Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Құданың кафесі»

29.02.2024, 17:30 373

HALYQLINE.KZ

(Әзіл-шыны аралас)

Қазекемнің «аузында әзілі жоқтың қолында шоқпары болады» дегеніне сүйеніп, әзіл-шыны аралас әңгімемді бастайын. Әлқисса…

Мақтанғаным емес, алайда, «Ақтөбе қаласының дәл ортасында менің үлкееен кафем бар» десем сенер ме едіңіз? Мейлің илан, сенбе өз еркіңізде. Айта кетерлігі менің кафемнің қызмет сапасы өте жоғары деңгейде. Оған бізбен бірге барып, ішінде тамақтансаңыз көзіңіз жетеді. Еңселі де жарық, мұнтаздай кафенің іші көңілге көтеріңкі күй сыйлайды. Тұтынушыларға зыр жүгіре жүріп қызмет жасаған даяшылардың сыпайы іс-әрекеті жылы әсер қалдырады. «Қыруар тұрғыны бар әсем де ірі қалада сонааау Қазалыдан келіп, кафе ашып, тіршілік жасауға қашан үлгеріп жүр» деп таңдануыңыз әбден мүмкін… Айтайын. Бұл кафені маған құдам және оның достары сыйға тарта салды… Қааандай жомарттық…! Оқырмандарға ұғынықты болуы үшін болған жайтқа тереңірек тоқталсам.

…Мұнан тура он үш жыл бұрын үлкен ұлым шаңырақ көтерді. Құдамыз Өтеген, құдағиымыз Бақыткүл Қазалыда туып-өсіп, қызмет жасаған, көпбалалы отбасынан шыққан жайсаң жандар екен. Бертін келе қызмет бабымен Ақтөбеге қоныс аударыпты. Сонымен… Бірде жұбайым екеуміз Ақтөбеге қыдырып бардық. Сол сапарымыздың барысында құда-құдағимыз Өтеген Ораз бен Бақыткүл Ерман және олардың достары Нұрбол мен Мұхит осы кафеге әкелген-ді. Отырыс өте көңілді өтті. Дуылдаса күлісіп, мәз-мейрам болып отырғанда дастарқан басындағы жігіттердің бірі «Бұл кафені Жұмекеңнің құрметіне «Құданың кафесі» деп атайық» демесі бар ма? Қалғандары ду қостады. Осылайша бәріміз де бірінші рет келіп отырған (жанымдағы жігіттердің де алғаш рет келуі екен), өзіміз бұрын-соңды аяқ басып көрмеген, мүлде бейтаныс кафе Өтеген, Нұрбол, Мұхиттың сырттай жасаған ұйғарымымен өзара «Құданың кафесі» деп аталып кетті. Әлі күнге дейін жоғарыдағы есімдері аталған жігіттерден «менің кафемнің жағдайы қалай?» деп сұрастырып қоямын. Олар да мәз болып жадырай күлісіп жауап қайтарады. Қазақы қалжың дегеніміз осы шығар.

Енді әзіл сөзді қысқарта тұрып, құдам Өтеген мен құдағиым Бақыткүл хақында келелі ой қозғасам. Өтекең де, Бақыткүл де – «ауызын ашса жүрегі көрінеді» дейтіндей ақкөңіл адамдар. Екеуі де өз орталарына сыйлы, ағайын-туысқа да беделді. Олармен тілдесіп, кездескен сайын Аллаға шүкіршілік жасап, іштей тебірене толғанамыз. Осынау сыйластықтың тіні тарқамауын, достығымыздың мәңгілік болуын сұрап Тәңірге жалбарынамыз. Дана халқымызда «Азаматтың кім екенін жанындағы досынан білесің» деген ұлағатты сөз бар. Өтеген Кемалұлы Ораз туралы теміржол саласының ардагері, есімі көпке танымал азамат Әбумуслим (Әбу) Өткелбаев былай деп сөз саптайды:

– Өтеген жастайынан депоға жұмысқа тұрып, қызмет жолында тындырымды ісімен ел аузына ерте іліккен адам. Тепловоз машинсінің көмекшісінен басталған еңбек жолында қарапайым слесарь, шебер (мастер), технолог, аға шебер (старший мастер), директордың жөндеу жөніндегі орынбасары лауазымын атқарып, мол тәжірибе жинақтаған. Депо зауыт болып ашылған кезде жобалау депоның бастығы, бас инженер өзге де ірі-ірі қызмет атқарды. Уақыт өте Маңғыстау, Мақат, Ақтөбе локомотив депосына басшылық жасады. «Ақтөбе Гранд строй» ЖШС жекеменшік депосында жөндеу жөніндегі орынбасары, бас инженер, бас директордың кеңесшісі болды. Қазіргі таңда «Ақтөбе Гранд строй» ЖШС директоры болып қызмет атқаруда. Өтекеңнің бір ерекшелігі жұмыс барысында ізденуден ешқашан жалыққан емес. Соңғы үлгідегі тепловоздың механикалық өзгерістеріне байланысты АҚШ-та «General electric» компаниясында оқып, білігін жетілдірді. Мектеп қабырғасында жүргенде спортқа бейім, алғыр шәкірт атанып, класының старостасы болды. Үлкенге құрмет, кішіге ізет жасауды өзінің басты қағидасына айналдырған. Еңбек жолын жаңадан бастаған жас мамандардан әрдайым ақыл-кеңесін аямайды. Жора-жолдастарының, достарының арасында беделді, сыйластығы мол азамат. Өмірлік жары Бақыткүл екеуі үлкен әулеттің қос діңгегі іспетті.

«Құданы құдай қосады». Кеше ақпейіл азамат Өтеген құдамның туған күні. Құдеке, меншікті мерекеңмен шын жүректен құттықтай келе Бақыткүл құдағимен бірге немере-шөбере сүйіп, шөпшектің алақанынан май жалауды Алла нәсіп етсін демекпін. Денсаулығың мықты, отбасың аман, ғұмырың ұзақ болсын! Тек тойда жүздесейік!

Жұмабек  ТАБЫНБАЕВ,

Қазалы ауданының Құрметті азаматы.

Пікірлер:

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: