Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызылордада үстел теннисі орталығының іргетасы қаланды

20.03.2024, 15:50 383

Бүгін Қызылорда қаласындағы Сырдарияның сол жағалауында үстел теннисі орталығының іргетасын қалау рәсімі өтті. Салтанатты іс-шараға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қатысып, игі тілегін білдірді.

«Биыл Ұлыстың ұлы күні Наурызнама онкүндігі аясында атап өтілуде. Бұл онкүндік төл мерекемізді тойлаудың жаңа дәстүрлерін қалыптастыруға, ең жақсы адами қасиеттерді – қайырымдылықты, адалдық пен мейірімділікті насихаттауға бағытталған. Елдік пен ынтымаққа шақыратын мерекеге Сыр өңірі баянды бастамалар, жақсы жетістіктермен жетті. Наурызнама онкүндігінде 20 наурыз – Ұлттық спорт күні болып белгіленген. Осы атаулы күнге орай бүгін құны  2,7 млрд теңге болатын үстел теннисі орталығының іргетасы қалануда. Облыста бұқаралық спортпен шұғылданатындардың үлесі 39 пайызға, яғни, 328 597 адамға жетті.  Халықты бұқаралық спортпен шұғылдануға ынталандыру үшін талапқа сай спорт нысандары қолжетімді болуы керек. Аудандарда 11 дене шынықтыру кешені салынды. Облыс орталығында халықаралық стандарттарға сай келетін орталық стадион және жабық бассейні бар көпсалалы дене шынықтыру-сауықтыру кешені ел игілігіне табысталады. Осы спорт нысандарында еліміздің көк байрағын әлемдік жарыстарда желбірететін чемпиондарымыз тәрбиеленіп, түлеп ұша берсін!», – деді Нұрлыбек Нәлібаев.

Үстел теннисі орталығының бас мердігері – «СК Дәнекер» ЖШС, бас жобалаушысы – «Шынар Проект және Компания» ЖШС, техникалық қадағалаушы – «Нұрәлем Құрылыс» ЖШС. Орталық 2025 жылы пайдалануға беріледі деп күтілуде.

Жиында спорт саласының ардагері Жақсыбек Егізбаев Сыр спортының  жетістіктері мен жеңістері көп болуына тілектестігін білдірді.

Соңғы жылдары Қызылорда облысында құрылыс  қарқынды жүруде.  Балалар мен жасөспірімдердің шығармашылығын шыңдау мақсатында «Шығармашылық академиясы» және Жаңақорған, Шиелі аудандарында Оқушылар үйі мен Өнер мектептері салынады. Сырдария өзенінің сол жағалауынан жаңа өлкетану музейі бой көтереді. Биыл 7 ауданда неке қию залы, кітапхана, музей, архив, жастар сарайы, ардагерлер мен аналар үйін біріктіретін «Руханият» орталықтарының құрылысы басталды. Қызылорда қаласында бір ауысымда 100 келушіге арналған емханасы және онкологиялық бөлімшесі бар 300 орындық көпбейінді аурухананың құрылысы басталып, Қан орталығы пайдалануға беріледі. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында елді мекендерде өткен жылы 15 жаңа дәрігерлік амбулатория, 1 медициналық бекет ел игілігіне табысталды. Қазір 30 мыңнан астам ауыл халқына қалтқысыз қызмет көрсетуде. Сол жағалаудағы заманауи үлгідегі автовокзал  пайдалануға беруге жақын. Қорқыт ата әуежайының жаңа терминалы  да осы жылы қолданысқа берілетін нысандар қатарында.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: