Осы жылы жалпыға бірдей декларациялаудың үшінші кезеңі өтуде. Бұл кезеңде декларацияны жеке кәсіпкерлер, заңды тұлғалардың басшылары, құрылтайшылар және олардың жұбайлары тапсырады. Мамыр айындағы мәліметке сәйкес, жалпыға бірей декларацияны 33 308 азамат тапсырып, жеке бас мүлкі туралы анықтама берген. Жалпы жыл соңына дейін 80 511 тұлға жалпыға бірдей декларацияға қатысады деп жоспарлануда. Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Еркін Елшібеков хабарлады.
– Жалпыға бірдей декларациялаудың негізгі бағыты – жеке тұлғалардың кірісін бақылаудың тиімді тетігін құру және сыбайлас жемқорлық пен көлеңкелі экономика деңгейін төмендету. Жалпыға бірдей декларацияның үшінші кезеңіне қамтылған азаматтар осы жылдың 15 қыркүйегіне дейін тұрғылықты жері бойынша тапсыруы қажет. Сондай-ақ, «Салық төлеуші кабинеті», «Электрондық үкімет» веб-порталдары, «e-salyqАzamat» мобильді қосымшалары арқылы тапсыруға болады. Бұдан бөлек, азаматтар декларацияны қағаз нұсқада пошта арқылы немесе өздері барып ұсынуға құқылы екендігін жеткізгім келеді. Тағы бір айта кететін жайт, декларацияны ұсынбаған азаматтарға ескерту және бір жыл ішінде тағы қайталағаны үшін 15 АЕК мөлшерінде айыппұл салу қарастырылған, – деді Еркін Кеңесбекұлы.
Осы жылдың І тоқсанында мемлекеттік бюджеттің салықтық түсімі 104,3 пайызды құрады. Тиісінше, өткен жылмен салыстырғанда түсім көрсеткішінде айтарлықтай айырмашылық бар.
– Жыл басынан бері республикалық бюджеттің салықтық түсімінің өсу қарқыны 127,4 пайызды құраса, жергілікті бюджеттікі 137,1 пайызға жетті. Былтырғы жылмен салыстырғанда бюджет түсімінде оң көрсеткіш қалыптасып отыр. Бұл бағыттағы жұмыстар өз жалғасын табатын болады, – деді Еркін Елшібеков.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!