Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Халық» қоры демеушілік жасайтын #АуылФутбол жобасы мүмкіндігі шектеулі балалардан құралған команданы қолдауда

05.06.2024, 17:50 322

HALYQLINE.KZ

#АуылФутбол жобасының бұл жолғы қатысушылары ерекше. Команда мүмкіндігі шектеулі 10 жасқа дейінгі балалардан құралған. Олардың барлығы – сөйлеу және тілді дамытуға арналған Logoratio орталының тәрбиеленушілері.

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні мерекесінде #АуылФутбол жобасының бас демеушісі – «Халық» қайырымдылық қоры атынан жобаға жаңадан қосылып жатқан жас командаға сыйлықтар табысталды. Атап айтқанда, команда мүшелеріне арналған бірыңғай форма мен футболдың құрал-жабдықтары, доптар, сондай-ақ өзге канцеляриялық тауарлар сыйға ұсынылды.

«Ерекше қажеттіліктері бар балаларды футбол арқылы бейімдеу тәжірибесі біз үшін өте маңызды әрі қызық тәжірибе болып тұр. Өздеріңіз де жақсы білесіздер, мұндай балалардың қоғамға араласып кетуі қиындау. Сол үшін де балалар орталығының футбол секциясын дамыту бастамасын қуана қарсы алып, жан-жақты қолдау білдіруге дайын екенімізді жеткіздік. Бір жағынан сау, қалыпты өмір салтын ұстанатын балалар да ерекше балалармен дұрыс қарым-қатынас жасауды үйренгені маңызды», – деп атап өтті #Ауылфутбол жобасын жүзеге асырып жатқан «Арман ауыл» жеке қорының президенті Әйгерім Болат.

Орталықтың негізін қалаушы – дефектолог Раиса Бегосылова. Ол инклюзивті спортпен шұғылданатын балалардың жақсы нәтиже көрсетіп жатқанын айтады.

«Біз алдымен дене тәрбиесі бағдарламасын енгізіп, балалармен жұмыс істей бастадық. Дене шынықтыру жаттығуларынан кейін жақсы нәтижелерге қол жеткіздік. Бұл бағыттағы жұмысымызды одан әрі жалғастыру жөнінде шешім қабылдап, бір ай бұрын аумағы үлкенірек ғимаратқа көштік. Футбол командасын құрдық», – дейді орталық басшысы.

8 маусым күні команда #АуылФутбол Үміт фестиваль лигасының аясында жолдастық кездесу өткізеді.

Мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған адаптивті футбол – жай ойын ғана емес, физикалық және эмоционалдық тұрғыдан дамуына көмектесетін, сонымен қатар қоғаммен байланысуға ықпал ететін құнды құрал.

«#Ауылфутбол жобасы бүгінде балалар спорты саласындағы брендке айналып келеді. Игі идеяның осыншалықты ауқымды жобаға айналарын ешкім болжамаған да болар. Дегенмен футболға құмар, онымен кәсіби деңгейде айналысқысы келетін қазақстандық балалардың арманы #Ауылфутбол жобасы арқылы ақиқатқа айналып келеді. «Халық» қайырымдылық қоры осы арманның жүзеге асырылуына үлес қосып, бұл жобаның жаңа деңгейге шығуына себеп болып жатқанына қуаныштымыз. Жоба иелері инклюзивті бағытты да қолға алғанда, оған қатысушы мүмкіндігі шектеулі балаларды қолдауды азаматтық борышымыз санаймыз. Барша қазақстандықтарды Халықаралық балаларды қорғау күнімен құттықтаймыз», – дейді «Халық» қайырымдылық қорының Алматы облысы бойынша директоры Ғалымбек Жақсылықов.

Қазір жобада 110 ауыл командасы бар. Республика бойынша 4 мыңнан астам бала қамтылған. #АуылФутбол «Халық» қайырымдылық қорының демеушілігімен өткен жылдан бері 100 ауыл командасына футбол жабдықтары түрінде қаржылай көмек көрсетілсе, 100 ауылдық жаттықтырушы D санаты бойынша жаттықтырушылық курстарынан өтіп, біліктілігін жетілдірді. Бүгінгі таңда аймақтарда Halyk Open Cup облыстық турнирлері өтіп жатыр. Оның жеңімпаздары осы жылдың қазанында өтетін республикалық турнирге жолдама алады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: