Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жеті түп бидай

29.02.2024, 9:20 213

Ертеректе Ақкөл көлін жағалай қоныстанған (Сырдың бойы) Қаңлы елін аштық айналдырып, халық бет-бетімен кетсе керек. Кім өзбекке, кім тәжікке қарай беттегенін ешкім білмейді. Әйтеуір нанның иісі бар жаққа ауа бергені белгілі. Ауылда азғантай топ ғана қалады. Оларды Сейіл сопы жібермегенге ұқсайды.

– «Өлмегенге өлі балық ұшырасады», мына көлдің несібесі мол. Тарықсақ, бірге тарығармыз, тойынсақ, бірге тойынамыз, – депті ол.

Пәтуалы сөзге бәрі тоқтапты. Сөйтіп, сопы күнде қармақпен үш-төрт балық ұстап, оны ортақ қазанға салады. Сүйегін диірменге тартып, ұн қылыпты. Осылай күнкөріс жалғасады.

Күндердің күні туып, қармаққа түскен балық жоғала береді. Бақса үлкен жайынның ісі екен. Әбден зығырданын қайнатып, үлесінен айырған соң бір ұстаға ірі ілгек жасатады. Оны арқанға бекітіп, ұшын діңгегі берік ағашқа байлап, ілгекке ет іледі де суға салады. Таңертең келсе алып ағашты қопарып, арқанды үзгенін көреді. Жайынның да ашуға булыққанын байқайды. Әйтеуір біреуге залалы тимесе деп әліптің артын күтті. Шынында көлді толқытып, өз-өзін әр жағаға ұрып, судан шығып қалғанын естиді. Есесіне көрші ауыл етке қарық болыпты. Пышаққа әл бермеген балықты балталап әрең бөлген екен.

Содан  Сейіл  су  жағалап  ауылға  қарай аяңдап  келе  жатса,  алдынан  жеті  сабақ бидай ұшырасады. Ойпырмай, көктен  келді ме, қайдан, қалай деген күйі отыра қалып, дәнді теріп алады. Енді көктемде егетін тұқым бар. «Осының берекесін берсін» деп құдайға құлшылық жасады. Арада бірер жыл өткенде сопының егіні үлкен алқапқа айналып, ел тоқшылыққа қолы жетіпті.

Бір таңданарлығы, бидай ұшырасқан күннен бастап оның қармағына бірде-бір балық түспеген екен. Осыны сезген Сейіл сопы:

– Е, көрінгенге ұмтыла бермей, бір нәрсені місе тұту керек. Адам да әр кәсіптің басын шалмай, біреуін нәсіп еткені жөн екен. Дарақ та бір жерде өсіп-көгереді, – деп өзгелерге өнеге өрбітіпті.

Сейіл сопының сол сөзі ел ішінде тағылым боп тарап кетті.

Адамның  көңілі бір  атым  насыбайдан  қалады

Түркістан  өңірінде  ХІХ-ХХ ғасырларда өмір сүрген Икрам ишанның мешіт-музейі Балтакөл ауылына іргелес орналасқан. Кезінде көптің көмегімен мешіт салып, елді ескіше сауат ашуға себепкер дін өкілі.

Бірде Икрам қара күрең жорғасын мініп, ел аралап шыққан екен, қалың тоғайдан аттылы адам кесе-көлденең кездесе кетті. Асығыс адам болса керек:

– О жолаушым, бір атым насыбайың бар ма? – деді ишаннан.

– Насыбай  атпайтын  едім, – деді  ол.

– Ой сіз де, адамды әуре қылып… – деп  кері  шауып  кетті.

Ишан ойға батты. Осыған дейінгі жиған абырой-беделім бір атым насыбай құрлы болмады ма деп қайран қалды. Сөйтті де ол шыққан бағытын өзгертіп, төтелеп Түркістанға тартты. Қайнаған базардың ішінен ұстаны тауып, мүйізден шақша жасауға тапсырыс берді. Содан бастап қалтасынан шақшасы түспей, әлдебіреу насыбай сұрай қалса ұсына қоятын болған екен.

Мұнысы тек біреудің көңілін жықпаудың амалы ғана емес, қысылған кісіге қол ұшын созудың бір белгісі болатын.

Қаныбек  ӘБДУОВ,

журналист

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: