Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Өнер мектебінің өшпес өнегесі

13.06.2024, 10:30 266

HALYQLINE.KZ

Өнері өрісті, келбеті келісті Қазалы ауданының мәдениет саласы сан қырлы. Талай таланттың томағасын сыпырып, өнер көгіне қалықтатқан ауданның майталман шәкірттері бүгінде елдің еркесіне, сахна серкесіне айналып үлгерді. Осынау «таланттар ұстаханасына» айналған аудандағы киелі шаңырақтың бірі Қорқыт ата атындағы аудандық өнер мектебі деуге толық негіз бар. Биыл сол қасиетті де қадірлі өнер шаңырағына 60 жыл толып отыр. Аталмыш мерекемен қатар Қазақстан Композиторлар одағының 85 жылдығына орай Қазалы ауданында жуырда дүбірлеген мереке өтті.

Республикалық маңызы бар мәдени іс-шараның ашылу салтанатында жергілікті өнер мектебінің ұжымы керемет концерттік бағдарлама ұсынды. Қазалылықтар аталған іс-шараға алыс-жақыннан келген қонақтарды қошеметпен қарсы алып, ерекше құрмет көрсетті. Фестивальдің ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Дәурен Тілеумбетов сөз сөйлеп, төл өнерімізді өрістетіп жүрген жандарды мерейлі мерекемен құттықтады. Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Бектұр Қали да жиналғандарға ізгі ниетін жеткізді.

Қос күнге созылған фестивальге Қазақстан Композиторлар одағының құрметті төрағасы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ҚР Журналистер одағының мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты, бірнеше опера мен симфониялық шығармалардың авторы Балнұр Қыдырбек, Қазақстан Композиторлар одағының төрағасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры, бірнеше опера мен симфониялық шығармалардың авторы Серікжан Әбдінұров, Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры, дәулескер күйші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, бірнеше аспаптық шығарманың авторы Ермұрат Үсенов, Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, бірнеше опера мен симфониялық шығармалардың авторы Бейбіт Дәлденбай қатысты. Құрметті қонақтар қатарында Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі, ҚР Мәдениет қайраткері, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері, «Құрмет» орденінің иегері, профессор, Қазақ ұлттық консерваториясының «Халық музыкасы» факультетінің деканы Төлепберген Тоқжанов бар. Сондай-ақ Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі, ҚР Мәдениет саласының үздігі, Қазақ ұлттық өнер университетінің өнертану ғылымдарының докторы, скрипка кафедрасының профессоры Дана Жұмабекова, Қазақстан Композиторлар одағының басқарма мүшесі, Батыс Қазақстан облыстық филармониясының Дәулеткерей атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижері, мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты, «ҚР Мәдениет саласының үздігі», «Құрмет» орденінің иегері Еркін Нұрымбетов, Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі, ҚР Мәдениет қайраткері, «Ы.Алтынсарин» белгісінің иегері, Қазақстан Композиторлар одағының Ақтөбе облысы бойынша филиалының жетекшісі Аманжол Исмағұлов сынды музыка өнерінің майталмандары қатысты.

Фестивальдің жалғасы келген меймандардың қатысуымен шеберлік сағатына ұласты. Онда мамандар музыкалық бағыттардың дамуы туралы ойларымен бөлісіп қоймай, шығармашылық байланысты одан әрі кеңейту туралы өзара келісім жасап, музыкалық мәдениетті дамыту жайында сөз қозғады. Сонымен бірге республиканың түкпір-түкпірінен келген Композиторлар одағының басшылары мен мүшелеріне Қорқыт ата атындағы аудандық өнер мектебінің кешегісі мен бүгіні баяндалып, осы жылдар аралығында жеткен жетістігі мен атқарылған ауқымды жұмыстары таныстырылды.

Келесі күні Қазалы ауданы әкімдігінің баспасөз орталығында Қазақстан Республикасы Композиторлар одағы мүшелерінің және БАҚ өкілдерінің қатысуымен баспасөз брифингі өтті. Онда Қазақстан Композиторлар одағының төрағасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Серікжан Құттымбетұлы, Қазақстан Композиторлар одағының құрметті төрағасы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Балнұр Балғабекқызы одақ тарихы жайында сөз етіп, мерейтой аясында өткізіліп жатқан ауқымды іс-шараларға шолу жасады. Ал Қазалы ауданының Қорқыт ата атындағы өнер мектебінің директоры, Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі Сәукен Әлмамбетұлы 60 жылдық тарихы бар атаалған өнер мектебінің бүгінгі тынысына тоқталды. Брифинг барысында өзге қатысушылар да пікір білдіруден қалыс қалмай, одақтың қолдауымен өтіп жатқан ауқымды фестиваль Қазалы ауданында алғаш рет ұйымдастырылып жатқанын тілге тиек етті.

Қатар келген қос қуанышты атап өтуге арналған мерекелік концерт Роза Бағланова атындағы аудандық мәдениет орталығында өтті. Керемет кеште аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбет сөз сөйлеп, Қазақстан Композиторлар одағының 85 жылдығы және Қорқыт ата атындағы өнер мектебінің 60 жылдық мерейтойымен құттықтады.

– Биыл қазақ кәсіби музыкасының тұрақтап дамуына, кешегі халық мұрасын бүгінге дейін жеткізіп, тарихы қазақ халқының өмірімен тығыз байланысып жатқан Қазақстан Композиторлар одағының құрылғанына 85 жыл толып отыр. Ал біздің киелі өңірдегі талай дарынды өнер әлеміне қадам бастырған Қорқыт ата атындағы өнер мектебіне – 60 жыл. Айтулы мерейтойларда ел мәдениеті мен өнерінің, қазақ музыка өнерінің дамуына, бүгінгі ұрпаққа насихаттау жолында аянбай еңбек етіп жүрген Қазақстан Композиторлар одағы мүшелері мен барша өнерпазға шынайы алғысымды білдіремін, – деді аудан әкімі.

Екі күнге созылған «Қазақстан Композиторлар одағы шақырады!» атты ауқымды музыкалық фестиваль Қазақстан Композиторлар одағының 85 жылдығы және Қорқыт ата атындағы өнер мектебінің 60 жылдық мерейтойына арналған «Жаса, қазақ өнері!» атты гала-концертіне ұласты.

Аталған іс-шарада аудан әкімі Қазақстан Композиторлар одағының төрағасы Серікжан Құттымбетұлы мен барша одақ мүшелеріне облыс әкімі мен аудан әкімінің Алғыс хатын табыстады. Сонымен қатар Композиторлар одағы мен өнер мектебі ұжымына облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мен облыстық білім басқармасы басшыларының ақ жарма тілегін жеткізіп, қос ұжымға алғаусыз алғысын білдірді.

Ж.ТАБЫНБАЕВ,

Қазалы  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: