Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ажырасу алдындағы хат

05.01.2024, 10:00 346

«Сәуле. Бүгін – біздің жұбайлық өміріміздің соңғы күні. Аз болса да маған бақыт сыйлағаның үшін рақмет. Бәлкім, менен де қателік кеткен шығар. Бар кінәні өзімнен іздеп те көрдім. Бірақ ешкім өз қатесін түсіне қоймайды ғой. Қандай ойға барсам да өзімді ақтап ала бердім».

Осы мәтінде жазылған хатты оқыған Сәуленің жүрегі ерекше атқақтай соғып қоя берді. Сағат 11:30-да сотқа бару керек, ажырасу туралы шешім шығарылады деп күтіп  жүрген.

Олар 6 жыл бір шаңырақ астында өмір сүрді. Бірін-бірі сүйіп қосылды. Сәуле ерке қыз еді. Жасұлан оны осы еркелігі­мен ұнатты. Қыз бен жігіт болып кездесіп жүргенде-ақ қыңыр, қисық мінезі барын білсе де, түбінде ақылы болса түзелер деп жүрегі қалаған  жаннан  сырт  айнал­ғысы  келмеді.

«Мен саған шын ғашық болдым. Сенің назданып еркелегенің, кейде томсырайып, өкпелеп қалатының бәрі маған ұнайтын. Сенен тек жақсылық іздедім. Қуантуға тырыстым. Ылғи кездесуге сыйлықсыз барғым келмейтін. Сен оны алып жатып қуансаң, мен де іштей ұлы іс тындырған адамша марқайып  қалатынмын».

Жасұланның анасы «келініңіз болатын қыз осы» деп таныстыр­ғанда-ақ ұнатпаған. Амал қайсы. Баласының таңдауына қарсы тұра алмады. Той да өтті. Сәуле келіндік міндетіне кірісті. Жасұланның анасы өз үйінің қағидасын айтып, келініне жөн көрсетті.

«Менің анамнан басқа жақыным жоқ екенін сен жақсы білдің. Бірақ ылғи оның саған айтқанын жіпке тізгендей етіп маған жеткізіп отырдың. «Маған күн көрсетпейді. Істеген ісімді ұнатпайды» дедің. Бірақ анам оңашада маған сені мақтайтын. «Келін жақсы бала ғой, айтқанды қағып алады» деп отырды. Бірде-бір рет сені жамандаған емес. Ал сен ше…».

Бірде «Сәулежан-ау, мына шәйнек, қазанның сырты әбден май болып кетіпті ғой. Жуып қойсаңшы» дегені бар апасының. Бұл Сәулеге жақпады. Сол күні бұлқан-талқан болып енесімен ұрысып, бет бақ­тыр­май қойған. Жасұланға қоңырау шалып «шешең маған күн бермей жатыр»  деп  төркініне  кетіп  қалған.

«Сенің төркініңе алғашқы кеткен күніңде апам қатты жылады. Маған «келінді алып кел де, екеуің қалаға барып жұмыс істеп, оңаша отау болыңдар» деді. Мен анамды қимадым. Бірақ отбасымды да сақтап қалғым келді. Осылай қалаға келдік. Сен қуандың. Мен құлазыдым. Бірақ сені өмірлік серік етіп, мойныма аманаттап алған соң бақытқа кенелтейін дедім. Күндіз-түні тынбай жұмыс істедім. Бірақ қанша тапсам да сен үшін аз болды. Анам үй алып бермегенде біз пәтерде әлі жүре берген болар едік. 25 жасқа толғаныңда құндыз тон сұрадың. Мейлі, әйелім разы болсын деп алып бердім. Балалар болған соң ақыл кірер дедім».

Бірінен соң бірі 3 баласы өмірге келді. Тұрмыста баланың да аз шығыны жоқ. Сәуле өзі үйде отыр­ды. Бұл үйдің асыраушысы – Жасұлан. Апасы ауылдан еті мен майын  үзбей  салып  жібереді.

«Апам немерелерін көруге зар болды. Анда-санда барып көрсетіп келсеңші деген күні ас-сусыз қаламыз. Мені балаларымның әкесі деп сыйламадың. Олардың алдында ылғи жекіріп сөйлеп отырдың. Сәл нәрсеге бір сәтте ашуланып шығасың. Ылғи қабағың түюлі. Жұмыстан шаршап келгенде бір жадырап қарсы алмайсың. Ренжісіп қалған күні мен кінәлі болмасам да, кешірім сұрамасам, сен еш бас игің келмейтін. Достарымның алдында да абыройдан жұрдай болдым».

Ол ауылда өскен соң қалаға шаруасым­ен келген достары жақын тартып Жасұландікіне қонақ болатын. Мұндайда Сәуле «ауырып» қала­тын. Немесе үйде ет таусылып, сүт бітіп, қызыл шай мен қу макарон азық бола­тын. Бәрін қойшы, жақтырмаған қатулы қабағымен балаларын ұрып-соғып, қонаққа ыңғайсыздық тудыра­тын. Сонан кейін достары да келуді қойды.

«Мен балаларымды жақсы көрем. Олар – менің өмірім. Сен оны жақсы білесің. Бірақ мініңді айтсам болды: «Жақтырмасаң ажырас. Балаларымды алып кетемін. Басқа қатын аларсың» деп түзелгің келмеді. Сенің бар қалауыңды орындауға тырыстым. Шамам жеткенше. Ол менің ездігімнен емес, отбасымды сақтап қалуға, балаларымды жетім етпеуге деген талпынысым еді. Оның сен бірін де түсінбедің. Мен баяғы үйленбей тұрған кездегі Сәулені сағынамын. Ол ерке болса да менің айтқанымды орындайтын. Маған әдемі болып келетін. Жұпар аңқып тұратын. Мерекеде мен сыйлаған сыйлыққа сыйлықпен жауап бергенде көкте қалықтап жүргендей болатынмын. Ал қазір ше? Жоқ. Мен басқа Сәулеге үйленген сияқтымын. Сен бар әдемілігіңді маған емес, көшедегі көпке көрсетесің. Үйде қалай болса солай жүресің. Ал тысқа шығар кезде жайнап шыға келесің. Мен сені қызғанамын. Сол күні де қызғаныштан көзім байланды».

Екеуі туған күн кешіне барған. Көпшілік кафе болатын. Көрші үстелде сыраны сіміріп салып отыр­ған екі жігіт оңашаланып тысқа шыққан  Сәулеге ілесе шығып таныс­пақ болған. Мұны Жасұлан байқап қалып, әлгілерге жұдырық­пен сабақ үйретті. Ал Сәулені жетелеп  үйіне   алып  келді.

«Ашулы едім. Сені ұрамын деп ойлаған жоқпын. Өзің де аузыңа келгенді айтып болмадың. Менде де намыс бар. Сондағы бір шапалақ үшін шаңырағыңды шайқалтуды жөн деп тауыпсың. Мені қойшы, балаларды әкесіз етуге қалай дәтің барды? Қанша кешірім сұрасам да, тас түйіндей түйіліп алып бір жібімей қойдың-ау. Сен неге бұлай өзгердің? Әлде менің қате жіберген жерім бар ма? Қанша ойлансам да ой түбіне жете алмадым. Мінсіз адам болмайды деп өзімді жұбатқам. Ал бүгіннен бастап біз екі бөтен адамға айналамыз. Бізді тек ортақ балалар ғана байланыстырады. Менен кетіп, бақытты өмір сүретін болдым депсің. Бірақ білгейсің, бірінші бақ – бақ, екінші бақ… Сен бақытты болғанмен, әкесіз 3 бала бақытты бола ма? Оларға таңдау жасатуға болмайтын еді ғой. Бақыт қашанда ерлі-зайыптылардың екеуіне де ортақ. Барын бағалап, қанағат ете білмеген жүрек байлыққа шомылса да өзін кедей сезінеді. Тағдыр қосқан жарынан таппаған  бақытты  әйел шайтан салған  шаттықтан таба алмайтынын  ұмытпағайсың…».

Жасұланның  хатын  оқып  Сәуле  кірпік  қақпай,  бір  нүктеге  қадалып  алып  ұзақ отырды. Бетінде қан  жоқтай  сұрланып   кеткен жүзіне  қа­рау­дың  өзі  қорқынышты  еді…

Назерке  МАРАТҚЫЗЫ,

Арал  қаласы

Сурет  ашық дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: