Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жаңа Үкіметтен не күтеміз?

08.02.2024, 12:20 409

Апта басында көптен бері айтылып жүрген әңгімеге нүкте қойылды. Үкімет отставкаға кетті. Президент тиісті жарлыққа қол қойды.

«Қазақстан Республикасының Үкіметі туралы 2024 жылғы  05 ақпан Қазақстан Республикасы Конституциясының  70-бабына  сәйкес  ҚАУЛЫ  ЕТЕМІН:

1. Қазақстан Республикасы Үкіметінің  отставкасы  қабылдансын.

2. Қазақстан  Республикасы Премьер-Министрі  міндеттерін уақытша  атқару  Роман  Склярға жүктелсін.

3. Қазақстан Республикасы Үкіметінің мүшелері Үкіметтің жаңа құрамы бекітілгенге дейін өз міндеттерін  атқаруды  жалғастыра берсін» делінген  онда.

Сөйтіп, елдегі Қаңтар оқиғасынан кейін Әлихан Смайылов тізгінін ұстаған Үкіметтің екі жылдың ішінде бітірген ісі де, айтылған сын да аз болмады. Әрине, экономика жайлап болса да алға басып келе жатқанымен, елдің даму деңгейі, халықтың әл-ауқаты анау айтқандай көтеріле қоймады. Ескі Үкіметтің көзге көрінер бір ісі – Қаңтар оқиғасынан кейін шетел асқан активтерді қайтаруға күш салғаны. Дегенмен,  ол  іс  әлі  аяқталған  жоқ.

Жалпы, сарапшылар да, депутаттар да, тіпті қарапайым халық та бұрынғы атқарушы биліктің жұмысына көңілі толмайтынын талай айтып келеді. Олқылық көп екенін алға тартып, «Үкімет әне кетеді, міне кетедімен» күн санап келгені жасырын емес. Сондай пікірдің бірін саясаттанушы Қайрат Айтбай inbusiness.kz сайтына беріпті. «Бір-ақ сөзбен айтатын болсам, не Үкімет басшысы кабинеттен шықпайды, не министрліктер кабинеттен шықпайды. Сосын сылдыр сөздері көп. Оларға журналистер сұрақ қойса, «иә» не «жоқ» деген жауаптың орнына бір дұрыстап жауап бермейді ғой. Оны тыңдап отырған адам да, сұрақ қоюшы да шаршайды. Тұрғын үй-құрылыс саласында үлкен қателіктер кетті деп ойлаймын. Халыққа жұмыс, жалақы, зейнетақы керек. Үйлерінде су болмай тұрса, су жетпесе, бұл халыққа тиеді. Екіншіден, салықты қайта-қайта көтере берген. Сол жағынан үлкен дағдарыс алды деп ойлаймын. Жалпы сұрақ көп» депті ол. Сондай-ақ Қайрат Айтбай бұрынғы Үкіметтің жұмысына баға берген. «Бес балдық шкаламен алатын болсақ, 3-ке әрең жетер еді ғой. Ел тыныштығының сақталуына ғана рөл атқарды» деп қысқа қайырған сарапшы.

Ал, Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан KTK телеарнасына берген пікірінде: «Президент қаншама тапсырма берді. Әсіресе әлеуметтік салаларда, білім беру жүйесі болсын, денсаулық болсын. Қаншама төтенше жағдай саласында, өңірлерде атқарылуы тиіс көптеген проблема тиісті деңгейде өз орнын таппады. Жүздеген, тіпті мыңдаған сұрақ жолданды. Біз көптеген сауалға тиісті деңгейде жаттанды жауап алып жүрдік. Үкіметке ескерту де жасалған, депутаттар тарапынан. Қоғам тарапынан, халық тарапынан үлкен сынға ұшыраған үкіметтің бірі» дейді.

Сейсенбі күні президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәжілістің пленарлық отырысында премьер-министр Әлихан Смайыловтың отставкасын неліктен қабылдағанын түсіндірді.

«Үкімет жылдам шешім қабылдауда және тиімді қадамдар жасауда жаңа, маңызды рөл атқаруы керек. Халқымыздың игілігі үшін экономиканы әртараптандыруды ынталандыратын батыл, нақты шешімдер қабылдануы керек. Жаңа шындыққа бейімделу керек. Біз жаңа сын-қатерлерге қарсы тұра білуіміз керек, үкімет бұған дайын болуы керек. Үкімет қызметіне жаңа серпін беру керек, мұны жұртшылық та күтіп отыр. Осы себепті мен Әлихан Смайыловтың отставкаға кетуін қабылдадым. Оның басшылығымен үкімет барлық салада тұрақтылықты қамтамасыз етті», – деді мемлекет басшы­сы.

Сондай-ақ, ел президенті сол басқосуда үкіметке жаңа тұлғалар тағайындалатынын да ескертті. «Алды­мызда ауқымды мақсат пен міндеттер тұр. Егер алдағы жылдары экономикамызды, экономика деңгейін арттырғымыз келсе, жаңа бағыт, жаңа көзқарас керек. Сол себепті құрам өзгереді, жаңа адамдар тағайындалады. Үкімет іске көшу керек, міндеттерді сөз жүзінде ғана емес, іс жүзінде орындау  қажет», – деді  ол.

Айтпақшы, сол  күні түске  дейін президент   Қасым-Жомарт  Тоқаевқа Парламент  мәжілісінің   және    «Amanat» партиясының төрағасы Ерлан Қоша­нов премьер-министр қызметіне Олжас Бектеновтің кандидатурасын ұсынды. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, мемлекет басшысы ұсынылған кандидатураны мәжілістегі партиялардың фракцияларымен талқылады. Ал түстен кейін мәжілісмендер Олжас Бектеновты Үкімет басшысы лауазымына  лайық  көрді.

Сонымен, 12-ші премьер-министр кім?

Олжас Абайұлы Бектенов  1980 жылы 13 желтоқсанда Алматы қаласында туған. Қазақ мемлекеттік заң академиясын (2001 ж.) үздік бітірген, мамандығы – «Заңгер». ІІ дәрежелі «Айбын» (2014 ж.) және «Даңқ» (2021 ж.) ордендерімен наградталған. 2002-2005 жылдары Алматы қаласы Әділет басқармасы бөлімінің бас маманы; 2005-2006 жылдары ҚР Премьер-Минист­рі Кеңсесінің заң бөлімінің сарапшысы, бас сарапшысы; 2006-2009 жылдары ҚР Президенті Әкімшілігінде жұмыс істеді. 2009-2012 жылдары ҚР Әділет министрлігінің Тіркеу қызметі және құқықтық көмек көрсету комитеті төрағасының орынбасары; 2012-2014 жылдары ҚР Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігінің (қаржы полициясы) орталық аппаратында департамент бастығы; 2015-2016 жылдары Астана қаласы әкімінің аппарат басшысы, ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысы Хатшылығының меңгерушісі; 2016-2017 жылдары Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросының (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Астана қаласы бойынша департаментінің басшы­сы болды. Ал, 2017-2018 жыл­дары Ақмола облысы әкімінің орынбасары; 2018-2019 жылдары Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қыз­мет істері және сыбайлас жемқорлық­қа қарсы іс-қимыл агенттігі Төрағасының орынбасары; 2019-2022 жылдары Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігі Төрағасының бірінші орынбасары; 2022 жылдың ақпанынан бастап Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы қызметін атқарды. 2023 жылғы 3 сәуірде ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы болып  тағайындалды.

Ал сейсенбі  күні түстен кейін-ақ  кабминнің  құрамы  толық тағайын­далып  болды. Төрт  министрдің ауыс­қаны болмаса, Әлихан Смайыловтың кезіндегі 17 министр өз лауазымдарын  сақтап  қалды.

Хош деңіз! Сонымен, жаңадан тағайындалған Үкімет басшысы мен жаңадан жасақталған атқарушы билік құрамынан не күтеміз? Төмендегі бір топ қоғамдық  пікір  өкілінің сөзіне назар  салып  көрейік.

Мақсат  ХАЛЫҚ,

экономист:

– Алдымен ескі Үкіметке қатысты айтсам, ел есінде Смайыловтың үкіметі экономикалық нақты бағдарламасы жоқ, ешқандай экономикалық реформа жасай алмаған үкімет болып қалады. Халықтың әл-ауқатын арттыру, еліміздің нақты даму бағытын айқындайтын реформасы жоқтығына қатысты талай сын айтылды.

Демек, келесі келетін Үкімет сол экономикалық реформаны жасап шығуы керек. Сол бағытта жауапкершілік болуы керек деп есептеймін. Қазақстан экономикасын дамыту бойынша да, халықтың әл-ауқатын арттыру бойынша да нақты көзқарасты, бағыт-бағдарды, тетіктерді көрсете алатындай Үкімет керек.

Ерлан  САЙЫРОВ,

Мәжіліс  депутаты:

– Үкімет отставкаға кетті. Депутаттар Үкіметке еліміздің экономикасы, фундаменталды мәселелерді ұдайы айтып келеді. Ондай мәселелер, біріншіден, Қазақстанның мемлекеттік қарызы артып келеді, екіншіден, бюджетті толтыруға Ұлттық қордан ірі-ірі преференцияларды белгілеп отыр. Ең негізгісі,   Қазақстанда бір жылдың ішінде кедейлердің саны артып кетті. Егер өткен жылы 1 млн 15 мың болса, биыл 1 млн 100 мың адамға жетті. Сондықтан Үкімет халықтың әл-ауқатын арттырумен, экономикамен айналыспай, тек экономиканың статистикасымен ғана айналысты, есеп ғана беріп отырды.

Енді 2029 жылы ішкі жалпы өнімді 2 есеге өсіреміз десек, онда Қазақстанда өндірістік жаңа саясат керек, өндірістік әртараптандыру (диверсификация) жасау керек. Олигархтың бәрін қуу керек, олардың орнына жаңа ұлттық буржуазия болуы керек. Халықтың әл-ауқатын арттырып, кедейлердің санын азайту керек, халқымызға жаппай кәсіпкерлікпен айналысуына мүмкіндік жасаған жөн. Ең негізгі ұран – байыңдар, бай-қуатты болып, халыққа көмектесіңдер!

Нұрлат  БАЙГЕНЖЕ,

журналист:

– «Үкіметті кім басқарады?» деген сұраққа жауап табылды. Түске дейін «Amanat» партиясы Олжас Бектеновтың кандидатурасын ұсынды. Мұны Президент қолдады. Ал, түстен кейін Парламент мәжілісіндегі депутаттар премьер-министрге Бектеновты жауапты деп тапты. Протокол бойынша 12-ші премьер қызметке осылай кірісіп, өз командасын жасақтап, халыққа қызмет етуі керек.

Әлихан Смайловқа өкпе жоқ! Қаңтардан кейін «Өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай» бір сарынды жұмыс істеді. Дауысы қатты да шықпады. Халықты қуантатын шешім де, қатарластарын өнімді жұмыс істеуге үндеген дауысы да естілмеді. Бұған әлі толық бағасы беріледі.

Біздіңше, Президент өз қадамын жасады. Мұны Шымкенттегі сценарийден аңғаруға болады. Бұрын-соңды болмаған оқиға болды. Қала мэрі Ғабит Сыздықбеков әріптестерін адал болуға шақырып, мемлекеттің қаржысына ауыз салғанды аяусыз жазалайтынын ескертіп, бір саланы басқаратын жауапты басшысын жиналыс үстінде антикорға ұстатып жіберді. Шенділер бас шайқап қалды. Бұл оқиға Шымкент қаласында болуы кездейсоқ емес. Жан-жақты дайындалған, келісілген жоба. Бұл – өзге облыстардағы шенділерге ескерту сигналы…

Енді антикор мектебінде шыңдалған заңгер Үкіметті басқарады. Бектеновтың қызметі дәл Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігін басқарған тұста көрінді. Ел қазынасынан қолды болған миллиардтармен жұмыс істеп, ел басшысының симпатиясына ие болды. Одан кейін Президент әкімшілігін басқарып шыға келді. Енді Үкіметті басқаруды сеніп тапсырды…

Президент Парламенттегі партия фракцияларының жетекшілерімен кездескенде О.Бектенов «адал», «еңбекқор адам» дегенге акцент берді. Енді министрлер кабинетін осы қағида бойынша жасақтауға мән беретіні анық. Өйткені әділдік орнату үшін адалдық керек. Онсыз бәрі бос сөз.

Бірақ, Бектенов басқаратын министрлер кабинеті қарызға батқан халықты тығырықтан шығарып, ел экономикасын әртараптандырып, шағын және орта бизнесті жандандырып, монополияланған экономикадан құтқара ала ма? Біздіңше, мұндай ұлы міндетті атқаруға «САЯСИ ЕРІК-ЖІГЕРІ» жетпейді. Өйткені Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан қалыптасқан жүйені бұзып, сеңді жүргізу оңай шаруа емес.

Неге десеңіздер, біріншіден, премьер-министр саяси қызмет түріне жатқанымен, ел үшін маңызды шешімдерді Президент аппараты қабылдайды. Екіншіден, 30 жыл бойы қалыптасқан Назарбаев жүйесін үш-төрт жылда бұзу қиын. Үшіншіден, елдің макроэкономикасын көтеретін саланың барлығы монополияланған. Ең қарапайымы, қоқыс теру мен қоқыс өндеу саласындағы миллиардтар – бір  әулеттің қолында.

Дегенмен, О.Бектенов – заңгер әрі салықшы. Қызмет жолында кәсіби мамандығына байланысты жұмыс істеп, сатылап өсті. Бұл дегеніңіз, салық көздерінің түсімін арттырып, көлеңкелі экономикамен күресуге және бюджетті «жеке қорындай» пайдаланатын басшылармен күресуде басымдық береді. Үкіметке дәл қазір осындай адам керек болып тұр.

Пікір  жинаған

Н.НҰРМАҒАНБЕТОВ

«Халықтың» коллажы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: