Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Көршілердің» қылығы

06.06.2024, 10:20 166

«Көршілердің»  қылығы

Пейіл мен пиғыл,

Пиғылға сай қимыл…

Жаратқанның жердегі,

Пендесіне берген сый бұл.

Екеуінің тұрағын,

Келмейді хан сарай деуге.

Ежелден орны тұратын,

Жай ғана қуыс кеуде.

Көрші тұрған жасынан,

Қанағат пен ұятты,

Күн көрсетпей қасынан,

Қуып шыққан сияқты.

Қуыс кеуде кім білсін,

Пейілге тарлық етті ме?!

Пиғылдан да кім білсін,

Ар-ұят мүлде кетті ме?!

Иә, кім білсін?..

Мүмкіндер

Ойыннан «от» шығуы мүмкін,

Өсектен «өрт» шығуы мүмкін.

Қаймақ жеген құтылуы мүмкін,

Қаспақ жеген тұтылуы мүмкін.

Біреу көзіңе «мақтауы» мүмкін,

Бар сырын ішке сақтауы мүмкін.

Былай шыға даттауы мүмкін,

Ішінде сыр жатпауы мүмкін.

Ал біреу көзіңше «даттауы» мүмкін,

Бірақ сыртыңнан мақтауы мүмкін.

Сені ешкімге «сатпауы» мүмкін,

Сатқындардан сақтауы мүмкін.

Достың бергені ас болуы мүмкін,

Ол сені несіне алдасын.

Қастың бергені тас болуы мүмкін,

Тамаққа тұрып қалмасын!

Иә, бәрі болуы мүмкін.

… шылық

Кейбіреудің қылығына,

Талдау жасап көрелік.

Қазекеңнің шылығына,

Бере жатарсың төрелік.

Қазекеңді шақырсаң асқа,

Сан жұмысы бар қасқа,

Келеді-ай кеш қалып.

«Асыққандар уақытылы барар,

Ал біз төбе көрсетсек жарар» –

деп асықпай келері анық.

Біреулер –

Жұрт тарқап жатқанда келеді.

Біреулер –

Ас иесі шаршап жатқанда келеді.

Той-томалақта да талай,

Болады тура солай.

Керіліп кеш келгендерге,

Есіктен әрең енгендерге,

Сыбағаларын сақтап бермесең,

Мүше-мүшесімен тақтап бермесең,

Іштей даттап кетеді…

Арнайы бір мал сойсаң,

Алдарына бас қойсаң,

«Молодец!» деп мақтап кетеді.

Ой, шылық-ай!

«Өз  қолыңмен  құйшы!»

– Әй, қатын!

Кешегі арақ,

Қалған ба жары-ақ?

– Я, алқаш!

Керек боп тұр ма «толкач»?

– Иә, керек!

Жалған болса жары-ақ,

Басым сынып барад…

Өз қолыңмен құйшы,

Кетер ме екен тарап?!

Закусить ететін,

Үйде бар ма салат?

– Әй, алкоголик!

Бір айлыққа қарап,

Тиын-тебен санап..

Жұмысқа әрең,

Жүргенімде жарап…

Қайдағы салат?!

«Төртеуі – маған»,

«Біреуі – саған»,

Мә, саған арақ!

Түсіндің бе?!

«Еңбегі  еш,  тұзы  сордың»  жауабы

– Еңбегі адал,

Еті арам,

Құланнан күші кем емес.

Жұмысқа салар жеке адам,

Түйемен бірақ тең емес.

Қадірін білмес кей адам,

Еңбегін оның елемес.

Бұл қандай жануар?

– Әй, мынау точно маған өте ұқсас екен.

– Саған қалай, қай жері ұқсайды?

– Әйелім мені аямай жұмсайды. Айтқандарының бәрін етпей орындаймын. Сонда да маған еш жақсы ат жоқ. «Сен еркек емес, есексің!» деп постоянно қарғап-сілеп  жүргені…

Қыстың  «көмегі»

Қысыр сөз емес қайдағы,

Қаңтар мен ақпан айлары,

Қызармайтын беттерді,

Қызартуға пайдалы…

Ұяттан безген адамның,

Қыста аяз бетін қызартар,

«Ұятын» зорға наданның,

Үш айға ғана ұзартар.

Әй, өкінішті-ақ!

Тым аз уақыт екен.

Қазыбек   ӘШІРБЕКҰЛЫ

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: