Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Шаһар басшысы: «Жауапкершілікті күшейту керек!»

23.05.2024, 11:20 246

ИЕСІЗ  ҮЙЛЕР  ИГІЛІККЕ  ЖАРАУЫ  ТИІС

Қызылорда қаласы күн өткен сайын құлпырып келеді. «Етегінде жүрген соң таулардың биіктігі байқалмайды» дегендей, мұны кейде өзіміз аңғара бермеуіміз мүмкін. Иә, оны қала қонақтары жиі айтады. Тіпті, соңғы жылдары Қызылорда қарқынды құрылыстың аймағына айналды. Жоба-сметалық құжаттары дайындалған, іргетасы қаланған құрылыс нысандарымен қатар, пайдалануға берілген зәулім де әсем ғимараттар көздің жауын алады. Оның кейбірі демеушілік есебінен салынып жатыр. Ажары айшықталған Ақмешіттің сәулетіне сәл сызат түсіретін бір жайт бар. Ол – қаладағы иесіз көпқабатты үйлердің көптігі. Қызылорда қаласының әкімі Серік Қожаниязовтың төрағалығымен өткен аппараттық мәжілісте осы өзекті мәселенің түйіні тарқатылды.

Қазір қалада 150 көпқабатты иесіз үй бар екен. Яғни олар кон­доминиум нысанының ортақ мүлкін күтіп-ұстауға тиісті пәтер иелері кооперативінің қарауына тіркелмеген. Шаһар басшысы осы мәселенің  құқықтық  тәртібін зерттеуді тапсырды. Алдағы уақытта тұрғын үйлердің тиісті құжаттары рәсімделіп, конкурс арқылы кондоми­ниум объектісінің басқарушы ор­ганы тағайындалатын болады. Иә, әйтпесе, облыс орталығында қаңырап тұрған, иесіз көпқабатты үйлер көбейген. Бұл, біріншіден, адам­дардың өмір сүруіне қауіпті орта саналса, екіншіден, ұсқынсыз қасбеті қала келбетіне кедергісін келтіріп тұр. Сондықтан, олардың бір  жүйе­ге  келтірілуі  жақсы  іс  болар  еді.

КӘСІПКЕРЛІК  САЛАСЫ  КЕҢ  ӨРІС  АЛЫП  КЕЛЕДІ

Шаһар басшысының қатысуымен өткен жиында қамтылған тақырыптың бірі – кәсіпкерлік саласы. Қаладағы кәсіпкерлік саласында айтарлықтай өсім мен оң нәтиже байқалады. Мұны статистика растап отыр. Жиын барысында Серік Қожаниязов бірқатар тапсырма беріп, жұмыстың тиянақты әрі уақытылы орындалуын талап етті.

Жалпы, жаппай кәсіпкерлікті дамыту және инвестиция тарту бойынша біршама ілгерілеушілік бар  екені  жоғарыда жазылды. Атап айтқанда, қалада кәсіпкерлердің саны 33296-ға жетіп, оның 93,7 пайызы тұрақты жұмыс істеп келеді. Бұл секторда 66450 адам жұмыс­пен қамтылған. Бүгінде 527,4 миллион теңгенің өнімі өндірілгені тағы бар. Сол секілді бөлшек сауданың нақты көлем индексі 102,4%, көтерме сауда 104 пайызға өсіп  отыр.

Шаһар басшысы «инвестиция тарту бойынша кент, ауылдық округтердегі бүгінгі жағдайды біліп, жұмыс жүргізудің жүйесін нақтылап, жауапкершілікті кү­шей­ту  керек»  деді.

Сонымен қатар, жауапты бөлімдерге санитарлық тазалықты жүйе­лі ұйымдастыруды, келер жылы аталып өтілетін Жеңістің 80 жылдығына орай тыңғылықты дайындық жасауды, «Тағзым алаңдарына» күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуді  тапсырды.

Өткен аптада қала әкімі тұр­ғындарды жеке мәселелері бо­йынша қабылдаған болатын. Кезектілік тәртібімен жазылған 20-ға жуық тұрғын шаһар басшысына тұрғын үй кезегі, жер, жұмыссыздық және өзге де жеке мәселелері бойынша  жүгінді.

Серік Салауатұлы орынбасар­ларына, бөлім және мекеме басшыларына барлық өтініш бойынша зерделеу жұмыстарын жедел түрде жүргізіп, азаматтармен кері байла­ныс жасауды тапсырды. Шаһар басшысы жұмыстың жүйелі орындалуы мен жауапкершілігі жайында  үнемі  сөз  етіп  жүр.

Рыскелді  СӘРСЕНҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: