Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызылордада егін алқабына дән себілді

24.04.2024, 15:20 194

HALYQLINE.KZ

Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Сырдария ауданына жұмыс сапарымен барып, биылғы алғашқы дән себу рәсіміне қатысты. Іс-шараға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Мұрат Әбенов, Мархабат Жайымбетов, Мұрат Ергешбаев, Қазақстанның Еңбек Ерлері Абзал Ерәлиев, Имамзада Шағыртаев келді. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Аймақ басшысы ауыл шаруашылығы саласының ардагерлерімен бірге егіс алқабына дән сеуіп, ел қамбасының астыққа толуына, шаруа еңбегінің нәтижелі болуына тілектестік білдірді. Әрі қарай ауыл шаруашылығы техникаларының, тыңайтқыштар мен су үнемдеу технологияларының көрмесімен танысты.

Дән себу рәсімі Н. Ілиясов ауылының егіс алқабында өткен «Дала күні» семинар-кеңесімен жалғасты.

Айта кетейік, биыл өңірде 187,5 мың гектарға егін, оның ішінде 78,3 мың гектарға күріш егу жоспарлануда. Өткен жылмен салыстырғанда жалпы егіс көлемі 5,8 мың гектарға, ал күріш көлемі 10,8 мың гектарға тұрақтандырылып, суды аз қажет ететін малазықтық, майлы дақылдар мен картоп, көкөніс көлемін арттыру көзделуде.

Аймақта көктемгі дала жұмыстары агротехникалық талаптарға сай мерзімінде жүргізілуде. Қазір 32,2 мың гектар жерге ерте егілетін дақылдар орналастырылды. Кей шаруашылықтар күріш егу мен суға бастыруға 15 сәуірден ішінара кіріскен, бүгін науқан жаппай басталды.

Қажетті тұқымы қоры толық, 63,6 мың тонна тыңайтқыштың 59,7 мың тоннасы әкелінген, қалғаны қажеттілікке сәйкес алынуда.

Сондай-ақ, 3 799 ауыл шаруашылығы техникасы толығымен жөндеуден өткізіліп, егін егуге қатысуда. Көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін облысқа Үкімет тарапынан арзандатылған бағамен 12,9 мың тонна дизель отыны бөлінді.

Шаруашылықтарға егін егуге 26,7 млрд теңге керек болса, бүгінгі күнге 25,6 млрд теңгесі қаржыландырылды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: