Көп уақыт бойы еліміздегі тіл мәселесін, ұлттық мүдде, басқа да әлеуметтік мәселелерді тілге тиек етіп, мәжілісте көтеріп жүрген депутат Қазыбек Иса Қызылорда қаласына табан тіреп, Достық үйінде баспасөз өкілдері мен зиялы қауыммен кездесу өткізді. Кездесу модераторы, облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Алмасбек Есмаханов сөз сөйлеп, облыстағы идеологиялық бағыттағы атқарылып жатқан жұмыстар жайында жеткізді. «Ақжол» партиясы төрағасының орынбасарымен болған дөңгелек үстелде тәуелсіз журналист Айткүл Шалғынбаева ел президентінің имиджін көтеру, «Ақмешіт ақшамы» газетінің бас редакторы Сәрсенкүл Бихожа бүгінгі қазақ баспасөзінің таралым мәселесі, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Аман Абасилов қазақ тілінің мемлекеттік статусы және т.б. спикерлер өзге де мәселелерді көтеріп, ортаға салды. Қазыбек Иса да өз кезегінде сауалдарға жауап беріп, атап өтілген мәселелердің мәжілісте айтылып, шешімі табылатынынын жеткізді.
Қазыбек Иса – мәжілістегі ұлттық-мәдени көкейтесті сауалдарды қоятын, қазақ тілінің ауқымына баса назар салатын санаулы спикердің бірі. Саяси қызметке дейін өзінің ақындығымен, журналистік қырағылығымен есте қалған депутат елімізде қарқын алған діни теріс ағымдар жайында да пікірін білдірді.
- Діни теріс ағымдар мәселесін менің көтеріп жүргеніме біраз болды. 2017 жылы Діни басқармамен бірігіп, «Қазақ үні» газетінің бірінші бетіне діни теріс ағымдарға заң жүзінде тыйым салу жөнінде мақала жариялаған едік. Сол мақала шыққан санды бүкіл қазақ мешіттеріне өз қаржымызбен тараттық. Дегенмен, біз бастаған бастама ақыр соңында аяқсыз қалды. Бұл заңның қабылдануы үшін бүкіл министрлік, билік өкілдері қолдау білдіру керек болды. Ішкі істер министрлігі қолдады, Білім министрлігі қолдады, тек Қауіпсіздік комитеті ғана қолдау білдірмеп еді. Алматыда осы тақырып бойынша конференция да өтті. Мен сол конференцияда: «Радикалдық теріс ағымдарға қарсы заң қабылдауға сіздер ғана қарсы болдыңыздар! Арамшөптің тамырын жоймаса, тек бетін ғана шапқан болса, ол қайта қаулап шыға береді. Сіздер елді алдап келесіздер» дедім. Сол кезде біз «Ұлттық қауіпсіздік комитеті ұлтқа қауіпті комитет пе?» деген тақырыпта мақала жаздық. Айтқаным айдай келді. Қаңтар қасіретінде бәріне куә болдық, – деді «Ақжол» партиясының өкілі.
Екі сағатқа жуық уақытқа созылған дөңгелек үстел көтерілмей жүрген біршама мәселенің жандануына себепкер болды деген сенімдеміз. Тілдің қолданыс аясы төмендеп, халықаралық статус ала алмай, кейбірі ұлт мәдениетінен безіп, дін деп қараңғы інге кіріп кеткен шақта мәжілісте Қазыбек Иса сынды азаматтардың болуы жұбантады.
Айтілес АБАЙ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!