкері, дизайнер Арайлым Төлеген шеберлік  сағатын  өтті.

– Сурет адамның алға қойған мақсатына, амбициясына жауап береді деген психологиялық зерттеу бар. Сондай-ақ, салған суреті арқылы таңдаған түсі және не салғанына байланысты баланың характерін де анықтауға болады. Оларға шеберлік сағатымда армандарыңдағы кез келген дүниені салыңдар деген тапсырма бердім. Байқауымша, кейбірі материалдық құндылыққа ден қойса, ал біреуі отбасын салған екен. Ал қиялға ерік бергендер мүлде өзге нәрселер салады. Оларға салған суреттері арқылы психологиялық образын айтсам, бәрі күліп «иә, тура өзім» деп таңғалып  жатыр. Бәріміз білетіндей, «Анаға тағзым» – мемлекет басшысы бұйырған креативті индустрияның бірден-бір институты. Сол себепті, балаларды креативті индустрияға арт-терапия арқылы баулуды жөн көрдік, – дейді  Арайлым  Төлеген.

Суретші тынығушылар арасы­нан тәлімгер  Арайлым Шахкерім­нің еңбе­гін ерекше бағалапты. Арайлымның айтуынша, ол өзінің бұрын-соңды сурет салу қабілеті бар екенін білмеген, арт-терапия сабағын­да  байқаған.

– Суреттерім өзіме әрқашан әдемі болып көрінетін. Бірақ бұл талантымды  өзгелер түсінбейтін шығар деп  жасы­рып келдім. Десе де, Арайлым апай сурет  салуға  икемім  бар  екенін  айтты. Тәлімгердің берген психологиялық тестінде ағаш, күн және бұлтты  салдым. Және олардың астына тауды бейнеледім. Арманыңды сал деген тапсырмада арманымдағы көлік пен үйді салдым, – дейді  жас  сурет­шілер  арасынан  оза  шапқан  А.Шахкерім.

Айта кету керек, бір ауысымға жиылған 300 оқушының бәрі ауыл-­аймақтан емес, арасында қаладан келгендер де бар. Соның бірі – Кәусар Тілек. Ол лагерьдегі күнделікті тәрбие сағаттарына және жаңадан танысқан  достарына  дән  риза.

– Қызылорда қаласынан «Талдысу»  лагеріне  келдім. Лагерь маған өте ұнады. Тынығушылар бұрын бір-бірін танымаса да, бірден арала­сып кетті. Бәрі шетінен бауыр­мал. Аз уақытта көптеген жаңа дос тауып үлгердім. Алдағы  әр  жазда  осы  лагерьді таңдайтыныма  сенімдімін, – дейді  ол.

Облыстық олимпиадалар және қосымша білім беру орталығы директоры­ның міндетін атқарушы Нұрлыбек Байымбетов атаулы жобаны жүзеге асырып, тынығушылардың ризашылығына бөленген «Анаға тағзым» орталығы ұжымына алғысын  айтады.

– «Анаға тағзым» орталығы  кезекті  іссапарын біздің «Талдысу» лаге­рінде өткізгеніне қуаныштымыз. Бұл «Даму LIFT» жобасын біраздан бері әлеуметтік желілерден бақылап келдік. Аталған жобаның балаға берер оң әсері өте көп. Оқушылардың қабілетін анықтай отыра, кәсіпке баулу­ға, болашағын айқындауға ықпалы мол. Лагерь қызметкерлері атынан басшылық құрамға, жалпы қызметкерлерге  алғысымды  білдіремін, – деді  ол.

«Анаға тағзымның» жолсапары концерттік іс-шарамен қорытындыланды. Кеш барысында жас бүлдіршіндер қойылған сұрақтарға жауап беріп, тәтті сыйлықтар ұтып алды. Сондай-ақ, көңіл көтеру мақсатында ән айтып, флэшмоб биледі. Жалпы, бір күндік іс-шарада әр санат бо­йынша үздік болып көзге көрінгендер алғыс иеленді. Кеш соңында «Анаға тағзым» орталығының директоры Алтынай Молжанова және лагерь  директоры Нұрлыбек Байым­бетов сөз сөйлеп, жас жеткіншектерге алда­ғы  уақытта  сәттілік  тілеп, ризашылықтарын  білдірді.

Айтілес  ЖАЙШЫЛЫҚ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: