Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мұсылман бола алмаймын ба?

15.05.2020, 15:05 1130

Танысым екеуміз көлікте келе жатырмыз. Бір ауыл зиратының тұсыннан өтерде танысым бет сипап, маған:

– Не, сен мұсылман емессің бе? – деді.

Бұл кезде мен зиратта жатқандарға арнап іштей дұға жасап келе жатқанмын.

– Бауырым, мұсылмандық парыз бір бет сипаумен өлшенсе, онда оның құнын түсіріп жібердің ғой, – дедім.

Ораза айы. Тағы бір танысым:

– Ауыз бекіткен боларсың? – деп сұрады.

– Мүмкіндік болмады, дегенім сол:

– Не, мұсылман емессің бе? – дегені.

Ол менің асқазаным ауыратынын, жақында өтімді алдырғанымды, қан қысымымның төмен екенін қайдан білсін. Бірақ, оның ойынша да мұсылмандық парыз ауыз бекіткенмен өлшенетіндей.

Көпшілігі намаз оқитын, оқымайтынымды сұрайды. Мен оларға ниетім барын, бірақ кәсібім үнемі жол үстінде жүретін болғандықтан мүмкіндік болмай жатқанын, есесіне балаларым, әйелім оқитынын айтсам:

– Мұсылман болсайшы, – дейді.

Құрметті жамағат! Осы үш мысал арқылы ойымды жинақтап, сіздерге бір ғана сауал қояйын. Егер менің жүрегім ізгілікке толы болса, көкірегім имандылыққа тұнып тұрса, обал-сауапты ажырата алсам, мұсылмандық парызды бес саусағымдай білсем, қайырымды әрекеттерді ұмытпасам да бір намаз оқымай немесе ауыз бекітіп, бет сипамай мұсылман бола алмаймын ба?

Жоқ әлде, намаз оқып, ауыз бекітіп жүргеннің барлығы біз ойлағандай иманды, таза жүріп-тұратын, обал-сауапты білетін, мейірімді, жетімін жылатпаған, жесірін қаңғыртпаған, ұрлық жасамайтын, пейілі де, қолы да ашық, ұлттық құндылықты ұлықтай алатын, барға қанағат, жоққа салауат айтатын, жылағанды жұбатып, сүрінгенді сүйейтін, өсек, өтірік айтпайтын, қандасына қиянат жасамайтын адамдар ма? Кез келген мұсылманның ішкі жан дүниесі кіршіксіз тап-таза болуын қалайтыным сияқты, өзім де сондай дәрежеге жетпей намаз оқуым дұрыс емес-ау, деп те ойлаймын. Ал, сіз қалай ойлайсыз, оқырман қауым? Тек, жылы сөзбен, мейірімді жүрекпен түсініссек…

Ердәулет  СҰЛТАН,

әлеуметтік  парақшасынан  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: