Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Астанада «Қаңтар ісі» бойынша сотталған қызылордалық Құдайбергеновтің анасына полиция мен әкімдік өкілдері барды

04.07.2024, 10:45 172

HALYQLINE.KZ

«Қаңтар ісі» бойынша ұзақ мерзімге сотталған Қазыбек Құдайбергеновтің Астанада жүрген анасына 3 шілдеде полиция мен әкімдік өкілдері барды. Нұрсұлу Құдайбергенова өткен аптада Қызылордадан келіп, Бас прокуратураға арыз тапсырған.

Нұрсұлу Астанаға туысы Құртқа Бәрімбетовамен бірге келген. Олар Құдайбергеновтің ісін қайта тергеуді талап етіп жүр.

Құдайбергеновтің анасы бүгін, 3 шілдеде жалғыз адамдық пикетке шығып, 2022 жылғы Қаңтар оқиғасына халықаралық тергеу жүргізуге шақырып, Астанаға ШЫҰ саммитіне қатысуға келген БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерришке қайырылмақ болған.

4 шілдеде Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) саммиті өтеді.

Құдайбергенова мен Бәрімбетова Астанада жалға алған пәтеріне полиция қызметкері келген сәтті видеоға түсіріп алған. Өзін Көмеков Ерлан Дәуленұлы деп таныстырған полицей «қазір Астанада [террорлық қауіптің] «сары деңгейі», сол үшін тексеріп жатырмыз» дейді.

Учаскелік полиция қызметкерімен бірге Құдайбергенованың отбасы тұратын Қызылорда қаласының маңындағы Тасбөгет ауылының әкімі мен пәтер иесі, Есіл ауданы әкімдігінің қызметкері, прокуратура өкілі келген.

Айдын Қайруллаев есімді кісі Азаттыққа «Астанада жүрген Қызылорда тұрғындарының мәселесін білуге келгенін» айтты. Ашық дереккөздерге сүйенсек, Қайруллаев биыл мамырда Қызылорда қалалық қоғамдық даму бөлімінің басшысы болып тағайындалған. Ол Астанаға іссапармен келгенін мәлімдеді.

Астанадағы Есіл ауданы әкімдігінің қызметкері «бұл кісілер мемлекеттік органдарға хат тапсырған, осы жерде бос жатпас үшін Қызылорда облысы әкімдігі қызметкерлерімен мәселесін анықтауға келдік» деді.

Құдайбергенова мен Бәрімбетова өткен аптада президент әкімшілігі мен Адам құқығын қорғау жөніндегі уәкілге де барған. Олар Қазыбек Құдайбергеновтің өзі істі қайта тергеуді сұраған, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына жазған хатты тапсырып жүр. Құдайбергеновтің жақындары «президент Тоқаевтың қабылдауына кіргіміз келеді» деген.

* 2022 жылғы 22 қарашада Қызылорда облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 35 жастағы Қазыбек Құдайбергеновке Қылмыстық кодектің «жаппай тәртіпсіздікке қатысу» және «әскери қызметшінің өміріне қасақана қол сұғу» баптары бойынша 17 жыл түрме жазасын кесті. Сот оны Ішкі істер министрлігіне қарайтын Ұлттық ұлан қызметкері Мадияр Қайсаровтың өліміне кінәлі деп тапты.

* Құдайбергеновтің адвокаты мен туыстары оған тағылған айыптарға ешбір дәлел жоғын айтып, сот тергеу долбарына сүйеніп, әділетсіз үкім шығарды деп айтқан.

* Қызылорда облыстық сотының апелляция алқасы былтыр 6 ақпанда Қазыбек Құдайбергеновті толық ақтап, қамаудан босатуды сұраған адвокаттарының шағымын қарай келе, сотталушының жазасын бірнеше айға азайтты.

* Апелляциялық алқа Құдайбергеновке «жаппай тәртіпсіздікке қатысу» бабы бойынша берілген үш жылдық жаза мерзімін рақымшылық заңы бойынша тоғыз айға қысқартып, «әскери қызметшінің өміріне қол сұғу» бабы бойынша 16 жылға қамау жазасын белгіледі.

Дереккөз: azattyq.org

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Суретте: «Қаңтар ісі» бойынша ұзақ мерзімге сотталған Қазыбек Құдайбергеновтің Астанада жүрген туыстарына барған әкімдік пен прокуратура өкілі. Астана, 3 шілде 2024 жыл.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: