Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

АҒА РУХЫМЕН СЫРЛАСУ немесе сұрапыл соғыс жаңғырығы

07.05.2024, 9:40 181

1. Ауылың алды есіне, Аға, өзіңді…

Аға! Сіздің балалық және жігіттік шағыңыз өткен Ақирек алқабындағы Бекбауыл ауылында бүгін дүбірлі жиын. Ақ сақалды ағалар, ақ жаулықты аналар, балалықтың кіршіксіз көңіліндей ақ көйлекті мектептің шәкірттері Бекбауыл ауылының төріндегі алаңқайға жиналған.

Мынау – Қаратүзгеннен  өтіп, Ақирекке баратын жол. Жеткерген аға Бернешұлы айтып отыратын осы жолдың бойында жасы бар, жасамысы бар бір топ азаматты «оңға, солға» деп, жарлық беріп жүрген сәтіңіз елестейді көз алдыма.

«Қошан аға (толық атының Аманқос екенін білмейді екенбіз) ұзын бойлы, бидай өңді, денелі, сымбатты жігіт болатын. Қаратүзгенге қарай шығатын жолдың бойында жасы бар, жасамысы бар бір топ азаматпен «айт, два» деп, әскери ойындар өткізіп жүретін. Саптың соңында Қуан аға, алдында Қошан аға болатын. Баламыз ғой, әскери ойындарын қызық көріп, іздеріне еретін  едік.  Я  үстінде  әскери  киімі жоқ, я жасы да сол азаматтардың біразынан кіші Қошан аға саптағы адамдарға бұйрық беретін тұғын. Көп ұзамай сол азаматтардың барлығы ауылдан аттанып кетті. Сөйтсек, соғысқа кеткен екен ғой. Көпшілігі – Жаман атамның (Майдан аталығынан тарайды) балалары».

Аға, бұл – сол кездегі жас бала, қазір Майданың (ру аты. – авт.) ақсақалы болып қалған Жеткерген Бернешұлы ағаның айтқаны.

Сізді көрген, білетін адамдардың саны да азайып қалды, Аға!

Маржан апа Мәстаттағы мектепте мұғалім болып бала оқытқаныңызды ғана есіне алады.

Күләй апаның есінде «орыстың мондол деген аспабында ойнап, «Қамажай» әнін айтып отыратыныңыз» ғана қалыпты.

Әйтеке би кентінің тұрғыны Зейнулла Ермағанбетов деген ағамыз «Есекеев» деген фамилиямды естігенде:

– Бала кезімізде, соғыстың алдында Есекеев деген мұғалім «Жаманның тауы» деген жерге жақын жердегі мектепте сабақ берген. Адамның есінде қалатындай ақ құбаша, денелі, өте инабатты ағай болатын (мұғалім дегені). Балаларды тез баурап, үйіртпектеп алатын. Домбыра  тартатыны  бар  еді, – деп есіне  алады.

Сіз бе, болмаса аты-жөні ұқсас басқа адам ба… Бірақ сол азамат маған сіз сияқты болады да тұрады, Аға!

Қуан ағамыз көзінің тірісінде:

– Соғысқа бірге бардық. Нағыз күйіп тұрған жерінде біраз бірге болдық. Бір шабуылда Қошан жарақат алып, дала госпиталына жіберілді. Кейін іздеп барғанымда госпитальға алып кетіпті. Мен де көп ұзамай қолымнан жарақат алып, елге қайттым, – деген болатын.

Қуан ағамыздың үйіндегі Жұбатқан жеңгеміз:

– «Қошан менен ірі, денелі болатын. Менің бойымды кіші санай ма, туыс болған соң жаны аши ма, қамқорымды соғып жүретін. Жорықтарда өзінің затқапшығына (весмешок) қоса менің де қапшығымды иығына салып алатын. Кейде мені шаршады-ау десе, менің қаруымды да иығына іле салатын» деп, Қуан ағаларың айтып отыратын  еді, – деп әлі күнге дейін есіне  алады.

Өзіңіз туралы Балдамаш (азан шақырып қойған аты Балсұлу) анамыз ауылға «Қамажай» әнін әкеліп, алғаш рет өзіңіз мондолға қосылып айтатыныңызды, мектеп бітірген ғана сауатыңыз болса да, мұғалімдік қызмет атқарғаныңызды, қағаз жазуға икеміңіз болғандықтан ба екен, әйтеуір, ауылдың үлкен-кішісі сөзіңізді тыңдайтынын, сыйлайтынын есіне алатын.

Аға, мол су тасқыны болып, Бекбауылдағы үйіміз су астында қалып, қабаққа (жоғарылау жерге) салып алған қоржын үйдің ошағына қамыс жағып отырып, анамыздың ыңылдап айтатын өлеңі әлі есімде.

Асынып бес қаруын елден ерек,

Соғысқа ел қорғауға аттанып ед.

Келсе де қарақағаз күңірентіп,

Өлді деуге сенбейді мына жүрек.

«Қарақағаз» дегені қаралы қағаз болса керек. Анамыздың осындай өлең шумақтары көп болатын. Бәрі есімде қалмапты.

Ұмытылмастай есімде қалғаны қалаға (Қазалы стансасы) барғанда Бибіш жеңгеңе айтасың деп, үйрететін:

Бибіш пұшық,

Кетіпті екі танауың аспанға ұшып.

Мұрыныңның пұшықтығын Құдайдан көр,

Тарыңның ұшықтығын торғайдан көр, – деген шумақтар.

Қара көлеңке кезде алдына мені алып отырып, қамыс отынды қоржын үйдің ошағының көмейіне ысыруға еңкейгендегі, ошақтағы жалпылдаған оттың жарығымен бірде анық, бірде көмескілеу көрінетін, үнемі бір жақсылықты күтіп жүретін әжімді жүзі.

Өзі шығара ма, жоқ естігені ме, әйтеуір, анамыздың аузынан есіткен сол шумақтар менің әдебиетке, поэзияға жақын болуыма, жақсы көруіме себепші болды.

Мазасызданып, езіліп сізді айтып таусыла бермей, сізге керек болады-ау деген заттарды ерекше ұстаумен, бар болмысымен сізді келеді деген үмітін үзбестен өмірден өтті Анамыз!

Соның әсері болар, мен де анамызға еліктеп, сонау жылдар Бекбауылда жүргенде былай деп өлең шумағын шатпақтағаным бар.

Ағажан, Ақиректі алшы есіңе,

Анашың жолға қарап, із кесуде.

Ақирек, Қаратүзген, Бекбауылда,

Құдайым жазғайыншы кездесуге.

Иә, Аға, сізді көруді Алла бізге жазбапты. Бірақ анамыз өмірінің соңына дейін барша аналардай үмітін үзбестен кетті.

Ана үміті араға жылдар салып ақталғандай  болып  тұр  бүгін. Өзіңіз  болмасаңыз да, Бекбауылдың төріне орналасқан осынау тағзым алаңында, тақтада елін, жерін қорғаған Бекбауылдай батыр бабамызбен бірге Қошан Есекеев деген есіміңіз тұр.

Жалғыз сіз емес, Аға, сіз сияқты біреудің әкесінің, біреудің ағасының есімі жазылған. Осынау тағзым тақтасына есімдері түскен бәріңіз де елімізді, жерімізді қорғаған батырлар ұрпағы Бекбауыл баба бастаған батырлар көшіне ілестіңіздер.

Ел қорғаған ерлерін, Бекбауыл бабаны, сіздерді ел ұмытпайды.

Бекбауыл ауылындағы жас ұрпақ, жас ұрпақты тәрбиелеуші ұстаздар, ел азаматтары мен осы киелі жерден түлеп ұшқан азаматтар сіздердің есімдеріңізді ел ортасына әкелді, Аға!

Ақ шашыммен алдыңа келіп басымды идім, Аға!

Шаңырақтағы келініңіз бен бауырларыңыз, менің  балаларым  да  келіп, өзіңіздің  есіміңізге  тағзым  етуде!

Осы арадан алыс емес Көлбай ата қорымынан мәңгі орын тапқан әкеміз Рәтбай мен анамыз Балсұлу бүгін өзіңізді көрмегенмен, өзіңіздің есіміңіздің елге келгенін сезіп, үмітінің бекер болмағанын сезініп жатқан болар.

Ағажан, бүгін елдің есіндесің,

Ел қорғаған батыр баба көшіндесің.

Ақиректің бір уыс топырағын,

Қабіріңе апарып сала алмадым,

Кешірерсің, Ағажан, кешірерсің,

Кешірерсің, Ағажан, кешірерсің!

Бекбауыл ауылы, 2010 жыл

2. Барып көріп, бірледім көңілімді…

Аға! Мәңгілік мекеніңізді көріп, сол жерге әке-шешеңіз жерленген туған жердің бір уыс топырағын апарып салу арман болса, сол арманның орындалғанына бір қуансам, енді міне, сол мәңгілік мекеніңді көріп, тағзым етіп қайтуға жолға шыққаныма тағы қуанып отырмын.

Өткен жолы жол жүру билеттерін алып қойып отырып аяқ асты науқастанып, отаға түсіп бара алмай, әке-шешеміз жерленген туған жердің топырағын алып баруды Қуаныш (Бақберген ағамның баласы) пен Лескенге (менің үлкен ұлым) тапсыруға мәжбүр болғанмын.

Иә, Аға! Сол бір сұрапыл соғыста шейіт болып, біреуінен қаралы қағаз келіп, кейбіреуі хабар-ошарсыз кеткен өзіңіздей боздақтарды өлгенінше күтіп, жолына қараған абзал аналардың көз жасы үшін, мен сияқты туыстары мен боздақтардың балаларының «ең болмаса жатқан жерін бір көріп, топырақ салуды» армандаған қам көңілі үшін, елім деп жас өмірін қиғандардың ержүректігі мен рухы іздеусіз қалмауы үшін қызмет қылған азаматтардың, «Боздақтар» атты кітаптың шығуына ұйытқы болған абзал азамат, елге белгілі журналист Мырқы Исаев ағамыздың ерінбей жасаған ерен еңбегінің арқасында сізбен қауышқалы, сіздің мәңгілік мекеніңізді көруге асығып келемін.

Анамыздың арманын орындау үшін мен де әлде неше рет талаптанып көргенмін. Сұрау салған жерлерімнен «майдан даласында қайтыс болмаған, жараланып далалық лазаретке жөнелтілген» деген  хабарлар  келетін. «Боздақтар»  кітабындағы:   «Есекеев Қошан – қызыләскер. Бұрынғы Киров атындағы колхоз, қазіргі Ақирек ауылдық кеңесінде 1920 жылы туған, білімі ортадан төмен, колхозшы, БЛКЖО мүшесі, Арал АӘК арқылы 1941 жылы майданға аттанып, атқыш ретінде соғысқа қатысқан. 1942 жылы  20 қазанда ауыр жарақаттан және сырқаттан қайтыс болып, Астрахан қаласы, қалалық зиратта №1091 молада жерленген. (Астрахан ОӘК-тің 1990 жылғы 4 қыркүйектегі №2070 мәліметі, Арал АӘК-тің 1992 жылғы 13 қаңтардағы №30 тізімі)» деген  жазбаны  оқығанда, өшкеніміз жанғандай  әсерде  болдым.

Интернет арқылы Астрахан қаласындағы қалалық зират қазір бар ма, болса қандай жағдайда екенін білуге асықтық. Қалалық зираттағы жауынгерлер мүрдесінің «Бауырластар зиратына» көшірілгенін білдік. Мұражайларды, бауырластар зираттарын іздестіре бастадық. Ойда жоқта Астрахан қаласында тұратын Қазалы қаласының тумасы Талғат бауырымызбен жолықтық. Талғаттың айтуы бойынша «Бауырластар зираты» Астрахан қаласындағы орталық зираттың ортасына орналасқанын, ал Астраханға барудың түк қиындығы жоқ екенін білдік. «Алматы – Атырау» пойызымен Атырау қаласына жетіп, Атырау қаласының вокзалынан Астрахан  қаласының вокзалына дейін автобуспен немесе таксимен 5-6 сағатта-ақ жетіп баруға болады екен. Ресей азаматы болғанымен, қазақылығы қалмаған Талғат бауырымыз ұялы телефонын беріп, көбіне жұмыс барысымен жолсапарда жүретінін, өзі болмаса зайыбы Кенжебикемен, баласы Ермекпен де хабарласуға болатынын айтты. Лескен интернет арқылы Астрахан облыстық әскери комиссариаттың телефондарын тауып, арнайы Ұлы Отан соғысында хабарсыз кеткен жауынгерлерді іздеуші туыстарымен жұмыс істейтін бөлімше қызметкерімен сөйлесіп, «Бауырластар зиратында» өзіңіздің аты-жөніңіз бар екенініне көз жеткіздік. Сол жолы Қуаныш пен Лескен Талғат бауырымыздың отбасында болып, Астрахан қаласындағы жүріп-тұру мағлұматын, қонақүйлер жағдайын сұрастырып, елдің хабарын да жеткізіп, бауырластар зиратындағы аты-жөніңіз жазылған мәрмар тасты көріп, «Бауырластар зиратына» көшірер алдында мәйіттер жерленген жерге туған жердің топырағын салған болатын. Сол жерде сіздің хабарыңызды білмей жүруіміздің де сыры ашылған еді. Астрахан қаласындағы госпитальға жеткізілген кезде сіздің Қошан деген есіміңіз «Гнушан» болып қате жазылған екен. Бұл жерде де Мырқы Исаев ағамыздың нұсқауымен жұмыс істеген азаматтардың еңбегін еске алмасақ, ағаттық жасар едік. Ол кісінің мұрағаттар құжаттарын жіті зерттеуі негізінде, әскерге шақырылған кездегі Арал аудандық әскери комиссариатының құжаттарымен салыстырыла отырып, «Гнушанның» Қошан екені анықталған.

Алабұртқан көңілмен түн ауа Атырау қаласының вокзалына да жеттік. Бұл жолы Лескен жол бағдарын білетін болғандықтан Талғатты мазаламадық. Атырау қаласының теміржол вокзалынан сағат түнгі бірлердің шамасында Астрахан қаласына жеткізетін такси де табыла кетті. Жанымызға шешен ұлтының азаматы зайыбымен жайғасқан соң жолға шықтық. Таксист қазақ жігіті таң алдында Астраханға жеткіземін деген еді. Іс жүзінде олай болмады. Техника емес пе, оның үстіне жолдың да нашарлығы әсер еткен болар Ресеймен шекараға жақындаған жерде машина сыр берді. Таксист жігіт те қатты қысылды. Таныстарына хабарласып, алдымыздағы селодан бізді Астраханға жеткізетін басқа көлік те табылып, жолымызды жалғастырдық. Шекара бекетінен кідіріссіз өткенмен, біраз уақытымыздың зая кеткенін байқадық. Діттеген жерімізге 8 мамыр күні түс қайта ғана табанымыз тиді. Жақын жерден қонақүй тауып жайғаса сала, арнайы Ұлы Отан соғысында хабарсыз кеткен жауынгерлерді іздеуші туыстарымен жұмыс істейтін бөлімше қызметкерімен жолығуға бардық. Иманжүзді орыс ұлтының азаматшасы Лескенді танып, жай-жағдай сұрасып, бауырластар зиратына тағзым ету шарасының түске дейін болып кеткенін айтты.

Аға, соны естігенде көңілім құлазып кетті. Елден шыққанда басты ойым мәңгілік мекеніңізді көру болса, бауырластар зиратына тағзым етуге келгендердің ішінде өзіңізді көрген медбике, санитаркалардан біреулері кездесіп қалмас па екен деген үміт те жоқ емес еді…

Ұлы Отан соғысында хабарсыз кеткен жауынгерлерді іздеуші туыстарымен жұмыс істейтін бөлімшеден шығып, Астрахан қаласының әскери комиссариаты жанында орналасқан, Ұлы Отан соғысына қатысқан және хабарсыз кеткен жауынгерлерді іздестіру үшін құрылған «Память» атты ұйымда болдық.

– Одақтың кезінде құрылдық. Қолдаушылар да, демеушілер де көп болды. Баста 7-8 адам болдық. Советтер Одағын қамтыған жүзден аса «Книга памяти» атты жинақ шығардық. Сіздердің туыстарыңыз да сонда болу керек. Қазір қызметкерлер штаты қысқара келе екі адам қалдық. Жеңіске жетпіс жыл толғаннан кейін бұл ұйым жұмысын тоқтатады деп жоспарланып отыр. Ал, іздеушілер легі әлі үзілер емес, – деді ұйым басшысы.

Ендігі бағытымыз арнайы келген «Бауырластар зираты» болды. Лескен таксистке жолдан гүл ала кетуіміз керегін ескертті. Онымыз дұрыс болған екен. Зират жанында тірі гүл сатылмайды екен. «Бауырластар зираты» орталық зираттың ортасына, биіктеу жерге орналастырылыпты. Гүлзарға бөленген мәңгілік алауды айнала шейіт болғандардың тегі мен атының бас әрпі жазылған мәрмар тақталар орналасқан. «Е» әрпі бойынша іздестіріп Есекеев Г. деген тақтаны көргенде жүрегім еріксіз дүрсілдеп кетті. Туған жерден, өскен еліңнен жырақта, есіңнен кетпей елес боп жүрген бауырыңның аты-жөні жазылған мәрмар тасты көрудің өзі, Аға, өзіңізбен сағына көріскендей әсер етті. Өзіңізді емес, мәрмар тастағы есіміңізді көру бір қуаныш, бір өкініш болса, анаңыздың осыны да көре алмай кеткені жүргімді сыздатты. Бұл да болса көңілге медеу. «Қандай жағдайда, қай жерде қалды екен?» деген  өкінішті ойлардан сейілдік. Лескен өткен жолы келгенде кездескен қарияны іздестіріп таба алмады. Зират қарауылының жанында отырған қария сол жолы:

– Шейіттердің  мәйітін «Бауырластар зиратына» көшіруге қатыстым. Осы жерге мәйіттерді қатар-қатар жерлеп, бас жағына фамилиясы, бейіттің нөмері жазылған тақтайша ғана қадап кеткен екен. Аты-жөндерін әрең ажыраттық, кейбірін бейіт нөмірлерімен анықтадық. Ана үлкен қара крест тұрған  жерге Совет  Одағының  емес басқа елдің, тіпті тұтқынға түскен немістердің мәйіті қалай болса солай жерленгендіктен, аяқасты болмасын деп сондай белгі қойылған, баста бұл жер қалалық зираттың шеті еді, қазір ортада қалды, – депті төмендегі алаңқайды көрсетіп.

Білген аятымызды оқып, әскери қарауылдардың ресми ауысқанының куәсі болдық. Ертеңіне 9 мамыр күні де түске дейін сол арада болдық. Бұрын қалай екенін білмеймін, 8, 9 мамыр күндері «Бауырластар зиратына» тағзым ете келгендердің легі үзілмеді. 9 мамыр күні түске таман әскери теңізшілер формасындағы бір топ жас келіп, гүл шоқтарын қойды. Орталық алаңнан, әскери шеруден шыққандарын айтты. Мен сөйлескен екі кейуана (әлі сол сізді көргендер кездесіп қала ма деген үміт қой) өздерінің осындағы бауырына тағзым етуге Татарстаннан келгенін сөз етті. Түс қайта Атырау қаласына қарай жолға шыққан жолаушылардың көлігіне отырдық.

Аға, бұл сапарда ойға алған мақсатымыздың орындалуымен қатар, үш нәрсе ойымда қалды. Алғашқысы – әскери комиссариатқа жақын алаңқайдағы қазақтың ардақты күйшісі Құрманғазы атамыздың қылқұйрық аттың үстінде домбырасын қомдаған еңселі ескерткіші. Сіз жат жерде емес, ұлтымыздың ұлы адамдары мен олар мінген тұлпарының тұяғының ізі қалған мекенде жатыр екенсіз. Екіншісі, сіздің, сіз сияқты өмірінің соңғы сағаттарының демін алған жер, яғни госпиталь ғимаратына қазір консерватория мекемесі орналасыпты. Сіздердің рухтарыңыз қазіргі ұрпаққа өкініш пен төзімділіктің, ерлік пен өрліктің сазы болып, осы ғимаратта тербеліп тұрғандай сезіндім. Үшіншісі, Астрахан халқының «Бауырластар зиратына» деген ықыласы. Мәңгілік алау мен «1941-1945» деген жазу бар биік обелиск жанынан өткен ақсақалды қариясы мен кекілі желбіреген жас жеткіншектер сәл кідіріп, үнсіз басын иіп, гүл шоқтарын аса бір ілтипатпен қойып жатқаны ұмытылмастай әсер қалдырды. Сол көрініс сол жерде жазулы тұрған «Ештеңе де, ешкім де ұмытылмайды» деген сөздің дәлеліндей болып көрінді.

Аға, осы жайлардың әсерімен, көңілді бірлеген жағдайда «Атырау – Алматы» жүрдек пойызына отырып, елге бет алдық.

Барып көріп, бірледім көңілімді,

Бекерге қиған жоқсыз өміріңді.

Бір арманым, ағажан, орындалды-ау.

Кім біледі енді қашан келерімді?

Қазалы-Астрахан-Қазалы

қыркүйек, 2012 жыл

3. Кеш те болса, келгені қолдан осы болды

Аға! Міне, әкеміз бен анамыз жатқан Көлбай ата қорымында тұрмыз. Сіздің мәңгілік мекеніңіз Астрахан қаласындағы «Бауырластар зиратынан» алынған бір уыс топырақты әкеміз бен анамыздың топырағына қосып, жандарына аты-жөніңіз жазылған ақ мәрмардан белгі қойып, өзіңіз топырағында аунап өскен Бекбауылда жақын-жуық, құда-жекжат, ауылдастарға бүгін еске алу асын бердік.

Аға! Біраз жылғы науқастықтан айығып, отбасылы болып, еңбекке араласып, елтең-селтең ел қатарына қосылған жылдары әке-шешемізді, сізді еске алып, ағайын-туған, жақын-жекжаттарға өз әлімше ас беріп, осы Көлбай ата, Жолай ата және Бекбауыл қорымына жерленген туыстардың бейіттеріне зияраттап, құран аятын бағыштаған жылы қазір Күлай апа екеуміз тұрған осы жерге тас үйгізіп, «Аман жүрсем Қошан ағамның жатқан жерін тауып, бір уыс топырағын туған жерге жеткізіп, осы жерге Қошан ағамның ерлігін еске түсіретін белгі қоямын» деп өзіме серт бергенмін. Сол сертімнің үдесінен шығып  тұрғандаймын. 

Аяулы Аға! Сол бір сұрапыл соғыс өздеріңіздей өндірдей жастардың жас өмірін жалмаса, қанша жар жесір қалды, қанша ана боздағынан айырылып боздады, қанша әке өмірін жалғастырар ұрпағынан айырылып, қам көңіл болса, қанша бала жетім қалып, әке мейірімін сезбей, сезгенінің мейірі қанбай қалды.

Мен соғысты көрмегенмен, соғыстың зардабын тартқан жандарды көріп өстім. Анамыздың өзіңізге деген аналық махаббаты мен «өлді деуге сенбейтін» алаң көңілі мен үміт ұялаған аналық жүрегінің лүпілін сезіп өстім.

Алла сезіндірер болса бүгін анамыздың өзіңізге деген алаңдаумен кеткен көңілі мен рухы тынышталса, менің де жан дүниемдегі аласапыран тынышталар еді.

Кеш те болса осыған риза бол, жан Аға! Қолдан келгені осы болды.

Риза рухтарың болсын, Аға,

Басты арманым ойдағы орындалды.

Туған жердің бір уыс топырағын

Мәңгілік мекеніңе жеткіздім-ау…

Риза бол, ағажан,

Қолымнан  бар  келгені  осы болды.

Бекбауыл ауылы

маусым, 2013 жыл

Құдайберген  Есекей,

Қазалы  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: