Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Әулетімен дәрігер – Дадашевтер

05.02.2024, 17:15 1811

Өңірімізде медицина саласы қарқынды дамып келеді. Бұрын жасалуы мүмкін болмаған небір күрделі операциялардың арқасында дәрігерлер талай науқастың өмірін сақтап қалып жүр. Салада жаңа технологияны игеріп,біліммен сусындап, тынымсыз қызмет атқарып келе жатқан білікті дәрігерлер де баршылық.

Мәселен, сондай ақ халатты абзал жанның бірі – Қызылорда облыстық балалар ауруханасының Лор дәрігері Дадашев Данияр Мухиддинұлы. Даниярдың қабылдауына күніне ондаған адам келеді. Әрқайсысының сан түрлі сұрағы бар. Оның шешімін тауып, шипасын дарыту оңай емес екені белгілі. Уақыт тапшылығына орай, Данияр дәрігердің бізбен бетпе-бет сұхбаттасуға қолы бос болмады. Сол себепті онлайн байланыс арқылы сұрақтарымызға жауап алдық.

– Данияр Мухиддинұлы сіздің өсіп-өнген, туған жеріңіз туралы айтып өтсеңіз.

– Мен 1994 жылы 30 желтоқсанда рухани астанамыз Түркістан облысында дүниеге келдім. Тарихқа тұнған киелі жерде өсіп-өндім. Н. Некрасов атындағы №9 мектеп-гимназиясының орыс сыныбында білім алып, Ақтөбе қаласындағы Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетіне оқуға түстім. Бакалаврды 5 жыл оқып, 2 жыл интернатура-хирургияда оқыдым. 3 жыл оторалинология-резиндентурасынан өттім.

– Осы салада неше жыл жұмыс істедіңіз?

– Индернатурада жүріп, 1 жыл жедел-жәрдем станциясында жұмыс істедім. Одан кейін Ақтөбе қаласындағы балалар ауруханасында Лор дәрігері болдым. Ал қазір Қызылорда облыстық балалар ауруханасында Лор дәрігерімін. Жалпы медициналық еңбек өтілім – 6 жылға жуық.

– Әулетіңіздің бұл саладағы еңбек өтілі неше жылды құрайды?

– Бұл саладағы әулетіміздің еңбек өтілі 60 жылға жуықтап қалды. Әулетімізде барлығы десем артық болсам, дәрігерлік жолды таңдадық. Мәселен, Ташкентте көкем мен тәтем бар. Көкем Ташкент медициналық академиясының профессоры, кардиоревматолог. Академияның кардиоревматология бөлімінің меңгерушісі. Тәтем эндокринолог. Өзімнің анам – Түркістан жоғары медициналық колледжінде жұмыс істейді, ағам – балалар неврологы, жеңгем – акушер-гинеколог, інім – анестизиолог-реаниматолог, келінім – стамотолог, келіншегім – терапевт.

– Тамаша! Отбасыңызда білімді, жинақталған тәжірибені, шеберлік құпияларды ұрпақтан-ұрпаққа беру ғана емес, сонымен қатар балалардың ата-аналардың ізімен жүруге шешім қабылдайтындай ерекше атмосфера бар деңіз.

– Рақмет, дұрыс айтасыз.

– Күнделікті жұмыс барысының қыр-сырын ашып айтсаңыз. Дәрігер болу ауыр ма? Осы мамандыққа өз қалауыңызбен келдіңіз бе?

– Әрине, дәрігер болу оңай емес. Бұл үлкен жауапкершілік. Бізде бос уақыт деген болмайды. Ауыр жағдайдағы, жалпы пациенттер кез-келген кезде, күн демей, түн демей дайын отырамыз. Қаладан тысқары шықпаймыз. Яғни, 24/7 жұмыстамыз.

Бұл салаға келмес бұрын мен өзімді дамытудың бірнеше кезеңдерінен өттім. Лор боламын деп бірден шешкен жоқпын. Жалпы тамақ, мұрын аурулары адамның жанына батады әрі үлкен зардап әкеледі. Көбінесе басқа органдардың аурулары, жүйелік Лор патологиялары арқылы көрінеді. Егер адам баласына өмір сапасын жақсартуға тез көмектесу мүмкіндігі болса, сіз мұны жасай алсаңыз, бұл үлкен бақыт, қуаныш. Ал, күнделікті шаршау, қиын операциялар, басқа да ауыртпалықтар адамға қуаныш сыйлағанда ұмыт болады. Біздің басты байлығымыз – ел алғысына бөлену.

– Өмірлік ұстанымыңыз қандай?

– Менің ойымша, біз әрқашан жақсы іс жасауға дайын болуымыз керек. Ең бастысы адамның бойында адамгершілік пен адалдық болуы тиіс. Сонда ғана бұл өмірде жақсылық, қуаныш көбейеді.

– Бірлік, береке, ынтымақтың негізі неде деп ойлайсыз?

– Халық даналығы «Бірлік – әл-ауқаттың кепілі» дейді. Сондықтан тек игі және жауапты істер жасау әрбірімізге маңызды. Ең бастысы адами құндылықты жоғалтпайық. Ынтымақта, татулықта өмір сүрейік. Сол кезде алынбайтын қамал болмайды деп ойлаймын.

P.S. Осы әулеттің жеті медицина қызметкері еліміздің денсаулық саласына 60 жылдай өз үлесін қосып келеді. Адамның өмір сүруі үшін таза ауаның болғаны маңызды. Ал оны жұту үшін тыныс алу жолдары дұрыс жұмыс істеуі керек. Осыдан-ақ Даниярдай дәрігерлердің мойнына артылатын жүк пен жауапкершіліктің салмағын бағамдауға болатындай. Қастерлі мамандықтың қадірін ұғынған абзал жандар көп болсын!

Сұхбаттасқан: Әсел Абзалқызы,

ҚР Журналистер одағының мүшесі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: