Жанқожа Нұрымбетұлы бабамызға – 250 жыл
Р.Бағланова атындағы аудандық мәдениет үйінде Жанқожа Нұрмұхамедұлының 250 жылдығын атап өтуге байланысты жиын өтті.
Басқосуға Әйтеке би кенті, Қазалы қаласы және ауылдық елді мекендердің тұрғындары, облыстық, аудандық мәслихат депутаттары, аудандық қоғамдық кеңес мүшелері, мекеме-кәсіпорын басшылары, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.
Жиынды аудандық мәслихаттың төрағасы Ғазиз Әліш ашып, басқосудың маңыздылығына тоқталды.
– Өздеріңізге белгілі, Алаш жұртының арын арлап, елдік туын көкке көтерген ұлт-азаттық көтерілісінің қаһарманы атанып, өз ғұмырында артында өшпес із қалдырған Жанқожа Нұрмұхаммедұлының Қазақстан тарихындағы рөлі ерекше.
Биыл халқымыздың бостандығы мен тәуелсіздігі жолында көз жұмғанша күрескен халық батырының туғанына 250 жыл толып отыр.
Осыған байланысты өткен жылдан бастап еліміздің әр өңірінде тұратын азаматтардан бабамыздың 250 жылдық мерейтойын атап өту жөнінде ұсыныстар түсті. Бұл мәселе әлеуметтік желіде де қызу талқыланды. Бүгін Сіздердің осы ұсыныстарыңызға байланысты өздеріңізбен бас қосып отырмыз, – деген Ғазиз Әлмәмбетұлы мерейтой аясында өткізілетін шараларды сапалы ұйымдастыру үшін облыстық және аудандық ұйымдастыру комиссиялары құрылғанын жеткізді.
Сонымен қатар, мерейтойға дейін аяқталуы тиіс шаруаларды айтып өтті.
Олардың қатарында Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласының екі аралығындағы 4 жолақты жолды аяқтау, аудан орталығындағы Жанқожа батыр көшесіне қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізу, Жанқожа батыр ауылында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынып жатқан 300 орындық мектеп және тағы басқалары бар.
Басқосу барысында аудандық ұйымдастыру комиссиясы төрағасының бірінші орынбасары, Қызылорда облысының құрметті азаматы Самұрат Имандосов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оразғали Бекбанов, аудандық ұйымдастыру комиссиясы төрағасының орынбасары, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Талайлы Бөріқұлақов сөз сөйлеп, халық батырының мерейтойы республикалық дәрежеде атап өтілу қажеттігіне тоқталды.
Сондай-ақ, Жалаңтөс батыр ауылының тұрғыны Сайын Дәуіт, Жанқожа батыр ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қожас Медеубаев, Қожабақы ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тілек Махамашов, Бозкөл ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жанұзақ Келімбетов, Бекарыстан би ауылдық әйелдер кеңесінің төрайымы Құралай Бекжанова, «Мерей» шаруа қожалығының төрағасы Медеу Есқожаев, Қазалы қаласының тұрғыны Еркін Әбдіраман, Е.Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицейдің педагог-ұйымдастырушысы, Қазалы ауданы бойынша жас ұстаздардың «Серпін» жастар кеңесінің төрағасы Мейірман Меңдібаев, аудандық көпбейінді орталық ауруханасының дәрігері Мерей Жанғабылов шығып сөйлеп, Жанқожа батырдың 250 жылдық мерейтойын атап өтуге байланысты ұсынысты қолдайтындықтарын жеткізді.
Осылайша аудандық мәдениет орталығына жиналған қазалылықтар Жанқожа Нұрмұхамедұлының 250 жылдығын атап өтуді бірауыздан қолдап, бабамыздың мерейтойын жоғары деңгейде өтуіне атсалысатындықтарын білдірді.
Басқосу соңында Жалаңтөс батыр ауылының тұрғыны, еңбек ардагері Сайын Дәуіт ақсақал батасын беріп, жиынға қатысушылар жоғары көңіл күйде тарқасты.
Жұмабек ТАБЫНБАЕВ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!