Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Альтернативті медицина: акупунктурада анатомияны білу жеткіліксіз

10.07.2024, 10:00 200

«Тәуіп Хо Жун» сериалын көрмеген адам кемде-кем шығар. Басты кейіпкеріміз де қолға ілігер-ілікпес кішкене иненің күшімен ағзада асқынған ауруды емдеп жазады. Сырқатты сауықтыру үшін денедегі нүктені дәл тауып, бетін бері қаратуға әрекет етеді. Шығыс медицинасы бізде де дамып келеді. Ине терапиясының игілігін көргендер көп. Беттің қисаюын да қалыпқа келтіретін тәсілі талайды таңғалдырған. Емнің бұл түрі елең еткізген соң тәжірибелі маман Жанна Сырапылқызымен әңгімелесуді жөн көрдік.

– Ине терапиясының пайдасы орасан. Жалпы, бұған жүгінетін адам көп пе? Осы уақытқа дейін қанша науқастың дертіне дауа таптыңыз?

– Иә, инемен емдеудің артық­шылығы көп. Сайып келгенде, пышақ астына түсіп, күрделі ота жасату қорқыныш пен күмәнді үдететіні рас. Ал диагнозына қарай инемен емдеу әлдеқайда жеңіл болмақ. Шектен тыс дәрі-дәрмекті қолданудың кері әсері бары белгілі. Ал ине тера­пиясы – отасыз әрі дәрі-дәрмексіз ағзаны қалыпқа келтіретін ем-дом түрі. Жалпы альтернативті медицина – көптеген ауруға дәру, иммунитетті қалыптастыратын жүйе. Қытай, Жапония мен Корея елінде қарқынды дамыған. Дененің әр бөлігінде емдік нүк­телер бар. Соны ескере отырып, ем жүргізу иненің игілігін көруге негіз  болады.

Шығыс медицинасын терең меңгерген адаммын. 30 мыңнан аса науқасты қабылдап, алғысын алдым. Бүгінде инсульт, инфаркт, ми мен жад қызметінің әлсіреуі, жүрек-қан тамырлары, тізе буынымен ауыратын егде жастағы адам көп. Мұндайда әр нүктені дұрыс танып, ем жүргізу асқынған аурудың алдын алады. Өйткені, ине  терапиясы  ағзаға  қауіпсіз.

– Анатомияны меңгермеген маманның акупунктураны игеруі екіталай. Денедегі емдік нүктені дөп баспаса, адам өліп кетуі ықтимал. Осыған  тоқталсаңыз…

– Әлбетте, «ине салудың жөні осы екен» деп көрінген жерге көлбеңдете беру қисынсыз. Емдік нүктені дұрыс тапқанның өзінде терапия  тәсілін тиімді қолдану керек. Ол үшін әр ағза қызметін қапер­де ұстап, айрықша мән берген ләзім. Сондықтан бұл – сақтық пен жауапкершілікті талап ететін мамандық. Мәселен, жұқпалы және тері аурулары бар науқасты инемен емдеуге болмайды. Қанға түсіп кеткен жағдайда ауру асқынып кетеді. Әсіресе, күрделі ағза саналатын бауырға ине салуда бейжай қарамау қажет. Өйткені, ине тереңірек еніп кетсе, тесіп кету қаупі жоғары. Мұның ағзаға кері әсер ететіні айтпаса да түсінікті. Мойын мен жұлынға да ине терең енсе, адамның өліп кетуі мүмкін. Нәрестенің жетілу кезеңінде, туберкулез, сары ауру, қант диабеті жағдайында ине қойылмайды. Ескеру керек шарты мен қағидасы бар.

Тек нүктені айна-қатесіз танып, салыну мөлшерін білсе, денені дендеген дертке дауа табуға әбден болады. Қысқасы, бұл процедураны қолдану науқастың жас ерекшелігіне, диагнозына байланысты.

– Ашығын айту керек, бір инені бірнеше науқасқа қолданса, жұқпалы дерт таралады. Осы қауіп­ті ойлап, жүрексінетіндер жоқ емес. Инені зарарсыздандыру қалай  жүргізіледі?

– Саулыққа  салғырт  қара­мау – басты орында. Әрине, көп­шіліктің ойында күмән, бойында сенімсіздік болуы мүмкін. Дей тұрғанмен, қасаң көзқарасты да жою керек. Науқастың назынан гөрі алғысын арқалағанымыз – бізге де абырой. Талап күшті, тәртіп қатаң. Бәрін бақылауда ұстап, қадағалаймыз. Иненің бәрі дерлік сатып алынады. Сонымен қатар оны бірнеше рет емес, тек бір рет ғана қолданамыз. Яғни бір науқасқа пайдаланған соң, тас­тай­мыз. Сондай-ақ иненің түр-түрі бар. Буын ауруына, бет, жамбас, қуық, омыртқаға салынатын өз өлшемімен инелер бар. Кішкентай бала мен ересек адамға да салынатын ине бөлінеді.

– Кез келген ота немесе емдік шараларда арнайы тыныштандыратын дәрі егеді. Ал, ине терапиясы ауырсынусыз өте ме?

– Ине терапиясы денеге салын­ғанда ауырсынусыз өтеді. Емдеу барысында аллергия мен қанау  болмайды.

«Ауырып ем іздегенше, ауыр­майтын жол ізде» деген тәмсіл көп назарында. Қазір біразы өз ден­саулығына күтіммен қарауды дағды­ға айналдырған. Альтерна­тивті медицинаға сенім артатындар жетерлік. Ауру жас әрі мезгіл таңдамайтын болғандықтан, әп-сәтте сұлап түсуі мүмкін. Сондықтан  асқынбай тұрып амалын тапқан абзал. Компьютер алдында тапжылмай отыратын жұмысбасты адамда бел әрі омырт­қа аурулары жиі кездеседі. Кейде спорттық жаттығуда да белге салмақ түсіп, зақым келеді. Ине салу арқылы бел ауруын  1 аптада  жазып  бергенім бар. Бұдан бөлек сәбидің көз қисықтығы мен құлақтың естімеуін де ине терапиясы бойынша емдеуге мүмкіндік бар. Бір жағынан сынықшы болғандықтан аяқ-қол, иық пен жақ уатылған сүйектерін қайта қалпына  келтіріп  беремін.

– Қазіргі таңда 2-3 айлық курс­ты оқып, «маман» атанатындар жиі  кездеседі.  Бұған  көзқарасыңыз қалай?

– Терапия тек теорияны білумен шектелмейді. Практика жүзінде жылдар бойы жинақ­талған тәжірибе болуы тиіс. Әрі рұқсат куәлігі де кім көрінгенге беріле бермейді. Ине салу тереңдігін меңгеріп, нүктені нақты табатын, диагнозды дәлме-дәл қоюға машықтанған маман ғана жемісті еңбек ететіні анық. Асылында, медицинадан хабары бар, адам тағдырына жеңіл қарамайтын адам ғана саланың салмағын сезінеді. Ал қызығушылықпен курс оқып, ақшаны көздеу алысқа апармайды. Бір айлық курспен тоқтап қалмай, жыл сайын тәжірибе алмасу шеберлікті ұштайды. Яғни, медицинаны кәсіпке айналдырудың  қажеті  жоқ.

– Әңгімеңізге  көп  рақмет!

Сұхбаттасқан

Замира  ҚОНЫСЖАН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: