Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

ҚҰЛАГЕРДІҢ ДАҢҚЫ ҚАЛАЙ ШЫҚТЫ?

23.01.2020, 11:53 4396

Әз-Жәнібек ханның заманында өмір сүрген Құзғынұлы Көсе шешен мен Кеңес­ұлы Жиренше қарын бөле екен. Бір күні Әз-Жәнібек хан халқын жинап, мәжіліс құрып отырғанда Жиреншеден: «Шешенім, өтірік пен шынның арасы қандай?» деп сұрапты. Сонда Жиренше: «Өтірік пен шынның арасы аспан мен жердей» депті.

Сол кезде Құзғынұлы Көсе: «Жоқ, өтірік пен шынның арасы аспан мен жердей түгілі, есік пен төрдей емес, тек төрт-ақ елі, көз көрген – рас, құлақ есіткен­ – өтірік» депті. Көз бен құлақтың арасы төрт елі екенін өлшеп, көр­сетіп, дәлелдеп беріпті.

Дана бабаларымыздың дарасы болған­ Құзғынұлы Көсенің сөзіне сүйеніп, естігенімді емес, оқығанымды баяндайын.

«Тұсында сері болсын, пері болсын,

Ұнайды өмірімен Ақан маған.

…Керексіз кісі болған ол заманға,

Қайткенмен бір жұмбақ сыр бар Ақанда.

…Тегінде тегін бе екен Ақан сері,

Бұл да бір емес пе екен елдің ері?

Өз ұлын, өз ерлерін ескермесе,

Ел тегі алсын қайдан кемеңгерді?» деген Ілияс Жансүгіровтің сөзін одан ары жандандырсам деген ойым бар.

Ілияс Жансүгіровті, қазақ халқы жалғыз­ өзіне ғана «сері» деген ат берген Ақан серіні, Құлагерді өз көзімен көрген кісілер туралы Молдаш Мұқатұлының 1993 жылы 12 қарашада «Қазақ әдебие­ті» газетінің №46 санында жарияланған «Құлагердің даңқы осылай шыққан» мақаласын оқыған соң, бейжай отыра алмай, осы мақаланы оқырманға ұсынуғ­а  асықтым.

«Ұмытпасам, 1925-1926 жылдардың бірі еді. Жаз айы. Жайлауда отырғанбыз. Бірде біздің үйге сонау Алматыдан арнайы­ адам келді. Кескін-келбеті, түр-тұлғасы еміс-еміс есімде. Ұзын бойлы, қараторы, бет-бейнесіне жарасып тұрған мұрты, қалың өскен қою қара шашы бар, үстінде жол-жол сұр костюмы­, қолында қалпағы, қолтығында плашы бар. Үйіміз үлкен, алты қанат ақ үй болатын. Қонақ ішке кіріп, сыпайы амандасып, төрге шықты.

Қонақ келгенде ақ дастарқан жаятын қазақпыз ғой. Шешем орнынан тұрды да, оң жақта тұрған қара сабаны пісіп, шараға қымыз құйып, оны әдемі ожаумен сапырып, аяққа құйып қонақтың  алдына қойды. Үйде әжем бар бола­тын. Әкем ел аралап кеткен-ді. Қонақ шөлін басты-ау деген шақта, әжем әлгі адамның жайын сұрауға көшті. Бұрын-соңды көрмегенін айтып, қайдан келе жатқанын  білмек  болды.

Аз-кем үнсіздіктен соң қонақ: «Мен Бекей деген бәйбішені іздеп Алматыдан арнайы  келе  жатырмын»  деді.

– Алыс жерден келе жатыр екенсің, қарағым, іздеген адамың мен боламын.

Әжем «бөтен адамның мені іздей қоятындай қандай қажетім болды екен?» дегендей аңтарыла қарап қалды.

– Сізге Атырау ауданы, Кеңашы ауылында тұратын Нұрсейіт деген ақсақал­ жіберді. Сіз жас кезіңізде Ақан серінің Құлагерін күтіп-баққан екенсіз. Нұрекеңнің айтуына қарағанда, Құла­герд­і шомылдыру, қарау тек сізге ғана жүктелген  екен.

Осылай деген қонақ «бұған не дейсіз?» дегендей әжеме қарап отырып қалды.

Әжем келген адамның мақсатын енді түсінгендей болды да, қонақтың аты-жөнін, келген жерін анықтап сұрады.

– Есімім – Ілияс, әкемнің аты – Жансүгір. Біржан сал мен Сара деген ақындарды естуіңіз бар ма, дәл солар айтысқан жерденмін. Талдықорған, Жетісу деп аталады жеріміз, – деді іле-шала.

– Е, түсіндім, Шоқан жатқан жерден екенсің ғой, – деп әжем сәл қозғалып қойды. Келген жұмысыңды енді ұқандай болдым. Мәриям (менің шешемнің аты), Хасенді (әжемнің кенжесі) шақыр! Қонақ келді ғой, мал сойыңдар. Алыстан ат арытып келген екенсің, қарағым, жайланып жат…

– Бәйбіше, бұл құрметіңізге көп рақмет­! Тамақ ішіле жатар, рұқсат болса,­ келген жұмысымды айта отырайын, -деді  Ілияс.

– Шырағым, іздеп келген адамыңды дәл таптың. Мен осындамын, ешқайда қашпаймын. Алыс жолдан келдің, тынық, демал. Мәриям, қонақтың астына­ көрпе сал, – деді әжем әдеттегі сабырлығына  көшіп.

Іле-шала самаурын қойылды. Мал әкелініп, сойылып жатты. Іздеген адамына­н жаңа деректі білгісі келген Ілияс тағы да ұсыныс жасады.

– Мен Ақан серінің Құлагері жайында ұзақ өлең-поэма жазып жүр едім. Сондық­тан  кейбір  деректерді  нақтылай түсу қажет болып тұрғаны. Құлагерді көзімен көрген, баптап-күткен сіз көп нәрсе айтатын шығар деген үмітпен келіп едім. Ақан серінің кескін-келбетін, бет-бейнесін, Құлагердің үш жүзге қалай танылғанын сіздің жақсы білетініңізге еш күмәнім  жоқ.

Әжем көп ойланған жоқ, көңілде сайрап­, көкейде қалған, өзі куәсі болған­ сырдың  тиегін  ағытты.

– Ақан сері аққұба, қызыл шырайлы­, кең маңдайлы, қыр мұрынды, ат жақты­, саусақтары салалы келген адам еді. Көзі көбінесе күлімсіреп тұрады. Өте таза адам болатын. Қаншама рет дәрет алса, соншама рет қолын ғана емес, аяқкиімін де бірге жуатын. Отырғысы келсе, қоржын­ынан ақ шайы кездемені алып, жайып соның үстіне жайғасушы еді. Ал, Құлагер жылқының сұлуы, ақылдылығы сонша, аяғын тұсап жібергенде, етегін баспай, айнала беріп оттайтын жануары­м еді-ау!» – деп әжем күрсініп қойды.

– Біздің ауылға келгенде Құлагерді тек маған жудыратын. Адам емес, жыл­қы малын иіс сабынмен жууға кім құштар  болмайды? Ауыл арасы жақын болғандықтан жетісіне бір рет, кейде екі рет Құлагерді шомылдырып, жал-құй­рығын тарайтын едім. Сондай сәттерде Ақан сері: «Келін, құлағының түбінде шаң қалмасын, бүгін екі-үш рет аунап жатқанын көрген едім» деп ескертіп қоятын. Құлагердің үш жүзге аты шығуыны­ң өзі – бір тарих. Қызылжар мен Омбы қаласының арасында «Үлкен қарой» дейтін көлдің жағасында атақты Зілғараның баласы Әлібек мырза мекен ететін. Ол сол кездегі көзі ашық азаматтың  бірі  болыпты, қазақшаға да, орысшаға да бірдей сауатты екен. Кіші жүз Жағалбайлы елінде (әжем атын айтып еді, есімде қалмапты) атышулы бір адамны­ң асы болыпты. Сол асқа үш жүзден де адамдар шақырылған екен. Сондай хабар Әлібекке де жетіпті. Оны Ақан сері естіген болу керек, өз бетімен асқа бара алмайтынын, бәйгеге атын қоса алмайтынын сезіп Әлібекке қарай жолға шығады. Ақан сері бай ауылына келгенде Әлібектің күтуші адамдары: «Сыртта басында үкісі, қоржынында үкілі домбырасы бар, қара бедеу ат мінген, жетегінде бесті құла аты бар адам түсуге рұқсат сұрайды» деген хабар береді.­

Әлібек паң адам екен. Ұзақ ойланып, «айтуларыңа қарағанда атығай-қа­рауыл­дың Ақан серісіне ұқсайды, қонақты үйге түсіріп, ас беріңдер, маған ертең жолықтырыңдар!» – деп әмір етеді.

Тамақ ішіп әлденген соң, Ақан сері ән шырқайды. Әні, ғажап дауысы Әлі­бектің де құлағына жетеді. Сонан соң іле-шала Ақан серіні шақыртып, ән салдырып, өлең айтқызады. Әбден құмары қанған Әлібек Ақан серіден келген шаруас­ының жайын сұрайды. Әлібек жайында бұрындары естіп жүрген Ақан сері келген жұмысын бірден айтады. «Астымда Құлагер атты жүйрігім бар. Елдегі сан бәйгеге қосып едім, әзірге алдына  жүйрік  салған жоқ».

Ақан серінің Құлагері жайлы естіп білсе де, Әлібек өз жүйріктерімен салыстыр­ғысы келіңкіремей: «Менде жүйріктер баршылық. Әкем Зілғара жылқысының санын білу үшін «Үлкен қарой» көлінің аралына қамап санайды екен. Бір санағанда 32 мың болыпты, одан кейін санағанымыз жоқ. Осын­шама жылқының ішінен сенің Құлагеріңе  татырлық бір жүйрік табылар. Бәйгеге қосып көрелік. Озғанын апар­ған дұрыс болар» деп өз ойын білдіреді. Бір жетіден кейін бәйге басталады. Алғашқ­ы 40 шақырымда Құлагер бір шақыр­ым алда, бір жетіден кейін 50 ша­қырымға жібергенде екі шақырым алда, енді бір жетіден кейін 60 шақырымнан жібергенде үш шақырым алда келеді. Құлагердің жүйріктігіне көзі жеткен Әлібек: «Ол асқа атың Әлібектің аты болы­п қосылсын, егер бәрінен озып келсе,­ үш жүзге өз атыңды да, Құлагер­дің атын да шығаруға уәде беремін» дейді. Әлібектің мұндай шешіміне келісе­ кеткен Ақан сері қуанышын жасыра алмады­. «Сөзіңізге құлдық, маған одан артық ештеңенің керегі жоқ» дейді.

Келесі жылы жазда уәде бойынша Ақан сері Әлібекке ілесіп, Жағалбайлы еліне барады. Бәйгеге үш жүздің 304 жүйрігі қосылады, оның ішінде Әлібек­тің үш аты болатын, оның бірі – Құлагер.­

Ұлы жүзден келген жүйріктерді жер бастырмай, арбаға тиеп әкелген. Су орнына­ жылқының сүтін береді екен. Әлібек Омбы губернаторынан 100 солдат­ алдырып, әрбір екі шақырым сайын бір солдаттан тұрғызып қойыпты. Бұл, біріншіден, бәйге тәртібінің сақталуына жағдай жасаса, екіншіден, анау-мынау ұрыс-төбелес болған жағдайда оны басу үшін де қажет болар деп ойлаған еді.

Әлібектің осынша беделді болуы – әкесі Зілғараның еңбегі. Ол Омбы қаласында тұратын орыстың бір полкіне өзінің жылқысынан 500 ат қоңыр төбел бергізеді. Сөйтіп патшадан қазақ пен орыстың арасындағы «елші» деген куәлік алады. Мойнына үлкен алқа тағады­, оқаланған сары ала шапан киеді. Әкесінің осындай беделі баласы Әлібектің де өміріне көп ықпал етеді.

Бәйгеде Құлагер мәреге бірінші боп келеді. Әлібектің қосқан тағы бір аты жүйріктер қатарында келеді. Тәртіп бойынша­ 15 атқа жүлде тағайындалыпты. Үш жүздің өңшең жүйріктері жарыс­қан сонау бәйгеде Құлагер көш бастап, Әлібектің дәрежесі көтеріліп қалады. Бәйгеге 75 жылқы берілген екен. Бірақ, ол бұған мастанбайды да.

Өзінің ақылдылығы мен адамгершілігіне орай, мынадай қадам жасаған екен. Әлібек ас иесін, асты басқарып жүрген адамдарды шақыртып алдырады. Асты басқарып жүрген 72-дегі қарт адам да, астың иесі 12 жастағы бала екен. Әлібек қарт адамға «Алыстан келдім де, қазақтың салты бойынша саба әкеле алмадым. Сол айыбым үшін бәйгеге алған­ жылқымның бесеуін сізге байладым» деп ұстатып береді. Содан соң «үш жүздің игі жақсылары жиналған осынау асқа сіздің ел бір жыл дайындалды. Осыған­ халықтың көп еңбегі сіңді. Осы жылқыдан сол азаматтардың еңбегінің өтелуі деп тағы 10 жылқы алыңыз. Бұл тойға Ұлы жүз ағамыздан, Кіші жүз інімізден, ру  басшыларынан  келген  саба болса, сол сабаға жілік салмай, орнын­а менің жылқымнан 15-ін салуды өтінемін» дейді де, оны ұстатып бер­гізеді. «Осы асқа келе жатқанда 15 рет түнеп келдім, қайтарда тағы 15 рет түнеп барамын,­ базарлығым болсын, сол үшін екі аттан байладым. Өзімде 30 мыңнан астам жылқым бар. Сол жылқы маған да,  сендерге де (өзімен еріп келген адамдарға айтқаны) сояр – азық, мінер – көлік, сатар пұл ғой, молынан жетеді, ендеше қолдарың ашық болсын!» – депті.

Сөз реті келгенде, мына бір деректі айта кеткен жөн болар. Мен 1959-1962 жылдары Әлібектің елінде қызмет істеген­де естіген едім. Әлібектің немере­лерін 1929 жылы кәмпеске кезінде жұртшылық кәмпескелеуге қарсы болып­, дау шығарыпты. Өйткені, Әлібектің тұқымында ен салған малы болған  жоқ, оның иемденгені елдің малы деп  кәмпескелетпепті.

Өзінің жора-жоралғысын жасаған Әлібек: «Ақсақал, мынау ас – үш жүздің игі жақсылары бас қосқан үлкен жиын, ертең елдеріне барғанда айта жүрсін. Орыс пен қазақтың арасында болып жатқан­ байланысты білгендері жөн шығар,­ ертең анау төбенің басына халық­ты жинаңдар, өсиет сөзім бар еді» дейді де, Ақан серіге берген уәдесі жайынд­а қысқа ғана хабардар етеді. Соны үш  жүздің  игі  жақсылары алдында­ айтқысы  келгендігін  білдіреді. Ертеңінде­  халық  жиналған сәтте, Әлі­бек  былай  деген екен:

– Құрметті аға баласы, құрметті іні баласы, қабырғалы орта жүздің игі жақсыл­ары, осындағы бір азаматқа азғанта­й уәде беріп едім, сіздердің алдарыңы­зда соны айтпақшымын. Ау, Ақан сері, жүйрігіңді жетектеп мына жұрттың алдына шық, – дейді де сөзін одан әрі жалғастырады.

– Мынау адам – орта жүздегі атығай-қарауылдың Ақан серісі. Ұстап тұрған аты – кешегі бәйгеде алдына жүйрік салмаған Құлагер. Танып тұрған боларсыздар, асқа келерден бұрын Ақан серіге берген уәдем бар болатын. Мына Құлагер әлденеше қашықтықта аттарымнан дүркін-дүркін озып алда келе берді. Соны байқап, егер де үш жүздің игі жақсылары жиналған бәйгеде озып алға шықса, ел алдында «Ақан серінің тұлпары» деп айтуға уәде берген болатынмын. Күткен Құлагер алда келді. Сол антымды аяқасты етпей, баршаңыздың алдында ат Ақан серінікі екенін айтпақ едім, – деп сөзін аяқтаған екен.

Сөзінің аяғында Құлагердің бәйгесін ауылға жеткен соң, беретіндігін уәде қылыпты. Әлібек уәдесінде тұрып, қайтып­ оралған соң, серінің алдына бір үйір қысырақ салып, оған қоса, атышулы­ қара тұйғынын берген екен. Сөйтіп серіні риза қылып қайтарыпты.

Әжем Ілиясқа өзі білетін осындай деректерді баяндап берген болатын. Мұның бәрі дерлік әжемнің көзбен көріп, Ақан серінің өз аузынан естіген оқиға­лары еді. Сөйтіп Ілияс Жансүгіровтің «Құлагер» поэмасына арқау болған бір детальды әжем айтқан болатын. Әжем 106 жасқа келіп дүние салды. Ілияс келген­де, мен 12-13-тегі баламын. Әжемнің еркесі болдым да, тізесінде отыратынмын, әңгіме ұзақ жылдар жадымда­ қалып, сақталған сол бір дерект­і өздеріңізге жеткізу көптен ойымда­ жүруші еді, сәті бүгін түсті» деп мақала аяқталған болатын.

Ақан сері – халықтың сал-серілік салтының озығын ұстанып, оны өзінің бөлек болмысымен шырқау биікке көтеріп, тұтас бір заманның көркем бейнесі­не айналдырған асқақ тұлға. Даласы­ мен тауларын, көк орманын, көлдерін әуелеген әнімен тербетіп, қауымның жүрегіне ғайыптан түскен жарықтай құйылып, қазақ аруларының атын атап, өлеңге қосып, мерт болған құсы мен Құлагер атына әлемде кез­деспейтін ән шығарып, өз-өзіне мәңгі тозбас ескерткіш соққан ұлы ақын әрі әнші.

Пай-пай, заман-ай! Әлібектей жолынан жығылмаған жомарттары, Ақандай кербез серілері, Құлагердей керемет жүйріктері бар біз неткен бақытты елміз? «Қазақтың кең пейіл дарқан дәуірінің мәні мен сәні болған жандардың атымен Қызылорда көшелерін неге атамасқа?!» деген ойдың жетегінде әлі жүрмін.

Анар   ҚАРАЖАНОВА

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: