Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қатираның құрт зауыты

10.12.2023, 12:00 313

HALYQLINE.KZ

САТИРА

Бүгін біздің үйдің шамы түн ауғанша жанып тұрды. Қартайған әке-шешеміз, балалар алаңсыз шырт ұйқыда. Тек қатыным Қатира екеуіміз әлі көз ілген жоқпыз, Шалқалап жатып, төбеге қарап ұзақ әңгімелестік.

– Нөкен, енді не істемексің? Қаптың түбінде бір қалаш нан пісіретін ұн қалды. Сенің кітап жазғаның құрысын, ешкімнің оған назары ауып жатқан жоқ, – деп әңгімесін бастады біздің әйел. Бұл – оның күнде түн батса көрпенің астында айтатын жаттанды сөзі.

– Театрға қайтадан әртіс болсам ше?

– Ту, анада көрмегенім театр болсын, не абырой, не айлық жоқ дегенің қайда?

– Ия, солай екен ғой. Айтпақшы, құс фабрикасына қи тазалаушы болып тұрсам қалай болады? Айлық бермесе де, ет, жұмыртқа алып тұрасың. Мирамбай соған кіргелі күйленді. Балалары нанға май жағып жейтін болды. Кеше келіншегіне әдемі ақ башмақ әперіпті.

– Жындысың ба? Оған сені алмайды.

– Неге?

– Құс фабрикасының директоры Мирамбайдың келіншегінің нағашы ағасының баласы.

Екеуіміз аунап жатып, әр жұмыстың басын қозғадық. Ешқандай да реті болмады.

Кенеттен:

– Ойбай, маған бір ой келді, – деп Қатира айғайлап жіберді.

Түн ортасында шыққан оқыс дыбыстан үйдегілер елең ете қалды. Дауыс қатты шықты. Көрші үйдің жарығы жарқ етіп жанып, қайта өшті.

– Түн ортасында неге айғайлайсың, жұрт қазір не ойлайды? – деп Қатираның аузын бастым.

– Базарға барып құрт сатамын.

– Құртты қайдан аласың?

– Өзім жасаймын.

– Қатырасың, қайда сатпақ ойың бар?

– Қалаға сатамын. Иә, қазір қаланың қазағы үшін құрт таптырмайтын тағам, – деп, әйелім көрпесін бүркеніп алды.

Мен үндемедім. Іштей келістім. Теріс қарап жатып ұйқыға кеттім. Кедейшілік жанына батқан болу керек, таңертең әйелім ала сиырды желінінен шап беріп ұстап алып, бір шелек сүт сауды. Сүтті ашытқы салып қазанға ұйытып, кенеп капшыққа сүзді. Сүзбені тұз салып қолмен сығып-сығып құрт жасап, төбеге шидің үстіне жайып кептірді. Санап қалсақ, 100 құрт шығыпты. Қатын азанда құртты арқалап ауданға кетті. Кешке дейін бір құртты 30 теңгеден сатып, 3000 теңге пайда тауыпты. «Еңбек етсең, емесің» деген осы екен. Тұңғыш рет үйімізге табыс кірді. Қатира мәз. Ұрлық емес, таза адал еңбек. Мың теңгеден артық ақша ұстап көрмеген байғұс, алғашқы табысын қайта-қайта шытырлатып санай береді, санай береді. «Дәнікеннен құныққан жаман» демекші, біздің әйел енді сиырды желінінен қан шыққанша сауып, бұзауын аш қалдыратын болды. Құрт 150-ге көбейді. Табыс молайды. Арада бір жыл өткеннен кейін, Қатира «құрт қайнататын зауыт ашамын, маған құжаттарын заңдастырып бер» деп мазамды алған соң, арқаланып қалаға бардым. Қала әкімшілігінде ескі танысым бар еді. Сол кісіні ортаға салмағанда құжаттар дайындаумен бақандай бес жыл жүреді екенмін. Бір аптада шаруамды шешіп берді. Сонымен не керек, «Қатира» атындағы құрт қайнату зауыты өз жұмысын бастап кетті. Зауыттың басты жұмысшылары мына мен, Қатира, әке-шешем және бала-шағам болды. Зауыт деген тек аты болмаса, құртты сол баяғыша қолмен сығып-сығып жасаймыз. Шатырға шығып кептіреміз. Сол-ақ екен, үш күннен кейін үйге салық комитетінен салаң етіп бір жігіт жетіп келді:

– Давай, құрттарыңды шығарыңдар санаймыз…

– Ау, айналайын, оның санайтын түгі жоқ, біз құрт жасауды енді меңгеріп жатырмыз, – десем ана жігіт қоятын емес. Тіпті өңмеңдеп сабайтын түрі бар. Амалым құрып дереу қаладағы әлгі танысыма, яғни, «крышама» телефон соқтым. Құтылдым. Өрт сөндіру басқармасынан бір семіз әйел келді. Телефон шалып одан да құтылдым. Санитарлық тазалық сақтау бөлімінен келдік деп, бір бөшкедей қатын қырып кете жаздады. Тіпті балға үймелеген құмырсқадай құзырлы мекемелер бірінен соң бірі келіп, мазамызды ала бастады. «Крышам» болмағанда құрт зауыты өз жұмысын тоқтатуға мәжбүр еді. Ол аз дегендей, ауыл әкімі Талтаңбай былай деп, бір парақ өтініш хат жазып, көмекшісінен беріп жіберіпті: «Қазақта өле жегенше, бөле же» деген мақал бар. Бұрын күндеріңді көре алмай жүрген тұрғындардың бірі едіңдер, біздің арқамызда зауыт ашып, біздің ауылда мол табысқа бөлендіңдер. Күйлендіңдер… Астарыңа машина міндіңдер. Бастарыңа бір-бір құндыз бөрік кидіңдер… Жақында біздің ауылдың құрылғанына 50 жыл толады. Осы торқалы мерекені тойлауға екі қалта құрт және қаржылай көмек беруіңізді әкімшілік атынан өтініп, талап етіп сұраймыз» депті.

Ел ағасының өтінішін аяқ асты етуге бола ма, шама-шарқымыз жеткенше халық үшін хатын қанағаттандырдық. Ауыл әкімі риза.

Бір күні тал түсте төбеде құрт кептіріп отырсам, үйге «крышам» телефон соқты.

– Нәке, айналайын, амансыңдар ма? Құрт зауыты қалай өнімдерін беріп жатыр ма?

– Иә, иә, шүкір…

– Нәке, былай ғой, мекемелеріңе міндетті түрде «президент» керек қой.

– Не үшін?

– Ойбай-ау, зауыттың жұмысын бұдан әрі қазіргі заманға сай етіп жандандыруға және шетелге құрттарды экспорттау үшін…

– Президентті қайдан табамын?

– Ол жағынан саспаңыз, мен өзім адам жіберемін.

– Жарайды, мақұл… Бірақ, әлгі президентің сонда қайда жатады?

– Ой, сол да шаруа ма, әзірше бір бөлмеңнің бір бұрышына жата тұрсын, кейін пәтер жағын шешерміз. Қысқасы, қатырамыз…

«Крышам» өтініш жасаған соң, амал бар ма, көндік. «Қатира» құрт заутының президенті өз жұмысын бастап кетті. Құрт 5 теңгеге қымбаттады. Президент зауытқа бұдан басқа ешқандай өзгеріс не жаңалық әкелген жоқ. Сол баяғы екі қол мен ала сиырдың төрт емшегі аман болсын деп тіледік.

Бір апта өткен соң, «крышам» тағы телефон соқты. Бұл жолы зауытқа кадр бөлімінің бастығын алу керектігін айтып, адам жіберетінін хабарлады. Үйдің бір бұрышын тағы сол маманға босатып беретін болдық. Кадр бөліміне бастық болып келетін адам жанұясы бар әйел болғандықтан, әке-шешем аулаға жазғы сарайға шығатын болды. Зауыт үшін оған да көндік. Жаңа маман іске кіріскен бойда, құрт тағы 5 теңгеге қымбаттады. Енді әйелім Қатира көгереңдеп көңкілдей бастады:

– Ту, жағдай ауырлады. Бізге мамандар не үшін керек? Онсыз да құртты аудандағы клиенттеріміз «неге қымбаттап барады?» деп, алмай жатыр.

– Обалың жоқ, өзің ғой, зауыт ашам деген, ал не ұттың? Бала-шаға аздай құрт зауыттың президенті мен кадр бөлімінің жанұясын бағып отырмыз, – дедім ашуланып. Күндер зуылдап өтіп жатыр. Қаладағы «крышам» зауытқа тағы екі маман жіберетінін ашып айтты. Бірі – заң бөлімінің жетекшісі, бірі қойма бастығы екен.

– Аға, ол мамандардың бізге не қажеті бар? – дей беріп едім.

– Әне, қазақ сүйтеді, шаруаңды тындырып алғаннан кейін, мен саған керек болмай қалдым ба? Мына мен болмағанда құрт зауытын аша алар ма едің? Бір звонокпен бизнесіңді жаптырып тастаймын. Оған құдіретім жетеді. Тоз-тоз болып алдыма әлі талай келерсің, сонда әкеңді көзіңе танытармын… Әй, тіліңді жұтып қойдың ба? Айтшы, неге үндемейсің ааа?…

– Жарайды, аға, мамандарыңызды жібере беріңіз, – дедім. Бір күнде сау етіп әлгілер жалмаңдап жетіп келді. Бұл жолы Қатира екеуіміз аулаға сәкінің үстіне жататын болдық. Күз де келді. Түн салқын. Бүрсеңдеп бір көрпені таң атқанша ары-бері тартқылаймыз.

Құрт екі есеге қымбаттады, яғни бір түйірі 80 теңгеден болды.

Бүгін Қатира қаладан құрттарын арқалап өткізе алмай кері қайтты. Қаладағылар қымбат депті. Мұны естіген «Қатира» құрт зауытының президенті ашу шақырып, столды ұрып, Қатираға егер болашақта құртты сата алмайтын болса, жұмыстан қуылатынан айтыпты. Маған қатаң ескерту берді. Әке-шешеме, бала-шағаға сөгіс жариялады. Жағдай бұрынғыдан да нашарлап кетті. Қаңғып келген кадрлар қаһарына мінді. Күш көрсете бастады. Қырсық қылғанда бүгін ала сиыр өрістен оралмай қалды. Сөйтсек, қасқыр жеп кетіпті. Даланың емес, адамның қасқыры. Күз болса қызылды аңсап, тісі қышитын көрші ауылдың мал ұрлайтын барымталары бар. Қорада бұзауы мөңіреп жетім қалды.

Зауытта құрт жасайтын шикізат, яғни, сүт жоқ. Ақыры жұмыс тоқтап қалды. Банкрот. Құрт зауыты жабылды.

Түн ызғарлы. Қырдың астында қақаған қыс келе жатқанын ескертеді. Бұрынғыша құрақ көрпенің астында тағы пыш-пыш әңгіме басталды:

– Нөкен, енді не істейміз?

– Мен қайдан білейін? Әйтеуір, «екі қолға бір күрек табылар» деген сөз бар емес пе?

– Күрек табылды. Айтпақшы, сен одан да көр қазушы болсаң қайтеді, – деді Қатира.

Әуелі селк ете қалдым. Тұла-бойым мұздап кетті.

– Не айтып тұрсың, есің дұрыс па?

– Онда тұрған не бар? Ақшасын төлесе болды емес пе?

– Ақшасын төлейді екен деп, сен маған бір күні адам өлтір дерсің…

– Оны айтып тұрған себебім, ауылда көр қазып жүретін Саша деген орыс қайтыс болыпты.

– Иманды болсын…

– Орны бос…

Әңгіменің түйіні осы болды. Шам сөнді. Таңертең қолыма кетпен мен күрегімді алып, егіске емес, қорымға қарай бет алдым…

Нұрлыбек ЖҰБАТҚАН,

Мәдениет  қайртакері.

Ақтөбе  қаласы

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: