Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тәуелсіздік тарихының бір теріс тезисі туралы

14.12.2023, 10:20 437

Әміржан  ҚОСАН,

арнайы   «Халық»  газеті  үшін

Біз осы «Тәуелсіздік» секілді киелі де қастерлі ұғымның қадірін кетіріп алған жоқпыз ба? Екі сөзіміздің бірі – сол. Керек те, керек емес те жерге, кейде орынсыз пафоспен тықпалай береміз. Әсіресе, ресми жиындар мен мақалаларда осы сөз жиі қолданылады.

Алайда осы қымбат ұғымның бағасын ұғынып, оның бар болмысын толық танып болдық па?

Өз  басым  оған  үлкен  күмәнім  бар.

Мәселенің бір жағын ғана алайықшы.

Міне, осы күндері еліміздің жаңаша тарихында Тәуелсіздік алғанына 32 жыл толып отыр. Яғни, сол тұста өмірге келгендер бүгінде 30-40 жас арасында. Басқаша айтқанда, 70 жыл бойына қазақты ұлт және ұлттық республика ретінде большевиктік, кейін коммунистік бодандықта ұстап келген Совет империясының не екенін білмейтін тұтас бір ұрпақ өсіп, жетіліп, бүгінде ел басқару тетігін өз қолына алуда.

Меніңше, олар еліміздің 90-жылдарындағы ел басына күн туған, тағдырлы шешімдердің қабылдануы-қабылданбауы неғайбыл, қилы-қилы кезеңнің боямасыз болмысынан, сол кезде отарлық жүйенің жуаны жіңішкеріп, жіңішкесі үзілер шағының шырқыраған шындығынан әлі де бейхабар.

Оның себебі бір – ескі Қазақстан тұсында бір адамға, яғни елбасы атанған Нұрсұлтан Назарбаевтың табынған жеке адам культі тұсында Қазақстанның бар жеңісі мен жетістігі тек сол кісінің атымен байланыстырылды. Ресми идеологияның қағидаттары сондай қатаң талап қойды. Балабақша, мектеп, жоғары оқу орындарда, бұқаралық ақпарат құралдарында, жиындар мен форумдарда тек сол адамның ерекше еңбегі ғана аталды.

Ал Совет Одағы тұсында, қып-қызыл идеологияның қылышынан қан тамып тұрған кезде Тәуелсіздік туралы ашық сөз айтып, Мәскеу сияқты орталыққа тиісті талап қойған тұлғалардың аты «ұмыт» қалып отырды. Онысы аз болғандай, әртүрлі себеппен жүйе ол адамдарды қудалап, моральдық және саяси соққыға жығып отырды. Бәлкім, Назарбаевтың өзі олардың ұлттық мүдде жолындағы жан қиярлық қайсарлығы мен жанкештілігін, сол кезде танытқан батырлығын көре алмай, елге танымал болуын қаламаған болар. Саяси қызғаныш не істетпейді дейсіз?!

Сол себепті, яғни бір адам – Назарбаевқа қатысты айтылып, тұтас қазақ ұлтының қадір-қасиетіне, ұлттық мүдделерді қорғау қабілетіне көлеңке түсіретін бір теріс тарихи тезис бар! Оны көкірегі ояу, көзі ашық азаматтардың өзі себеп пен салдарын толық түсіне қоймай, айтып қалады.

Ол мынадай пікір: «Совет Одағы құрамында болған Қазақстан Тәуелсіздік үшін күрескен жоқ. 1991 жылы ол Тәуелсіздік аспаннан салбырап, қолына түсе қалды».

Мүлдем олай емес! Бәлкім, жеке адам – сол кездегі президентке бұл сынның қатысы болар. Бірақ, тұтас бір халыққа қатысты олай айтуға болмайды!

Бүкіл Совет империясына мықты сигнал берген Желтоқсан көтерілісінің өзі не тұрады (ол туралы әңгіме бөлек!).

Соған қоса мен бір-екі ғана факт келтіре кетейін.

80-жылдары өзіміз студент болдық.

Сол  кездің  өзінде  ең  сұрапыл  мекеме – Мемлекеттік қауіпсіздік  комитетінің (МҚК) Хасен Қожа-Ахмет  сияқты белгілі  өнер  қайраткерін  коммунистік  режимге  қарсы шыққаны  үшін  қудалағанын  естіп   жүрдік.

Желтоқсан тұсында өз студенттерін шырылдап жүріп, қорғап, ресми саясатқа ашықтан-ашық қарсы шығып, түрмеге жабылған асыл ұстаз, қайтпас қайраткер Әркен Уақ ағамызды бүгінде көп адам біле бермейді. Назарбаев режимін фактілер негізінде сынға алып, көлемді кітап жазған ағамыз осы Әркен аға!

Бұл жеке адамдардың талпынысы болса, Мәскеу мен Алматыдағы биліктің өзі санасатындай мықты, тегеурінді де талапшыл «Азат» қоғалысы болды.

Ол ұйымның басында Михаил Есенәлиев, Сәбетқазы Ақатаев, Батырхан Дәрімбет, Жасарал Қуанышәлин, Хасен Қожа-Ахмет, Дос Көшім, қазақтың қайсар қызы Айсұлу Қадырбаева болса, облыстарда Сағат Жүсіп, Серік Ерғали, Аманжол Зинуллин, Көшкінбай Ахметов, Ахметқали Халелов секілді ұлтшылдығы мен биік парасатымен, қайсарлығы мен интеллектісімен көзге түскен азаматтар болды.

Солардың аты бүгінде атала ма?

Қайдам! Бәрі сол ескі Қазақстанның «назарбаевшыл» идеологемаларының көлеңкесінде қалып қойды!

Осы құбыжық әрі аса әділетсіз жайтты түзейтін уақыт келді деп ойлаймын!

Әділеттікті ту еткен Жаңа Қазақстанның жаңа тарихында осы (және басқа, мен атамай жатқан) асыл азаматтардың аты алтын әріппен жазылуы тиіс деп санаймын!

Меніңше, Жаңа Қазақстанның бір миссиясы сол – Совет империясынан Тәуелсіз Қазақстанға қалай өттік, қандай қиындықтар мен қателіктер болды, қай қайраткер сол аса жауапты кезеңде өзін қалай танытты, кім кешегі метрополияға жалтақтап жүрді, кім қазақ ұлтының намысын қорғады – бәрі-бәрі қазірдің өзінде, Әділетті Қазақстан талаптары тұрғысынан қайта қаралып, өзінің лайықты бағасын алуы тиіс. Қазір сол үшін бар мүмкіндік бар, ешкім ешкімнің аузын жаба алмайды.

Сонда ғана шынайы ой, сана Тәуелсіздігіне бір қадам болса да жақындай түсеміз.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: