Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Әуелбеков феномені

16.05.2024, 10:40 460

БІЗДІҢ  АНЫҚТАМА

Еркін Нұржанұлы Әуелбеков 1930 жылы 22 маусымда бұрынғы Көкшетау (Ақмола) облысы, Рузаев (Ғ.Мүсірепов) ауданы, Фрунзе (Жаңасу) ауылында дүниеге келген. 1953 жылы Мәскеудегі К.А.Тимирязев атындағы Ауыл шаруашылығы академиясының экономика факультетін бітірген. Еңбек жолын 1953-1957 жылдары Солтүстік Қазақстан облысындағы Коноваловский МТС-нің бас аграномы, директоры, Преснов ауданындағы Николаевск МТС-ның директоры. 1961-1963 жылдары Солтүстік Қазақстан облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары. Солтүстік Қазақстан облыстық партия комитетінің екінші хатшысы. 1963-1965 жылдары атқару комитетінің төрағасы. 1965-1967 жылдары Қазақ КСР Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары. 1967-1968 жылдары Астық өнімдері және мал азығы өнеркәсібі министрі. 1968-1977 жылдары Көкшетау облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы. 1977-1985 жылдары Торғай облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы. 1985-1989 жылдары (22 қаңтар) Қызылорда облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы. 1989-1991 жылдары (25 тамыз) КСРО Жоғарғы Кеңесінің ұлттық саясат және халықаралық қатынастар жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары. 1991-1992 жылдары ҚР Президентінің кеңесшісі. Зейнетке шыққаннан кейін  1993-1998 жылдары Көкшетау облысында, туған жері Жаңасу кеңшарында шаруа қожалығын басқарды.

Социалистік Еңбек Ері (1973), үш мәрте «Ленин», «Октябрь революциясы», үш мәрте «Еңбек Қызыл Ту» ордендері, медальдармен марапатталған. Ғ.Мүсірепов атындағы аудан орталығында және Көкшетау қаласында ескерткіші орнатылған. 1999 жылы 29 қаңтарда Алматы қаласында дүние салды.

«Еліне пайдасы тиген ерлерді айтпасаң, ертеңгі бозбала бордай үгіліп, өз жеріне өгей бала болады».

Мәшһүр Жүсіп Көпеев.

1985 жылы қаңтар айында СОКП Орталық Комитетінің мүшесі, КСРО Жоғарғы Советі­нің депутаты Е.Әуелбековті Жоғарғы билік Қызыл­орда облысы партия комитетінің бірінші  хатшысы  етіп  тағайындады. Облыс­ты 1985-1989 жылдары басқарған Еркін Нұржанұлы аймақта республикалық басшылық тарапынан ірі өндіріс орындарын ашу мен Сыр өлкесінің жер астындағы бөгіп жатқан кендерінің бетін ашу ойластырылмағанын көрді. Еуропаның бір мемлекеті сыйып кететін жерде облысты жедел дамытатын ірі өндіріс ошағы жоқ болатын. Облыстық атқару комитетінің сол уақыттағы төрағасы Ыдырыс Қалиевпен ақылдаса келе, «егер есебін тауып Бозойды бері қарата алсақ, Аралға газ келеді, ал Құмкөлде мұнай да, онымен бірге газ да барын» айтады. Алғашқы бұрғылаудан (1984 ж) мұнай көзі табылған «Құмкөл» Жезқазған (Ұлытау) облысының Жезді ауданының жері болатын. Кезінде облыс басшылары Жезқазған облысы­ның басшылығымен келісіп, Құмкөл аумағын жылда жаз айларында мал жайлымына пайда­ланған. Тап сол кезде екіжақты келісілген мерзім де бітуге жақындап қалған. Облыс басшылығының үкіметке шығып, мерзімді ұзарту мәселесіне тіреледі. Ол үшін Жезқазған облысының басшысы Н.Давыдовтың келісімін алу керек болды. «Амал қайсы, Давыдовпен тіл табысу­дың шарасы қарастырылды. Айтылмаған сөз қалмады. Дотацияға күні қараған облысымыздың экономикалық ауыр жағдайы да, малшыларымыздың жайылым сұраған сәлемі де айтудай-ақ айтылды. Бірден келісе салу қайда-а?! Түсінісу өте қиын болды. Ақырында «уһ» деп Давыдовтың қолы қойылған құжат қолымызға тиді-ау» деп Халық депутаттары Қызыл­орда облыстық Кеңесінің төрағасы Ыдырыс Қалиев  еске  алған.

Давыдовтың қолы қойылған құжатын алған соң, сол жылы Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің төрағасы Н.Назарбаевтың: «Об исполь­зовании земель Госземзапас на территории Джезказганской области» атты қаулысы шықты. (№113, 27 наурыз, 1985 ж.). Қаулыда көрсетілгендей, Қызылорда облысына 2210,9 мың гектар жер ауыл шаруашылығына пайдалануға деп 25 жылға жалға берілді. Е.Әуелбековтің ендігі жұмысы «Құмкөл» мұнай кешені Қызылорда облысына қарағаннан кейін, «Құмкөл» кен орнын игеруге КСРО мұнай өнеркәсібі министрлігінің келісімін алу керек болды, келіссөздер жүргізілді. Бұл келіссөздер сәтті болды. Е.Нұржанұлының іскерлігінің арқасында СОКП Орталық Комитетінің секретары Долгихтың қабылдауында болып, келісімін алып, одақтық мұнай өнеркәсібі министрі Василий Динковтың бұйрығымен «Құмкөл» мұнай-газ кешенін игеруді, оны пайдалануға беруді ұйымдастыруды «Маңғышылақмұнайгаз» ӨБ құзырына бергізген. Соның арқасында «Маңғышылақмұнайгаз» ӨБ Құмкөл басындағы инфрақұрылымдарды белгіленген кезеңдерімен сәйкестендірілген уақытында іске қосуды министрліктің лимиті және бір орталықтан қаржыландырылды. Сонымен бірге шетелдік құрылысшыларды тарту арқылы Қызылорда қаласында орталық аурухана кешені мен диагностикалық орталығы салынды.

1985 жылдың 6 маусымында «Қазақ КСР-да Құмкөл кен орнын игеруге дайындау және пайдалануға енгізу бойынша жұмыстар тура­лы» КСРО Мұнай өнеркәсібі министрінің бұйрығы шықты. Осы бұйрыққа сәйкес «КазНИПИнефть» және «Южгипронефтепровод» жобалау институттары «Тәжірибелік-өндіріс­тік игеру барысында Құмкөл кен орнын жай­лас­тыру» жобасын әзірлеуге кірісті. Осы күн Құмкөл мұнай-газ кенішін игерудің бастамасы деп есептеледі. Арада төрт ай өткенде Құмкөл жер астындағы мұнай-газ кенімен, жер үстіндегі мал жайылымымен Қызылорда облы­сының қарамағына берілді. Осы қаулы мен бұйрықтың арқасында «Құмкөл» мұнай-газ кенішін игеру қызылордалықтар үшін жаңа мұнайлы өлкеге айналудың басы болды. Бірінші бас директоры Мұрат Ғазизұлы Саламатов, бас  инженер  болып  Жеңіс  Нұрбекұлы  Жалғасов  бекіді.

Торғай ойпатында, «Құмкөл» мұнай-газ кенішін игеруді халық игілігіне жаратқан Мұрат Ғазизұлының басқаруының, ұйымдас­тыруының әрі өзі сенім артқан, тапсырған жұмыс­тарын орындай білген кадрларының ерен еңбегінің арқасында бірінші рет қазақ­стандықтар өз күшімен «Құмкөл» мұнай кенішін игерді. Арал ауданының тумалары да Құмкөл мұнайын игеруге ат салысты. Мысалы, бас директордың бірінші орынбасары Есқожа Бергенбаев, автобаза директоры Жақсылық Тәуекелов, бас энергетик Болатбек Қапанов, Жолдас Нағманов, Алданияз Ерниязов, Тұрабай Айшаубеков, Смағұл Абдраманов, Жағыппар Жұмахметов, Имамадин Оңғар­баев, Қуант­қан Сеитов, Қамбар Сейтімов, Құттыбай Жалғасбаев, Жақсылық Алмағанбетов, Талғат Базарбаев, Әділбек Жалмағанбетов, Кәрбоз Боздақов, Әлібек Сабырбаев, Сағитжан Ажмолдаев, оқу-курстық комбинатының директоры Кеңесбай Үркімбаев, Балғабай Отаров, Қазбай Тастыбаев, Найза Дәрібалаев, т.б. жүздеген аралдық азамат «Құмкөл мұнай-газ» ӨБ-де жұмыс атқарды. Айналдырған төрт жарым жылдың ішінде, 1990 жылы 9 мамырда Құмкөл мұнайын жер қойнауынан шығарып, халық  игілігіне  жаратты.

Е.Әуелбеков Қызылорда облысында басшылық еткен жылдарында «Құмкөл» мұнай-газ кенішін игерудің барлық шартын қолға алып, оның жүзеге асуына орасан зор ықпал етті. Қызылорда облысының «Құмкөл» мұнай-газ кешені арқасында республикада мұнайлы өлкеге айналуына Еркін Нұржанұлының орасан  зор  еңбегі  бар.

1996 жылы «Оңтүстікмұнайгаз» МАҚ мұнай өндіру көлемін жылына 2,5 миллион тоннаға дейін жеткізу жобаланды. Дегенмен, жос­парды асыра орындап, сол жылы 3 миллион тонна мұнай өндірілді. 1996 жылы 23 сәуірде Премьер-­министр Әкежан Қажыгелдиннің қолы қойыл­ған «Мемлекеттік мүлікті жекешелендіру мәселелері» атты қаулысы жарыққа шықты. Қаулыда жекелей алғанда, былай де­лінген: «ҚР Президентінің 1995 жылы 23 желтоқсанындағы «Жекешелендіру туралы» Заң күші бар Жарлығын орындау мақсатында, дербес жоба бо­йынша жекешелендірілетін кәсіпорындардың тізбесі бекітілген…». Солардың ішінде №88 нөмірмен «Оңтүстікмұнайгаз» МАҚ аталған, жекешелендірілуге барлығы 152 акционерлік қоғам жатқызылды. Осы акционерлік қоғамның барлығы стратегиялық өнім өндіріп, мемлекетке табыс алып келіп тұрған, КСРО-ның кезінде салынған мекемелер болатын. «Жеке­шелендіру туралы» Заңның арқасында 3 миллион тонна мұнай өндіріп тұрған, 5 мыңға жуық жұмысшысы, қарамағында 13 мекемесі, Құмкөлден  бөлек, мұнай қоры есептелінген 12 мұнай-газ кен орны бар, бірлескен шетелдік кәсіпорын «Гермұнай» мекемесінің 50 пайыз акциясымен қоса «Оңтүстікмұнайгаз» МАҚ мекемесі 1996 жылдың басында канадалық «Харрикейн Хайдракар­бонз» компаниясына 120  миллион  АҚШ  долларына  сатылып  кетті. 

XX ғасырдың соңғы ширегіндегі қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуы тарихында ерекше орны бар тарихи тұлғалардың бірі – Еркін Әуел­беков. Ол ұлттық құндылықтар мен мемлекетшілдік дәстүрлерді дамытудың, халқының мүддесіне қалтықсыз қызмет етудің жарқын үлгісі болды. Төрт жарым жыл ішінде Қызылорда облысына басшылық жасағандағы қызметі осы күнге дейін ел аузында жүр. Аймақ­ты 1985-1989 жылдары басқарған ол осындай қиын түйінді мәселелерді шешумен күн мен түн қатып жүріп айналысты. Өзі бастап көтерген «Арал тағдыры – адам тағдыры» қоғамдық қозғалысы арқылы ақыры көздеген мақсатына жетіп, Арал өңірін дамытуға байланысты  көптеген  идеясын  іске  асырды.

Е.Әуелбеков ҚазТАГ-тың арнаулы тілшісі А.Масленниковпен әңгімесінде: «Иә, жиырма жыл ішінде қызылордалықтардың су шаруа­шылығы проблемасының өткірлігі күрт күшейе  түсті. Егер 1970 жылы теңізге өзеннен  9,6 текше километр  су құйылған  болса, алты  жылдан  кейін-ақ судың құюы күрт азайды, сөйтіп Аманөткел селосынан төменіректе, теңізден ондаған километр қашықтықта өзен ағысын тоқтатты. Азияның алып өзені құрып кетті, планетаның ең ірі континентальдық теңіздерінің бірі  орасан  зор  сорбатпаққа  айналуда…

Арал мен Сырдария қасіретті тағдыры – біздің техникалық прогресіміздің шұғыл дамуының екінші жағы. Әрине, Орта Азия мен Қазақстан ирригаторларының өндірістің барған сайын жетілдірілген құралдарымен қарулануын, тек қана құттықтау керек, бірақ сірә, бұл құралдар мақсатты барлық уақытта бірдей  ақтай  ала  ма?

…Бір сәттік жеңіл-желпі табыстарды күйттеушілік неғұрлым кең жалпыадамзаттық ауқымдағы  ой-пікірлерге құлақ асқан жоқ, мұның қазір аяусыз зардабын шегуге тура келіп отыр. Осы заманғы техникамен қаруланған қарадүрсін тұтынушылық аймақтағы табиғи апаттардың бәрін қоса алғандағыдан да көп зиян  келтірді.

Бірақ ең алаңдатарлық жайт – экология­лық жағдайдың нашарлауы Арал өңірінің ғана емес, сонымен бірге бүкіл облыстың да әлеу­меттік-экономикалық дамуын күрт тежеді, бүкіл аймақтың өміріне теріс әсерін тигізді. 1981-1985 жылдары облыстан 42 мыңнан астам адам біржолата көшіп кетті, қазіргі кезде нақ сонша адам қоғамдық пайдалы еңбекпен айна­лыспайды деуге болады. Ал теңіз жаға­лауындағы «Аральск» портын барлық картадан сызып тастауға болады, теңіздің кеуіп қалуы салдарынан ол енді жұмыс істемейді», – деп айтыпты (Аралым – арым, Балқашым – бағым. Алматы, 1988, 56-57-бб).

«Аралдың экологиялық апат өңірі екені тура­лы мәселені жалпы мемлекеттік және халық­аралық деңгейге алғаш көтерген де, оның зардаптарын жоюға бағытталған мемлекеттік шешімдердің бірінші бастамашысы болған да – сол кісі. Яғни, «Арал теңізі ауданындағы экологиялық және санитарлық жағдайды түбірімен жақсарту шаралары туралы» белгілі қаулының дүниеге келуіне басты тұлға да Әуелбеков болатын. Еркін Нұржанұлының ұсыныстары негізінде «Қазақ КСР-і Қызыл­орда облысының әлеуметтік-экономикалық дамуын жеделдету шаралары туралы» КСРО Министрлер Кеңесінің 1986 жылы 25 желтоқсандағы №1536 арнайы қаулысы шықты. Облыс тұрғындарының 15 пайыздық жалақыға қосымшаны, кейінірек одан да көлемді экологиялық коэффицентті алуы сол кездегі обком­ның бірінші хатшысының қажырлығы мен қайратының  арқасы  еді.

1988 жылдың 29 тамызында КСРО Министр­лер Кеңесі Қызылорда облысының тұрғындары үшін жоғарыда аталған жалақыға көтеріңкі коэффициент тағайындалды» деп Кеңес  Махамбетов  еске  алады.

Облысты үшінші категориядан екінші категория­ға көтерді. Экологиялық аймақта тұрып жатқан еңбеккерлердің еңбек демалысына шыққанда белгіленген күніне тағы 9 күн қосылатын  болды.

1989 жылы өткен Қызылорда облыстық партия комитетінің III Пленумында соңғы сөйлеген  сөзінде  Е.Әуелбеков: «Трагедия Арала – это  трагедия народов Средней Азии и  Казахстана.  И  проблемы сохранения Аральского моря, коренного улучения санитарной и экологической обстановки в регионе должны всегда быть на виду у первого секретаря обкома партии» деп жаңадан тағайындалған Қызыл­орда обкомының бірінші хатшысы С.Шауха­мановқа арнап айтқан сөзі бар (Сабыр. 407-б).

Қызылорда облысы бойынша ерекше маңызды одақтық дәрежеде бес партиялық, мемлекеттік құжаттар қабылдатты. Әсіресе, КСРО Министрлер Кеңесінің «Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық дамуын жеделдету жөніндегі шаралар туралы» және «Арал теңізі ауданындағы экологиялық және санитарлық ахуалды түпкілікті жақсарту жөніндегі шаралар туралы» арнайы қабылданған  қаулылары.

Е.Әуелбековпен Қызылорда облысында (22/01/1985 – 25/08/1989) бірге қызметтес, көмекшісі болып жұмыс істеген Кеңес Махамбетов: «…мой  партийный Учитель и Наставник, которому 22 июня сего года исполнилось бы 80 лет. Именно с ним до сих пор народ сравнивает всех последующих руководителей земли  Сыра.

С его именем связан ряд этапных моментов в истории Кызылординской области, за что до сих пор ему глубоко благодарны жители ни­зовьев Сырдарьи. Он первый поднял на общегосударственный и международный уровень вопрос Аральской экологической катастрофы, инициировал первые государственные решения о ликвидации ее негативных последствий. В частности, стоял у истоков зарождения известного постановления Совета Министров СССР «О мерах по коренному улучшению экологической и санитарной обстановки в районе Аральского моря», принятого в сентяб­ре 1988 года.

На основе его предложений вышло специаль­ное постановление Совета Минис­тров СССР «О мерах по ускорению социально-­экономического развития Кызылординской области» ЦК КПСС, ЦК КП Казахстана, Сове­том Министров СССР и правительством республики было принято пять важнейших документов. Значительная часть принятых реше­ний было выполнена, что-то не удалось совершить, а что-то в дальнейшем было свергнуто из-за развала единого союзного государ­ства.

…Выступая на XIX Всесоюзной партийной конференции, он подверг жесткой критики союзных руководителей – председателя Госком­труда (Гладких И.И.) и министра финансов (Гостева Б.И.) за недостаточную работу по введению районного коэффицента к заработной плате жителей области, а министра здравоохранения (Чазова Е.И.) – за то, что не бывает в зоне экологического бедствия.

По результатам этого выступления 29 августа 1988 года было принято распоряжение №1733-Р Председателя Совета Министров СССР Рыжкова Н.И., благодаря которому для жителей области был введен повышающий коэффиц­ент к заработной плате за прожи­вание в пустынной местности. Во времена Еркина Нуржановича был построен и сдан в эксплуатацию рудник «Шалкия», произош­ло расширение, реконструкция и техническое перевооружение ряда промышленных предприятий. За сжатые сроки были Арало-Сарбула­кского группового водовода, вторые железнодорожные пути Саксаульск – Тур­кестан, новый аэропорт с летными полосами для приема больших и тяжелых самолетов, здание  областного драматического театра, другие социаль­ные  объекты.

Возводились учебные корпуса и студенческие общежития высших и средних специальных учебных заведений, школы, жилье. … а в южной части областного центра возник современный студенческий городок Кызылординского филиала Жамбульского гидромелиоративно-строительного института, впоследствии ставший самостоятельным вузом. …чтобы потомки помнили и знали человека, чье сердце всегда было открыто для людей» деп Еркін Нұржанұлының Сыр бойында тұрып жатқан халқына жасаған жақсылықтарының жүзден бірін ғана мақаласында жазады (Дара тұлға. Қызылорда, 2010, 294-304-бб).

1938 жылы Қызылорда облысы құрылғаннан бері талай басшы алмасты, менің есімде қалғандары: Сәлімгерей Тоқтамысов (1961-1963), Мұстахым Ықсанов (1963-1966), Хасан Бектұрғанов (1966-1972), Исатай Әбдікәрімов (1972-1978), Тәкей Есетов (1978-1985), Еркін Әуелбеков (1985-1989), Сейілбек Шаухаманов (1989-1991/1995). Бұл басшылар КСРО-ның кезінде облысты басқарды. Тек, Сейілбек Шаухаманов 1991 жылдың қыркүйегінен 1992 жылдың ақпан айына дейін Халық депутат­тары Қызылорда облыстық Кеңесінің төрағасы, 1992-1995 жылдары Қызылорда облысының  әкімі  болып  қызмет  атқарды.

Еркін Нұржанұлының төрт жарым жыл Қызылорда облысын басқарып отырғанда, КСРО Министерлер Кеңесі мен Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық дамуын жеделдету жөніндегі шараларға арнап шығарған қаулылары:

1). 1985 жылы 27 наурыздағы Қазақ ССР Министрлер Кабинетінің Жезқазған облысы аумағынан 25 жылға Қызылорда облысына 2210,9 мың гектар жерді ауыл шаруашылығына пайдалануға берген қаулысы.

2). 1985 жылы 6 маусымда КСРО Мұнай өнеркәсібі министрлігінің «Қазақ ҚСР-індегі Құмкөл мұнай кен орнын ашуға дайындау және игеруге байланысты жұмыстарды ұйым­дастыру  туралы»  бұйрығы.

3). КСРО Мұнай өнеркәсібі министрлігінің 1985 жылы маусым айында №314 бұйрығы бойынша жаңадан ашылған Құмкөл мұнай кенішін «Маңғыстаумұнай» өндірістік бірлес­тігінің  қарамағына  жүктеуі.

4). 25 желтоқсан 1986 жылы КСРО Министрлер Кеңесінің «Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық дамуын жеделдету жөніндегі  шаралар  туралы»  қаулысы.

Кезінде, Мәскеуде Партияның Бүкілодақ­тық XIX конференциясында Еркін Әуелбеков­тың Арал проблемасын экологиялық апат аймағы деп көтерген баяндамасы болатын. Осы баяндаманың нәтижесі, КСРО-ның сол уақыттағы Министрлер Кеңесінің төрағасы Николай  Рычковтың  қаулысы  шыққан.

5). «29 августа 1988 года было принято распоря­жение №1733-Р Председателя Совета министров СССР Рыжкова Н.И., благо­даря которому для жителей области был введен повышаю­щий коэффицент к заработной плате за проживание в пустынной местности».

6). 1 қыркүйек 1988 жылы КСРО Министрлер Кеңесінің «Арал теңізі ауданындағы эколо­гиялық және санитарлық ахуалды түпкілікті жақсарту жөніндегі шаралары туралы» қаулысы.

7). 18 қаңтар 1992 жылы Қазақстан Респуб­ликасының Жоғарғы Кеңесінің «Арал маңы тұрғындарының тіршілік ету жағдайларын түбегей­лі өзгерту бойынша жедел шаралар тура­лы»  қаулысы.

8). 30 маусымда 1992 жылы Қазақстан Республ­икасының «Арал маңындағы эколо­гиялық апаттан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» Заңы қабылданды.

Еркін Әуелбековке дейін Қызылорда облысын басқарған басшылардың бірде-бірі облыс­ты өркендету, әлеуметтік-экономикалық дамуын жеделдету  туралы  қаулы  қабылдата  алған  жоқ.

Әлібек  САБЫРБАЕВ,

зейнеткер, инженер-гидротехник

(Жалғасы  бар.)

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: