– Балам-ау, тұрсайшы, шөжелерің шулап, ақтабаның қыңсылап, өзіңді іздеп тұр ғой, тұр… тұра ғой енді…
Осы сөздер құлағына жағымды естілген сияқты еді, көзін ашып алғанда қасында тұрған «Қаралы сұлуды» көргенде жаңағы түсі де, жылы дауыс та ғайып болды.
Орнынан ұшып тұрған Мәди далаға жүгіріп шықты. Сол жүгірумен тауық қора, ақтабанның кетегін қарап шықты. Шулаған шөжені де, қыңсылаған күшікті де байқамады. Күндегі шүпірлеген сол шөжелер, өзіне еркелей қарап құйрығын бұлғаңдатқан күшігі. Тамақ іздеп тұрғандары анық. Бірақ анау айтқандай улап-шулап жатқан жоқ. Бәрінен де көріп жатқан түсін бөліп жібергенін айтсайшы…
Жанарына дөңгеленіп жас келді…
… Қызыл белесепетіне мініп, анасының демеуімен алға жүріп кетті. Армандаған белесепетіне аяқ артуы сол екен зырлай жөнелді. Соңынан анасының «Балам, байқашы, айналайын…» деген сөзін қарсы соққан жел ала қашып бара жатты… Анасын көргісі келіп артына қарай бергенде оятып жіберді-ау…
Кеудесін өксік кернеді…
Ол күн арманы болып қалған қызыл белесепетті көрген күн болып есінде қалып қойыпты. Әкесі, анасы үшеуі аудан орталығына барған. Әкесі бөпе әкелетін анасын дәрігерге көрсетуге барғанда бұны да ала барған. Орталықтағы екі қабатты үлкен дүкенге анасына қажет заттарды алуға кіргенде бұның көзі онша үлкен емес, көздің жауын алатын екі дөңгелекті қызыл белесепетке түскен. Белесепетті айналшықтап жүрген бұны көрген анасы:
– Балам, алғың келе ме… Саған үлкендеу болмай ма? – деген. «Иә» деп айтудан бұрын әкесіне қараған. Әкесі:
– Анасы-ау, әуелі келген жұмысымызды бітірейік те, – деді.
Бұның қабағының түсіп кеткенін көрген анасы:
– Мәдөш, сенің ақылың бар ғой. Қазір дәрігерге көрінеміз. Қайтарда алып береміз, – деген басынан сипап.
Дәрігерге көрініп шыққаннан кейін ауруханаға жататын болған анасы:
– Айналайын, мен ауруханаға жататын болдым. Сен нағашы апаңның үйінде бола тұр. Әкеңнің айтқанын істе. Белесепетті ауруханадан шыққан соң өзім алып беремін. Әкеңді мазалама, – деп бауырына басқан.
Анасын содан кейін көрмеді. Ауруханадан анасы да, бөпесі де үйге оралмады. Қызыл белесепет те арман болып қала берген.
Осыдан алты-жеті ай бұрын бұның өмірінде үлкен өзгеріс болды. Бір күн бұрын төрде ілулі тұрған анасының үлкейтілген суретінің жанына барып, ұзақ қарап тұрған әкесі суретті жатын бөлмесіне алып кетті.
Балаң көңілі мына үлкен бөлме бар дүниесінен айырылып босап қалғандай құлазып, жүрегі бірдеңе сезгендей қобалжып, не далаға шығып кетерін, не әкесінің ізінен бөлмесіне барып бірдеңе сұрарын білмей, әрі-сәрі күйде тұрып қалған.
Сол күні үйге нағашы апасы, бір-екі туыс келді. Әкесі, бәрі төргі бөлмеде сөйлесті. Бұны шақырып еді, ол бөлмеге кіргісі келмеді. Сәлден кейін әкесі бұның бөлмесіне келіп:
– Балам, жаңа үлкен кісілер шақырғанда келмедің. Анаңнан айырылғанымызға екі жылға қарап барады. Бәрін түсініп, еркелікті азайтқаныңды көріп жүрмін. Екеуден-екеу мына үлкен үйде әрі қарай қалай тұрамыз? Нағашы апаң қашанғы келіп тұрады? Үйі бар, балалары бар. Үлкендердің ақылын алып, үйге бір апа әкелгім келіп отыр. Анаңдай болмағанмен, апаңдай болады деп сол апаны үйге әкелсем…
– Сонда, анамды ұмытамыз ба?.. Суретін де алып қойдыңыз…
Әкесінің сөзін аяқтатпай өксіп-өксіп жібергені есінде.
– Балам-ау, анаң енді бізге жоқ қой…
Бауырына басқан әкесінің бетіндегі тарам-тарам жасты көріп, әкесін аяп кетті ме:
– Жарайды, әке … Жақсы… – деп әкесін құшақтай берді.
Сол әңгімеден көп ұзамай әкесі үйге осы апаны алып келген. Көрші ауылда тұрады екен. Бұрын көрмеген адамы. Жүзі жылы. Аққұба. Әдемі жан. Үйге жылылық кіргенін сезеді. Сонда да мойындай алмай жүр.
Әкесінің жататын бөлмесіне кіріп бара жатса, жайсыз бір күйге түседі. Әкесін қызғана ма, жоқ бөлмеден шығып өзін айналып, толғанатын анасын іздей ме…
Анау айтқандай үлкен той болған жоқ. Шағын туыстардың қатысуымен беташар болды. Келген апа: «Үлкен тойдың да, беташардың да қажеті жоқ. Баланың (мұны айтқаны болар) жүрегін жаралап алармыз» депті. Үлкендер «бетің ашылмаған баласың, беташарсыз болмайды» деп жасатыпты.
– Бұл мінезі сенің анаңа ұқсайды, жарықтық өзінен бұрын жақын жандардың жағдайын ойлап отыратын. Сосын маңдайымызға қалай сыйсын?!. – деп мұны нағашы апасы айтқан.
Беташардан кейін көрші «шұнақ қыз» (бұл қызды мінезіне қарай көрші әже солай атайтын):
– Мә… әкең көрші ауылдағы «Қаралы сұлуға» үйленген бе?.. – деп сұрады.
Әрі-сәрі күйде тұрған ол ызаланып:
– Кетші-ей, «шұнақ», – деп тістене сөйлеп, жұмырығын түйе бастағанын көрген ол «жұрттың бәрі солай дейді ғой» деп ернін дүрдитіп жылыстай берген.
Көрші әженің «Бұл шұнақ қыздың білмейтіні жоқ» дейтіні рас болды.
Бұның үйіне келген Айсұлудың «Қаралы сұлу» аталуы қайғылы оқиғаға байланысты екен. Ауылындағы шаруа қожалығын басқарған, жағдайы жақсы кісінің баласымен кездесіп жүреді. Баланың өгей шешесі қызды жақсы көреді. Сыртынан иеленіп, «болашақ келінім, мынандай» деп бас бармағын көрсетіп мақтап отырады екен. Онысы баланың әкесінің қарындастарына жақпайды. «Өгей шеше балаға қай бір жаны ашып жүр дейсің» деп қыздың жай-жағдайын сұрастыра бастайды. Сөйтсе, қыздың әкесі қарапайым тракторшы, анасының құстың келу, қайтуында ауыратынын естіп, қыздың сыртынан неше түрлі әңгіме таратып, жігітпен арасына от жаға бастайды. Оны естіген өгей шеше қалада оқып жатқан балаға хабар беріп, әңгіме өрбіп кетпей тұрғанда қызбен сөйлесіп, тездетіп үйленіп алуға кеңес береді. Жағдайға қаныққан қыз бен жігіт бас қосуға келіседі. Жігіт үйіне хабарласып, қалыңдық алып келе жатқанын айтады. Жолда келе жатқанда жол апатына түседі. Жігіт ауыр жарақат алып, қыз жеңіл жарақатпен ауруханаға жеткізіледі. Ауруханада жігіт қайтыс болады.
Мүрдені ауруханадан алуға келгендердің арасындағы жігіттің өгей шешесімен бірге Айсұлу да жігіттің үйіне барып, жігіттің өгей анасының жанында болады. Оны естіген туыстарының әкесіне барып «Ана қызың неғып отыр ана үйде, сүйегімізге таңба салып, шашынан сүйреп алып келеміз» деп даурыққанын басқанымен өзі жер бауырлап жатып алады. Жігітті жерлеп үйіне келген Айсұлуға «Қаралы сұлу» деген ат тағылады. Ауылда ешкім Айсұлуға жақындамайды. Пішу-пішу әңгіме көпке дейін соңынан қалмайды.
Көп ұзамай әкесі қайтыс болады. Кітапханашының аз айлығы науқас анасымен екеуіне аздық еткесін совхоз басшысына барып әкесінің тракторына отыруға өтініш жасайды. Мектепте жүріп трактор жүргізуге алған куәлігі мен әкесінің қасында жүріп техникаға әуес болғаны кәдеге асады. Көп ұзамай анасы да о дүниелік болады. Жұмыста да, үйде де үнемі шалбарланып жүретіндіктен болар, ат қойғыш ауыл «Еркек шора», «Қаралы сұлу» деп сыртынан сөз етеді. Өзі туралы не есітсе де көңіл аудармағанымен, мінезі тұйықталған Айсұлу ешкіммен араласпай, жұмыстан басқаға көңіл аудармай өзімен-өзі жүретін халге жетеді…
Нағашы апасынан осы әңгімені естігенде Айсұлуды аяғандай болған. Бірақ, әкесінің төрде ілулі тұрған анасының суретін алғаны, содан бері ол суретті көрмегені, жұмыстан келген әкесінің өзінен бұрын «Қаралы сұлуды» (ұнамай қалған кезде ойына осы атау еріксіз оралатын) іздеп тұратыны есіне түсіп, бойын тез жиып алған.
Әңгімесінің соңында нағашы апасы өзінің бұның әкесімен Айсұлудың жарасуына себеп болғанын, әпкесінің орнын басады деп, бұған қамқор болады деп Айсұлуға сенетінін, жаны таза жан екенін айтып, бауырына басса да, селқос тыңдады. Нағашы апасының бұл ісін түсіне алмады… Өзін жалғыз қалғандай сезінді.
Бірде бөлмесінен шығып жатып, ашық тұрған әкесінің бөлмесінен мұқият оралған суретті орауынан ашып жатқан «Қаралы сұлуды» көрді. Анасының суреті екенін сезді. Дүрс-дүрс соққан жүрегі аузына тығылды, кеңсірігі удай ашып, көзіне жас келді. «Қаралы сұлу» қазір суретті паршалап тастайтындай көрініп, ұмтыла бергенде үйге кіріп келе жатқан әкесінің «Айсұлу… а, Айсұлу» деген дауысын естіп, бөлмесіне қайта кірді.
Ашық есіктен көріп тұр. Суреттің орауын алып, қарап отырған «Қаралы сұлу» атын айтып шақырған дауысқа елең етті де, отыра берді. Қасына келген бұның әкесіне:
– Мәдөштің анасы ма? – деді. Анасы сияқты жылы үнмен «Мәдөштің» дегенді естігенде ыстық жас жанарын жуып кетті. – Мәдөштің мені ұнатпайтынын енді түсіндім. Шамасы мына суретті мен келерден бұрын тұрған жерінен алып, мында әкеліп тығып тастағансың ғой. Қалай дәтің барды?.. Шамасы суретті алып жатқаныңды Мәдөш көрген ғой… Ізінше мен келдім… Сосын бала мені қайдан жақсы көрсін?!. – Дауысы дірілдеп шыққандай болды. Әкесі келіп ашық тұрған есікті жапты.
Бөлмедегі екеу ұзақ сөйлесті. Әкесі түскі асқа шақырды. Түскі ас үнсіз ішілді. Әкесінің де, «Қаралы сұлудың» да (бұл жолы бұрынғыдай емес, жай ғана есіне алды) томаға-тұйық ойлы жүздерін көру өзіне ауыр тиетінін сезді. Үшеуі де тамақты үнсіз ішті.
Сыртқа шығып шөжелеріне жем шашып, өзіне еркелеген Ақтабанға тамақ берді. Айсұлудың (бұл жолы «Қаралы сұлу» деген атау ойына оралмады) «Мәдөштің мені ұнатпайтынын енді түсіндім» деген сөзі ойына оралды.
Айсұлу келгелі өзінің онымен ашылып сөйлеспейтіні, ештеңе сұрамайтыны, бірдеңе сұраса қысқа жауап беретіні. Үйде оның бар екенін елемеуге тырысатыны. Айтқандарын орындағанымен ынтасыз орындайтыны ойына оралып, соның бәрі Айсұлудың жанына тиетінін бүгін сезді.
Ал, оның өзіне деген жылы көзқарасы мен үстіне, киіміне, тазалығына мән беріп, айтқызбай орындайтыны, тіпті бұның алдында өзін айыпты адамдай сезінетіні сөздері мен істерінен байқалып тұратынын да бүгін сезгендей.
Бөлмесіне келген әкесі басынан сипап, бауырына тартты. Айсұлу келгелі әкесі бұлай бауырлаған емес еді, көңілі бұзылды.
– Балам, кешір, әкеңді. Кейде үлкендердің де қателесетіні болады. Сенің алдыңдағы кінәмді Айсұлу апаң бетіме басқанда қатты ұялдым. Оны мойындаудан қорықпаймын. Әсіресе, «Анасының суретін көзінше төрден алып, тығып тастағаның не қылғаның, ең болмаса бөлмесіне апарып ілмедің бе, баланың алдында өзіңді де, мені де жеккөрінішті еткенің не қылғаның, балаға жеккөрінішті болып бұл үйде қалай жүремін?» дегенде өзімді қоярға жер таппадым. Мен олай істегенде Айсұлудың көңілін аулайын дегенім жоқ, анаңның суреттегі бейнесіне қарауға жүрексіндім, өзімді оның алдында күнәлідей сезіндім. Амал жоқ, осылай жасауға тура келді, балам, – деп әкесі жерге қарағанда, ештеңе айта алмады. Басынан мейірлене сипаған әкесі орнынан жайлап тұрып, бөлмеден шығып кеткен.
Әкесінің ізінше бөлмесінен шығып, неге екені өзіне де белгісіз, әкесіне емес төргі бөлмеге беттеді. Төрдегі анасының суреті көзіне оттай басылды. Ешқандай уайымсыз, ешкімге кінә артпаған күйде бұған қарап күлімсіреп тұрды. Көңілі бұзылып, бөлмеден қамығып шықты. Әкесінің бөлмесінен қолында жолға жиналатын заттары бар Айсұлу шығып келе жатыр екен.
Санасында әкесі айтқан сөздер, анасының суретінің орнына ілінуі «Айсұлу үйден кетіп бара жатыр екен» деген ойға жетеледі. Өзінің еркінен тыс ұмтылып Айсұлудың ту сыртынан құшақтай алып, «кетпеңізші» дегенін өзі де байқамай қалды. Қолы ішіне тигенде біреу қолын теуіп жібергендей болды. Бұған қарай бұрылып, құшақтай алып:
– Мәдөш, не болған саған, мені сендерді тастап кетеді деп кім айтты? – деп басынан сипап, бауырына тартты.
Ол көзімен жолға жиналған заттар салынған сөмкені көрсетті. Сөмкеге бір, бұған бір қарап, езу тартып күліп:
– Аудан орталығындағы ауруханаға барып, ауылдағы емханаға жолдама алып келуге бара жатырмын. Кешкі тамақты дайындап қойдым. Әкең біледі, – деді де, – Ауылдағы дүкенге велосипед түсіп жатыр екен, сен қызыл түсті ұнатасың ғой, я…
«Анасы, аурухана, қызыл белесепет…». Екі көзі боталап, жасқа толған бұл оның қолынан ұстап, өксігін баса алмай «Бармаңызшы… бармаңызшы» дей берді.
– Қорықпа… Бәрі жақсы болады. Велосипедтің қызыл түстісін алып келемін. Күтесің ғой, – деді.
Бұл үнсіз басын изеді.
Әкесі келгенен кейін Айсұлудың бөпе әкелуге дайындалып жүргенін білді. Алғашқыда ештеңеге түсіне алмай аңырып қалса да, әкесінің қуанышты жүзінен Айсұлудың бөпе әкелуге бара жатқанын түсінді. Қолын кім тепкілегенін де сезді. Қызғаныш па, қуаныш па, әлде анасы есіне түсіп қорыққаны ма, жүрегінің атойлап тұрғанын байқады.
«Аурухана, бөпе, қызыл белесепет…», көңілін қорқыныш билеген ол әкесінің мойнынан құшақтай алып:
– Ол келеді ғой… Келеді ғой, әке, – дей берді…
Ертеңіне Айсұлу келді. Қызыл белесепет ала келді. Бұның қуанғанын, әкесімен екеуінің бір-біріне жымиып бас шұлғығандарын көріп, қай күнгі анасының суретін Айсұлудың қолына алып отырған күнгі бөлмедегі ұзақ әңгіменің нәтижесі екенін бала көңілі айтпай сезді.
Екі күннен кейін Айсұлу ауылдағы ауруханаға жатты. Бұл кезде ауылға үлкен аурухана салынып, ауыл адамдары ауданға сабылмайтын болған. Үйге келген нағашы апасы Айсұлудың ауруханаға жатқанын үрейлене айтқан бұны жігерлендіріп:
– Қорықпа, бәрі жақсы болады. Алдын алып жатыр ғой. Ол кездегідей емес, қазір ауруханалар жақсы жабдықталған. Мен тауықтың сорпасын дайындап қойдым. Белесепетіңмен зыр етіп тамақ апарып келе ғой, – деп жатыр.
Екі күннен бері белесепетті жай босқа мініп жүрген оған мына тапсырманы орындау үлкен сенім білдіру болды.
Аурухана жаңадан салынған, әлі қоршалмаған. Аурухананың алдындағы шағын беседкада отырған Айсұлу бұны анадайдан көріп, орнынан тұрып бұған қарай жүрді. Қасына келген мұны бауырына тартып, шашынан иіскеді. Құдды анасы секілді. Бұл да бойын алып қашпады. Апарған затты қолына алып Айсұлу ішке беттеді. Бұл белесепетті жүргізе бастағанда, белесепет сәл бұлғақтап кетті.
– «Балам, байқашы, айналайын»…
Дауыс шыққан жаққа жалт қарады. Қолындағы затын қоя салып, өзіне ұмтылған Айсұлу екен… Түсіндегі анасының дауысы болып естілген, ұйқыдан оятқан «Балам, тұра қойшы» деген жұмсақ дауыс осы дауыс еді.
Белесепетінің бұлғалаңдап барып түзу жолға түсіп, дұрыс жүріп бара жатқанына мейірлене қарап тұрған жанды көрді. «Мама, құламаймын». Ол осы сөзді есітіп тұрғандай ерекше бір мейіріммен әлі қарап тұр еді.
«Анашым, кешірші, қазір менде сен алып беремін деген қызыл белесепет бар. Жақында бөпе де болады-ау. Айсұлу апаны іштей болса да «мама» дедім. Ол сені ұмытқаным емес, анашым, саған ұқсағаным шығар… Оларды сені жоғалтқандай жоғалтқым келмейді… Кешірші мені, анашым…».
Бетін жас жуып келеді. Мүмкін қуаныштың, жақсылықтың жасы. Мамасы мен кішкентай бауырының аман болуын тілеп келеді… Жүйткіген қызыл белесепет осы ойларының орындалуына асығып келе жатқандай…
Есекей ҚҰДАЙБЕРГЕН,
Қазалы ауданы.
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!